Талғам-таразысын тең ұстайтын азамат

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ,
Қазақстанның Халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте иегері, кино және театр актеры:

– Еліміздегі биылғы үлкен саяси жаңалықтардың бірегейі – бұл Президент сайлауы. Мен ойлаймын, кеше ғана өткен кезектен тыс Президент сайлауы бүгінгі мынау дүрбелең қоғамда босаңсымай, бойымызды тіктеп ұстауға үлкен бір септігін тигізеді деп. Өйткені, қалай болғанда да халықтың арасындағы алаң көңілдің бәрімізге күйзеліс туғызатыны хақ. Сондықтан болатын шаруаны ұзаққа созбай, ертерек бітіріп алғанымыз жөн-ақ. Иә, бұл сайлау барымызды базарлап, болашағымызды дұрыстап жоспарлауға керек.
Ал енді тұлғаның өзіне келетін болсақ, біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев маған өте ұнайтын тұлғалардың бірі. Бұл кісі саясатпен әбден буыны бекіген, ең алдымен, киелі де текті шаңырақтан тәрбие алған азамат. Біз өзі Кемел ақсақалды да білуші едік. Студент кезімде сол кісінің жазған бір туындысының желісімен теледидарда бір көріністер түсіріліп, сондағы рөлдерді ойнағандардың бірі едім. Міне, содан бері бұл әулетпен етене таныспын десем болады.
Рас, билікке айтылар сын жоқ емес. Әсіресе, біздегі дес бермей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық тақырыбы. Міне, осы жағынан алғанда Қасым-Жомарт Кемелұлын әлі қолы да, жүрегі де, ынсабы да былғанбаған азаматтардың бірі деп білемін. Сұғанақтығы жоқ. Өте мәдениетті адам. Бұл тұлғаның өнерге деген талғампаздығы, өнерге деген үлкен жанашырлығын қадірлеймін. Ол үлкен саясатта жүріп-ақ, өнер азаматтарының ең бір қадау-қадау қадамдарына, ауыз толтырып айтарлықтай еленіп жатқан жақсы дүниелеріне әрдайым өзінің пікірлерін, көзқарасын білдіріп, рақметін айтып, құттықтау қағазын жіберіп отыруды да ешқашан ұмытпайды. Өнер деген киелі әлемді үлкен жүрегімен, таза болмысымен қабылдап, оған деген талғам-таразысын түзу ұстайтын азаматтардың бірі деп бағалаймын. Сондықтан мен осындай тұлға тізгінін ұстаған елдің, халқымыздың келешегі кемел болатынына сенемін.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты жеңісімен құттықтаймын. Оған сенім артқан халықтың да қуанышына ортақпын. Сондықтан әманда халқымның тыныштығын, елімнің амандығын тілеп отырамын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *