«ТАЙЛАҚТЫҢ ТАҚИЯСЫ»

Ең беделді Канн фестивалінің киножәрмеңкесінде көрсетілді

Жыл басында әйгілі Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» кинокомедиясының ізімен түсірілген «Тайлақтың тақиясы» / «Тақиялы періште–2» атты жаңа картина жарыққа шығып, тұсауы кесілген болатын. Аталған картина Алматының барлық кинотеатрында көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген-ді.

 Нұржамал ӘЛІШЕВА

Тағы бір еске сала кетейік, «Тайлақтың тақиясы» кар­тинасының бас продюсері, сценарий авторы – қоғам қайраткері Құсман Шалабаев, режиссері – Найзабек Сыдықов. Ал басты рөлде, әрине, өзімізге, көзімізге ыстық «тақиялы періштеміз» – Әлімғазы Райымбеков.

Кеңес одағы кеңістігінде аса танымалдылыққа ие болған және еліміздің бірнеше буыны көріп өскен, осыдан жарты ғасыр бұрын түсірілсе де, саф алтындай құнын жой­маған «Тақиялы періште»  картинасында ерке кенжесінің әлі күнге бойдақ жүргені жанына батқан Тана апа (марқұм Әмина Өмірзақова) Тайлақ баласына қалың­дық іздесе, жаңа картинада сол Тайлақ (Әлімғазы Райымбеков) Аңсар немересіне (Олжас Тоғымбет) қалың­дық іздеп шығады. Қос фильмнің соңында, Шәкен Аймановтың киносындағы Тана апаның да, Құсман Шалабаевтың картинасындағы Тайлақ атаның да көңілдері жайланып, бақытқа кенеледі.

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қы­зыл­әскер елді-мекенінде түсірілген «Тайлақтың тақия­сына» басты рөлдегі ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облы­сының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбековтен басқа, Роза Әшірбекова, Гүлжамал Қазақбаева, Байғали Есенәлиев, Шынар Жанысбекова, Сәбит Әбдіхалықов, Шынар Асқарова сынды танымал өнер жұлдыздары да түсіп, осы картинаның сәтті шығуына үлестерін қосқан болатын. Сондай-ақ, бұл туындыда Қызыләскер ауылының қарапайым тұрғындарының да қолтаңбасы бар.

***

Енді біздің бүгінгі айтқалы отырған үлкен жаңалы­ғымыз – сол «Тайлақтың тақиясы» жуырда әлемдегі ең беделді саналатын, жылда талғампаз көрермендердің басы қосылатын Канн кинофестивалінің Marche Du Fіlm кино жәрмеңкесінде көрсетілді.

Канның төріне барған да арманда, бармаған да арман­да! Тарихқа сәл шегініс жасайық. Халықаралық кино­продюсерлер ассоциация-федерациясының (FІAPF) аккредиттеуінен өткен Канн кинофестивалінің ең алғашқы тұсаукесері 1939 жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс болатын. Бастамашысы Францияның білім министрі Жан Зэй, ал әділқазылар алқасының құрметті төрағасы Луи Люмьер болған екен.  І фестиваль бағдарламасына америкалық  «Оз елінің сиқыршысы» («Волшебник страны Оз») фильмі мен «Ленин 1918 жылы» («Ленин в 1918 году») деп аталатын Кеңес картинасы қойылыпты. Бірақ Еуропада ІІ Дүние­жүзілік соғыстың басталып кетуіне байланысты фестиваль өтпей қалады.

Араға уақыт салып, 1946 жылы күзде курортты Канн қаласының әдемі жағалауында фестивальдің тұңғыш рет тұсауы кесіліп, содан бері атағы дүрілдеп келеді. Айтпақ­шы, Канның былтырғы 71-ші фестивалінде басты кейіп­керін біздің жерлесіміз Самал Ислямова сомдаған «Айка» фильмі де (режиссері Сергей Дворцевой) көрсетіліп, көрерменді дүр еткізіп, ал Самал «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алған еді.

Бұл фестиваль өтеді дегеннен-ақ әлемнің мәдениетке, өнерге, руханиятқа жақын барлық өкілдерінің назары осы қалаға ауатыны жасырын емес. Канның алқызыл кілем­шесінің үстімен жүріп өтуді жылда жер-жаһаннан жина­латын ең мықты деген киножұлдыздар мен киногерлердің өзі үлкен мәртебе санайды деседі.

***

Міне, осы жылдың 14—25 мамыр аралығында өткен 72-ші Канн кинофестивалі аясында, теңіз жағалауындағы жанға жайлы қалашықта әр мемлекеттің өз кинокар­тиналарын көпшілік назарына ұсынуға мүмкіндік беретін Marche Du Fіlm киножәрмеңкесі ұйымдас­тырылып, бұл жолы қазақстандық «Тайлақтың тақиясы» көрсетілді.

«Тайлақтың тақиясын» алып барған бас продюсер Құсман Шалабаев өздеріне тиесілі, ақшаңқан төбесінде біздің Көк байрағымыз желбіреген павильонға картинаны көруге арнайы ат басын бұрған көрермендердің көп бол­ғанын айтты. Тіпті, олардың арасында бұрын Шәкен Айма­новтың «Тақиялы періштесін»  көргендер де табылыпты.

– Біз әуелі киносүйер қауымға Аймановтың әйгілі кинокомедиясы туралы баяндадық. Қазақ деген іргелі елдің салт-дәстүрін, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет деген ізгі қағидаларын, жар таңдау, шаңырақ көтеру, отбасы құндылықтары сынды ұлттық болмысымыз туралы тарқатып айтып бердік. Тіпті, қазақтың тақиясының да мән-маңызын түсіндірдік, – дейді белгілі қоғам қайраткері, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің комиссия төрағасы, кәсіпкер-меценат, ұлт жанашыры Құсман Шалабаев.

Осы орайда есімізге оралып отыр, жыл басында жаңа картинаның Астанада ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен, сондай-ақ, Алматы мен Талдықорған жеріндегі өнерсүйер ағайынға ұйымдастырылған тұсаукесерде Құсман Кәрім­ұлы көрермендеріне бас-аяғы 900-ге жуық тақия таратқан болатын. Сонда:

– Тақияны мешітке барғанда ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүруді дәстүрге айналдырсақ деймін. Көр­шілес қырғыз бауырларымыз айырқалпақтарын ұлықтап, әспеттеп арнайы заң қабылдап жатыр. Біздің басымыздан да осы тақияны көріп, өзгелер қазақ екенімізді білетіндей дәрежеге жетсек екен деп ойлаймын, – деген еді Қ.Шалабаев.

***

Міне, енді мұхиттың арғы жағындағы бірнеше елдің меймандары да қазақтың тақиясын бастарына киді, қызықтап, сұрады, білді. Нақтырақ айтсақ, біздің тәрбие-тағылымға тұнып тұрған бітім-болмысымызбен киномыз арқылы танысты, қанықты.

Әңгімеміздің соңында Құсман Кәрімұлы болашақта отандық кинокартиналарымыздың Канн сынды айтулы фестивальдердің киножәрмеңкелеріне мемлекеттік дең­гейде үлкен қолдауға ие болып, арнайы апарылып, көр­сетіліп, нәтижесінде шетелдіктер Қазақстан сынды тәуелсіз елдің өнерін  тамашалап, бағалап жатса, нұр үстіне нұр болар еді деген ойын да білдірді.

– Біз де өзге мемлекеттердің кинотуындыларын тама­шаладық. Бір қызығы, өзгенің тілін білмесең де, карти­наның айтар ойын, мақсатын, мән-мазмұнын, кейіпкер­лерінің жан-дүниесіне шейін түсініп отырасың. Міне, бұл – өнердің құдіреті! Ал жүрекке жеткен туынды өміршең болады, – деген Құсман Кәрімұлының ойға алған алдағы шығармашылық жұмыстарына, осы бағыттағы жаңа жобаларына сәттілік тілейміз. Және де қазақтың кино­лары, қазақтың жігіттері түсірген карти­налар шет ел төрінен көріне бергей дейміз.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *