ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫ СӨЗСІЗ АРТАДЫ

Мемлекет басшысының күні кешегі Жолдауындағы басты бағыттардың бірі — урбанизация мәселесін ойдағыдай шешу мен қалаларды одан әрі дамыту болып табылады. Қазіргі кезде әлемдік экономиканың 70%-ы қалаларда қалыптасады, Алматы осындай  600  мегаполистің қатарына енген. Бұл туралы жуырда қала активімен кездесуде шаһар басшысы Бауыржан Байбек айтып кеткен болатын.

Алматы әкімдігінде өткен алқалы жиында Елбасының халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының қалай орындалатыны туралы кеңінен айтылып, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй салаларын сапалы дамыту және қалалықтар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 100-ден астам арнайы іс-шара енген қалалық жоспар қабылданды.

Осы орайда Алматының дамуына үлес қосып жүрген біраз азаматты сөзге тартқан болатынбыз.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінің ректоры, ҚР ҰҒА-ның вице-президенті, академик:

 Біздің мүмкіндіктеріміз орасан

– Мемлекет бас­шы­сы халыққа арна­ған Жолдауында рес­публиканың аграрлы секторына ерекше кө­ңіл бөлді. Біздің елі­мізде 185 мың  агро­құрылым, 1,6 млн. үй шаруашылығы, 177 мың шаруа-фермер­лік қожалығы бар. Бүгінгі таңда агро­өнеркәсіп кешенін дамыту өзекті мәселе. Мемлекет алдына әлем нарығында бәсекелес бола алатын экспорттық және адам денсаулығына қауіпсіз сапалы өнімдер қатарын көбейту міндеті тұр. Ал біз бұл межеге қайта өңдеу өндірісін енгізу арқылы қол жеткізе аламыз. Сондықтан да бұл тақырып қазіргі таңда күн тәртібінде тұр. Біздің мемлекет ішкі рынокты ауыл шаруашылығы өнімдерімен бар-жоғы 60 пайыз ғана қамтамасыз етіп отыр, қалған 40 пайызы импорттың еншісінде. Ал дефицит мәселесін біз өз ішімізде жоюымыз керек. Бұны шешудің бір жолы – осы бағытта жаңа технологияларды транс­ферттеу, оның көздерін іздеу, табу, тарту, білім-білікті арттыру.

Бұл мәселе біздің университетте оң шешіліп келеді. Мысалы, 2015 жылы уни­верситет жанынан жаңа техноло­гияларды трансферттеуді, инновациялық жаңашыл­дықтарды табуды, сондай-ақ, оларды аграр­лық өндіріске бейімдеуді, енгізуді көздейтін агротехнологиялық хаб құрылды. Міне, осындай жолдармен ғана агроөндіріс, өндірістік кешен және өңдеу өндірісінің деңгейін көтере аламыз. Біздегі жетіспейтін 40 пайыздық дефицит орнын тек қана қайта өңдеу өндірісін жолға қоюмен, бәсе­келестікті арттырумен және өз өнімдерімізді әлемдік рынокқа шығарумен жаба аламыз.

Мен Қазақстанды жаһандағы шикізат қуаты мығым елдердің санатында тұрған­дығын мақтанышпен нық айта аламын. Астық және ұнды экспорттауда біз жетекші мемлекттердің үштігі қатарындамыз. Жыл сайын біз осы өнімдердің 5-7 млн. тонна­сын әлемнің 70 еліне шығарып отырмыз. Иә, біздің мүмкіндіктеріміз орасан. Елбасы Жолдауында өңдеу өнеркәсібі мен шикі­заттық емес экспортты қолдау мақсатында алдағы бес жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Ал бұл дегеніңіз, біздің әлемдік рынокқа еркін жол салуымызға ықпал етпек.

 

Рүстем ҚАЙДАРОВ,

республикалық «Генералдар кеңе­сі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

 Күш біріктірсек талай асудан асамыз

– Мемлекет басшысы барлық Жол­­­дауында да ең бірінші кезекте тұр­­ғын­дардың өмір сүру деңгейін артты­ру мә­се­ле­сін көтеріп оты­рады. Ал күні кешегі Жолдауы қазақ­стан­дықтардың әл-ауқа­ты, ең алдымен, олар­дың табысы мен тұр­мыс сапасын артты­ру­мен тікелей байланысты болды. Маған Жолдаудағы қауіпсіздік мәсе­лесін қаузаған тұсы ұнады. Оның ішінде әскери маман­дардың, полицейлердің және басқа да құқық оргау органдары өкілдері­нің мәрте­бесін көтеру туралы ойлары көкей­ге қонды. Біз өз тарапымыздан дәл осы мәселелерді, оның шешу жолдарын да бұрын көрсетіп, айтып жүрген болатынбыз.  Ендігі жерде халықтың өмірін қорғап, тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалап жүрген, тіпті қызмет барысында өзінің өмірі де қиылып кетіп жатқан құқық қорғау органдары мамандарына деген көзқарас өзгеретін болады.

Ұлы ойшыл әл-Фарабидің мынадай бір жақсы сөзі бар: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы». Елбасы келесі 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл өз кезегінде жастардың өзін-өзі әр қырынан, әлеуеттерін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нағыз патриот, елжанды, Отанды қорғай алатын, оның ішінде заңға бағына білетін жас ұрпақты тәрбиелеуімізге мұрындық болмақ.

Ардагерлер кеңесі Елбасы бағдарламасы бойынша бұрыннан да «Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу» шеңберінде ауқым­ды жұмыстар атқарып келеді.  Біз жастар­мен әскери кафедраларда  жиі жүздесулер өткізіп тұрамыз. Олармен өмірлік тәжіри­беден алған оқиғала­рымызбен, тәрбиелік кеңестерімізбен бөлісіп отырамыз. Деген­мен, патриоттық сезімнің дәні жас ұрпақ­тың бойын­да ең алдымен туған шаңы­ра­ғын­да себіледі. Сондықтан отбасылық құндылықтарға баса көңіл аударуымыз қажет, соны дәріптеуіміз керек. Бұл орайда үлкен-кіші бірдей білім, күш біріктіріп жұмыс істегенде ғана талай асудан асатынымыз сөзсіз.

 

Мұхит ҮМБЕТОВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ басқарма  төрағасы:

 БАРЛЫҚ САЛАҒА СЕРПІН БЕРЕТІН ҚҰЖАТ

 Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан­дықтар­дың  әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауы жастарды ерекше жігерлендіріп, қазақстандықтарға қанат бітірді. Өткен жылдары Президент заман талабына сай саясат пен экономикаға басым­дық беріп келген еді. Соның    арқа­сында бүгінде Ұлы дала төсіндегі тәуелсіз Қазақ­станды әлем таниды. Егемен елдің қазір керегесі кең, өзгелермен терезесі тең. Былтыр рухани жаңғыруға бет   бұрып, мәдениет пен руханият саласында жоғалтқа­нымыз­ды іздедік, өшкенімізді тірілттік, бай мұрамызды қайта жандандыр­дық. Енді әлеуметтің әлеуетін арттырып, тұрмыс сапасын түзеп, жақсы өмір сүруге жағдай жасау­ға кезек келді. Болашақты болжай білетін Ұлт көшбасшысы осы қажеттілікті дер кезінде дөп басып, дәстүрлі Жолдауды «Қа­зақ­стандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс. сапасын арттыру» деп атады. Бағдарламада Мемлекет басшысы мәселелердің  мәнісін айқындап, оларды  шешу жолдарын да айтып берді.

Биылғы Жолдауда білім мен денсаулық саласына ерекше көңіл бөлініп, «Ұстаз мәртебесін»  көтеруде арнайы заң енгізіп, мұғалімдердің тұлғасын тұғырлы етуге ұсыныс жасады. Сонымен қатар, спорт кешендерінде жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстауға зор мүмкіндіктер ашыла­тындығы айтылды. Жалпы, Жол­даудың әр бөлімі барлық сала ма­мандарына қатысты екенін ескеру керек, оның  бәрі уақытында орындалуды  қажет етеді.

Жолдауда экономика мен әлеуметтік мәселелердің жеделде­тілген технологиялық жаңғырты­луы, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беру, жаңа еура­зиялық логистикалық инфра­құ­рылымды дамыту кезек күттір­мейтін шаралар екені аталды. Сонымен қатар, әлеуметтік тең­сіздікті азайтуға, тұрғындардың әл-ауқатын көтеруде айқындалған бағыттар оң шешімін табатынына сенім білдірілді.

Елбасы 2019 жылды  «Жас­тар жылы» деп жариялады. Онда жас­тарды жан-жақты білім алуға, еңбекке баулуға және тартуға жағ­дай жасауды тапсырды. Біз Жол­даудағы айқындалып көрсе­тілген тапсырмалардың орында­луы­на белсене атсалысатын боламыз.

Ерболат ҚАСЫМОВ,

«ҚР Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасын қолдау» қоғамдық қорының прези­денті, Алматы қалалық мәслиха­тының депутаты:

 «Салық амнис­тиясы» кәсіпкер азаматтарға үлкен қолдау

– Мен өз елімнің патриот азаматы және «Нұр Отан» партиясы  фрак­циясынан сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты ретінде Жолдауда айтылған барлық тақырып­ты бүге-шүгесіне дейін оқып, таны­сып шықтым. Онда талданған әр тақы­рып өзім басқарып отырған ұжымда еңбек ететін азаматтардың, маған сенім артқан сайлаушыларымның және барлық қазақстан­дықтың өміріне,  тұрмыстық жағдайының жақсаруына оң ықпал етері анық.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі еңбек­ақы мөлшерінің 1,5 есе, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсуі еңбек етіп жүрген әрбір азаматқа үлкен көмек. Сондай-ақ, 275 мың бюджеттік ұйым қызметкерлерінің, атап айтсақ, ұстаздар, дәрігерлер, құқық қорғау органдары, қорғаныс қызметкерлерінің еңбекақысы өседі, сөйтіп олардың жалақысы 35 пайызға көтеріледі.

Осы мақсаттарға 2019—2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қомақты қаражат халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік береді.

Бизнес әлеміндегі өз жұмысын жаңадан бастайтындар үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастап, шағын және орта бизнес үшін «Салық амнис­тиясын» жүргізуді тапсырды. Бұл кәсіпкер азаматтарға үлкен қолдау деп білемін.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы  өмір сүруге жайлы  орта қалыптастыру дегеніміз –  ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді-мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы. Бүгінгі күні тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы табысты іске асырылуда. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігі артып, жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру педагогтар мен медицина қызмет­керлеріне, полицейлер мен әр саладағы қажетті мамандар үшін маңызы зор бағдарлама болып табылады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін, жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту мәселесі қолға алынып, бюджет есебінен 2 млн.-нан астам адамды қамтиды.

Соңғы жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптасты. 2020 жылға дейін өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып, жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар құрылысын елді-мекендерді дамыту жоспа­рымен ұштастырып, бұл секторға жеке инвестор­ларды тарту үшін жағдай жасау  керектігі айтылды. Сөйтіп, әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілетті, өзіндік орнықты эконо­микалық өсу және жұмыспен қамту моде­ліне сүйене отырып дамуы тиіс.

Ермахан ИБРАИМОВ,

«Олимпиадалық дайындық орталығының» директоры:

 Біздің елді  Өрге сүйрейтін дені сау  жастар

– Маған Прези­дентіміздің өз Жол­дауында спорт ту­ра­лы не айтатын­дығын білу қызы­ғырақ болды. Нұр­сұлтан Әбішұлы мемлекет қаражатына тұрғызылған «Астана Арена», «Алматы Арена» сынды өзге де спорттық іргелі ғимараттар біздің балаларымызға, қала тұрғындарына және барлық қазақ­стан­дыққа қызмет ету керектігін өте жақсы айтып өтті. Бұл сәулетті спорт сарай­ларының есігі барлық жасқа, салауатты өмір сүруге ұмтылған ұл-қыздарымызға әрдайым айқара ашық тұруы тиіс. Себебі, Президент алға қойып отырған міндет-мақсаттарды орындайтын, біздің елді ертең өрге сүйрейтін дені сау осы жастар. 2030 жылға дейін біздің тұрғындардың 30—35 пайызы спортпен қамтылған болуы тиіс. Мәдениет және спорт министрлігі осы үдеден шығу жолында маңызды бағдарламалар қабылдап, барша­мызды салауатты өмір салтын ұстануға шақырудан жалыққан емес.

Бүгінгі таңда біздің тұрғындардың 20—25 пайызы спортпен шұылданады. Елбасының Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің сапынан табылуы керек деген тапсырмасын еске алар болсақ, бұл орайда спорт тақырыбын, ондағы  толағай табыс­тарымызды да ұмытпауымыз керек. Мысалы, соңғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 22-орынға тұрақтады. Ал ендігі Олим­пиа­дада біз жиырмасыншы орынды бағын­дыруға тырысамыз, одан соң ондықтың қатарынан табылатынымызға сенемін.

 

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, Алматы қалалық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

 Сенімдерді ақтаудан асқан мұрат жоқ

– Баршамызға бел­гілі, Президент Нұрсұл­тан Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жол­да­уын екі сағаттан астам уақыт баяндады. Бұл көпшілікпен жан­ды байланыс орнатқан ерекше Жолдау болды. Елбасы жастар тақырыбына терең тоқталды. Ол мектептегі, мектепке дейінгі білім туралы, сондай-ақ, бұл мекемелердің бәрі бейнебақылау камераларымен қамта­масыз етілу керектігін айтты. Бұл дегеніңіз, қазіргідей қым-қуыт тірлікте өте керек. Ол балаларымыздың қауіпсіздігі үшін ғана емес, сапалы білім беруде және оқу орында­рындағы тәртіпті күшейтуге ықпал етпек.

Кейде жәй адамдарға Мемлекет басшы­сы ішкі жағдайды терең білмейтіндей көрінетіні бар. Бірақ бұл Жолдау Елбасының елдегі ішкі ахуалды, кез-келген жағдайды жетік білетіндігін көрсетті. Ол тіпті бүгінгі жастардың не ойлатынын да, олардың неге шет елдерде білім алуға ынтық екендіктерін де біледі. Ұлт көшбасшысы айтқандай,  біздің жоғары оқу орындары сапалы білім бере алмай отыр. Егер жағдай солай болса, ондай оқу орындарын жабу, әйтпесе біріктіру керек. Елбасының бұл сөздерін толығымен қуаттаймын. Егер еліміздегі білім саласы ақсап тұрса, онда жағдайды дереу түзеу үшін нақты іс-шаралар қабылдауымыз керек. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алдағы уақытта білімнің сапасын жылда бітіріп жатқан жастардың жұмысқа орнала­су көрсеткішімен бақыланатындығын және де ол қағаз жүзінде емес, нақты іс бойынша сұралатынын жеткізді.

Ауыл жастарына қатысты айтқан пікір­лері де көкейге қонды. Егер жас түлек ауы­лында қалғысы келсе, онда ол соған лайық­ты ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алып шығуы тиіс деді. Елбасы Жолдауын келесі жылды Жастар жылы деп жариялау туралы ұсынысымен жақсы түйін­деді. Ал бізге сол сенімдерді ақтаудан асқан мұрат жоқ.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым­дар академиясы­ның академигі:

 Педагог мәртебесі — Өзекті мәселе

– Елбасының осы Жолда­уының отандық және жалпыадамзаттық педагогика тарихы үшін аса маңызды жерін айрықша бағалаймыз. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызмет­кер­лері үшін барлық игілікті қарасты­рып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функция­лардан арашалауға тиіс». Бұл  – Отаны­мыздағы орта мектептер мұғалімдері үшін ғана емес, арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы педагогтар мәртебесінің өркениеттік деңгейде құқықтық мәртебесінің лайықты бағалануы.

Жолдауда «Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі» деп, көбейтілген гранттардың жауапкершілігі, оқу бітірген студенттердің еңбекпен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы, жоғары оқу орындарының ірілен­дірілуі, қазіргі нарықтық тұрмыста жоғары сапалы білім беретіндер ғана болуы тиістілігі, Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде шетелдік топ-менеджерлерді қызметке тарту арқылы әлемнің жетекші универ­си­теттерімен ғылыми, оқу-әдістемелік әріптестік байла­ныстар қалыптастыру, қазақстандық білім беру инфра­құрылымының базасында Назарбаев Уни­верситетінің үлгісімен өңірлік жаңа оқу орындарын құру қажеттілігі – бәрі де отандық білім, ғылым  сала­ларын әлемдік озық деңгейге жеткізуге бағдар­лайтын, жүзеге асырылуы анық өзекті мәселелер.

Елбасының осы Жолдауындағы балабақша, орта мектеп, жоғары оқу орны, педагог мәртебесі туралы айтыл­ған мәселелер қазіргі қазақ әдебиеті дамуы үдерісі үшін өзектілігімен байқалады. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа әде­биетінде орта мектептегі және жоғары оқу орындарындағы білімгерлер мен ұстаздардың көркем шығармалардағы тарихи-әдеби бейнелері жазылған көрнекті қаламгер­леріміздің прозалық (Сапарғали Бегалин «Бала Шоқан», Мұқан Иманжанов «Алғашқы айлар», Бердібек Соқпақ­баев «Менің атым Қожа», Сансызбай Сарғасқаев «Ұстаз», «Көңілді балалар», т.б., Әзілхан Нұршайықов «Махаббат, қызық мол жылдар», Нығмет Ғабдуллин «Біздің жігіт», т.б.) және балаларға арналған поэзиялық, драматургиялық туындылар жазу дәстүрін дамыта жалғастыру өзектілігін атап айтамыз. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы педагогтар мәртебесінің әлемдік педагогика тарихындағы жоғары деңгейдегі дәстүр жалғастығы екендігін бұқаралық ақпарат құралдарында (теледи­дар, газет, радио, интернет) кеңінен насихатталуы тиіс. Орта, арнаулы орта, жоғары білім беру жүйе­сіндегі білімді, білікті, озық инновациялық техноло­гияларды меңгерген, іргелі ғылыми еңбектер жазған жаңашыл педагогтарды насихаттаудың кеңінен өрістетілуі мемлекетіміздің өзекті ұстанымы. Бұл – ұлттық және жалпыадамзаттық ортақ гуманистік ұстаным дәстүрі.

 

Айжан Қасымова, №59 мектеп-гимназияның директоры

 Ұстаз мәртебесін ұлықтады

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті  Жолдауындағы білім саласына қатысты айтылған жаңалықтарды барша педагог пен аталмыш салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер зор қуанышпен қабыл алғандығын айта кеткен жөн. Бұл – еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жүрген мұғалімдер мен педагогтардың көкейінде жүрген сұрақтарына толыққанды жауап алған, ұстаздардың әлеуметтік жағдайын, мәртебесін көтеруге бағытталған айырықша мазмұнға ие Жолдау болды.

Орта білім беру саласын дамытуға, өз дәрежесінде жүзеге асуына және әлеуметтік қолдау көрсетуге қатысты өзекті мәселелер биылғы Жолдауда айқын көрініс тапты. Жалпы, халық табысының өсуін қамтама­сыз ету, тұрмыс сапасын арттыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуын қамтамасыз ету бүгінде аса маңызды болып тұр. Бұл түптеп келгенде, еліміздің әр саласында қызмет етіп жүрген еңбеккерлердің болашаққа деген сенімін арттырып, Отанымызды өркендету жолында бірлікте жұмыс істеп, ынтымағын нығайтуға ықпал етпек.

Бюджеттік сала қызметкерлері табысы­ның орта есеппен 35 пайызға артуы, жас маманнан тәжірибелі ұстазға дейін лайық­ты жалақы алуға мүмкіндік беруі құптар­лық жайт. Әсіресе, халықтың өмір сүру дең­гейін, әлеуметтік жағдайын қарастыру бары­сында ұстаз үлесін ерекше атап өтуі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуін, келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды ұсынуы баршамызды ерекше құрметке бөледі. Сонымен бірге, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесін мемлекеттік мектептерге енгізіп, бірыңғай стандарт орнатуын талап етуін білім саласын реформалаудың шешуші кезе­ңі деп қабыл­дадық.Мектеп қабырғасы­нан оқушы­лардың қанатын қатайтып, рухы биік елжанды мінез қалыптастыру мақса­тында «Сарбаз» бала­лар-жасөспірім­дер бір­лестігін құрып, әске­ри-патриоттық тәрбие­нің рөлін күшейту керектігін ерекше атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының биыл­ғы Жолдауыалты тарау бойынша қарасты­рылғанымен, әрқайсысы бір-бірімен тығыз әрі үйлесімді байла­ныста болды. Бір саланы дамыту барасында екінші саланың көрініс табуы – халықты бірлікте, ынты­мақ­тас­тықта қызмет атқаруға шақырады. Жолдау­­дағы білім саласының қоғамдағы ерекше рөлі бізді, педа­гогикалық қауымды, кәсіби мереке қарсаңында үлкен қуанышқа бөлегенімен, зор жауапкершілік те артады. Елбасының ұстаздарға деген құрметіне алғыс білдіре отырып, барлық педа­гоги­калық қауымды білім саласын дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын.

Сұхбаттасқан –

Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *