Табыс алгоритмі

Біз қоғамның бір бөлшегі болып, еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігінен хабар алып, ащысы мен тұщысын қатар қабылдаймыз. Кемшілігіне ренжіп, жақсылықтарына қуанамыз. «Жас мемлекетімізді қайтсек жасампаз етеміз?»  деп, Күлтегінше айтқанда, «күндіз күлмедік, түнде ұйықтамадық» дейтін ұрпақтан болғымыз келеді. Біз тезірек жетсек деген тілектің бірі – айналамызда табыскер, бай-бақуатты адамдар көбейсе деген ой.

Молшылығы бар елдің ұландары да өршіл, айбынды болмай ма?

Осы тұрғыда Алматыда «Отбасылық капитал» деген оқу семинарына қатысып көргенім бар.

Маған ұнағаны:

* Спикер бай болуды біздің ата-баба дәстүріне сай ұлттық болмыс деп қарастырады.

* Қаржылық теорияларды барынша қолданбалы етіп, әр отбасының бюджетін нақты мысалдармен өрнектейді.

* Табыс капиталының формуласын әркім өзі шешіп үйренеді. Ол үшін қалтаңа ақша құятын активтермен, керісінше, қалтаң­дағы ақшаңды суырып алып қоятын пассивтердің нарықтық құнын шығарасың. Іс жүзінде нені ысырап етіп, шығынға батып жүргеніңді мойындайсың.

«Сонымен тренинг деген не береді? Білімді алу көзі әр алуан. Біреуге дәстүрлі мектеп бағдарламасы, біреуге тек жоғары оқу орны, енді біреуге өздігінен оқып үйрену қанағат береді. Қазіргі заман өте қызықты: қаншама іскерлік, салалық әдебиеттер, ин­тернет арқылы онлайн оқулар бар. Дегенмен, әлемнің озық ойлылары, табыскер адамдар белгілі бір мақсатты көздегенде түрлі семи­нар, тренинг, оқу курстарына барып, білім алғанын айтады. «Бай болғың келсе, үнемі үйрен, ілім жина, жақсы тәлімгер тап» – олардың кез-келгені осылай дейді. Роберт Кийосаки, Харв Экер, Бодо Шефер… және олар өмірінің соңына дейін әуесқой оқушы болғысы келетінін меңзейді.

Ал өзіміздің қазақ «Білім арзан, білу қымбат» дей отырып, бойда бар білімді үнемі жетілдіруді көксеген. Данышпан Абай не дейді:

«Түбінде баянды еңбек егін салған, Жасынан оқу оқып, білім алған…».

Ендеше, баянды еңбекке жататын оқып үйренуден жалықпайық», – дейді жеке қаржылық кеңесші Сайлау Абайділданов.

Менің байқағаным, қазір халықтың қаржы саласына көңіл аударуы артып келеді. Олар мына тақырыптарда аса құлшыныс танытады екен:

– жалақыға қосымша тағы бір табыс болса;

– қаржылық қиындықты шешу амалдары табылса;

– пассивті кірістерді неліктен алтынға айырбастауға болмайды?

– қарыз атаулыдан қалай құтылуға болады?

Естеріңізде ме, осыдан оншақты жыл бұрын «Халықтық ІPO» деп, Үкімет тарапынан қаржылық сауаттылық кеңінен насихатталып еді ғой. Қор нарығы қазір тіптен өзекті. Құнды қағаздар сатып алудың отандық экономикамызға тигізер ықпалы орасан, мұндағы даналық – кез-келген азамат өз елінің өндірістік компанияларына үлестес бола алады, яғни оның табысынан дивиденд алып отырады, акцияларының бағасының өсуінен пайда көреді. Ал ел байлығын еншілеген еңселі көңіл сол елдің тыныштығы мен берекесіне мүдделі, тілеулес болары анық.

 

Болатбек ЖАҚСЫБАЛАҰЛЫ,

журналист.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *