Табылдың тауы

(Эссе)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

 

Үш буынмен үндестік

 

Ұнатады шыңға көңіл шырқауды,

Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды.

Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкетер ем бір тауды…

Табыл Досымов.

 

Қазір Табыл Досымовтың әсерлі әндері мен әдемі әуені баршаға белгілі. Көлікке міне қалсаң, оның қоңыр үні асқақтап тұрады. Жай асқақтап қана тұрмайды, сол көліктің жүргізушісі белгілі бардтың жағымды даусы естіліп жатқан ұяшықтың ішіне кіріп кете жаздап, емініп отырады. Ал сан түрлі сазбен жемдейтін «сүлікқарасын» сауырынан сипап, сахнаға шыға келген Табылдың таудай бейнесі көгілдір экран­нан әр көрінген сайын үлкен-кіші бір елең­десіп қалады. Оны өмірінде көрмегендердің өзі атына әбден қанық. Олар қазақтың ғажайып өнерпазының өзгеше өрілген өнегелі өмірбаянын жіліктеп тұрып талдайды. Тіпті, еңселі кеңселерде есік пен төрдей кабинеті бар кейбір көшелі кісілер Табылдың әндері жазылған дискіні арнайы таптырып алып, манаурап тыңдап отырға­нын талай көрдік. Ең бастысы, оны анау-мынауды оңайлықпен мойындамайтын, ересек қаламгерлерге ескінің көзі деп қарайтын бүгінгі жастар жағы жақсы біледі. Халықтық дәстүрден нәр алған айбар­лы аға буынға, екі дәуір алмасқан өліара кезеңде өсіп-жетілген өршіл өз буынына және әлеуметтік желіге кіндігі байланған кірпияз әрі кесірлеу кейінгі буынға бірдей қадірлі болу шығармашылық адамының бәрінің бірдей маңдайына жазылмаса керек. Демек, ол үш ұрпақтың да сұранысына жауап беретін сұрапыл өнер иесі болды деген сөз. Бүгінде бүкіл қоғамды Табылдың әні тербетіп тұр.

Алдымен үш ұрпақты түгелдеп болдық. Енді тағы бір үштікке тоқталайық. Табыл­дың қоңыр үні астананың аспанында қалық­таған сәтте мен өзім өте жақсы біле­тін үш жігітті қатар ойлап отырам. Бауыр­жан Үсенов, Әміржан Қосанов, Табыл Досымов… Үшеуі де біз студент болған жылдарда ҚазГУ-дің Журналистика факуль­тетінде оқыды. Бұлар бірінен-бірі өткен теңдессіз таланттар еді. Бір-бірін ерекше қадірлейтін. Үшеуі де ақын, үшеуі де сазгер, үшеуі де әнші… Қазір ойлап қара­сақ, осы үшеуінің де бард ақын атануға мүмкіндігі болған екен. Бард әндері деп жүргеніміз авторлық әндер деп санасақ, өздері сөз жазып, өздері ән шығарып, өздері орындап, бүкіл қалашықтың ықыласына бөленген бұларды бөле-жару оңай емес-ті. Көркем келбеті, күміс күлкісі, сұлу мұрты сал-серілерді еске салатын Бауыржанды әдетте ақ домбы­расыз көзге елестету қиын болғанымен, ол гитара тартқанда да өнердің биігіне бірге өрлеген екі досынан еш кем түспейтін еді. Бұл үшеуі бесінші жатақхананың бесінші қабатының балко­нында тұрып, әуелете ән салғанда, ҚазГУ қалашығының әбден оқу өтіп кеткен тұрғындары құлақтарын тіге қалатын. Сәлден соң бүкіл жатақхананың ұл-қыздары жыпырлап балконға шығып, сымға қонған құстардай тізіліп тұрар еді. Сол тұрғаннан мол тұрады…

Әрине, сол тұстағы журфактың бар байлығы осы үш-ақ әнші екен деп ойлап қалмаңыз. Сыршыл сазгер, қалың жұртқа танымал бірнеше әннің авторы Бекжігіт Сердәлі, гитара мен микрофон ұстаса арқасы қозып кететін Серік Жанболат, сол екеуіне қосылып, екінші, үшінші дауыстың қайсысы оң жамбасына келсе, соған сәйкес әуендете жөнелетін Нұрым Ерға­лиев, қоңыр даусына кәсіби әншілердің өзі қызығатын Амантай Шәріп, бүкіл қалашықтың жігіт-желеңін тамсандырып, үзілдіріп ән салатын Айғаным Мұсаевалар бесінші жатақхананың көркі еді. Оны айтасың, жатақхананың балконы түгілі, КазГУ-градтың ат шаптырым аумағы тар­лық еткен соң сонау неміс жеріне барып, әуелі Одер өзенінің жағасында, сосын Берлинді жаңғыртып ән салған интерна­ционал әнші Мұратбек Тоқтағазинге де талай адам қол соққан… Журфактың жын қуған ақындары осы сапар жөнінде «Бұл күнде сендерге де жарасыпты ән, Төске озып, талай балам дара шыққан. Мұратбек ГДР-да ән шырқаған, Айғаным аспай жүр ғой қалашықтан», – деп жырлаған-ды.

Бірақ осы әр түрлі бағыттағы әуесқой әншілердің бәрі алдыңғы айтылған үркердей үшеудің алдында бас иеді. Сол үшеудің ішінде өнерде бағы жанғаны Табыл ғана болды. Өз тағдыры жөнінде «Бүйрек туралы жыр» деген азалы реквием жазған Бауыржан отыз бір жасында өмірмен ерте қоштасты. Оның әндері толық сақталмады, бейнелік-дыбыстық жазбалары да аса көп емес. Екі тілде емін-еркін ән шырқай беретін Әміржан көп ұзамай лирикалық әуеннен саяси әуенге тез ауысып кетті. Саясат сахнасындағы шымылдықтың бергі жағынан да, арғы жағынан да жиі көрінді. Сөйтіп, Табыл әлеуетті әріптестерінен қара үзіп, жыр әлемінде жалғыз шапты. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ел ұғымындағы бардтың бейнесіне Табылдың ешкімге ұқсамайтын өрелі өнері үйлесе кетті. Бір қарағанда сәл ғана қарлығыңқы көрінетін қуатты қоңыр дауыс, әуезді әуен қазақтың өз Окуджавасы, өз Высоцкийі өсіп-жетілгенін барша жұртқа әйгілеп тұрды. Оның үстіне қоғамның қоясын ақтарып, ұлттың серті мен дертін қатар жырлап, бардтықтың биігіне еркін шықты. Сонымен қатар, ол адам баласында аса сирек кездесетін юморлық сезімге ие болатын. Оның жеңіл әжуасы да, терең ирониясы да өте сәтті шығатын. Ал бұл бард шығарма­шылығын әрлей түсетін талаптың бірі еді. Отыз-қырық жыл бойы жалпақ жұртты әсерлі әуезімен әлдилеген Қорабай Есенов­тен соң мүлде жаңа бағыт ұстанған ғаламат дарынды бард әнші өзі «Сүлік­қара» деп атай­тын гитарасын қолға алып, үлкенді-кішілі қазақ көрерменінің жүрегін жау­лауға келді.

Бүгінде аса танымал бард-әншіге айналған Табыл Досымовтың жырларында кәдімгі таудың образы ерекше орын алады. Тауы жоқ аймақта өскен ол «обаны адырдай, адырды төбедей, төбені таудай» көріп тебіренеді. Таусыз ғұмыр кешіп жат­қан Атырауда жүріп, Алатаудың асқақ шың­дарын сағынады. Ақыры, тау аңсаған Табыл өз тауын, ал тауы оны іздеп тапты. Тапты да, бардты таудай тұлғаға айнал­дырды. Басқа таулардан ерекшелігі бұл – жаңа түзілген жас тау, ғасырлар алмасқан сайын биіктей беретін алып тау, оқта-текте жанартаулары атқылап тұратын тентек тау…

Үш буынды үндестірген Табыл әйгілі Мұрат ақынның Үшқияны – майлы қиян, қанды қиян, шаңды қиянды армансыз шарлады. Атырау, Маңғыстау және Алматыны өз үш қиянына айналдырған бард әнші өз тауын туып-өскен алтын бесігіне баяғыда-ақ көшіріп алды. Алатау­дың баурайында, Көктөбенің басында, Шымбұлақтың биігінде жүргендердің бәрі жаппай әндерін шырқаса, сол таудың Дендердің жазық даласына қоныс тепкені емей немене?! Демек, тау көшіру үшін Толағай болу да міндетті емес екен ғой…

 

«Әубәкір, Боря, Арман-ды…»

 

Тартыспай-ақ Гамзатовтай көкеммен,

Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен.

Осы қырда төбешіктей аналар,

Дүниеге таудай ұлдар әкелген…

Табыл Досымов.

 

Әубәкір, Боря, Арман… Қазір даңқы шыққан Табылды барша жұрт біледі. Ал бір кезде ол алдымен осы үшеуінің ғана Табылы еді. Сондықтан Табылдың бұл өлеңін сол үшеуінен бастауында ерекше мән бар.  Үшеуі де ақын достарын үнемі аялау­мен болды. Бәрі де кейін шығармашылық қуаты мықты, талантты қаламгерлерге айналды. Он жеті жасында ойлы өлеңімен, алапат арынымен жұртшылықты елең еткізген Әубәкір Смайыл кейін қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын болды. Жүйрік журналист Арман Сқабылұлы ұзақ жыл «Хабар» агенттігінде қызмет істеді. «Еларна» телеарнасын басқарды. Қатар­дағы тілшіден масс-медиа майталманына дейінгі жемісті жолдан өтті. Ал Боря… О, Боря тақырыбы – өте күрделі тақырып… Боря дегеніміз – балық пен халықтың тағдырын қатар ойлайтын танымал журна­лист Болатбек Қожан. Аралдың арланы, теңіздің тарланы… Ауық-ауық ақ сазанды аңсайды-ау деймін, Алматының іргесіндегі прудхозға апта сайын барып, қуаттанып келетін. Бұрын жердің жайын жырлады, қазір діннің діңгегін тіктеп жүр. Ілгеріде «Хабардан» түспейтін Боря қазір хабарсыз кетті. Табылдың ең жақын достары осылар еді.

Ақын Табылдың осы тараудың ұстынын құрап тұрған өлең шумағы мынадай болатын: «Алматы баста мен үшін, Әубә­кір, Боря, Арман-ды, Серікбек, Құлтеш, Жұмабай, Қалдар боп сосын жалғанды…».  Алғаш аталған үштіктен кейінгілер де осал емес. Серік Жанболат, Құлтөлеу Мұқаш, Жұмабай Құлиев, Қалдархан Қамбар… Әйтсе де, алдыңғы үшеуді Табылдың жаны­на жақын тағы бір үш қияны деуге бола­тын-ды. Бір тойда Табыл ептеп сабыр­сыздық көрсетіп, «удалениеге» шығып кеткенде, қанша адамның ішінен Арман ғана той иелерінің алдына барып, «Бір жолға кірсінші..», – деп Толағайға сауға сұра­ғанын көргенбіз. Ақыры бұл бітім­гершілік миссиясы шынашақтай Арман­ның тау тұлғалы Табылды зәулім залға қайта алып келуімен аяқталды. Ал Әубәкір ақын досы өмірден өткенде: «Табылдың тағылымы сол – біздің шынайы бейнеміздің қандай екенін көрсетіп кеткенінде. Кейде ойлаймын, осы Табыл емес, біз өліп қалғандаймыз…», – деп күңірене сыр ақтарды. Бұлай жазу үшін де ерекше ерлік, жомарт жүрек, мәрт мінез керек.

Тауға құмар Табылдың Алатау бөктеріндегі алғашқы шығармашылық ортасы осылар болды. Солардың арасында жарты нанды бөліп жеп, жалғыз құртты жарып жеп жүріп жетілді. Оған етене жақын жігіттердің бірі – Құлтеш-Құлан-Құлтө­леудің әйгілі «Әлі тумаған ұлыма» деген өлеңі – осы кезеңнің жемісі. Бұл өлең «Зымы­ран уақыт сездіріп күштілігін, Балалықтың келмеске ұшты күні. Өмірге әлі келмеген – ең қызығы, Ұлым менің есіме түсті бүгін!», – деген эпиграфпен бастала­тын. Жанын да, тәнін де шабыт әбден шайқап тастаған сүрбойдақ Құлтөлеу жоқ перзентімен сырласады («Ұлым менің, кекілі желбіреген, Сенбісің армандағы өндір өлең?»), сырласқаның не, онымен кәдімгідей еркекше сөйлеседі («Әкең әзір махаббат мейрамында, Серіліктен – сергелдең…Жүр сенделіп»), өмірге келмеген бел баласына әзіл айтып, оның нағашы жұртын түгелдеп қоюды да ұмытпайды («Мамаң кім осы сенің?! (Өзіме белгі­сіздеу), – Әрине, сен білмейсің…»). Сол Құл­төлеудің көптен күткен ұлы журфак­тағы Табыл дәуірінде дүниеге келді. Көз ашқалы көрген-баққаны әкесінің жолдас­тары болды. Олардың арасында үнемі таудай болып Табыл отырды. Осылардан бірдеңе жұққан шығар, Мирас Құлтөлеу­ұлы Мұқаш жастығына қарамастан өз буынына өте қадірлі журналист-жазушы болып қалыптасты. Бүгінде Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі болып қызмет істейді.

Табылды алғаш қашан көріп едік өзі? Бұлар бізден бір жыл кейін оқуға түсті. Біз екінші курсқа өтіп, соңымыздан курс ергеніне қуандық. Тетелес курспен табыс­қанына олар да мәз болды. Журфактың бүкіл студенті бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласады. Бұл – бөлмемізге әр соққан сайын кәрін төге келетін түсі суық Айбас Сыздықовтың орнына тумысынан демократ Ермұрат Бапи студенттер кеңесінің төрағасы болып сайланып, бесінші жатақхананың жылымық кезеңі басталған тұс.

Біздің журфакта бәрі бар еді. Тек бард-ақын жоқ еді. Табыл журфакқа келді де, соның орнын толтырды. Өзі – ақын, өзі – сазгер, өзі – әнші. Бесінші жатақханаға кіре сала бард ақын болып кеткен жоқ, әрине, бірте-бірте қалыптасты. Томпиған қара бала еді. Сөйлегенде аздап қана тұтыққандай болатын. Бір ғажабы, ән айтқанда жаңағы тұтыққаны мүлде білінбейді. Қайта даусы ашылып, қанаттанып кетеді. Сөйтіп жүріп, әскерге алынды. Журфактың сол кездегі тұрақты айтыс ақыны Ерсайын Жапақпен сөз сайыстырған жігіттер оны:

 

Сендерді көңілсіздік басып кетті,

Жігері талайлардың жасып кетті.

Баянсыз, бәтуасыз курсыңнан,

Табылдар армияға қашып кетті, –

деп қалжыңмен қажайтын еді. Табыл әскер­ден келген соң, қайта түледі. Жастардың жанын қозғайтын сыршыл өлеңдер жазып, қалашық­тағы қыз-қырқын мен жігіт-желеңнің арасында еркелеп жүретін нағыз серіге айналды.

 

Қыпша белің-ай, сенің қыпша белің-ай,

Көжегіне қоянның ұқсап едің, еркем-ай.

Екі тілек бір жерден шықса дедім-ай! –

 

деп Табылдың қоңыр әуеніне ілескен ҚазГУ қалашығының бүкіл бозбаласы мен бойжеткені қайыңдай тербеліп тұратын…

 

Алып тұлғалы айтыскер

 

Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай,

Жүздерінде шабыт оты жүр маздай.

Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай,

Талай ақын кетер еді жыр жазбай…

Табыл Досымов.

 

Табылдың айтыс өнеріне олжа салғанынан хабарыңыз бар ма?! Сөз сайысына қатысқанды айтасыз, бас бәйге иеленген кезі де болған. Сексенінші жылдардың басында Журналистика факультетінің жатақханасында ақындар айтысы өткізіле бастады. Бірде екінші курста оқитын Табыл Досымов өзінен жоғары оқитын Қуат Қайранбаевпен айтысты. Қуаттың курсында оқымыстылар көп. Табылдың курсы да ешкімнен сорлы емес. Қуат Амантай Шәріп, Жарылқап Қалыбай, Гүлсім Еңсепова сияқты оқу үздіктерін, Срайыл Смайылов сияқты комсомол хатшысын мақтай келіп, «Курсыңның бір ай бойы жазғандарын, Бір күнде жазар Жолдас ағаларың» деп бір қайырды. Шынын­да да, студент кезінен жазғыш атанған Жолдас­бек Дуанабайдың мақалалары бұл кезде күн сайын баспасөздің бетін жайлап жататын. Айтыс­қа, оның үстіне бақас сөзге аса епті Табыл да дес бермей, «Біздің Анар коммунист, елге үлгілі, Шығып кетті оқудан сіздің Анар», – деп сөз қағыстырып отырды. Табылдың Анары – кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Бас редакторы қызметін атқарған қарымды журна­лист Анар Аспан болатын. «Саяхатшы Шоқан­ның қарындасы, Оралды ма Шолпаның Бұқара­дан», – деп, Қуаттың ел аралап, емін-еркін қыдырып жүретін бір курстас қызын іліп-шалды. Осы айтыстың үстінде Табыл (Әубәкір Смайы­ловтың курстасы) Қуатқа (Срайыл Смайылов­тың курстасы) кейін сол кездің студенттері түгел жаттап алған мынадай бір шумақ өлеңін айтты:

 

Екеуі де кәдімгі қыр қазағы,

Фамилиялас болса да бір ғажабы:

Сенің Смайыловың рапорт жазып,

Менің Смайыловым жыр жазады!

Ақиқатын айтсақ, факультет комсомол ұйымы­ның хатшысы, сырбаз мінезді Срайыл біреу-міреудің үстінен рапорт жазды дегенді естігеніміз жоқ. Алайда, сөз ойнатудың теңдессіз шебері Табыл қайшылық тудыратын фактілерді ұтымды пайдаланып, қалың жұртты күлкіге көмудің мың тәсілін меңгерген-ді.

Айтыстың жаңадан басталған кезі. Студент ақындардың алдында дайындап қойған шумақ­тары жазылған қағаз жатады. Соны меңзеген Табыл бір қарсыласына былай деп еді:

 

Айтысуға қашаннан құштар халқым,

Жасап жүрміз өлеңнің стандартын.

Сенің де отыр алдыңда бір бет қағаз,

Менің де отыр алдымда «шпаргалкым».

Біздің тұсымызда студенттер арасында Шөже мен Кемпірбайдың сөз қағысуы секілді аса танымал болған жыр сайысының бірі Бекболат пен Табылдың айтысы еді. Бұл айтыс сексен алтыншы жылдың көктемінде өтті.  Өнердің қай түріне де бейім, қолына домбыра тисе, аш бурадай шабынып шыға келетін Бекемсал сахна төрінде жасын ойнатты. Қолды-аяққа тұрмай, шымыр шумақтардың бірінен соң бірін түйдектетіп, Табылға тап-тап береді. Сол сәтте оған жанкүйер боп отырған бүкіл студент шу ете қалады. Сонда Табыл Бекболатқа былай деді:

 

Ақын болсаң, қайтейін, болсаң да Абай,

Менменсіген кеудеңді басам талай.

Айтысқа бір жүз грамм ішіп кеп пе ең,

Отырсаңшы орныңда шошаңдамай!

Әр айтыста әр түрлі мінез танытатын әділқазылар алқасы бұл жолы әділдік жасады. Бірінші орын екеуіне тең бөлінді. Бұл оларға өнердің даңғыл жолына берілген жолдамадай болды. Ол кезде бірі журфактың, екіншісі политехникалық институттың студенті еді. Кейін екеуі де мәдениет саласынан орын сайлады. Табыл Досымов  Атырау облысы, Индер аудан­дық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, ал Бекболат Тілеухан Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасары болды.

«Мейлі тіпті тепкіле, каратэ қыл, Сонда да жеңілмейді бала Табыл!» деп өзіміз үнемі жігерлендіріп отыратын әнші досымыздың орайы келгенде бір қайырып айта салған сөздері өте көп еді. Бірде ол ертерек теңін тауып, бас құраған курстасы Бердібай Кемалдың мұңайып түскен суретінің астына «Өмірің өтуде ме, енді баяу, Үйленбе деп едім ғой, Бердібай-ау!» деп жазып қойыпты. Тағы бір жолы студент атаулыны адам құрлы көрмейтін, бас терісі келіспеген дөрекі ұстазына арнап мынадай шымшыма шумақ өрді: «Неғып жүрсің КазГУ-де шойынқұлақ, Аулыңа бар, онан да қойыңды бақ!». Мұндай мысалдар кейіпкеріміздің шығармашылық келбетін ерекшелей түседі.

Өмірдегі мінезі өр болғанымен, жүрегі жұмсақ Табыл өнердегі танымы терең, сезімі сергек Табылды қалыптастырды.

 

Саз сыздатқан «Сүлікқара»

 

Алты алаштың алыптары берсе дем,

Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем.

Биіктікті, айналайын, туған ел,

Қыранының қанатымен өлшеген…

Табыл Досымов.

 

1983 жылдың күзінде журфактың екінші курсын бітіріп, Қостанайға ауыл шаруашылығы жұмысына аттандық. Бұл жолы бірінші курсты бітіргендер де бізбен бірге жолға шықты. Таңер­теңнен кешке дейін қалың орман арасындағы алқапта картоп жинаймыз. Түс әлетінде студент­терге тамақ әкелетін автобус шаң береді. Алқапта тек біз емес, бірнеше факультеттің ұл-қыздары жүр. Көлікке бұрын жеткені ертерек тамақта­нады. Тағамның да ең бір сүбелісі соларға тиеді. Таласып-тармасып, тырбанып-тырмысып күн көретін заман… Мұндайда Табылдан икемдісі жоқ. Автобустың алдынан атып шығып, оған бір-ақ аттап жетіп алып, қапталдасып шауып отырады. Басына кәдуілгі «петушок», үстінде қалың күпәйке киген алпамсадай ірі денелі Табыл көлікпен қабаттаса аудаңдап жүгіріп келе жатқанда, «Алп, алп басқан, алп басқан» деп толғайтын Шалкиіздің әйгілі жыры еріксіз еске түседі. Табыл сары автобустың сауырына қол салды дегенше, бүкіл журфактың бүгін ашқұр­сақ жүрмейтінін біле беруге болады. Өйткені, оның жанына жетіп барып, кезектің тәртібін бұзуға ешкімнің жүрегі дауалай қоймайды. Күнде осы… Қысқасы, ол алпыс үйлі арғынды асыраған Қара қасқа атты Қамбар бек секілді бір емес, екі курсты бір ай бойы ішім-жемнен тарықтырған жоқ.

Жалпы, бұл Қостанайдың жыры көп еді. Бір күні біздің жігіттер жергілікті студенттермен ептеп сөзге келісіп қалды. Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатындағы» Киікбай мен Найзаның кикілжіңі секілді мазасыз майдан басталды да кетті. Бауыржан Үсенов те, Табыл Досы­мов та осы ұлы доданың ішінде жүр. Бәрінен қызығы мынау болды. Жігіттердің көбі дүбірге ілесе алмай, жылыстаңқырап һәм жасқа­ныңқырап жүргенде Табылдың курстасы Мақпал қыз ғажайып ерлік жасады. Қолына сойыл ұстап келгендерге қаймықпай қарсы шығып, бір-ақ сәтте бәрінің бетін қайтарды. Өзі көрікті, өзі нәзік, өзі талдырмаш бойжеткеннен мұндай батылдық күтпеген жұрт аңырып тұрды. Сөйтіп, ол журфактың ар-намысын сақтап қалды. Біраз әуре-сарсаңға салған дау-дамай­дың арты қайыр болды, әйтеуір. Бір-біріне тіс қайраған екі топ ақыры сабыр шақырып, сабасына түсіп, бітімге келді. Енді тек студенттер қауымының тегеурінді Томирисі, ай мүсін ару­лардың айбарлы «амазонкасы» Мақ­пал д’Арктың жарқын жеңісін салтанатпен жырлау міндеті алдымызда тұр еді. Тілінің түрпісі бар Табыл мұндайда қарап қала ма? Жыраулардың жосы­ғы­мен, бүгінгі жырдың тәсілімен шортандай шоршыған шумақтарды төккен үстіне төгіп жатты:

 

Мақпал батыр болмаса өстер ме еді,

Қыздар оның ерлігін қастерледі.

Қостанайда біреудің басын жарып,

Шефі болды қыздардың Боскөлдегі. 

 

Сайрандап қал, селхозда, сайрандап қал,

Мерт боларсың бір күні қайран Мақпал!

Мақпал туралы мадақ ода біз ауыл шаруа­шылығы жұмысынан келгеннен кейін де үздіксіз жалғасты. Тіпті, Табылдар оқу бітіргенге дейін мақпалтану ілімі жүйелі түрде дамыды деуге болады. Жалғыз Мақпал емес, барлық курс­тастарының іс-әрекеті – Табылдың шабытпен жазатын сүйікті тақырыбы еді. Мәселен, бір досының Ауғанстанға әскерге алынғанын ойша көз алдына елестетеді. Өз қиялындағы ел күзетінде жүрген жігіттің жай-күйін, сағыныш-күйінішін зілсіз әзілмен, жеңіл әжуамен жеткізеді: «Ауған халқы айтқанмен алғысын бай, Рахат боп жүрген жоқ, жан қысылмай. Қарағайлар құтыңды қашырады, Қараңғыда Каюмның бандысындай. Түнде жауған жаңбыр­дың батпақтары, Етігіме жабысып, қатпапты әлі. Әлдеқайдан шығады жайсыз үндер, Жанзияның даусындай матфактағы…».

Курстастарынан бір де кем емес, Табылдың жанын түсінген тағы бір жайсаң жігітті айтпай кетпеуге болмас. Ол – ақтөбелік кәсіпкер, белгілі қаламгер Бижан Қалмағамбетов. Өмірге келгенде әрі өлең алған, әрі көген алған Бижан Табыл әндерінің жарыққа шығуына, таралуына және насихатталуына өлшеусіз үлес қосты. Арнайы қор құрып, бард-ақынның шығарма­шылық кештерін үнемі өткізіп келеді.

Соңғы жылдарда қазақтың ұлттық бард өнерінің алтын бастауында тұрған Табылды үлгі тұтып, сол мәнермен ән шырқайтын жастар арагідік бой көрсетіп жүр. Әрине, Табыл болу қиын, дегенмен келешекте солардың қатары көбейе түсетін секілді көрінеді бізге. Ендеше, Бижан секілді мықты жігіттер аман болса, Табыл бастаған көшке ілескендердің басын қосып, «Бардтарым, аман-саумысың?» дейтін шығар­машылық кеш өткізетін күнге де жетерміз…

Табыл дүниеден өтерден екі ай бұрын Атырауға жолымыз түскенде, әйгілі ақын Мұрат  Мөңкеұлының рухына тағзым ету үшін Индерге барғанбыз. Ақынның табаны тиген сай мен қыратты, жон мен жыраны, төбе мен адырды бірге шарладық. Ауданның мәдениет және тіл бөлімін басқарады екен. Түн ортасы ауғанға дейін Табылдың шаңырағында қонақта болдық. Бұл күні Қарлығаштың қазаны оттан түспеді. Үйде бойы көк тіреген Абыл Табылұлы деген көркем жігіт жүрді. Бұл түні гитараның қоңыр әуені бір сәтке толастаған жоқ. Әсіресе, Табыл Бауыржан Үсеновтің әндерін ерекше шабытпен шырқап еді. Оның саз тербейтін саусақтары дамылсыз жорғалайтын гитарасының ішегі аяқ астынан үзіліп кетеді деп кім ойлаған?!

Өмірден өтерінен бес күн бұрын қоңырау шалды. Жергілікті басшыларға қатты қапалы екен. «Қызметтен кет деп жатыр ғой мыналар», – деп кіжінеді. Жатып кеп жұбаттық. «Әркіммен ұрыссаң да, әкіммен ұрыспасаңшы», – деп ағалық ақылымызды айтқан болдық. «Танымал ақынсың. Едәуір беделің бар ғой, сені қызметтен кетіре қоймас», – дедік. Қызмет түгілі, өмірден кетіп қалатынын қайдан білейік…

Алып тұлғалы Табылдың жұмыр саусақ­тарына шыдас бере алмаған гитараның ішегі бұрын да ара-тұра үзіліп тұратын-ды. Бұл жолы қатты үзілді… Біржола үзілген шығар дегенбіз. Олай болмапты. Ұлы Абыл үзілген ішекті жүрегімен жалғап алды. Әкесінің бұрышта мұңа­йып тұрған гитарасы перзентінің қолына көшті.

Сөйле, сарна, саз сыздатқан «Сүлікқара»! Сен енді иесіз емессің…

Өмірдегі мінезі өр болғанымен, жүрегі жұмсақ Табыл өнердегі танымы терең, сезімі сергек Табылды қалыптастырды. Біздің журфакта бәрі бар еді. Тек бард-ақын жоқ еді. Табыл журфакқа келді де, соның орнын толтырды. Өзі – ақын, өзі – сазгер, өзі – әнші. Бесінші жатақханаға кіре сала бард ақын болып кеткен жоқ, әрине, бірте-бірте қалыптасты. Томпиған қара бала еді. Сөйлегенде аздап қана тұтыққандай болатын. Бір ғажабы, ән айтқанда жаңағы тұтыққаны мүлде білінбейді. Қайта даусы ашылып, қанаттанып кетеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close