«Табиғатты қорғау басты борышымыз!»

Экологиялық проблема – адамның табиғатқа және керісінше табиғаттың адамға тигізетін қолайсыз әсерлеріне байланысты туындайтын кез-келген құбылыс.

Табиғатты қорғау жұмыстарын жақсарту, экологиялық бағдарламаны əрі қарай жетілдіру аясында Алматы қаласы, Жетісу ауданы №110 мектеп-гимназияда экологиялық бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тəрбиенің қай саласы болса да, негізінен ол балаларға, жасөспірімдерге арналады. Ал оларды табиғатты сезініп, түсініп, қадірлей білуге баулу экологиялық тəрбие жүргізу арқылы іске асырылады.

Қоршаған ортамен таныстыру бағытындағы экологиялық тəрбие беру жұмысы еңбек тəрбиесімен тікелей байланысты. Мысалы, бөлме өсімдіктеріне су құйып, жапырағындағы шаңды сүрту, ағаш отырғызып, оны баптау балаларды еңбекке баулуға көмектеседі.  Экологиялық тəрбие – бұл тек «жұлуға болмайды», «ластауға болмайды» деген үндеу тастау немесе тəртіпке шақыру ғана емес, сонымен бірге не себепті олай етуге болмайтындығын түсіндірумен байланысты жүзеге асырылады.

Наурыз – табиғаттың қайта тірілу, түлеу, жандану уақыты болғандықтан, бұл табиғатқа көңіл бөлу мерекесі. Наурыз – табиғаттың туған күні! Табиғатқа қарап адам да өзгеріп отырған. Қазақ халқы наурызда ең бастысы қоршаған ортаға, экологиялық тазалыққа қатты мән берген. Осы тұрғыдан жасөспірім арасында наурыз айының экологиялық бағытында тәрбиелік мәні ерекше екенін түсіндіру мақсатында №110 мектеп-гимназияның 6 «а» сынып оқушыларымен «Наурыз – табиғаттың мерекесі» тақырыбында сыныптан тыс жұмыс жүргізілді. Тәрбие сағатында оқушылар өз көңіл-күйлерін жыл мезгілі, ауа райы, табиғаттың құбылыстарымен байланыстырып айтып білдірді. «Көгілдір аспан – «Менің қазіргі көңіл-күйім аспандағы жылы, жұмсақ күннің көзіне ұқсайды»; көктем мезгілі – «Менің қазіргі көңіл-күйім көктемнің шуақты күндеріндей!»; бұлақтың суреті – «Менің қазіргі көңіл-күйім бұлақтың мөлдір суындай». Сонымен қатар, оқушылар дөңгелек үстел тақырыбының мағынасын берілген тапсырмаларды орындау арқылы ашып, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Жазғытұры» өлеңін талдап, көктем мезгілінің табиғат көріністерімен танысып, білімдерін жетілдірді.

Жеріңнің сақта көркін – аң мен құсын,

Халқымның қорғағандай ар-намысын.

Жазғырып болашақта ұрпақтарын,

Жер шұқып, сүйек санап қалмас үшін.

Табиғатты қорғау әрбір адамзаттың басты борышы! Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы табиғатты сақтауға, туған жерін, елін, көркем де құдіретті етіп, әрбір уыс топырағы мен бір тал шөбін қорғауға міндетті.

Айгүл БЕЙБІТҚЫЗЫ,

№110 мектеп-гимназиясы география пәнінің мұғалімі.

Жетісу ауданы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close