ТАБИҒАТ ТАЗАЛЫҚ ТIЛЕП ТҰР

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

8-қыркүйекте бүкiлқалалық сенбiлiк өтедi

Қазақта «Көтермесе көңiлдi кiр басады» деген әдемi сөз бар. Осыны табиғатқа қарата да айтуға болады, арагiдiк адам қолы араласып қоймаса, ол да тұнжыраған қалпы тұнжырай бередi. Оның үстiне, қазiр күз маусымына иек артқан тұста тал-теректер де түсiн өзгерте бастаған. Жаз бойы үстемдiк еткен құрғақшылықтың салдары анық байқалады. Қала көшелерiндегi шаң-тозаңның көбеюiнде де, кейiнгi кездерi жиi орын алып жатқан айтпай келетiн апаттың бiрi – өрттiң еркiнсуiнде де осының iзi жатыр. Аяқжолдың айналасына көз салсаңыз, өзiңiздiң де көңiлiңiзге көп ой келедi. Бiрiн-бiрi қинай, бiрiн-бiрi қимай үзiлiп, қалықтай түсiп жатқан жапырақтар да әр нәрседен хабар бередi.

Көлiгi бар, өзi бар, базары бар, басқасы бар – бес миллионға татитын мегаполис жұрты жайлаған жерде артық-ауыс тастанды заттардың өзi, күн сайын жылан жалағандай етiп тазартып жатса да, таусылыр емес. Қайран қалып, қарның ашатыны рас. Кiшкентай балаларға үйрететiн «Жинамау үшiн – шашпау керек» деген қағиданы кiмге барып қайталарсыз. Шашқан екенбiз, жинау да керек.

…Қойшы, қайсыбiрiн айтамыз, одан да жабыла кететiн кез келiп тұрғанын айта- йық, сөздiң түйiнi – осы. Қабағына кiрбiң ұялаған көк аспан, құрғақ ауа, қураған ағаш-талдар, шаңы көрiнген айнала – бәрi бiзден қайырымдылық күтiп тұрғандай.

Берекелi, мерекелi айлар басталып кеткенiн де жақсы бiлемiз. Бар алматылық жабылып, Қала күнiн тойлауға әзiрленiп жатыр. Бұл да осы тазалықтан бастау алатын мереке. Ендеше, Қала күнi қарсаңында, 8-қыркүйекте өтетiн бүкiлқалалық сенбiлiкке бiр кiсiдей қатысып, айналамыздың тазалығы үшiн өз қолғабысымызды тигiзсек, нұр үстiне нұр болар едi.

Жоспарланып отырған сенбiлiкке бастауыш сыныптардан басқа, мектеп оқушылары мен оқушы-жастар, студенттер мен қоғамдық және жастар ұйымдары, ПИК-тер мен ЖТҮК, басқа да заңды тұлғалар қатысады. Аудандық әкiмдiктер сенбiлiкке қатысушыларды ыңғайлы ұйымдастырып, тиiстi құрал-жабдықтар мен қолғаптармен, қажеттi қаптармен қамтамасыз ететiн болады.

Қалалық сенбiлiкте көшелер мен алаңдар тазартылып, ағаштардың түбi әктеледi, қора-қопсылар боялып, қаланың түр-түсiне сән беру жұмыстары қолға алынады. Қызықты да қажеттi бұл iске қатысқан да арманда, қатыспаған да арманда!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *