Тағылымға толы кеш

Балнұр АХМЕТ

 

А.Чехов атындағы кітапханада Қазақстан Жастар одағы сыйлы­ғының лауреаты, ақын, сазгер Гүлнәр Шәмшиеваның «Илләһи күйді шерткен кеш» атты әдеби-сазды кеші өтті. Ізгі шараны «Орта­лықтандырылған кітапхана жүйесі» Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырды. Ақынмен кездесу кешіне әнші Гүлмира Ақүрпекова, ақын Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, ақындар – Әсел Оспан, Әсел Айымбет, Меру­ерт Рүстем, әншілер – Салтанат Жолды­баева, Сайра Байдуллаева қатысты.

Әсем әнге, жауһар жырға толы кеште қара сөзді қасиет тұтқан ақын өзінің өлеңдерін оқып, тыңдарман жүрегін жырмен тебірентті. «Тамаша күн», «Таң алаулайды, көрдің бе?», «Жаздың Моцар­тымын», «Әдеп», «Жаза бер, періштем», «Ей, достым», «Сала­уат», «Илләһи күйді шерткен кеш» атты өзінің әндерін домбырада және гитарада орындады. Сондай-ақ, кеш қонақтары да ақынның әсерлі әндерін тыңдарманға тарту етті.

Естеріңізге сала кетсек, 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Түр­кіс­тан қаласында дүниеге келген ақын Гүлнәр Шәмшиева 1982 жылы ҚазМУ-дің журна­листика факультетін бітірген. Атырау қала­сындағы облыстық ра­диода, «Ақ желкен», «Парасат» журнал­дарында, Шалқар радиосында редак­торлық қызмет­тер атқарған. Ақынның «Рахман нұры», «Сағыныш сазы» атты екі прозалық, «Арайлы таң», «Қаракөз дәурен», «Қыз­ғалдақ жауған әлем», «Тауды аңсайды қанат­тарым», «Көк көйлекті көктем», «Жәннәттің төріндей болып», «Аққудың үні», «Махаббат саздары» атты сегіз поэзия кітабы жарық көрген. Қазақ радиосында 50 шақты әні бар сазгердің әндерін бүгінгі таңда Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев, Мақсат Базарбаев, Гүлмира Ақүрпекова, Гүлмайдан Сүндетова, Ұлжан Айнақұлова, Ақбота Керімбе­кова, Роза Әлқожа тәрізді әншілер орындайды.

Кеште жүректегі жылы лебізін жет­кізген Т.Айбергеновтің қызы Салтанат Айбер­генова қазақ поэзиясында ақынның өзіндік орны бар екенін айтты.

– Ақын Гүлнәр Шәмшиеваның өлеңдері студент кезімізде жүрегімізге жол тапқан. Жан-дүниесі жырға толы ақынның сезіммен өрілген өлеңдері нәзік лирикаға толы, кіршіксіз таза жүректің тебіреністе­ріне толы. Ақ қағаз бен қаламды жанына серік еткен ақынның өзіндік орны бар. Ақынның жазған жыр жолдарынан өмірдің астарлы сырлары ашылады. Имандыққа бет бұрған ақын өзінің әндері арқылы Алланы мадақтаудың әдемі үлгісін тапқан. Осылайша ол ақын­­ды­ғымен әрі сазгерлігімен оқыр­манға өзін жаңа қырынан танытып жүр. Жұртшы­лықтың ықыласына бөленген оның сыршыл өлеңдері жайнаған жастық шағымыздың бір белгісі іспетті, – деді Салтанат Айбер­генова.

Ал әнші Гүлмира Ақүрпекова ақынмен достық қарым-қатынасын ерекше атап өтті.

– Гүлнәр Шәмшиевамен дос болға­ны­мызға отыз жылдай уақыт болды. ҚазҰПУ-де аспирантурада оқып жүр­ген кезімде қазақтың бірқатар талантты тұлғаларының студенттермен кездесу кешінде танысқан едік. Сахна төрінде Секен Тұрысбеков күй шертіп, Күләш Ахметова мен Гүлнәр Шәмшиева жақұт жырдан шашу шашқан кеште мен де бір ән орындағаным әлі есімде. Сол кештен кейін Гүлнәр Шәм­шиева маған ақын Фариза Оңғарсыно­ваның өлеңіне жазылған «Қыз монологы» атты өзінің әнін ұсынған болатын. Міне, біздің достығымыз сол бір кештен, сол бір әннен басталған еді, – деді Гүлмира Ақүр­пекова.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *