ТАҒЫ ДА ГЕРМАНИЯ МЕН АВСТРИЯ…

Сенбi күнi 2014 жылы Бразилия жасыл алаңдарында өтетiн келесi ХХ Әлем чемпионаты iрiктеу турнирiнiң жеребесi тартылды.

Жеребенiң Еуропаға қатысты бөлiгiн жүргiзген Бразилия футболының жас жұлдызы Гансо 6-қоржындағы шарларды араластыра келе олардың iшiнен әуелi Уэльс пен Мальтаны алып шықты. Яғни, бұлар тиiсiнше бiрiншi және екiншi топқа түстi деген сөз. Сосын Гансо қоржыннан «Қазақстан» деген жазуы бар қағазды жұлып алды. Бұл – бiздiң ұлттық құрама үшiншi, яғни, «С» iрiктеу тобында ойнайтынын бiлдiретiн. Жеребенi әрi қарай Әлем чемпионаттары финалдық сындарының бас мергенi, әйгiлi бразилиялық шабуылшы Роналдо жалғастырды. Оның қолының бiз үшiн қаншалықты сәттi болған-болмағанын өзiңiз бағамдай берiңiз, өйткенi, «С» тобына бiзден басқа Германия, Швеция, Ирландия, Австрия және Фарер аралдары түстi.

Немiстермен және австриялықтармен Қазақстан құрамасы Euro-2012 iрiктеу сатысында бiрге өнер көрсетiп жатыр. Бас бапкер Мирослав Беранектiң жiгiттерi Германиядан екi рет (Астанада 0:3, сырт алаңда 0:4), Австриядан бiр рет (Венада 0:2) ұтылып үлгердi. Екi айдан соң, яғни, 11-қазанда отандастарымыз австриялық әрiптестерiн Астанада қабылдайды.

Фарер аралдары құрамасымен бiз 2003 жылы екi рет жолдастық кездесу өткiзiп, екеуiнде де жеңiлiп қалған болатынбыз (2:3 және 1:2). Яғни, бұл команданы оңай шағылатын жаңғақ деу қиын. Швециямен және Ирландиямен қазақ футболшылары әлi күш сынасқан емес, бiрақ екеуiнiң де Еуропадағы белдi де беделдi ұжымдар екенi белгiлi.

«С» тобының ойындар кестесi алдағы күз айларының бiрiнде белгiлi болады. Бұл топқа түскен 6 елдiң өкiлдерi Майндағы Франкфурт (Германия) қаласында бас қосып, келер жылдың 7-қыркүйегiнде басталуға тиiс iрiктеу сынының күнтiзбесiн түзбек.

Жеребенiң Еуропаға қатысты толық қорытындысы мынадай:

«А» тобы: Хорватия, Сербия, Бельгия, Шотландия, Македония, Уэльс.

«B» тобы: Италия, Дания, Чехия, Болгария, Армения, Мальта.

«С» тобы: Германия, Швеция, Ирландия, Австрия, Фарер аралдары, ҚАЗАҚСТАН.

«D» тобы: Голландия, Түркия, Венгрия, Румыния, Эстония, Андорра.

«E» тобы: Норвегия, Словения, Швейцария, Албания, Кипр, Исландия.

«F» тобы: Португалия, Ресей, Израиль, Солтүстiк Ирландия, Әзiрбайжан, Люксембург.

«G» тобы: Грекия, Словакия, Босния, Литва, Латвия, Лихтенштейн.

«H» тобы: Англия, Черногория, Украина, Польша, Молдова, Сан-Марино.

«I» тобы: Испания, Франция, Беларусь, Грузия, Финляндия.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *