Тағы бір «тақия» тақиямызға тар келмейді

Әйгілі Шәкен Аймановтың кинокомедиясының ізімен түсірілген «Тақиялы періште-2» картинасы шаһардың барлық кинотеатрында көрсетіле бастады

Шәкен Аймановтың осыдан жарты ғасыр бұрын түсірілген әйгілі «Тақиялы періште» кинокомедиясының ізімен түсірілген «Тайлақтың тақиясы» / «Тақиялы періште-2» атты жаңа картина 31 қаңтардан бастап шаһардың барлық кинотеатрында көрсетіле бастады. Бас продюсері, сценарий авторы – қоғам қайраткері, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің комиссия төрағасы, кәсіпкер-меценат, ұлт жанашыры Құсман Шалабаев. Режиссері – Найзабек Сыдықов. Ал басты рөлде, әрине, өзімізге, көзімізге ыстық «тақиялы періштеміз» – Әлімғазы Райымбеков.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Алматы төрінде тұсауы кесілген фильмге өнердегі игі жақсылар мен қара­пайым көрермен де көптеп жиналды.

Кеңес одағы кеңістігінде аса танымалдылыққа ие болған және еліміздің бірнеше буыны көріп өскен, әлі де сүйіп көретін «Тақиялы періште» картинасында, естеріңізде болар, ерке кенжесінің әлі күнге бойдақ жүргені жүрегіне батқан Тана апа (Әмина Өмірзақова) баласына қалыңдық іздей бастайды. Жасы 28-ге келген ұлы Тайлақ (Әлімғазы Райымбеков) – география пәнінің мұғалімі.

Осы орайда айта кетейік, биыл «Тақиялы періште» фильміндегі бас кейіпкерлердің бірін сомдаған актриса, Қазақстанның халық артисі Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде тойланбақ.

Иә, ол фильмде Әмина апамыз ұлы Тайлаққа қалыңдық іздеп таба­нынан тозса, «Тайлақтың тақиясын­да» сол Тайлақ Аңсар атты немересіне (Олжас Тоғымбет) лайықты жар іздеп Алматы көшелерін шарлап кетеді.

***

Қыз бен жігіттің жұптасуынан басталатын отбасының керегесі кең, терезесі тең шаңыраққа айналуы үшін екі жақтың өзара сүйіспеншілігі, сыйластығы жоғары болуы тиіс. Сонда ғана күнделікті тұрмыстың күйкі тірлігінен туындайтын бар мен жоқтың арасында тұншығып қалмай, сезімің сыйластыққа, сыйластық қимас­тыққа жалғасып, ерлі-зайыптының мінез-құлқы, таным-талғамы өзара үйлесімділікке ұласады. Сол үйлесім­ділік шаңырақтың шаттығын еселеп тұрары анық.

Біз күнделікті тұрмысында, салт-дәстүрінде тазалықты, иман мен инабаттылықты, ізет-әдепті, ынтымақ-бірлікті, адалдық-адамгершілікті арқау еткен халықтың ұрпағымыз. Небір ықылым заманнан аман қалған осынау ұлттық құндылықтарымыздың түпқазығын босатып алмауды әркім  өзінің отының басынан, шаңыра­ғы­ның астынан бастап, жүрген жерінде жақсылықтың дәнін көктете жүрсе, ешкімнен кем болмас едік. Қазір, шыны керек, елімізде ерлі-зайыпты­лардың арасында ажырасу оқиғасы көп. Ал ұл-қызына банктен несие алып той жасап беретін біздің бесік жырымен көзін ашқан қазақ үшін бұл ойланарлық мәселе.

***

Аңсар – Тайлақ атаның өз бауырына басқан алғашқы немересі. Соның үйленіп, үй болғанын, көргенді қызбен бас қосқанын қалайды. Ал оқу, диссертация деп жеке өміріне көңіл бөлуге уақыты жоқ Аңсардың жуық арада үйленер сүйіктісі де жоқ. Атасы болса «қашан үйленесің» деп тықсырып барады. Содан амал жоқ, атасы бір телефон соққанында «үйленемін, жуық арада қуантамын» деп салды. Сөйтіп, атасы қорадағы бірер малын сатып, тойға дайын­далады. Ал Аңсар көп ұзамай, доста­рының құрған жоспарымен ауылға келін түсіреді. Сәукеле киіп көліктен түсіп келе жатқан келін қара нәсілді болып шығады. Оны көрген Тайлақ ата жүрегін ұстап құлайды. Содан «Мұны мен өзім үйлендірмесем болмас» деген оймен Тайлақ ата алып шаһарға келін іздеп өзі шығады…

Одан кейінгі «Тайлақ ата Аңсар немересіне қалыңдық тапты ма, таппа­ды ма, тапса ол кім?» деген сұрақтарға жауап беретін қызыққа толы шытырман оқиғаларды көруді сіздің еншіңізге қалдырдық, құрметті оқырман.

***

Фильм Алматы облысының Жам­был ауданына қарасты Қызыләскер елді-мекенінде түсірілген. Айтпақшы, «Тайлақтың тақиясы» фильміндегі Тайлақ атаның кемпірі болып ойнаған Қазақстанның халық артисі Роза Әшірбекованың (Айша апа) бұл кинодағы алғашқы рөлі көрінеді. Гүлжамал Қазақбаева, Байғали Есен­әлиев, Шынар Жанысбекова, Сәбит Әбдіхалықов, Шынар Асқарова сынды танымал өнер өкілдері де осы картинаның сәтті шығуына үлес қосқан. Сондай-ақ, Қызыләскер ауы­лының қарапайым тұрғындарының да қолтаңбасы бар.

– Шаңырағыңда атаң болса, жаныңды – жарға, арқаңды – тауға сүйе­гендей боласың. Бүгінгі қария – кешегі қарулы қолды, сом білекті азамат. Олар бүгінгі алаңсыз күнде­ріміз үшін отқа да түскен, бірақ жан­баған, суға да түскен, бірақ батпаған. Осындай жүздерін қою әжім торлаған, бірақ жанар­ларынан мейірім нұры сөн­беген, бүгінде бала сияқты періште көңіл қарттарымыз қандай құрметке болсын лайықты. «Тақиялы періш­те» фильмінде басты рөлді сомдаған, бүгінде 85 жасқа келіп отырған Әлімғазы Райым­беков ақса­қалдың қазіргі бейнесін бүгінгі «Тайлақтың тақиясы» картинасы арқылы ел-жұртымен қайта қауыштырғымыз келді. Осындай өмір көрген елге сыйлы қарияла­рымызға қарап жастар ойын, бойын түзей жүрсе, сол жандардың алғысын арқалап жүрсе, жаман болмасы анық, – дейді «ANSAR-ARMANYM» продюсерлік орта­лығының директоры  Құсман ШАЛАБАЕВ.

 

Екі жүз ТАҚИЯ

КСРО халық артисі, режиссер Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойында көрнекті актер Ыдырыс Ноғайбаев Әлімғазы Райымбековке: «Киноға түскен тақияң қайда, неге кимейсің?», – дейді. «Тайлақ» қалтасынан тақиясын алып кие бергенде, Ли және Ким дейтін суретші екі әйел тақияға қызығып: «Біз мұны мұражайға өткіземіз, бізге беріңізші», – деп сұрап алған екен. Содан бері Тайлақтың сол картинада киген тақиясы қазір қайда екені белгісіз.

Осыдан елу жыл бұрынғы картинада қайда жүрсе де, қайда отырса да басын­дағы тақиясын бір тастамайтын кейіпкер Тайлақ бүгінде шын мәнінде қазақтың тақиясыз отырмайтын  Әлімғазыдай көшелі қариясына айналды.

Тақия демекші, кешегі өткен «Тай­лақтың тақиясы» фильмінің тұсаукесерінде бас продюсер Құсман Шалабаев көрер­менге 200 тақия таратты. Картина көрсе­тілімінің алдында-ақ қуанышты бөлісуге келген барлық көрерменнің бір-бір тақиядан киіп алғандары көз сүйсінтті.

Тақия – қазақтың ұлттық бас киімде­рінің бірі. Ерлердің жеңіл бас киімі. Жылдың барлық мезгілінде киюге ыңғайлы. Баяғыда, бала күнімізде аталарымыз қыста да малақайдың ішінен киіп алатынын көретінбіз. Сол аталар бізге ерекше жара­сымды сол тақияларымен әдемі, салиқалы болып көрінетін.

– Тақияны мешітке барғанда ғана емес, күнделікті өмірде де киіп жүруді дәстүрге айналдырсақ деймін.  Көршілес қырғыз бауыр­ларымыз айырқалпақтарын ұлықтап, әспет­теп арнайы заң қабылдап жатыр. Біздің басымыздан да осы тақияны көріп, өзгелер қазақ екенімізді білетіндей дәрежеге жетсек екен деймін, – дейді жоба авторы Құсман Кәрімұлы.

 

Тайлақ АТА

Колхоздың тракторшы-механизаторы, қарапайым шаруақор азаматы болып жүріп, бір сәтте, бір ғана сәтті картинамен даңққа бөленген, ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ атамызбен мөлтек сұхбат.

 – Егер қателеспесек, сіздің кинодағы ең алғашқы рөліңіз Қажымұқан ғой?

– Иә, киноның аты «Ән қанатында» деп аталады. Одан соң «Тоқаш Бокин», «Тақия­­лы періште», «Долана», «Қан мен тер», «Дала гүлі», «Аманат», «Түрксіб туралы аңыз», «Отқа оранған Орал», «Көгілдір жол», ұзын саны оннан астам көркем фильмде басты және жанама рөлдерде ойнадым.

– Сіздің арнайы кәсіби біліміңіз болған жоқ, бірақ «Тақиялы періштеде» басты рөлде ойнадыңыз. Сол үшін қызғаныш білдіргендер болды ма?

– Бетіме келіп ешкім айтпаса да, сыртымнан естідім. «Какой-то колхоз будет играть кинокомедияны, анау-мынау» деген сияқты. Содан «расымен де мұным қалай болар екен» деп Шәкен ағаға бардым. «Әй, шық кабинеттен! Құлағыңа мақта тығып жүр!»,  – деді ол кісі бірден. Түсіне қойдым да, шығып жүре бердім.

– Жалпы, бұл фильм өміріңізге қандайда бір өзгешелік әкелді ме?

– Әкелгенде қандай! Колхозда қатар­дағы механизатормын. Өзара отырғанда да еститініміз жағымсыз тақырыптағы анек­доттар. Жасыратыны жоқ, өзім де бала­ғаттап сөйлеп жіберетінім бар-ды. Кейін тағдыр мені Шәкен Айманов, Абдулла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Әзірбайжан Мәмбетов сынды қазақ кино және сахна майталмандарымен жақындастырды. Бұл кісілердің әрбір сөзі, жүрісі, тұрған тұры­сына дейін бәрі сабақ болатын. Сондай үлкен мектептен өтіп, өмірге деген көзқа­расым кеңейді. Мәдениетім, ой-санам өсті. Рухани жағынан байи түстім. Талабымнан талант ашқан аяулы ағаларды ешқашан ұмытпаймын. Сол күндерді ойласам, көзіме жас тұна қалатынын қалай жасырайын.

– «Тайлақтың тақиясына» ұсыныс түскенде бірден келістіңіз бе?

– Қазір зейнеткерміз. Уақыт көп. Сон­дықтан Құсман Кәрімұлы ұсыныс айтқанда ойланған жоқпын.

Біз — соғысты көрген ұрпақпыз. Аш­тықтың не екенін білеміз. Бірақ ашқұрсақ бола жүріп, адами құндылықтардан ажыраған жоқпыз. Ал қазір теледидарды қосып қалсаңыз болды, бәрінің аузындағы сөз – «ақша, ақша, ақша». Атқамінер аза­маттардың жемқорлықпен ұсталып жатқандығы туралы; бір-бірін ұрып-соғып, тонап кетті деп келетін өңкей жағымсыз ақпараттар. Ал осындай деңгейге жетіп құлдырамас үшін, отбасындағы тәрбиенің шегесі, ата-әже, ата-ана берер ұлағат берік болуы тиіс. Бұл фильм де «Тақиялы періш­тедегідей» отбасылық құндылықтар, адам­дардың бір-біріне деген қарым-қатынасы, адамгершілік туралы сыр шертеді. Көрерменіне үлкен ой салады деп білемін.

– Осы орайда отбасыңыз туралы бірер сөз айта кетсеңіз?              

– Былтырғы қарашада кемпірім Гүл­жауар екеуміз гаухар тойымызды атап өттік. Бір шаңырақ астында 60 жыл өмір сүріп келе жатыр екенбіз. Мен қай кезде де отбасымды бірінші орынға қойған адаммын. Әлі есімде, съемкалар біткен соң, тиесілі ақымды ала салып, балаларыма киім-кешек, ойыншық, жарыма пальто, сырға сатып алып, елге ұшатынмын қанат байлап. Бірде кезекті рет алақаныма түскен қаражатқа «Волга» мінгім келді. Сонда шешем: «Балаларың машинаңның ішінде ұйықтай ма сонда? Алдымен бала-шағаңа үй тұрғыз!», – деп сөйледі. Сөйтіп, үлкен үй көтердім. Қазір сол үйде кенже ұлым тұрып жатыр. Ал кемпірім екеуміз Алматы облысының орталығы Талдықорғанда, сол кездегі облыс әкімі С.Үмбетов берген үш бөлмелі пәтерде 2010 жылдан бері тұрып жатырмыз. Бүгінде бес ұл, бес қыздан 22 немере, 16 шөбереміз бар.

– Жасай беріңіз, ата!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *