ТАҢ ТОРҒАЙЫ

(әмбебап дара дарын Жұмат Әнесұлы туралы эссе)

Қазақ ұлы даласының қай пұшпағы болса да қасиетті, қымбат маған. Бірақ тұнып тұрған тарихы тарау-тарау Торғай топырағын бір басуға қаршадайымнан құмартып, көптен бері ойда жүр еді.

Ақыры орайы келіп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») іссапарға жұмсады. Арқалық әуежайынан түсіп, Амангелді мен Жангелді аудандарын армансыз аралап, сапар оңтүстікке қарай ойысты. Ойдым-ойдым орман-тоғай қыр белеске ұласқан құмдауыт жазық басталып, айналасы бала­пан­даған боз жусан, балқаш көкмайса жасыл төбешіктерге толы ботакөз бұлақ-бастаулардың жалбыз исі бұрқырап, біртүрлі тыныс ашып, кеудені кеңейтіп жібергендей. Керімсал ашқылтым самал іштен тына күрсініп, жанға жайлы рахат сезім сыйлады. Көз ұшында көкжиекте бұлың-бұлың бұлдырап ақшыл мұнар сағым жүзген жатаған жоталарға қарадым. Қызғылт шағыл шаңыт жолдардан бұлтыл­дап пыр-пырлай сары бауыр бұлдырықтар ұшты. Көк кіндігіне байланып қалғандай таң торғайы бозторғайлар тынымсыз безіл­деп, тәтті әуен төкті. Аспан шайдай ашық. Күн жарқырап тұр. Кеңшар басшысы:

– Қызбелді көріп отырсын деп киіз үйдің есігін солай қаратып тіктірдім, – деді келе жатып әзілдей. Онсыз да риза екенімді білдіріп, мырс еттім.

Ал мен үшін жыр жампозы Нұрхан Ахметбеков сиқырлы бір сұлу әлем, сұлу елес. Бала кезімде әне бір жылы Жетімтауға тұңғыш рет кино келді. Айналшықтап жүрміз кетпей, біртүрлі қызық. Дуалға керілген ақжаймаға жан бітіп, Амангелді арғымағымен ойқастап өткенде, қиялға қанат біткендей болып еді. Содан бері сағынышқа айналған аймақ, алыс арман. Сырағаң (Сырбай Мәуленов) мен Ғафаң (Ғафу Қайырбеков) өмір кешкен өлке көкірегіме әлди ән, күмбірлеп күй болып кіріп еді. Мектепке алғаш барғаннан бас­тап, Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылығы!» жатталып, құлақта алтын қоңыраудай сыңғырлап тұр әлі. Оның қадіріне жеттік пе? Әлде… сөйтіп жүргенде Кеңшілік Мырзабеков пен Серік Тұрғын­беков кездесіп, өлең өлкесі жатырқатқан жоқ. Әріптестер ішінде үзеңгілес болуға жарайтын марқасқа жігіттер еді. Кеңшілік ағаларының ізімен мәңгілік жыр ғұмырға айналып, бізге азаматтық ауыр аманатты арқалатып кетті.

Осылай әрі-сәрі күйде қалып, қамық­қан кезде Жұмат Әнесұлы жолығып, өлеусіреп өше бастаған сағыныш оты қайта лаулады. Әңгімесі құлақ құрышын қанды­рып, ақындық әлеміне сүңгітті, суретші­лігінен сыр шертті. Сөз майын тамызып, хикаяға қарық қылды. Мінезге бай, іске мұстақам екен. Онымен ханқамауда (шахмат) жиі-жиі жан беріп, жан алысқан жекпе-жек үстінде бірде жеңіп, бірде жеңіліп, сынаптай сырғып өткен уақыт аз емес. Орыста біздің «жылқы кісінескенше, адам түсініскеншеге» жақын мақал бар емес пе? (бір пұт тұз жеп пе едің?) әлемдегі халықаралық ең жас гроссмейстер Жансая Әбдімәліктің Академиясы да бізге еңселі есігін ашты. Торғай да бірде облыс орталығы болып, бірде жабылып, беймаза күй кешіп қаңырап қалды. Алашорда туын тіккен сарыарқа дарбазасындай Семей де сөлекеттікке тап болып, тоз-тозы шыққан шаңы сары даланың мұңлы ақселеуінің пәркіне қонғандай. Алтын мен мыс құшағына сыйғыза алмай жатқан Ұлытау жақтағы Жезқазғанның жапа шегуі де жанға батады.

Бетті күйдіріп, тура тігінен айтатын уәжгер Ғ.Боқаштың 17 миллионнан аса тұрғыны бар Ыстамбұлмен дәл сондай хал­қы бар қазақ елін салыстыра сипаттағаны көп ой салады. Аяулы Алаш арыстары мекен еткен Торғай жерінің орталығы бол­ған Арқалық қаласынан аялы алақаны­мыздың жылуын аяғанымызды Алла кешіре ме?

Біз бірді айтып, бірге кетіп отырған жоқпыз. Әріптесім Жұмат Әнесұлы осы Торғайдың, Арқалықтың азамат түлегі. Кезінде осы Торғай облысы жабылғаннан кейін оның әлеуметтік жағдайы күрт төмен­деп кеткенін айтып, шырылдап көп көкейкесті мәселе көтерген қаламы жүйрік, парасат патшалығының атынан сөйлейтін жазбагер. Оның жан-жақты шығармашы­лығы (өлең, сықақ, әңгіме, эссе) көңіл көзінен қайта өткізгенде көкейге осы ойлар келіп еді. Бәлкім, жан жаратылысын түсінуге бастап апаратын тұлғатану прелюдиясы әлде увертюрасы шығар бұл.

Биылғы маусым басында қалалық мұра­ғаттар ғимаратының кең залында «Рухани жаңғыру» аясында ашылған Жұмат Әнесұлының жеке көрмесі өркенді өнер құлағын ұстаған ақын әрі суретші болып өскен өреннің айшықты қолтаңба­сын кеңінен көрсетіп берді. Оның елуге тарта қойылған туындыларынан қазақ исі, төл таулар мен даланың тың тынысы сезіледі. Егер Ж.Әнесұлының сыршырай жанрындағы еңбектері жаратылыстың жүректегі жаңғырықтары десек жарасады. Гүлзарлар, таулар мен баулар, түрлі тағдыр­лар. Сан алуан табиғат тылсымдары. Әсі­ресе, оңтүстік астана – Көктөбе, бульвар­лары мен сұлу суреттері. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ақындар С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Айтқожина, К.Мырзабе­ков және басқалардың бейнелері дара да­рынның ашылмай жатқан соны қырларын танытады.

Қанатты пырақ мінген ол әр жанрға аялдатып, қазық қағып, шабыт шаңқан­бо­зына бір жақты шідер салуға болмайтынын түсініп, ғылымдық, танымдық маңызды мақалаларын жариялап жүргені құптайтын жемісті жол. Тарих тамырына терең үңіліп, уақыт елегінен өткізіп, зерделейтіні де қолдауға тұрады. Ағалары мен заман­дастары туралы айта қалса шешен сөйлей­ді. Өнердегі өз өрнегі бар зерделі зерек, шеберлік шыңына көтеріліп, іңкәр ізденісін жалғастырып келе жатыр. Дарын дәнегіне дәніккен оқырманның аз жылда «Желтоқ­саннан кейін», «Мақтанышы елімнің, «Езу тартар», «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы ұстын», «Алаш туын көтергендер», «Күлдір, дүлдір және сырлы мұң» атты кітаптармен қауыштыруы үлкен еңбекқорлықтың дәлелі. Ж.Әнесұлы өзінің «Ұлтына ғұмырын арнаған ұлы ұстын» дейтін еңбегінде 1923 жылғы «Еңбекші қазақ» үнжариясында шыққан Сәкен Сейфуллиннің: «…Өзге оқы­ған мырзалар шен іздеп жүргенде қор­лыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы бас­қан қалың қазақтың ұлттық намысын жыр­­тып, ұлттық арын жоқтаған патша зама­нында жалғыз-ақ Ахмет еді» дейтін пара­сатты да пайымды пікірін келтіре отырып, ұлы ұстаздың өнегелі өмірі мен жан түкпі­ріндегі шыңыраудан рухы қазына шығар­ған шығармашылығына байыпты тоқталып өтеді. Оның Нұрмағанбет туралы толғау топшылауы да ден қойғызады: «Балуан Шолақ газетінде зорлық-зомбы­лық дегенді жақтырмаған. Бірақ елдің ашу-ызасына шыдай алмай отаршылардың әлімжеттік әрекеттеріне қарсы күресу ниеті пайда болады. Содан орыс казактарының жаза­сын беруді ойластырған. Бір күні көп­теген арбамен шөп тиеп селоға апара жат­қан казактармен (?) кездесіп қалады. Сол жолы Балуан Шолақ бір өзі көп казак­ты ұрып-соғып, қол-аяқтарын бай­лап, солар­дың өрістегі сексен өгізін айдап кетіп қала­ды. ХХ ғасырдың бас кезінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы отаршыл­дық­­­қа қарсы ашық саяси күресін бастаса, сол кезде Балуан Шолақ орыс қарашек­пен­ді­лерінің жергілікті қазақтарға көрсетіп жүрген озбыр істеріне қарсы бұдан бұрын адам естімеген күшпен қайрат көрсетіп, қара­шекпенді­лердің бетін бір уақыт қайта­рып тастаған. Шынында да Ж.Әнесұлының бұл хикая­тында ұлттың жаужүрек ақын-әнші оғла­нының айқын бейнесі бар болатын.

Өз кезінде С.Мұқанов, С.Мәуленов, Ғ.Қайырбековті қарсы алып, көріп, көңілге түйгендерін топтап, іріктеп естелік арқылы беруі де көңілді қанаттандырып жіберетін деңгейде шыққан шынайы дүниелер. Ол қаламгер зертханасынан хабар беріп, тыныс-тіршілігін мүлтіксіз жайып салады. Мәселен, Ж.Әнесұлының «Торғайға келген Сәбит Мұқанов» естелігінде «Мөлдір, махаббат» романында осы Қызбелде болған оқиға желі болғаны айтылады.

«…жазушы Сәбит Мұқанов 1931 жылы шыққан «Адасқандарға» арқау болса, кейін 1950 жылы қайта өңделіп «Мөлдір махаббат» деп аталған осы романына негі­зінен Торғай елі деп аталған ауыл тумала­рының арасындағы махаббат оқиғасы себеп болған, – дейді ол осы орайда.

Шығармадағы кейіпкерлер Бәтес, Бүркіт, Мүсәпірдің прототиптері тарихта болған қызбелдіктер Бәтима Мұқашқызы, Сұлтанбек Әбеуұлы, Мұстафа Көшекұлы. Яғни осы «Мөлдір махаббат» романының басты кейіпкерлері өмірде болған адамдар. Олардың жастық шақтары сол ауылда бірге өткен. Ер жете келе Бәтима мен Сұлтанбек бір-біріне ғашық болған. Бірақ бұлар туыстығы жағынан жақын болып, ағайын­дары қосылуға рұқсат бермепті. Сұлтанбек көрікті жігіт әрі ақындығы болған екен. Оның жазғандары әлі қолда бар» деседі. Автордың айтуынша, Сәбит Мұқанов Сырбайдың мерейтойына бірге келгенде Қызбелге арнайы соғыпты. Сонда Сәбең Қызбелдегі «Қыземшек» деген жерді көріп тұрып: «Апырай, ә! Кезінде романды жазып жүргенде бұл жерді көрмесем де, қолмен қойғандай-ақ суреттеген екенмін» деп өзіне-өзі риза болған екен. Жинақтағы жыр жүйрігі Сырбай туралы жазған естеліктер мен мақалалары бір төбе. Ж.Әнесұлының жұғымды жолдары еріксіз ойға оралады.

«Бүкіл адамзатқа зардап шектірген алапат соғыс кезеңіне арналған өлең-жырларды оқып отырып, толғанасың, күйінесің, күрсінесің. Сырбай Мәуленов поэзиясы соғыс құрбандарына мәңгі тұрғы­зылған ескерткіш тәрізді. Сырағаң­ның туындылары сондықтан көздің ұясынан жаңа шығып, жерге тамбай қатып қалған көз жасының бір түйір тамшысы сияқты әсер қалдырады қашан да».

Күні кеше ғана құлын-тайдай тебісіп, тел өсіп, өнер өлкесіне қағілез қанат қақ­қан замандас хақында ақ жарыла жүрек жарылардай етіп айту оңай емес. Бұл әркімге ауыр азаматтық жүк артады. Егіздің сыңарындай болған Кеңшілік Жұмат қос жұлдызды қаймана жұрт жақ­сы біледі. «Ұлт ақыны атанған Кеңшілік», «Кеңшіліктің бала кезінде айтқан бір сөзі» атты туындылары республикалық басы­лымдар арқылы бірқыдыру таныс. Олар түгел дерлік түбегейлі тақырыптарды қозға­ған жинақтарға еніп, әр беріп тұр. «Біздің балалық шағымыз бір ауылда, бір мектепте өтті. Осы күні Кеңшіліктен (Мырзабеков) естігенім мен көргенімді саралап отырсам, оның әуелден арқалы ақын екенін, анадан туабітті қанымен, жанымен ақын болып туғанын байқауға болатын еді», «ол оқуға ыждағатты деп айту қиын, бірақ құдайдың құдіретімен туғаннан ақын болып жаралған жан өте сезімтал-тын. Сондықтан ес біле бастаған шағынан бастап ол көргендерін, естігендерін кинолента тәрізді ми қабатына қабылдай берген, сіңіре білген, есінде сақтай берген, яғни он сегізге толғанда оның оқығанынан, жадына тоқығаны көп еді» дейді ол досы хақында елжіреп. Ақын шығармаларын талдағанда да, бүгінде сирек қолданылатын халық сөздерін тара­тып талдағанда да біраз дәлдүріш әдебиет­танушылардың алдын орап кеткендей.

Осыған дейін баспалардан жеті жинағы басылып шықса, олардың ішінде бірсыпы­расы А.Байтұрсынұлы, С.Мәуленов, Н.Ах­метбеков, Ғ.Қайырбеков, К.Мырзабеков сынды қазақ поэзиясының саңлақтарының өмірі мен өнеріне ыстық ықыласы айрықша айшықталады. «Жұматтың ғазелдері мен әзілдерінде» де оның таза табиғаты таны­лады. Ондағы «Табыр мен үрпек арасы» тарихи хикаясы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің керім көріністері көз алдына келеді. Кейде ақындық арынын суреттегі салиқалығы безбен басын теңестіріп тұрғандай. Әйтпесе, итарқасы қияндағы Үндістанға барып, Ұлы Моңғол әулетінің негізін қалағандар топтама суреттері туар ма еді?  Ол арнайы терең әңгіме етуге тұрады.

Тоқсан ауыз сөздің түйініне келсек, Жұмат өнерге кездейсоқ келген жоқ. Сегіз қырлы, бір сырлы санаткер-қайраткер. Әдебиеттің айбынын асқақтатып, айдынын асыратыны алтын арқау. Алған әсер мол, түйген тәлім зор. Құдай бұйыртса, Жұмат жүрек сөзін айта береді әлі. Оның көп кітабынан шындық шуағы шашырайды. Тосын тақырыппен таңқалдырып, еліңді сары жұртта қалдырма. Жазар көбейсін, Жұмат!

Сарыарқаның желі қандай екпінді,

Сары қаңбақты домалатып барады.

Сарыарқаның қыздары қандай

текті, үнді,

Сөздері өткір өңменнен өтіп барады.

Сарыарқаның белдері қандай әдемі,

Жайлауға жол арқадан асып барады.

Ақбоз үйден шыққан жаңа бұраң бел,

Қиық көзбен жымиып маған қарады,

деп жырлаған ақын жолайрықта қалмас-ау. Тағы бір таусылып айтар сөз, тек шығарма­шылығы ғана емес, мінез-құлқы да бай, ешкімге ұқсамайтын жан ауанына қара­сақ, көкте қалықтап жүрген қыран­дай, ара­ласа келгенде оқиғаларды өмірдің өзінен ойып алатындай.

 

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *