Тағдырлы журналист

немесе бір кітаптан туған ой

Міне, Қазақ елінің өмір бойы армандаған Тәуелсіздігін алып, Желтоқсан көтерілісіне қатысуы арқылы Ұлт азаттығы жолында бас бостандығын қиып, жастық шағының жарқ ете жалындаған тұстарын темір тордың арғы жагында өткізіп келген журналист Құттыбек Аймаханның «Тәуелсіздік Желтоқсаннан басталады» атты кітабын оқығаннан кейін ойға өзім де қатысқан сол бір желтоқсанның ызғарлы үш күні жиі есіме түсетін болып жүр. Соған орай бүкіл әлемді дүр сілкіндірген сол көтеріліс қақында жазылған кітап туралы өз ойымды білдіре кеткенді жөн санадым…

Әлі есімде, 1985 жылы әскерден оралған соң «Алматытажилстрой» тресіне қарасты №11 құрылыс-монтаж басқармасында үш жыл бұрын бастаған жұмысымды бетоншы, ағаш ұстасы болып қайта жалғастырып жүрген болатынмын. Осы орайда «Коммунистік еңбек екпіндісі» деген атағы бар Анатолий Селиванов басқаратын бұл бригадада жасы келсе де үй кезегін күтуден жалықпаған бірен-саран жанұялы азаматтар болмаса, көбі ауылдан келген жастар-тұғын. Олардың өздерін қалада тұрақта тіркеуі жоқ қазақтар құрайтын. Соның өзінде ауыр жұмысқа сарышұнақ аязда қой-өсіруші комсомол-жастар бригадасының демалыссыз 10-12 сағаттық жұмысын істеп, азды-көп шынығып келген мен сияқтылар ғана шыдайтын.

Бір күні құрылысшының жап-жаңа киімін киіп, арамызға тағы бір жігіт қосылды. Колонна үстіндегі ригельдердің байланысқан жерін бетон құюға дайындап жатыр екен. Мен жақын барып, атын сұрағанда ол өзін «Құттыбек» деп таныстырды. Көп ашыла бермейтін салмақтылау жігіт көрінді. Мен тұратын «Нұрлан» жатақханасынан орын алыпты. Ол бір әңгімесінде өзіне көрші 46-бөлмедегілердің алаңға шыққанын айтты. Ал мен оның қасындағы 45-бөлмеде тұратын едім.

Тағдыр тәлкегі кейін бізді қатты жақындастырып жіберді. Келер жылы мен ҚазМУ-дегі журфактың сырттайғы 3-курсынан күндізгі бөлімінің 2-курсына ауыстым. Бірақ небәрі екі ай ғана оқыған соң Желтоқсан көтерілісіне қатысты оқудан да, комсомолдан да шығарылып, тағы бір сергелдеңге тап болдым. Ай бойы қаңғып, қарызданып жүріп әзер алған студент жатақханасынан бір ай да тұрғызбай, комендант пен студенттер кеңесі шығарып тастады. Сөйтіп, «Нұрлан» жатақханасына қайта оралғанымда, мұнда да Желтоқсанға қатысты жағдай мәз болмай шықты. Ішке кіргізбесе де сыртта жүрген таныс жігіттерден өзім танитын Кенжебек Отарбаев, Сәбит Исабеков, Қайрат Рахметов, Құттыбек Аймаханов секілді азаматтардың істі болып, бастарына қауіп төнгенін естідім. Сосын аталған 4 жігіт те сотталып кетті. Оларға қандай айып тағылғанын жастар мардымды айта алмағандықтан өзімді «журналистпін» деп, жатақхананың орыс комендантынан мән-жайды тәптіштеп сұрадым. Ол сөз арасында «Бәрі де жап-жақсы балалар еді. Бірақ саяси түсініктері аздау болды» деп жауап берді.

Бұдан соң барар жерім болмағандыктан «балконнан кірсем де, бұрынғы әріптестерімде бас сауғалаймын» деген ойымның тас-талқаны шықты. Өйткені, студенттер арасында өз аузыма ие бола алмайтын менің құқық қорғау орындарының көзіне түсерім анық болатын. Оның үстіне 8-9 жатақханадан тұратын бұл құрылысшылар қалашығы – Желтоқсан алауын маздатқан қырандардың да нағыз ордасы еді. Бірақ бұл жерде стадион, клуб, кинотеатр, кітапхана сияқты уақытты текке өткізбейтін қажеттіліктің бәрі де болатын. Әйтсе де, таң атқаннан күн батқанша жұмыс істейтін жастардың бұған текке уақыты да бола бермейтін. Бірақ сол күндері алаңға ең көп барған жұмысшы-жастар – осы төңіректі мекендеген қыз-жігіттер болатын. Солардың ішінде қазақтың азаттығы үшін жастығының жалынды сәттерін темір тордың ар жағында өткізген қазақтын қайсар ұлдарының бірі Құттыбек те болатын. Өзі айтқандай, ол Желтоқсанда мерт болған Савицкийдің өліміне қатысты жауапқа тартылған бес адамның бірі болыпты. Сөйтіп, бес жылға сотталған бұл жігіт Алматы, Маңғыстау, Жамбыл, Ақмола, Құсмұрын түрмелеріндегі азапты күндерді басынан өткеріпті.

Ал бүгін менің осы мақаланы жазуыма түрткі болған Құттыбектің «Тәуелсіздік Желтоқсаннан басталады» деген кітабы. Атап өтетіні, бұл кітапта ол жеке бас тағдырынан гөрі жалпы Тәуелсіздік тарихын көбірек баяндаған екен. Өйткені, ол кезде алып империядан Тәуелсіздік алу үшін оның құрамындағы барлық республикалар бір уақытта ыдырауы тиіс болатын. Осы ретте одактың ыдырауы мен әлемдегі социалистік жүйенің күйреуіне түрткі болған Желтоқсан көтерілісі екендігін айтып келе жатқанымызға да ширек ғасырдың жүзі болды.

Міне, Құттыбектің кітабының аты да осыны мегзеп тұрғандай. Өйткені, ол М.Горбачевтың «Кеңестер Одағының ыдырауына Чернобыль атом стансасының жарылуы себеп болды» деген сөзіне үзілді-кесілді қарсы екенін кітабының алғысөзінде-ақ анық білдіріпті. Бәлкім, КОКП басшысының сол сөзін кейбір беларусьтар әлі күнге құптайтын да шығар. Бірақ автор бұл ретте Желтоқсанның көшбасшы қозғалыс екендігін ЮНЕСКО ұйымы және АҚШ сияқты бірқатар елдер саясаткерлерінің пікірімен дәлелдейді. Ол сондай-ақ, Кеңестік жүйенің жерімізді талан-таражға салып, 25 млн. гектар жерімізді астық алқабына, 20 млн. гектар жерді полигонға айналдырып, жеріміздің асты-үстіндегі бүкіл байлығымыз бен өнімдеріміздің басым бөлігі сыртқа шығарып келгендігіне нали отырып жүректі жылата жазады. Одан қалды, Арал қасіреті, Байқоңыр кесапаты, Семей, Бетпақдала, Нарынқұм мен Қызылқұм полигондарында атом және сутегі бомбаларының сыналуы, одан кейін 1945 жылға дейінгі 30 жыл ішінде 3 млн. қазақтан айырылуымыз тақырып ауқымын тіптен күрделілендіре түскендей.

Кітапта Желтоқсан көтерілісін басу үшін Кеңестер Одағының әр тұсынан әскерлер, ішкі істер қызметкерлері, арнайы техника мен үйретілген иттер әкелінгенін тілге тиек еткен. Сосын Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков, Чита түрмесінен қашып, елде қайтыс болған Құрманбай Қалмұратов секілді тағдырластары мен Губенко сияқты өктем жүйе тергеушілерінің, басқа да құқық қызметкерлерінің қатыгездігі мен әділетсіздігі жайлы да ашына отырып әңгімелеген. Сөйтіп, азаттықтың арғы-бергі жағындағы отаншылдық рухтағы әдебиет пен өнер жетістіктері де, жастар патриотизмінің бүгінгі деңгейі де қағаберіс қалмайды.

Кітаптың келесі бөлімінде Қазақстан басшысын ауыстырып, оқиғаға түрткі болған Мәскеу шешімінен бастап, екі күн ішіндегі өр рухты, бір жағы қасіретті көріністі кинодағыдай көз алдыңнан өткізеді. Бұл шындыққа тән хрониканы «Өмірдегі ең ауыр күн» атты деректі әңгімесі де көркемдік жағынан қуаттандыра түскен.

1981 жылы менің шопан кезімдегі суретім Семей облыстық «Иртьш» газетіне, 1985 жылы озат ағаш ұстасы ретіндегі суретім Алматы облыстық «Огни Алатау» және бригадамен «Вечерняя Алма-Ата» газеттеріне шыққан еді. Сонда «мен туып-өскен орысы жоқ ауданда бұл газеттерді кім оқиды?» деп налушы едім. Желтоқсан көтерілісінің нәтижесінде 1988 жылы «Вечерканың» қазақшасы «Алматы ақшамы» газеті дүниеге келіп, оған шаттана қуанған Құттыбек қолына тиген газеттің біреуін түрмедегі төсегінің басына жапсырып қойыпты. Содан кейін ол ҚазМУ-дың журфагына оқуға түсіп, 2-ші курста аталған «Алматы ақшамына» жұмысқа қабылданған екен. Сөйтіп, бұл орта Құттыбектің қаламгерлігіне жаңа жол ашады. Сөйтіп, өзінің кітабында атап өткен К.Табей, Т.Айтбайұлы, А.Тасымбеков секілді желтоқсантанушы журналистер қатарына өзі де келіп қосылғандай болады. Ал бұған қарама-қайшы көтерілістің алғашқы жылдары одақтық басылымдарда Ә.Әлімжановтың «Алматыда не болды?», А.Самойленконың «Шындық сабақтары», В.Шепоткиннің «Шырмауық», Т.Есілбаевтың «Мардымсудың зардабы» сияқты көптеген мақалалар Құттыбектей журналистердің талайын есінен тандыра соқы болып тиіп, ұлттық намысы үшін «жығылғанға жұдырық» болды.

Желтоқсанды ұлтшылдықтың, интернационалдық тәрбиенің жетімсіздігінің, саяси сауатсыздықтың көрінісі ретінде көрсетіп, оған себепкер рушылдық, жершілдік желеуімен кадрлар саясатын да сынға алады. Қазақ қаймақтарының «Нам горько» деген атпен Желтоқсанға қарсылығын жариялаған сол мақаланы «Вечерка» оқиғаның ізін суытпай мені де қараламақ болып, мақала газетке шығайын деп жатқанда, журналист Ержан Қарабековтың аудармасымен қарсы түсініктеме жазып, зорға тоқтатқанбыз. Газеттің қазақшалануы мәселесін өзім көрген бір айтыста Әселхан Қалыбекова бастаған жүйріктердің де көтергені есімде. Әйтсе де, Құттыбектің газет жұмысына дейін де шығармашылық қабілеті болған сияқты. Кейде тағдыр тәлкегі де адамды осыған икемдейтіні бар ғой. Осы ретте, Құттыбектің:

…Ашу-ыза, намысым боп,

Буырқанған Желтоқсан!

Азу тісті талайдың

Уы тамған Желтоқсан! – деп басталып:

… Ар-ұятым, абыройым,

Қасиетім сен соққан.

Ерік-жігер, күш-қуатым,

Бәрі де сен – Желтоқсан! – деп, түйінделетін жыр жолдарынан өзіме деген жақындық тапқандаймын. Бұл өлең құрылымы жағынан менің:

…Қазанында құлдықтың

Қайнап келген қазақпыз, – деп келетін термеге арналған жыр жолыма ұқсаса, тақырыбы жағынан 1990 жылы Марат Омаров әнін жазған:

…Жас арудың жанарында – Желтоқсан!

Қанды ғасыр табанында – Желтоқсан! – деп басталатын өлеңімді елестетіп, әлдебір жылылыққа үйіреді. Содан кейін алғашқы болып, халықаралық деңгейге шыққан Салтанат Камалиева аруымызға арнаған:

…Қарай бергім келеді, қарай бергім,

Жүрегіме жыр бердің, арай бердің.

Халқымның сұлулығын паш ететін,

Газеттегі бейнеңе қарай бердім… – деген өзінің жыр шумағымен бірге, «Известия» газетіне шыққан суретін жоғарыға іліп қойған екен. Ол кезде алғаш рет әлемдік мәдениет пен спорт биігіне шығып, төрткүл дүниені елең еткізген қазақтардың бәрінің жетістігіне де тебірене қуанатындардың бірі де осы Құттыбек болыпты.

Желтоқсанның 17-сі күні алаңдағы небір сұмдықты көріп келіп, қасындағы Нұрлан, Тұрсын, Сағадаттармен бірге үнсіз шай ішіп отырғанда таныс бір жігіт кіріп келіп, олардың «Алаңға бардың ба?» деген сұрағына: «…Көрмегенім алаң болсын… Кімнің секретарь болғанында не шаруаларың бар?         Арттарыңды қысып, жұмыстарыңды істеп жүрмейсіндер ме?..» – деген екен. Мұндай сөздерді сол кезде мен де аз естімегенмін. Бұл – сол кездегі екіұдайы түсініктің бір қырының айғағы.

Құттыбектің есінен кетпейтін ең ауыр күн – 5 жылға кескен сот үкімінің шыққан күні. Шайқалақтаған түрме машинасымен бірге өзара бітіспейтін өкініш пен оптимистік ұстаным оның жандүниесін одан бетер шайқалақтатып, көлік терезесінен телмірген бұлыңғыр уақыт одан бетер бұлдырай түсті. Тірі болмысты тығырыққа сүйреп бара жатқан себеп те марқұм Қ.Рысқұлбековке тағылған кінәнің бір ұшы болатын. Кең даламызды тарылтқан халықтар түрмесінің қараңғылығы аздай, түрме ішіндегі қапырық КПЗ-ның тар камерасы тағдыр аясын одан бетер тарылтып, ақыры сол Қайраттың өзімен де қауыштырып, екеуін де жанына жақын бір туған туыстай жақындастырып жібереді.

Сөйтіп, екеуіне ортақ ұлы мақсаттардың тұтасып кетуінен қорықты ма? Тағдыр екеуін екі жағаға қайта лақтырып жібереді де, содан кейін оларға қайта қауышудың жолы түспейді. Қайратпен қайта жүздесудің реті өңінде келмесе де, арада жылдар өткен соң түсіне кіріп, автордың «Мен сені іздеп жүрмін, Қайрат!» деген естелігіне ат ізін салған еді. Оқиғаның тағы бір құрбаны Ерболға да ерекше мән беріп, «…Ерболдарымыздың әруағын разы етпей, әр азаматын жүздеген жылдар бойы жоқтайтын өркениетті елдер қатарына қосылуымыз екіталай…», – дейді. Автор осы құрбандардан бастап, жалпы Желтоқсанның қаншалықты қолдау тауып отырғандығына, оған қатысты жасалған шаралар, үкімет пен парламенттің жауапкершілік деңгейі, тағы-тағылар оның барлық туындыларында сөз болады. Тіпті, кейбір пысықайлардың Желтоқсанға әлі де қарсылық білдіріп, тарихтан біржолата сызып тастағысы келетіндігіне де қынжылады. Желтоқсанға қатысты туындыларға да мән бере келіп, Қайраттың образын сомдаған Қалдыбай Әбеновтың «Аллажар» фильмінің көрген тәлкегіне де тоқталады. Мен де тарихты қайта тірілтуге жарты өмірін арнаған Қалдыбай туындысының көрген сергелдеңі жайлы оның өз аузынан да естіп, өз көзіммен де көрген едім. Тіпті, кино түсіріліп жатқанда оның «массовкасына» да қатысып, өз ұсынысымды да білдірген болатынмын. Осыдан-ақ бүгіндері хал-ахуалы әбден нашарлап кеткен Қалдыбайды «желтоқсандықтардың» қаншалықты бағалағанын әлі-ақ тарихтың өзі көрсетеріне сенімдіміз. Автор тізімін көрсеткен киноның жанашыр демеушілері қатарында мәселе көтерген мақаласы арқылы Құттыбектің өзі де бар десек, қателеспеспіз.

Нәубет жылдарында Кеңестер Одағы бойынша сотталғаны, атылғаны бар 4 милионға жуық адамның 101 мыңы қазақстандық екен. Осындай саяси қуғын-сүргін құрбандары заңына сәйкес құжат алғандардың бүгінгі жалғасы да – Құттыбектер мен оның біз сияқгы әріптестері екендігі шындық. Әлдекімдердің желтоқсандықтарды бұл тізімге жолатқысы келмейтінін, керісінше, бұрын тағдырдың айдауымен жан-жағымыздан саулап кіріп, өз халқымыздың санынан асып кете жаздаған жат жұрттықтарға бұйыртып, жақсылығын солар көргені де тарихи шындық. Жерімізге келіп, несібемізге ортақ болып, жан сақтағаны аздай, өзімізде болмаған артықшылықты тағы беріп, жатты басымызға шығарғанның басты белгісі – каңғыған Г.В.Колбиннің келіп үстемдік құруы болды. Осы орайда Қ.Аймаханның да айтары менің ойыммен ұштасып жатқан сияқты. Жат жұрттықтар ғасырлар бұрынғы әрекетін тағы қайталап, жаттың діндерін кіргізу арқылы қалқасында қасірет жатқан рухани іріткіні де қайтадан бастағандай болатын. Ал онымен күресі – бүгінгінің бітірер шаруасына мүлдем ұқсамайды.

Алаңға қойылған ескерткіш тақтадағы: …» 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда осы алаңда әкімшілдік-әміршілдік жүйенің өктемдігіне қарсы демократиялық наразылық білдіру болды. Бұл оқиға туралы естелік халықтарды бірлікке және ынтымаққа шақырсын!» — деген жазуға біреулердің шашып кеткен бояуының себебін ол «Сірә, Желтоқсанның қатпарлы, қасіретті шындығын жасырғысы келетіндердің ісі болар» деп түсіндіреді. Әрине, Құттыбектікі кұптарлық. Екінші жағынан керісінше «ғаламдық тарихқа алтын әріппен жазылуға тиісті Желтоқсанға сонша жылда бар берген бағасы осы ғана ма?» деп қанағаттанбаудан да болар деген де ой келеді. Мұның алдында қытай көсемі Мао Цзе Дунның ескерткішіне бояу шашқан адам ауыр жазаға тартылғандығы жөнінде естігенім бар. Мао – бір адам, ал, адамзат тарихы бетбұрысын бағалауға жасалған алғашқы қадамның белгісіне бояу шашу – бұл әрекеттің жолын білмейтін не түсінбестік, не жауыздық екені анық.

Кітаптың 3-ші бөлімі Отан, Жер, Тіл жайлы толғаныстарымен басталса, оны сыртқы жаудан қорғайтын әскердің тек жұмысшы-шаруа әскеріне айналып бара жатқандығы, ішкі тәртіпті реттейтін құқық орындарының қауқарсыздығы, тағы-тағыларды сандық деректер арқылы дәлелдеп, жылдам шара қолдануды ұсынады. Нақтырақ болуы үшін өз көргенімді де айта кетейін. Менің жолдасым – «Алтын алқа» иегері Жанар Түрікпенбаева екеуміз көп жылдан бері жұмыссыз болғандықтан, әскери комиссариаттың қоғамдық жұмыстарына да бірнеше мәрте жегіліп көрген едік. Сондағы алатын айлығымыз – бар болғаны 36 мың теңге болды. Шақырту қағазын таратқанда бірде-бір жастың өз қалауымен әскерге құлшынып тұрғандығын көрген емеспін. Ал бармайтындардың көбі – ресми тілде сөйлейтін қандастарымыз! Олар әскерді әлі де «дедовшина» мен бұзақылықтың ордасы ретіңде елестететін сияқты. Баяғыда әскерде болғанда бірнеше адам өліміне әкелген ұлтаралық ірі қақтығыстардың да куәгері болған едік. Бірақ соңына дейін шыдап бақтық. Немесе кеңестік әскердегі ұйымдасқан бас көтеруіміз бірқатар талаптарды орындатқан жеңісімізбен аяқталды. Баласын әскерге жібергісі келмеген кейбір ауқатты отбасылардан қазір де қоқан-лоқы, тіпті, төбелес те шығарып жатады. Осы ретте 1916 жылғы патша жарлығымен әскерге шақыртуға қарсылықты «ұлт-азаттық бас көтеру» дер едік. Ал тәуелсіз елде бұлар кімге қарсы бас көтереді? Мұның басты себебі ұлттық-патриоттық тәрбиенің де сын көтермейтіндігінен. Екіншіден, әскердегі тәртіп мәселесі де өз деңгейінде емес. Ал қылмыс мәселесіне келсек, жекелеген тәртіпсіздіктен бастап, өлім жазасына дейінгі мәселелер мақалада мысалдармен талқыланған. Бұдан әрі кітапта ана тіліне деген немқұрайлылық, балалар денсаулығын сақтау ісіндегі тәжірибесіздік, компьютер заманындағы психологиялық өзгерістер, жаһандануға қарсы төтеп бере алатын әрекеттер, басқа да үлкенді-кішілі жетістіктеріміз сөз болады. Кітаптың соңғы бөлімінде ұлттың тарихы мен тағдырына қайта бір оралады. Соғыс пен нәубет жылдарының арғы-бергі жағында бір азайып, бір оңалған демографиялық салмағымыз, жалпы мәдениеттегі, экономикадағы, саясаттағы әрбір кезеңдік ауытқулар мен бүгінгі жетістіктеріміз есептік көрсеткіштер арқылы тағы да сарапқа түседі. Тарихтың жарты жүгін арқалаған мәдени мұрамыз, бүгінгі шетел асқан балалар тағдыры, қажетті-қажетсіз әдет-ғұрыптар, бабадан жалғасқан дәстүрлі тәрбие мәселесі, ұлттың шығу тегі мен қалытасуы сияқты ойлы мәселелерге де көңіл бөліп, пікір білдірген. Сондай-ақ, ел тәуесіздігіне атсалысқан біртуар ұлдарымыз – Сұлтан Сартаев, Сағадат Нұрмағанбетов және өзім бір жолы «Алматы ақшамы» газетінің редакциясында жолығып әңгімелескен Халифа Алтаймен жүргізген сұхбаттары да тартымды оқиғалар желісіне айналған.

Әрине, бұл кітапқа топтастырылған материалдар аз уақытта жасалған дүниелер емес. Оның көпшілігі жылдар бойы жазылып, өзі қызмет ететін «Алматы ақшамы» сияқты басқа да ақпарат құралдарында жарық көрген Құттыбектің жан толғанысы болса керек. Ал автордың Желтоқсандағы өз тағдыры – өз алдына бір кітап.

– Сөйтіп, біздер (сотталғандар) – Расылхан, Ермұхан, Құрманғазы, Үсіпхан – Гүлнар, Нұрман, Ерлан, Қали, Қасым жэне Елубай бәріміз еліміз Тәуелсіздігінің алғашқы күнін өте көңілді өткіздік, – дейді Құттыбек. Сол күнді теледидардан ести сала қуанған арғы беттегі жастарымыз Үрімжіде бас қосып, керемет тойлағандығын ондағы жақын бір күйеу балам – Қайролла Мамытанұлынан мен де естіген едім. Яғни әлемді дүр сілкіндірген тарихи оқиға өз тарихымыздың ұшар биігіне жайғасты десек, қателеспейміз. Тәуелсіздіктің бүгінгі 25 жылдығында кезінде 25 жасын Жамбыл түрмесінде атап өткен Жамбыл ауылының тумасы – Құттыбекті де сол биіктен табуға болады. Ол бірде: «Кеше бір телеарнаға сұхбат беруден «қаштым». Иә, иә, Желтоқсанды айтудан, елімді, жерімді, халқымды сүйетінімді айтудан қаштым. Бірақ та өз-өзімнен қашып қайда барамын?..» дейді. Ешқайда бармайды, әрине. Өйткені, сұхбат алушы мен берушінің өзара әрекеті де тарихтың қайнар көзі емес пе? Тарихты насихаттаудан қашып, ұрпақтан жасырсақ, онда Желтоқсанның өміршеңдігі мен пәрменділігіне кім сенер?.. Сондықтан да тарихты насихаттау мен бағалауға қосылған шараның ауқымдысы да – тарих куәгерінің дәл осындай естелігі, кітабы емес пе? Мұнда рәміздерден бастап, ширек ғасырдағы ғалам алдындағы барлық жетістіктеріміз де зор тебіреніспен баяндалады…

 

 Аманғазы Кәріпжан,

 ақын, сазгер, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *