ТАҒДЫРЛАРДЫ табыстыратын, таныстыратын – АРБАТ

Біздің Алматыдағы қызу тіршілік күндіз де, түнде де тоқтамайды. Үнемі айтып жүргеніміздей, Алматы ұйықта­майтын қала. Күндіз жұмысқа асыққан жұрт­шылық кешке «үйге жетсем» деп тағы жанығады. Біреу жоғары жаққа қарай жүрсе, келесі біреу төмен қарай сырғиды. Не керек, әйтеуір, көшедегі көлік те, адам да бір тоқтауды білмей­ді. Тірі қала деп осыны айту керек. Өйт­кені, қаланың көркі де сол қозғалған көлік пен жыбырлаған жан.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Десе де, кейде адам тоқтаусыз қозғалыстан да шаршайды екен. Сондайда бір сәт таза ауада өзіңмен-өзің темір тұлпарлардың дүбірінен тыс демалғың келеді. Мұндайда демалыстың ең төресі — жаяу серуендеу. Күні бойы бір көліктен бір көлікке отырып, үнемі бір жаққа асығып жүретін қалалықтар үшін екі аяққа ерік беріп, солайша ми мен сананың, дененің еркінсуіне жол беру демалыстың ең қадірлісі. Жаяу серуендеудің ми, ағза жұмысына орасан пайдасы бар екенін ғалымдар да дәлелдепті. Біле білсек, екі аяқты тең деңгейде, бір қалыпта ұстап қозғалыс жасайтын болса, мидың жұмы­сына оң әсер ете алатын көрінеді. Ол ағзаның жұмысын реттеп, денсаулыққа пайдасын тигізеді екен.

Жазды қанша салқын болып жатыр десек те, жаздың аты жаз. Жауын жауып, салқын самал ескенмен, ол өзінің аптап ыстығын да тастамай алып жүреді. Сондай жаздың «ауа жоқ» қапырық күнінің бірінде кеңседе отырып, екі қолға, екі аяққа ерік беретін жаяу серуенді іздедім. «Қайда барсақ екен?» деп ойлап үлгергенім жоқ, артынша санаға «Арбат» деген сөз сығалады. Арбатта жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  ретке келтірілгенін естігенмен, онда әлі күнге жолым түспепті. Балаларға да «қыдыртамын» деп уәде бергенмен, күнде мың сылтаумен қол тимей жүрген. Содан не керек, екі сылтауға бір себеп тауып, кешкісін балаларды ертіп Арбат жаққа бет алдық.

Көлікті ақылы тұраққа қалдырып, Панфилов көшесі жағынан жаяу түсейік дедік. Көлік тұрағында да көлік көп екен. Іздеп жүріп, бір орынды әрең таптық.

Жаяу жүріп келеміз. Панфилов көшесі де жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін жаяу жүруге ыңғайлы. Балаларды да қолдарынан ұстап, мазасын қашырмайсыз. Өйткені, «мына жақтан көлік келіп қалады» деген қор­қыныш жоқ, балалар еркін жүре алады. Ағаштардан ескен самал мен жарық беріп тұрған шамдар, қаз-қатар қойыл­ған орындықтар, қозғалысы тоқтамайтын қаланың қақ ортасындағы осы бір көрініс бірден романтикалық кештің куәгері ететіндей. Себебі, жанға демалыс сыйлайды.

Жаяу жүргіншілердің қарасы көп. Біреулер біз секілді отбасымен жүрсе, келесі біреулер достар болып бас қосқан. Қол ұстасқан ғашықтарды да, іші пысқан құрбыларды да, сауық-сайран іздеген серілерді де кезіктіруге болады. Қыды­рып жүрген туыстар мен жан-жақтан келген ағайындарын ертіп келген қалалықтар да осында жүр. Қысқасы, «кешкі кездесу орны – Арбат» болып тұр.

Арбат менің есіме Испания елінің Барселона қаласын­дағы тура өзі секілді екі көшенің арасындағы жабық алаңды түсіреді. Онда да дәл осындай. Тек бір ерекшелік – онда сауда дүңгіршектері көп және жабайы сауда жайлаған. Олай болатыны, онда жан-жақтан келген туристер көптеп жүреді. Бәрі елден естелік болсын деп, елінде қалған туған-туыстарына сыйлықтар алғысы келеді. Соған сай ондағы сау­дагерлер де бірыңғай естелік болатын сыйлықтар сатады. Онда ұлттық тағамнан ауыз тиетін мүмкіндік те бар. Өз кезегінде испан халқының ұлттық өнерімен де танысып, би билеуге де болады. Дегенмен, оның барлығы дерлік ақылы. Жергілікті халық футбол сүйер қауымның есебінен, футболдың арқасында күн көріп отырғасын, қолдарынан келгенін жасап, бәрін туристерге сатқысы келеді. Солайша қаражат табады. Сонда жүргені­мізде үсті-басын күнде неше түрлі етіп бояп, қозғалмай тұратын «тірі» мүсінді көріп, таңқалғанымыз бар. Таңер­теңнен бастаған жұмысын ол түнде жұрт тарқағасын аяқтай­ды. Ол аралықта су ішіп, тамақ жеуді білмейді. Өйткені, көрерменге өзінің шын мүсін екеніне сендіргісі келеді. Сөйтіп жүріп бір күнде біздің ақшамен 8–10 мың теңгедей табады екен. Қасына тұрып суретке түскендер де, құлағын, мұрнын ұстап көріп, оның қимылдайтынын, қимылдамайтынын тексергісі келетіндер де, сыртынан бақылап, сағаттап қозғалыссыз тұрғанына тәнті болғандар да бәрі де оның алдындағы табағына ақша салып кетіп жатады.

Біздің Арбатта да суретке түсу үшін арнайы киініп алған сондай 2-3 адамды байқадық. Сағаттап қозға­лыссыз тұрмаса да бет-аузын бояп, өзгеше киім киген олар келушілердің қызығушылығын тудыруда. Әсіресе, балалар оларға жақындап, қолдарымен ұстап көргілері келеді. Ертегілердегі, мультфильмдердегі кейіпкерлер болса, тіпті, балалар айырылмай қалатын түрі бар.

Осыдан 5 жылдай уақыт бұрын осында келгенімді бір суретшімен танысқаным бар еді. Қаз-қатар қойылған суреттер мен суретшілер арасынан сол кісіні іздедім. Басы­на үнемі телпек киіп жүретін апайдың жасы қырық­тан асқан болу керек. Мені кетіп бара жатқан жерімнен тоқтатып, үстімдегі пальтоның түсіне қарап, түс шыға­рып алайын деп өтініш білдірген ол аз уақыттың ішінде өзімнің портретімді түгел салып берген еді. Қарапайым адам біле бермегенмен, суретші үшін түс шығару қиынның қиыны болса, сапалы бояу таңдап алу ең бастысы екен.

Қаз-қатар қойылған қолөнер туындыларын көріп келеміз. Қазақтың бір ғана оюының өзі қарап тұрсаңыз, бүкіл шығармашылық жұмыстың табиғатын аша алатындай әсерлі. Кенет, құлаққа домбыраның күмбір­леген үні естілді. Сонда қарай барайық дедік. Орындық­тарға жайғасқан өнерпаздар бірінен кейін бірі отырып, домбырада ойнап отыр екен. Күйді күмбірлетіп отырған жастардың қолында гитара мен сыбызғы да бар. Әрқай­сысын кезек-кезек тартқан олар ән де айтып жатыр. Жанындағы достары болса бейнежазбаға түсіріп, әлеу­меттік желіге салуда. Осылайша қалада тұратын өзге де достарын орталарына шақыратын көрінеді.

Жолдың ортасына қойылған субұрқақтар мен оларды жарықтандыратын құралдар Арбаттың көркін кіргізе түскендей. Пайда табуды көздеген жұрт шарлар үріп әкеліп, оларды түрлі-түсті етіп безендіріп, жарқ-жұрқ еткі­зіп саудасын жасап жатыр. Әсіресе, олардың жанынан балалар қарамай, сатып алмай өтпейді. Жарығы бар шардың біреуі 1000, жарығы жоғы 400–500 теңге тұрады. Мұнда көпке таныс «zheka s» балмұздағы да бар екен. Саудасы  мықты дүңгіршектің алдындағы адамның кезегі­не қарап, алғашында «анда не боп жатыр?» деп ойлап қал­ғанымыз да рас. Біз де кезекке тұрып, 71-болып балмұздақ алып жедік.

Айналадағы ән мен күй, көтеріңкі көңіл-күй, таза ауа, еш жаққа асықпайтын қолымыздағы өзімізге арнаған бос уақыт бәрі де үйлесіп тұрды. Мұнда біреулер енді танысып жатса, келесі біреулер табысып жатыр. Бір-бірін Арбаттан тапқан жас жұбайлар да бар шығар, сірә. Өйткені, мұнда тағдырлар тоғысады, табысады. Түнгі Алматыны тамашалағыңыз келсе, Арбатқа келіңіз.

 

P.S. Тағдыр демекші, Арбатта жүріп Сабыржан есімді балақаймен таныстық. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын бүлдіршін анасымен бірге жүр екен. Туылғаннан арбаға таңылған оның аяқ-қолы икемге келмейтін көрінеді. Бірақ ақыл-есі дұрыс, аузына салған тамақты жей алады. Ең бастысы, анасын, жақындарын таниды. Өзіне күндіз-түні қарайтын анасына алғысын білдіргісі келгенде қолдарымен құшақтай алмайтынына ренжитін көрінеді. Басқа кезде ешқашан өмірге наразылық білдіріп, реніш айтпайды екен. Сабыржанның анасы баласын күнделікті Арбатқа алып шығып, арбасымен ары-бері жүретін көрі­неді. «Мұнда адам көп, ән айтылып, би биленіп жатқа­сын ба, осында келгісі келіп тұрады. Үйде отыр­ғаннан жалығады-ау» деген жасы қырықтар шамасын­дағы әйел баласын осында күнде алып келетінін жеткізді. Бұрын­дары күн жарықта шығып, кеш батпай қайтуға тырыса­тынын айтқан ол, қазір баласы қалаған уақытта үйлеріне қайтатынын алға тартты. Өйткені, қазір мұнда қай уақытта жүрсеңіз де жан-жақтың бәрі жарық, әрі қауіпсіз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *