ТАҒДЫРҒА ЖАЗЫЛҒАН ТӘЖІКСТАН

Сапарнама

 

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

МАИ қызметкері нені меңзеді?

 Біраз жыл бұрын Шымқалаға баратын автобустан кешікпесін деп, әпкемді Төле би көшесінің бойына тоқтап, «Сайран» автобекетінің жанынан асығыс түсіруіме тура келді.

Әпкем түскен соң, орнымнан сәл қозғалғаным сол еді, МАИ инспекторы таяғын көтеріп шыға келді. Құжаттарымды сұрады. Жүргізуші куәлігін бердім. Көңіл бөле қарап шыққан украин ұлтының өкілінен шыққан инспектор:

— Кешіріңіз, мен Қытайдан келген, Моңғолиядан келген, Өзбекстаннан келген  қазақтарды түсінемін, сіз Тәжікстанға қайдан тап болғасыз?, — деді қызыға. Құжаттағы «Туған жері: Тәжікстан» деген жазуға көзі түскен болу керек.  Басқа біреу болса: «Өзің Қазақстанда неғып жүрсің?» дер ме еді, өзімше сыпайылық танытқандағы түрім ғой:

— Әкем Тәжікстанда елші болған, — дедім, аздап қырсықтығым ұстап.

Шындығында, мұндай сұрақты МАИ қызметкеріне дейін де талай адам қойған болатын. Әліге дейін сұрап қалатындар жоқ емес. Қазақтың тарыдай шашырап, жер-әлемге жайылғаны сонау түп-тұқияннан басталған әңгіме екенін, ата-бабаларымыз өз замандарындағы саяси-экономикалық, құрылымдық жағдайларға байланысты талай жерді мекен еткені туралы қай уақытта айтып тауысарсыз. Оған Кеңес өкіметінің кезіндегі саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдарындағы қасіретті қосыңыз…

Қазақтар репрессия жылдарының өзінде басы ауған жаққа ауа көшпеген, бұрындары қазақтың ата-бабалары тұрған, өздері жақсы білетін өңірлерге қарай бас сауғалап барған. Ол жайында арнайы көп айтылмаса да, тарихи деректер мен құжаттардың бәрі соны айғақтап тұрады. Оған кейінгі жылдары қолыма тиген бір ғана кітаптан үзінді келтірсем де жеткілікті болар деймін. «Тәжікстандағы қазақтар» деген бұл кітаптың авторы – «Қазақстандағы тәжік, Тәжікстандағы қазақ» аталып жүрген жазушы-журналист, ғалым Абдусаттар Нуралиев. Оңтүстік Қазақстанда туып-өскен, қазіргі ҚазҰУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған Абдусаттар көкеміз Душанбеде тұрады. Сол елдегі Тәжік-қазақ қауымдастығының президенті.

Ол кітабының алғашқы беттерінің өзінде («Тәжікстандағы қазақтар». Нуралиев Абдусаттор (Абсаттор). Душанбе, 2017) ең керекті мәліметтерді келтіре бастаған.

«Өз заманында қалыптасқан тарихи, саяси, экономикалық жағдайға байланысты Орталық Азия аумағында өмір сүріп, тіршілік еткен халықтар өзара бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жасап отырғандықтан, шекара, шеп деген де болмағаны мәлім. Бұл аймақтағы халықтар қоян-қолтық араласып тіршілік кешті, сондықтан да бір-бірлерінің тілін, мәдениеті мен дәстүрін, әдет-ғұрпын жақсы білді. Бұл халықтардың тарихы да, тағдыры да көп жағдайда ұқсас еді. Олар бір-бірін жатсынбады. Мұны осында мекендеген елдің халық болып қалыптасу тарихының  мысалы да айғақтай түседі. Олар тілдеріндегі айырмашылықтары болмаса, бір тамырдан таралған, бір қайнардан нәр алған тектес халықтар болатын, бауырлас ел еді. Орталық Азия халықтары ішінде түркі халқымен мейлінше етене араласқан, «ішек-қарны араласып» кеткен халық тәжіктер десе де болады. Оны қазақ халқының ұлы перзенті, әлем халықтарының ақыл-ой қазынасының дамуына мол үлес қосқан, екі елдің төл перзенті деп атауға болатын ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің тарихи қызметінен де көруге болады.

М.Х.Дулатидің ата-бабалары билік тізгінін қолдарынан шығармаған Моғолстанның аса ықпалды, ұлы әмірлері болған. Олар ханды да сайлап, мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын жүргізуге ықпал етіп отырған. Болашақ ұлы ғалым, оқымыстының әкесі Мұхаммед Хұсейінге Жүніс ханның немересі Сұлтан Махмұд хан Ұратөбе уәлаятын беріп, басқаруға жібереді. Ол тоғыз жыл бойы осында билік етеді, билік етуінің алтыншы жылында Мұхаммед Хайдар дүниеге келеді, бұл 1499 жыл болатын.

Дулати өз еңбегінде қай қалада туылғанын нақты ашып жазбаса да әкесі Ташкент пен Ұратөбені билеп тұрғандықтан, оны осы дерекке сүйеніп, Ұратөбеде туылған десек те қателеспес едік.

Ұратөбе бүгінде Тәжікстан аумағындағы аудан орталығы, тарихы аса бай уәлаят. М.Х.Дулатидің атақты «Тарих-и Рашидиін» оқи отырып, моғолдардың-қазақтардың Ташкент, Ұратөбе, сондай-ақ Бадақшан, Әндіжан, Ферғана және т.б. сол замандағы ірі-ірі қалаларында өмір сүріп, саяси тіршілігіне белсенді ат салысқанын байқаймыз.

Түрік халықтарының, соның ішінде, қазақтардың қоныстанып, орнығып, билікке араласып, ел басқару географиясы аумағының ұлан-ғайыр жерді алып жатқанын көреміз. Бұл ең алдымен сол кездегі Моғолстан мемлекетінің өркендеп өсуімен, шекарасының кеңдігімен де түсіндіруге болатын жағдай. Қазақ халқының Орталық Азияда ең мықты ұлыс болғанын – «Тарих-и Рашиди» айғақтайды. Сондықтан қазақ халқының 1924 жылғы Орталық Азияда жүргізілген территориялық межелеуден кейін құрылған республикалар аумағында, бұрынғы қоныстанған жерінде қалып қоюын осындай тарихи жағдаймен түсіндіруге болады. Қазақтар, әсіресе, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанда, сондай-ақ Тәжікстан Республикасында, сонымен қатар, Ресей, Моңғолия, Қытайда, Иранда орнығып, сонда өмір сүріп келеді. Демек қазақтар дүниежүзінің ең ұлы елдері Ресей, Қытайда өмір сүріп жатқанын атап өткеніміз жөн.

…Қазақ-тәжік тарихи, мәдени байланыстарының тарихы тереңде жатқанын айту парыз әрі азаматтық міндетіміз  деп білемін. Мұхаммед Хайдар Дулатидің мұрасын зерттеуші ғалым, жазушы Мұхтар Қазыбек жазғандай:

«Мұхаммед Хайдар Дулати – үнді-қазақ қана емес, қазақ-тәжік тарихи, дипломатиялық, мәдени байланыстар бастауында тұрған ұлы ғалым, жазушы, мемлекет қайраткері». Біз өз еңбегімізде қазақтардың бүгінгі Тәжікстан аумағында тұрып, еңбек етіп, өмір сүріп жатуын Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде айтылатын тарихи жағдайларға арқа сүйеп, деректерге сүйене отырып баяндайтын болсақ, ол – тарихи әділеттілік болады. Халықтардың ұлы көші, миграциясы бір күндік, бір жылдық мәселе емес, ол ұзақ жылдарға созылып отырған процесс. Халықтар аралас-құралас тіршілік ету барысында бірін-бірі әдеби, мәдени, рухани қазыналарымен байыта түскенін де атап өту ләзім. Мәдени байланыс дамыған тұста халықтардың рухани өсуін, гүлденуін, мәдени орталар көбейіп, талантты адамдар өркен жайып отырғанын байқаймыз. Шығыс елдерінде өркениет өсіп, қайта өрлеу дәуірінің ерте басталғанына да халықтар арасындағы мәдени, ғылыми, рухани ортаның мықты болғаны дәлел.

Қазақтардың Тәжікстан жерінде тұрақтап тұрып, еңбек етіп, осы елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқанына тарихи деректер куәлік береді».

Талайды көрген таулы қырат

Бұл жер жоқ жерден пайда болған мемлекет емес. Өз тарихы, өзіндік даму жолдары бар ел. Түрлі кітаптардан бөлек, ғаламтор желілерінде де бұл ел жайындағы ақпараттарды молынан кездестіруге болады. Кешегі он бес одақтас елдің құрамына кірген мемлекетте де басқа елдердегідей сан алуан тарихи жағдайлар басынан өткен.

Тарихи деректерге көз жүргіртсек, Тәжікстан аумағын алғашқы адамдар төменгі палеолит дәуірінен бастап қоныстанған. Солтүстік және оңтүстік Тәжікстанда төменгі палеолитмезолит дәуірлерінің ескерткіштері көптеп кездеседі. Оңтүстік-батыс бөлігінен неолиттік гиссар мәдениетінің ескерткіштері ашылған. Ежелгі дәуірде Тәжікстан аумағында СоғдыБактрия мемлекеттері құрылды. Біздің заманымыздан бұрын 6-4 ғасырларда Тәжікстан жері парсылардың (қара Ахемен әулеті) қол астында болды, біздің заманымыздан бұрын 329 жылы онда А.Македонскийдің әскері басып кірді. Македонский мемлекеті ыдырағаннан кейін Тәжікстан жерінің бір бөлігі Селевки мемлекетінің, біздің заманымыздан бұрын 3-2 ғасырларда едәуір бөлігі Грек-Бактрия патшалығының құрамына кірді. Біздің заманымыздан бұрын 140 жылы Тәжікстан жеріне көшпелі Тохар әулеті ене бастады. Кушан кезеңінде (қара Кушан патшалығы) Тәжікстанда ірі құрылыс-жайлар, суландыру жүйелері салынды, қолөнер дамыды. Осы кезеңде Тәжікстанға Үндістаннан буддизм, Ираннан манихейлік наным келіп кірді, бірақ негізгі діні зороастризм болып қалды. 510 жылға қарай Орталық Азияда эфталиттер мемлекеті қалыптасты. 563-67 жылы түрік тайпалары эфталиттерді жеңіп, Тәжікстан жері Батыс Түрік қағандығының құрамына енді.

8 ғасырдың ортасында елді арабтар жаулап алды. 9-13 ғасырларда Тәжікстан Тахири мемлекеті мен Самани мемлекетініңҒазнауи сұлтандығыныңҚарахан мемлекетініңҚарақытай мемлекетініңХорезмнің құрамында болды. 1221 жылы Тәжікстанды Шыңғыс хан әскері жаулап алып, Шағатай ұлысына бағынды. 14 ғасырдың 2-жартысынан Темір мемлекетінің құрамына кірді. Темір әулеті тұсында өнер, ғылымәдебиет жоғары сатыға көтерілді. 16 ғасырдың басында Тәжікстан аумағы Шайбани мемлекетінің құрамына енді. Аштархан әулеті тұсында өзара қырқысулар күшейіп, ХорезмБалхБадахшан Бұхар хандығынан бөлініп шықты. 1740 жылы Тәжікстан жерін Иран билеушісі Нәдір шах жаулап алды. 18 ғасырдың орта тұсына қарай Маңғыт әулеті өкімет басына келді. 19 ғасырдың 1-жартысында Тәжікстан жерін Қоқан хандығы мен Бұхар әмірлігі өзара бөлісті. 1866 жылы 4 мамырда патшалық Ресей әскерлері Ходжентті, 2 қазанда Ұратөбені жаулап алды. 1868 жылы 23 маусымда Ресей мен Бұхар әмірлігі арасында жасалған шарт бойынша орыс әскерлері жаулап алған барлық аумақ империя құрамына кірді. 1895 жылы орыс-ағылшын келісімі бойынша Памирдің Ауғанстанмен шекарасы Пяндж өзенімен белгіленді.

Қазіргі Тәжікстанның оңтүстік-батыс және орталық бөліктері Бұхар әмірлігінің, ал қалған бөлігі Түркістан генерал-губернаторлығының Сырдария (1886 жылдан кейін Самарқанд) мен Ферғана облыстарының құрамына енді. Тәжікстан жерінің Ресейге қараған бөлігінде отарлық билік органдары құрылып, жергілікті халықты қанау қарқынын күшейтті. Тәжікстан жерінде астық орнына мақта егуге көп көңіл бөлінді. Мақта Ресейдің орталық аудандарындағы фабрикаларға тасымалданды. Ауыл шаруашылығындағы мұндай өзгеріс өңірге аштық қаупін тудырды.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін жергілікті халықтың мүддесін қорғау мақсатында Мұсылман комитеті құрылды, кеңес өкіметінің орнауына жергілікті халық тарапынан қатты қарсылық көрсетілді. Жергілікті халықтың басым бөлігі басмашылар қозғалысына тартылды. 1918-24 жылы Тәжікстан аумағы Түркістан кеңес республикасы мен Бұхар халық кеңес республикасы құрамында болды. 1924 жылы 14 қазанда КСРО БОАК тәжік халқына автономиялық республика құру құқығын берді. Тәжік АКСР-іне Самарқанд, Ходжент уездерінің 12 болысы, бүкіл Шығыс Бұхар кірді. КСРО ОАК-нің 1925 жылғы 2 қаңтардағы шешімімен оның құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы (Солтүстік Памир) қосылды. Тәжік АКСР-і Өзбек КСР-і құрамында болып, 1929 жылы қазанда Тәжік КСР-і жеке бөлініп шықты. Тәжік КСР-і құрамына Таулы-Бадахшан автономиялық облысы, ХоджентГиссарГармҚорғантөбеКулябҰратөбеПенджикент

округтері кірді. 1929 жылы Тәжікстанда ауыл шаруашылығын коллективтендіру қолға алынды. 1940 жылы Вахш суландыру жүйесіҮлкен ФерғанаҮлкен Гиссар каналдары қазылды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Тәжікстанға соғыс қимылы жүріп жатқан жерлерден зауыттар мен фабрикалар көшірілді. Тәжікстан халқы қаржы жинап,  авиаэскадрильясын«Тәжікстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтап, соғысқа аттандырды. Соғыс кезінде тәжікстандық 49 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. 1950-90 жылы Тәжікстан негізінен мақта өсірумен айналысты. Сонымен қатар онда ірі өнеркәсіп орындары мен СЭС іске қосылды.

1991 жылы Тәжікстан президенті К.Махкамов тамыз бүлігіне қолдау танытты. Бұл өз кезегінде халық наразылығын туғызды. Осы жылы қыркүйекте Тәжік КСР-і Жоғарғы Кеңесі Тәжікстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жайлы декларация қабылдады. 1991 жылы 24 қарашада Тәжікстанда президент сайлауы өтіп, онда Р.Нәбиев жеңіске жетті. 1992 жылы тамызда президент Нәбиевтің жақтастары мен оппозиция күштері арасында қақтығыс болды. Оппозициялық күштерді Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясыТәжікстанның демократия партиясы және «Растохез» (Қайта өрлеу) қозғалысы құрады. Екі жақтың қақтығысы азамат соғысына ұласып, ол бес жылға созылды. Азамат соғысы барысында 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 900 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырады.

1994 жылы президенттік сайлау өткізіліп, онда Э.Рахмонов жеңіске жетті. Қазақстан мен Тәжікстан арасында 1993 жылы 19 қазанда Өзара қарым-қатынас туралы келісімшартқа қол қойылды. Тәжікстан президенті Рахмонов алғаш рет Қазақстанға ресми сапармен 1995 жылы 22 қарашада келді. Тәжікстанда Қазақстанның өз елшілігі бар.  

Туған жерінің топырағын иіскеп жатсын

 Кіндігі Тәжікстанда, тұсауы Қазақстанда кесілген адамдар бізде аз емес. Соның бірі — өзім. Көз алдыңда елесі де қалмаған ел туралы көңілде не қалушы еді. Бар болғаны – көргім келеді, атам жатқан аймаққа барып тағзым еткім келеді. Бұл өзі ес білгелі көңілде жүрген ойдың бірі болатын. Соның сәті таяуда ғана түсіп, қазақтар кеткелі жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін, кезінде біздің аталарымыз тұрған қазақ ауылының орнына  барып қайттық. Сапарымызды Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласынан бастаған болатынбыз.

Таудың алақанында тұрғандай сезілген Душанбе көзге де, көңілге де ыстық көрінді. Тәжік ағайындарымыз қазақтар секілді аңғал да ақкөңіл екен. Жол-жөнекей жөн сұрай қалсақ, аңқылдап, ішіндегісінің бәрін ақтара салғандай, бүге-шігесіне дейін айтып, түсіндіріп жатады. Өзі білмесе, басқа біреуге телефон шалып, анық-қанығын сұрайды. Солай жөн сұраған кісіміздің бірі жолда тұрған МАИ инспекторы болатын:

-Қайда жүрсеңіз де, мені ұмытпаңыз. Мен — майор Омар!, — деді, қоштасып жатқанда қолын аспанға қарай бір сілтеп.

Он бір адамнан құралған делегация мүшелерін Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы елшілігінің үшінші хатшысы Айдын Сансызбаев, «Бәйтерек» қазақтар қауымдастығының төрайымы Зәуре Сәбетқалиқызы Саминова, ғалым, журналист-жазушы, «Қазақстан-Тәжікстан» достық үйінің төрағасы Абдусоттор Нуралиев бас қосып, күтіп алды.

— Тәжікстанда тұратын қазақтардың хал-жайымен танысуға сіздердің алдарыңызда Қазақстаннан қоғам қайраткері, белгілі журналист Дулат Әбіш бастаған топ келіп кетті, — деді Зәуре ханым.

— Иә, олардың әзірлеген бейнематериалын телеарнадан көрдік. Осындағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, кездесіп отырған қиындықтарын қозғады, — деді, Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, тарих ғылымының докторы, профессор  Хазретәлі Тұрсын. – Біз бір кездері осында өмір сүрген қазақтардың тәжік ағайындарға деген достық пейілін, ыстық ықыласын жеткізуге, осында жерленген аталарымыздың басына барып, мінәжат етіп, құран бағыштауға келдік.

Біздің топ Душанбеден Нүрек жақты айналып, Пархар ауданына қарай тура тарттық. Кешегі күні Памир тауларының бас айналдыратын асуларынан әбден мезі болғандықтан, қайтар жолымызды да алдын-ала ақылдасып алдық. Жарты қадам жаңылыс бассаңыз, құрдымнан бір-ақ шығаратын түпсіз терең көрінген құз-жартастардың  жалпақ далада еркін басып үйренген қазақтарға үрей тудыратыны да рас.

Жол-жөнекейгі тексерістерден кейін Пархарға (Фархор) келіп, қонақүйге жайғастық. Сәлем-сауқаты түзу, инабатты ортада өзімізді еркін сезіндік. Бір кездері бұл аймақтарда қазақтар көп болғандықтан, жергілікті жұртшылықтың бәрінің ықылас-ниеті дұрыс. Жылы амандасып, басын иіп, өздеріне тартып тұрады. Қонақүйде кездескен үлкен ақсақалмен тілдескен Әбдіғани көкеміз:

-Қазір менің баяғы жорамды тауып әкелетін болды, — деді. Көп ұзамай-ақ аңқылдаған бір ақсақал келіп, Әбдіғани көкемізбен құшақтаса кетті. Түбі ферғаналық өзбек Әбдірәсіл Мұхиддинов қазақша, өзбекше араластыра сөйлеп, бізге көп мәлімет берді.

-Сенің атаң Әуелбек шабандоз еді, ақыры сол көкпарда аттардың астында қалып, содан қайтыс болған. Әкең Исламхан озат бригадир болды. Қызыл Мәжірде әліге дейін «Исламханның жері» деп аталатын мақталық егіс алқабы бар, ертең апарып көрсетемін, — деді ол. Мен осыдан жарты ғасырдай бұрын осында тұрған басқа ағайындарды да сұрастырып көріп едім, бәрін танып-біліп отыр. Тіпті, сол уақыттағы 5-6 жасар балалардың аттарына дейін  атап шыққанда, Әдірәсіл аканың зердесінің мықтылығына қайран қалдық.

1928 жылғы қуғын-сүргін кезінде бірі айдалып, бірі атылып жатқан соң, аталарымыз амалсыздан Қазақстандағы атамекенін тастап кете бастаған. Атақты күйші Әлшекей Бектібайұлы атамыз да Тәжікстанға сол шамада кетті. Ауа көшу біртіндеп төрт-бес жылға дейін созылып, шыдамы біткен біздің аталарымыз да 1932 жылы солай қарай ауады. Тәжік жерінде тура 32 жыл тұрды.

Атам да, әкем де соғыс жылдары әскерге қатар алынып, бірі еңбек майданында, екіншісі қан майданның ортасында болып келді. Соғыстан қайтқан солдаттардың бәрі Тәжікстанның өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып, өзгелердің алдында үлкен абырой-беделге ие болған.

Осы қазақтар тұрған Қызыл Мәжір ауылын түгел аралап шықтық. Баяғы қатар жатқан үш ауылдың басы қосылып, үлкен бір шаруашылыққа айналған екен. Кезінде Әбдірәсіл аканың әкесі «Ленин» колхозының төрағасы болып үлкен қызмет істепті. Өзі де оқыған-тоқыған агроном екен, ұзақ жылдар бойы шаруашылықтардың әр саласын басқарған. Осы айналада тұрып қайтыс болған кісілер жерленген «Қазақи мазарти» деп аталатын қазақтардың қорымына барып, аталарымызға құран бағыштадық.

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы атамекеніміз Сығанақ қорымында жерленген екі бірдей әжемнің (атам екі әйел алған еді), әкем Исламхан жатқан жердің басынан ала келген қос уыс топырақты атамның басына қойдық. Туған жерінің топырағын иіскеп жатсын дедік.

«Қызыл Мәжір» тәжіктің «мухочир» — «қызыл эммигранттар» деген сөзінен шығыпты. Тура Ауғанстанның шекарасында жайғасқан елді мекенді кезінде біздің қазақтар ұйымдастырып, үлкен шаруашылыққа айналдырған екен.

— Жарты ғасырдан астам осында тұрып, ағайын болып кеткен қазақтар еліне көше бастағанда, біз қатты ренжідік. Қоштасуға қимадық. Бәрін түсініп тұрсақ та, оларды жібергіміз келмеді. Амалсыздан, ауылда өзіміз ғана қалдық. Қазақтардың орны бөлек еді, — деп, Әбдірәсіл ака ағынан ақтарылды.

Әбекең Қызыл Мәжірдегі тәжік, өзбек ағайындардың үлкен қарияларының біразының үйіне алып барды. Өздерінің жастық шақтарын естеріне түсірген қариялар көздеріне жас алып, бір кездері өздері, әкелері бірге еңбек еткен қазақ бауырларына деген ризашылықтарын білдіріп жатты. Мұндағы қазақтар 60-жылдардан бастап біртіндеп атамекенге көше бастаған.

-Қыздарымыз бой жете бастаған соң, сол жақта тұрмысқа шығып кетер деп қорқып, ертерек елге көштік қой, — деп отырушы еді марқұм шешем Хатшагүл.

Әкеміз Қазақстандағы туған жеріне қайта көшкенде мен есімді білмейтін сәбимін, содан ба, тәжік еліне барғанда ешқандай сезімді бастан кеше алмадым. Жаңа көрген жер өзінің табиғатымен тамсандырып, халқының мейірбандығымен, кішіпейілдігімен ғана есте қалды.

 

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *