ТӨЗІМ БІЗДІҢ ЕҢ ҮЛКЕН СЕРІГІМІЗ БОЛУЫ КЕРЕК

Нұрлан ОРАЗАЛИН, мемлекет және қоғам қайраткері:

Қадірлі қауым! Ардақты алматылықтар! Әлем қазіргі таңда өзінің арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болмаған сұмдық індетпен алысып жатыр. Тажалмен күресу үстінде. Оның аты – коронавирус. Коронавируспен ауырмаған бірде-бір құрлық жоқ.

Алматылықтар, біз, Алаш жұртының ұлы қаласы ретінде, мәдениет пен өнердің, ғылымның ордасы болған қаламызда бүкіл зиялы қауыммен қазір осы аурудың зардабын қатты сезініп отырмыз. Алматы қаласының әкімшілігі де, Қазақстан Президенті, Үкіметі де – бүкіл билік барын салып қазір халықты сақтандыру жолында қаншама үлкен игілікті шаралар атқарып жатыр. Бірақ өкінішке орай, ауру, індеттің беті қайтар емес.

Аурулардың санының артуы да, өлім-жітімнің көбеюі де біздің әлі де тәртіпке бағына қоймаған кең ықылас-пейіліміздің соншама молдығынан болып отыр ма деп ойлаймын. Сондықтан осы күндерде бетперде тағып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, ауыр жағдай болған тұста көңілді телефонмен білдіретін кезең келді. Біз сол арқылы өз ұлтымызды, халқымызды, еліміздің бүтіндігін сақтап қала аламыз.

Бір өтінішім бар, әркім өз-өзіне жауап беруі керек. Адам өзін тәртіпке бағындыру арқылы отбасын сақтайтынын ұмытпаңыздар. Шындап келгенде, қазақ – бауырмал, кең халық. Жан-жағына өзінің ықыласын, нұрын шашып отыратын халық. Өлгені болса жаназасын шығаруға тайлы-таяғы қалмай көшіп барады. Той-томалағы болса соның төрінде, соның ішінде болуға ұмтылады. Бұл – бауырмалдықтың үлкен дәстүрінің белгісі. Ал енді осы дәстүріміз бүгінгі таңда өзімізге қатты қарсы жұмыс істеп отыр.

Халыққа жасаған үндеулердің бірінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз соғыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз» деген болатын. Бұл – бекер айтылған сөз емес. Соғыс қаталдықты, тәртіпті керек етеді. Соғыс жағдайында тәртіпке бағынбаған әскер жеңіледі. Қару-жарағы жоқ осындай мылтықсыз майданда мына індет қазір адамнан адамға жұғу арқылы тәртіпсіздіктің, жүйесіздіктің салдарынан біздің қаламызда, жалпы Қазақстанда азаймай отыр. Сондықтан осы елдің бір перзенті, азаматы ретінде және жарты ғасырдан астам уақытын осы Алматы қаласында өткізген қала тұрғыны ретінде сіздерден бір нәрсені өтініп сұраймын, әркім өзіне-өзі жауап беруі керек. Өзін тәртіпке бағындыру арқылы адам өзінің отбасын сақтайды.

Медицинаның атасы атақты Ибн Синаның мынадай сөзі бар: «Үрей – дерттің жарымы, сабыр – емнің жарымы, төзім – сауығудың басы». Бүкіл тәртіпті де, жүйені де, өзін-өзі сақтауды да сыйғызып жіберген Ибн Синаның осы мағыналы сөзін басшылыққа ала отырып, қазір шыдаңыздар, үрейге бой алдырмаңыздар, сабырға жүгініп, төзім біздің ең үлкен серігіміз болуы керек. Сол арқылы біз отымыздың басын, ұрпағымызды, айналамызды, халқымызды, ұлтымызды сақтай аламыз. Бұл – уақыт алдындағы халықтың үлкен жауапкершілігі. Сондықтан бәріңізді бір адамдай жұмылып, біріңіздің өміріңізді біріңіз қорғап, отыңыздың басын, отандастарыңыздың өмірін сақтауға бүкіл ерік-жігерлеріңізді салуды сұраймыз. Біз сол арқылы уақыттың алдында, заманның алдында ұлтымыздың, мемлекетіміздің іргесін сақтап қаламыз.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close