Тәжірибелік маңызы зор шара

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

 

Педиатрия және балалар хирур­гиясы ғылыми орталығында ҚР Ден­саулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфен­дияров атындағы ҚазҰМУ-дың бала­лар аурулары кафедрасының ұйым­дастыруымен «Педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері» атты тақырыпта  докто­ранттар,  магистранттар мен рези­денттерге арналған ғылыми-тәжіри­белік конференция өтті.

«Білім-ғылым үйренбекке талап қылу­шыларға әуелі білмек керек. Екінші – ғылымды үйрен­генде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген (Абайдың 32 қара сөзі) ұранмен тұңғыш рет Педиатрия орта­лығында өткізіліп отырған бұл шара еліміздің барлық медици­налық ЖОО докторанттары мен  магистранттарын және медици­налық мекемелерде резиден­турада оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрігерлердің басын қосты. «Шараны өткізудегі басты мақсат – жас ғалымдардың ғылыми ізденіс бағыты мен білім беру саласының маңызды мәсе­лелерін талдау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирур­гиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айна­лысуға шақыру. Конференцияға ең үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсы­нылды. Бүгінгі күні жас педиатр­ларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибенің интеграциясы маңызды орын алады. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи экс­перименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкін­дік береді», – деп атап өтті Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.

Конференцияның ашылу салтанатында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин,  балалар аурулары кафедрасының профессоры Болат Хабижанов сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті.

– «Бүгінгі конференция жас дәрігерлер үшін нағыз тәжірибелік маңызы зор шара мен кәсіби өсуде маңызды пікір алмасу алаңы болып отыр. Ғылымға алғаш қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тілеймін. Педиатрия саласын дамыту жастар сіздердің қолда­рыңызда», – деді Т.Нұрғожин.

Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері,  сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патология­лары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, арнайы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, педиатрия тәжіри­бесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар ұсынылды.  Сондай-ақ, жас дәрігер­лер­дің ғылыми жұмыстары мен постерлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.

«Педиатрия» және «Балалар хирургиясы» секциялары бойынша өткен конференцияда 34 ауызша баяндама тыңдалып, 14 постерлік баяндама ұсынылды. Педиатрия саласының білікті мамандарынан, атап айтқанда, Т.Нұр­ғожин, К.Мәжібаев, К.Омарова, Г.Ташенова, Б.Хабижанов,  Н.Божбанбаева, М.Шарипова, Т.Жұмабеков, Н.Ахпаров,   К.Хаиров, Н.Божбанбаевадан құралған профессорлық құрам жиынның модератор­лары болды.

Ғылыми конференция соңында ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды:

Үздік баяндамалар мен ғылыми мақалалар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жария­ланатын болады.  Журнал ғылыми қызмет­тердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *