ТӘЖІКСТАН ДАМУДЫҢ КҮРДЕЛІ ЖОЛЫНДА

17Шетте жүргендер шеттетілуде

Бұдан сәл бұрын  ЦентрАзия сайтында  бір мақала  («Таджикистан на пороге социального взрыва», 31.07.2015) жарияланып, онда: «Ресейге қарсы санкциялардың жариялануына және ол елдің көші-қон заңының қатаюына байланысты тәжік мигранттары қырғыз және өзбектермен салыстырғанда қиын жағдайға тап болуда. Оларды жалақысы төмен жұмыстарға ауыстыра бастады. Сондықтан да тәжік мигранттары топ-тобымен елдеріне қайтып жатыр. Алайда, оларды Отанында құшақ жая күтіп отырған ешкім жоқ. Елдің Еңбек және жұмыспен қамту агенттігі соңғы үш айдың ішінде қайта келгендердің  небәрі 115-ін жұмысқа орналастыра алды. Бұл дегеніңіз теңізден алынған тамшыдай ғана. Егер олар Ресейде айына 600-800 доллар жалақы тапқан болса, мұндағы алатындары 100 доллардан да төмен»  деп жазылды.

Осыған іле-шала Тәжікстанның Халықтық банкі шілде айының аяғында  ұлттық ақшасы — сомонидің  $1 шаққанда 6,52-ден 6,69-ға көтеріліп кеткенін жариялап,    мұны Ресей рублінің құнсыздануымен түсіндірді.

Тәжікстан тәуелсіз мемлекет делінгенімен, міне, осы екі фактының өзінен оның әлі де Ресейге  кіріптар екені аңғарылады.

Базбір сарапшылар Душанбе Мәскеуге экономи­калық жағынан ғана емес, саяси жағынан да тәуелді дегенді айтады. Ол аз десеңіз, Тәжікстан ОДКБ (Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымына) мүше, оған қоса онда Ресейдің алты мың жауынгерден тұратын 201-әскери базасы орналасқан. Осы әскери базаның орналас­уының өтемі ретінде өткен 2014 жылы Тәжікстан  мен  Ресей арасында тәжік мигранттарына бірқатар жеңілдіктер беру жөнінде келісімге қол қойылған болатын. Алайда, ол келісім күткендегідей нәтиже бере қоймады.

Ресми Душанбе Ресейде  жарты миллиондай еңбек мигранттары жұмыс істейді десе, кейбір деректер оны 1,5 миллионға жеткізеді.  Ол мигранттардың өз Отандарына бұған дейін жылына 5 млрд. доллар аударып келгені соңғы мәліметті растағандай. Дегенмен, бұл сома жоғарыда аталған себептерге байланысты биылғы  жартыжылдықта 43 пайызға төмендеген. Демек, жыл аяғында аударылатын қаржының мөлшері  2,5 млрд. доллар шамасында болмақ. Ал, Тәжікстанның ЖІӨ 8,5 млрд.  долларды құрайтынын  ескерсек, аталған цифрлардың экономикалық тұрғыдан қандай рөл атқаратынын бағамдай беріңіз.

Бірақ, тәжіктердің өздерінің айтуларынша, Ресейден келген ақшаға асып-тасып, шылқып отырған ешкім жоқ. Оның көбі, негізінен, күнделікті күнкөріс, яғни азық-түлік, киім-кешек  үшін жұмсалатын көрінеді.

Дейтұрғанмен, мынадай қарама-қайшылықты қараңыз, мыңдаған тәжік азаматтары нәпақа табу үшін сыртта жүрсе, мыңдаған қытайлықтар Тәжікстанның өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, айтарлықтай  табыс тауып жүр.

Еңбек мигранттары дегеннен еске түседі, БАҚ құралдарында жазылып жүргеніндей, Ресей Федерация­сында бүгінде 11 млн. адам сырттан келіп жұмыс істейді екен. Соның 7,5 млн.-ы Орта Азиядан барғандар деседі. Рас, басқалармен салыстырғанда Орта Азиядан: Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан барғандар арзан жұмыс күші саналады. Әйтсе де оның күнгейімен бірге (жергілікті қылмыстық ахуалға әсер етеді деген тәрізді) көлеңкелі жақтары да бар. Ресей билігінің Федералдық көші-қон қызметі, Ішкі істер министрлігі сияқты жауапты ұйымдардың ұсынысымен көші-қон туралы заңға жиі өзгеріс енгізген: шеттен келген еңбек мигранттары орыс тілі мен орыс тарихын білуі тиіс, 30 мың рубль төлеуі, медициналық комиссиядан өтуі, сақтандыру полисі жіне патенті болуы шарт деген секілді талаптар қоюы осын­дайдан туса керек.   Бұған қоса, Украинаға байланысты Еуроодақ пен АҚШ-тың түрлі санкциялар жариялауына байланысты Ресей экономикасының шатқаяқтап тұрғаны да жасырын емес.

Жалпы, геосаяси және геоэкономикалық жағдайға байланысты Балтық жағалауы елдерін қоспағанда, КСРО-дай алып империяның мұрагері саналатын Ресейге посткеңестік елдерден «ат құйрығын шорт кесіп», бөлек кеткен мемлекетті табу қиын. Олай ала жіпті үзіп, өз бетінше саясат жүргізгісі келетіндер Грузия мен Украи­наның кебін киюі, иә болмаса, Молдова мен Әзірбайжан сияқты біраз жерінен айрылып, Приднестровье, Таулы Қарабақ секілді  «үй ішінен үй тіккендермен» қырғи-қабақ  болып, күресуге мәжбүр болуы әбден мүмкін.

5Жоғарыда айтылған тәжік мигранттарына байланысты әлдебіреулер: «Қазір қай елде жұмыссыз жоқ дейсіз? Ресей  Тәжікстаннан барған еңбек мигранттарын кері қайтарып жатса, оның өзіндік себебі бар шығар?» деуі мүмкін. Солайы солай. Бірақ, халықаралық сарапшылар «Ресейден қайтқан тәжік мигранттары шарасыздықтан «Ислам мемлекеті» сияқты радикалдық ұйымдардың қатарын толықтыруы ықтимал» деген алаңдаушылық білдіреді. Олай дейтініміз, елдеріне  кері қайтпай-ақ, тура Ресейдің өзінде арбап-иландырушы эмиссарлардың қармағына іліккен кейбір тәжік жастары Сирия мен Иракқа кетіп жатқаны жайында  баспасөз беттерінде, ғаламтордағы түрлі сайттарда жазылып жатыр. Қазіргі күнде ресми дерек бойынша 500-ден астам, ал бейресми мәлімет бойынша  2000-нан астам тәжік азаматы ИГИЛ құрамында соғысып жүрген болса, соның 150-дейі көз жұмған. Мұның салдары қалай болары тағы белгісіз.

Демек, бұл құбылыстың алдын алмаса, ол түптеп келгенде, тек Тәжікстанға ғана емес, бүкіл Орталық Азияға қауіп төндіретін болады.

 

130 жылға созылған шекара дауы шешілді

ТМД мемлекеттерінің ішінде Тәжікстан еңбекақы мен зейнетақы және басқа да әлеуметтік төлемдер жөнінен соңғы орында. Мұнда жалақының ең төменгі мөлшері 52 долларды құрайды. Қалыптасқан ауыр жағдайды  көтеруге елдің бәсең  қалыптағы өндірісі мен әлжуаз экономикасы мүмкіндік бермей отыр. Ал, мұндай кедейшілік жағдайдың себебін сарапшылар Тәжікстанның таулы аймақта орналасуымен, әлемдік инфрақұрымдардан оқшау жатуымен, бір сөзбен айтқанда, қолайсыз эконо­микалық-географиялық жағдайымен, 1992-97 жж. азамат соғысын бастан кешуімен, биліктің қабілетсіздігі және әлсіздігімен түсіндіреді.

Бес жылға созылған Азамат соғысы 150 мың адамның өмірін қиып, 7 млрд. доллар шамасында материалдық шығын келтірді. Елдің дамуын 18 жылға кері шегерді.

Көне тарихы ІХ-Х ғғ. саманидтер дәуірінен бастау алатын, әлемдік әдебиет пен өнерге Рудаки, Ибн-Сина, Хисроу, Сағди, Жәми, Фирдоуси сынды ұлы тұлғаларды берген  тәжік елінің бүгінгі кедейшілік халі кім-кімді де толғандырады.

Әйтпесе, тәжік жері табиғи минералдық ресурстарға бай, үлкен су-энергетикалық әлеуетке ие. Мұнда туризмді дамытудың, аграрлық саланы өркендетудің де  мүмкіндігі мол.

ЖІӨ 18,2 пайызы ауыл шаруашылығының, 21,9 пайызы өнеркәсіптің, қалған 59,2 пайызы қызмет көрсету саласының үлесіне тиеді. Өнеркәсіптік ірі кәсіпорындар мемлекеттің меншігінде. Сыртқа шығарып сататын негізгі өнімдері:  алюминий мен мақта.

2004 жылы Тәжікстан мен Ресейдің атақты «Русал» (Русский алюминий) ААҚ (Ашық акционерлік қоғамы) арасында екі жаққа тиімді келісім-шартқа қол қойылды. Ол бойынша «Русал» өзіне Тәжікстанда жаңа алюминий зауытын салу және тәжік үкіметінің қаржылық үлесімен Рогун СЭС (Су-электрстансасын) салып бітіру міндетін алды. Осы мемлекетаралық келісімнің шеңберінде  РФ 201-әскери базасының өтемақы жайы және «Окно» нысанының Ресейдің меншігіне берілетіндігі, Душанбенің Мәскеудің алдындағы қарыз-берешегі,  тәжік жағына көрсетілетін инвестициялық көмек мәселелері де ескерілді. Тәжікстан өзіне алған міндеттемелерін толығымен орындағанымен, «Русал» ААҚ  Рогун СЭС-ін салуды кейінге ысырумен келеді. Бұған Кремльдің Орталық Азия мемлекеттеріне қатысты ұстанған саясатының  әсері жоқ деп айта алмаймыз. Мұнда жіптің бір шиеленісті ұшы әзірге шешімін таппай отырған қарама-қайшылықты тәжік-өзбек қарым-қатынасында жатыр.

Су-энергетикалық әлеуеті дегеннен шығады, тәжік жерінде  электр энергиясы, негізінен, қуаты 25,7 МВт. Варзобтан  бастап, қуаты 3000 МВт-ға дейін Нүрекке дейін тоғыз ірі СЭС-де өндіріледі. Мұның сыртында қуаттары 1,5 МВт. болып келетін — ондаған кішігірім СЭС-тер жұмыс істейді. Әйтсе де Тәжікстан  қыстың қақаған аязды мезгілінде энергия  тапшылығын көреді. Өйткені, өзендердің мұз құрсанып, қатуына байланысты әлгіндей қуатты СЭС-тер жұмысын тоқтатады. Ал, сырттан Түркіменстаннан келетін электр энергиясына Өзбекстанмен арадағы келіспеушілік кедергі келтіреді.

Әрине, Тәжікстанның өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын тым тұралап қалған деуге болмайды. Әлгі айтқан Тұрсынзаде қаласындағы ТАЛКО алюминий зауытына қоса, «Нассочин Точик» ЖШҚ текстил компаниясы, ЖКҚ «Рохи Абрешим» жібек шікізатын өңдейтін  вьетнам-тәжік бірлескен кәсіпорны, «Нафиса» шұлық кәсіпорны,  тігін бұйымдарын шығаратын «Гулистон» ЖАҚ кәсіпорны, сондай-ақ,  «Таджик­текстильмаш» өндірістік бірлестігі, «Таджиккабель» ААҚ, «ЭЛТО» электрондық техника және электртұрмыстық тауарлар  шығаратын  ААҚ сияқты оншақты өндіріс ошақтары жұмыс істейді. Алайда, олар бүгінгідей  жаһан­дану мен бәсекелестік заманында елдің  экономикасын көтеруге қауқарсыз.

Аграрлық секторда мақтадан басқа жібек, темекі, дәнді дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек, кептірілген өрік-мейіз, інжір  сияқты өнімдер өндіріледі. Экспорттық тауарларды  Голландия, Түркия, Ресей, Иран және Қытай елдеріне шығарады. Өзіне қажетті өнімдерді: Ресей, Қытай, Қазақстан және Өзбекстаннан тасымалдайды.

Қазақстан мен Тәжікстан ара­сындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 7 қаңтарында орнатыл­ған. Экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақ-тәжік үкіметаралық комиссиясы құрылған. Екі елдің ынтымақ­тастығы достық және әріптестік сипатында дамуда. Бас-аяғы 70 құжаттан тұратын, байла­ныстың барлық саласын қамтитын келісім-шарттарға қол қойылған.

Қос тараптың тауар айналымы 570 млн. доллар шамасында.  Тәжік жерінде 40-тан астам бірлескен кәсіпорын, ал Қазақстанда «Тео­агрономгрит», «Теодусти-2004», «Теонилагропром» және «Алтын май» сияқты компаниялар жұмыс істеуде.

Біздің еліміз достас мемлекет ретінде тәжік жұртына шама-шарқынша қолдау мен көмек көрсетіп отырады. Осы таяуда ғана Қазақстан Үкіметінің халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері бойынша комиссиясы  үкіметке Тә­жікстанның сел мен су тасқын­дары­нан зардап шеккен кейбір аудан­дарына ресми түрде гуманитарлық көмек көрсету туралы ұсыныс жасады. Бұл жөнінде нақты шешім қабыл­данған бойда онда азық-түлік, метал­лопрокат және құрылыс материалдары жөнелтіледі. Бұған дейін де, яғни, биылғы жылдың сәуір айында  Қазақстан тарапынан  2,7 млн. долларға гуманитарлық көмек көрсетілген болатын.

Тәжікстан, сондай-ақ, 2000 — 2012 жж. аралығында Қазақстанмен Еуразиялық экономикалық қауым­дастық аясында екі жаққа тиімді ынтымақтастық қатынасын жасап келді. Ендігі жерде құрамында бес мемлекет бар ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одаққа) кіру жайы қарастырылуда.

 

Таңдаудың үш тармақты жолы тұр…

Қазіргідей жаһандану жайлаған, бәсекелестік қызған, әлдінің әлсізге ықпал етуі күшеген алмағайып  за­манда тәуелсіздік алғанына әлі ширек ғасыр тола қоймаған Тә­жікстан Рес­публикасының алдында  таң­даудың үш тармақты жолы тұр.

Бүгінде Тәжікстан Орталық Азияда  аса маңызды  геосаяси және геоэкономикалық процестер жүріп жатқан  аймақта орналасқан. Сон­дықтан да  оны анау Атлант мұхи­тының ар жағында жатқан алпауыт Америка, солтүстігіндегі Ресей мен шығысындағы Қытай да «қам­қорлығына»  алып, өз жағына қарат­қысы келеді.

Бұл орайда, мәселен, АҚШ Орталық және Шығыс Азия елдерінің энергетикалық ресурс пен көліктік әлеуеттерін іске қосып, оларды бір-бірімен тығыз байланыстыруға әрі олардың төтелей  мұхитқа шығуына мүмкіндік тудыруға бағытталған аймақтық  «Жаңа Жібек жолы» жоба-тұжырымдамасын ұсынады. Егер жүзеге асып жатса, мұның шең­берінде  шамамен 250 млн. тұтыну­шыға есептелген, ортақ энерге­тикалық рынокты құрайтын CASA-1000 құрылысы салынады. Ұзындығы 1200 шақырымды құрай­тын, төрт мем­лекеттің: Ауғанстан, Пәкістан, Қырғызстан және Тәжік­станның территориясын басып өтетін бұл ЛЭП (электр желісінің)  құны 1,17 млрд. долларға  бағаланған.

Сондай-ақ, осы жобаның бір тармағы ретінде  Түркіменстан – Ауғанстан – Тәжікстан арасында қашықтығы 400 шақырым болатын, сметалық құны 2 млрд. долларды құрайтын темір жол желісін салу да  көзделген.

Тегінде, «Жаңа Жібек жолы» жобасы іске асатын болса, оның аясында көліктік-логистикалық жүйе­нің, инфрақұрылым және аймақтық сауда-саттықтың  да дами­тыны анық.

Ақиқатын айту керек, Ақ үйдің түпкі мақсаты — осындай  көңілге қо­натындай, нақты да жанды эконо­микалық-әлеуметтік жоба арқылы Тәжікстанды  Ресей мен Қытайдан қол үздіріп, өз жағына қаратып алу.

Қай мәселені әріден ойлайтын, үндемей жүріп-ақ, үлкен істер тын­дыратын Қытай да құры қарап жат­қан жоқ. Аспанасты елінің  Орталық пен Оңтүстік-Шығыс Азияға арнал­ған «ХХІ ғасырдың құрылықтық және теңіздік Жібек жолы эконо­микалық белдеуі» — «Бір белдеу – бір жол» жобасы бар. Пекин өзі бас болып, жарғылық капиталы 100 млрд. дол­ларды құрайтын АБИИ (Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін) құрып, оған биылғы жылдың қаңтарында Тәжік­стан еніп, жобаны іске асыруды бастап  жіберді деуге болады. Бұл жобаға Қытай ақшаны аямайтынын, 1 трилард долларға дейін   қаржы бөлетінін мә­лім­деді. Ал, Душанбе  осы бастаманың шеңберінде елдің эконо­микасын көтеріп, пайда беретіндей: темір жол мен газ құбырын тарту, көп мақсатты хабтар ашу, Варзобта туристік орталық, Фаиза­бадта ет өңдеу клас­терін салу сияқты он жоба ұсынды.

Дегенмен, АҚШ пен Қытайға қарағанда,  Ресей Тәжікстанға ық­пал ететіндей бірқатар артық­шылықтарға ие.

Арғы патшалық Ресей заманын айтпағанда, бұл екі мемлекет жетпіс жылдан астам уақыт КСРО құра­мында болды. Сондықтан бұлардың арасында талайдан саяси-эконо­микалық, әлеуметтік, мәдени-гу­ма­нитарлық  байланыстар қалып­тас­қан. Екеуі де ТМД-ға мүше. Мәскеу қал-қадерінше Тәжікстанға эконо­микалық, инвестициялық көмек көрсетіп отырады. Жоғарыда айтыл­ғандай, 1,5 млн. тәжік азамат­тары Ресейде жұмыс істеп, олар жы­лына 5 млрд. доллар, яғни елдің ЖІӨ елу пайызын құрайтындай қаржы  ау­дарып келді. Кремль  Тәжік­стан­дағы Рогун СЭС-ін салуға қолұшын беру­ге ниетті болғанымен, Өзбек­стан­ның қарсылығына байла­нысты тежеліп отырған жайы бар.

Ресей Тәжікстанның Еуразия­лық экономикалық одаққа қосыл­ғанын, сөйтіп бұл интеграциялық альянстың ауқымы барынша кеңей­генін қалайды. Алайда, оған Душанбенің экономикалық даму деңгейінің төмендігі, құқықтық-заңнамалық базаның әлсіздігі сияқты бірқатар мәселелер кедергі болып отыр.

Әйтсе де тәжік жұртында  АҚШ-тай алып державамен жақындасып, оның жан-жақты қолдауына ие болуды дұрыс көретіндер немесе уақыт өткен сайын қуаттанып келе  жатқан Қытаймен қарым-қатынас жасағанды тиімді санайтындар, сондай-ақ, ЕАЭО-қа  қосылудан үлкен үміт күтетіндер де баршылық.   Екінші жағынан, «ЕАЭО баяғы КСРО-ны қайта қалпына келтіру әрекеті емес пе? Оған кіру арқылы біздің Тә­жікстан өзінің тәуелсіздігін жоғалт­пай ма?» деп қауіптенушілер де жоқ емес.

Айтпақшы,  жоғарыда аталған үш держава  ауған-тәжік шекарасын­дағы әскери-қорғаныс мәселесін де өз назарларынан тыс қалдырмауға ұм­тылуда. Осы жуырда ғана  Ресей үкі­меті Тәжікстанға танк пен артил­ле­рия  қаруларын жіберсе, Қытай  ауған әскеріне  қару-жарақтың ауыр түрлерін беру жөнінде шешім қабыл­дады. Ал, АҚШ  ауған жағының шекарасын нығайтуға күш салуда.

Дегенмен, Тәжікстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан  тиімді де ұтымды даму жолын таңдауы тәжік халқының өз еркі және қалауымен болуы тиіс.

 

«Ақшамның»  анықтамасы:

Эмомали Шәріпұлы Рахмон 1952 жылы Тәжікстандағы Куляб облысы Дангара елді мекенінде дүниеге келген. Орта мектепті бітіріп, еңбек жолын Қорғантөбедегі  май зауытында электрик болып бастаған. 1971 — 74 жж. аралығында КСРО-ның Тынық мұхиты флотында әскери қызметін өтеген. 1982 ж.Тәжік мемле­кеттік университетінің экономика факультетін  бітірген. 1976-88 жж. Куляб облысы Дангара ауданында ұжымшарда басқарма хатшысы, кәсіподақ комитетінің төрағасы болған. 1988-92 жж. сондағы Ленин атындағы кеңшардың директоры. 1992 ж. Тәжік КСР Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланып, оның жоғары қызметтерге өсуі осыдан басталды.

1992 ж. қарашада Куляб облыстық атқару комитетінің төрағалығына сайланған Э.Рах­монды елдегі азамат соғысынан туындаған аумалы-төкпелі де  аласапыранды оқиғалар ойламаған жерден президенттік билікке әкелді. Ол 1994 ж. қарашадан Тәжікстан президенті. Оған екі рет: 1997 ж. 30 сәуірде және 2001 ж. 8 қарашада қастандық жасалды. 2003 ж .22 маусымда өткен референдумда елдің конституциясына «бір адамға қатарынан жеті жылдық мерзіммен екі рет президент болып сайлануға рұқсат етіледі» деген түзету енгізілді. Бұл өзгеріс Э.Рахмонның президенттік тақта ұзақ отыруына жол ашты.

Э.Рахмонның президентік билігі тұсында 2003ж. мамырда  Тәжікстан мен Қытай арасындағы 130 жылға созылып келе жатқан шекара дауы шешілді. Негізінде, Пекин 28,5 мың шаршы шақырым территорияны даулап келген. Ол Тәжікстан жерінің 20 пайызын құрайды. Екіжақты келісім бойынша Шығыс Памир таулы ауданындағы 1,1 мың шаршы шақырым жер Қытай жағына берілді.

2011 ж. тамызда Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңес Э. Рахмонға «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» деген атақ берді. Кейбір халықаралық ұйымдар «президент мемлекеттің мүддесінен отбасының мүддесін жоғары қояды, отбасы мүшелері ірі кәсіпкерлікті иеленіп алған, жемқорлықпен байланысты» деп сынайды.

Отбасында 9 перзент:  жеті қыз, екі ұлдың әкесі. Ұл-қыздарының бәрі жақсы білім алып, жоғары қызметтерге қол жеткізген. Олардың қай-қайсысы  да Тәжікстандағы белгілі де ауқатты адамдардың балаларына тұрмысқа шығып, қыздарына үйленген.

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *