ТӘЖIБАЕВТЫҢ ТАЯҒЫН ГРОЗНЫЙДЫҢ ГҮРЗIСIНДЕЙ КӨРЕТIН

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

15Тұмағаң туралы естелiк жазамын деген ойыма келсейшi. Томпиып, жы­миып тұрған ақын ағаны оралмасқа кетедi деп ойласамшы. Қасымызда күнделiктi жүрген жандарды мәңгi өмiр сүретiндей көремiз. Ажал оғы кенеттен атып құлатқанда ғана саны­мызды соғып, бармағымызды шайнап қаламыз.

Мен Алматыда студенттiк жыл­дарды кешiп жүргенiмде Тұманбай Молда­ға­лиев «Жазушы» баспасында редак­тор болып iстейтiн. Ұмытпасам, поэ­зия бөлiмiнде едi, бастығы — белгiлi ақын Ғафу Қайырбеков бола­тын. Шәмiл Мұхамеджанов ағамыз да сонда едi. Бұларды сыртынан бiлсем де, бiр көруге асық болып жүр едiм. Оқулықтардан, газет-журналдардан жүздерiне қанық болған қадiрлi қа­лам­герлердiң қолдарын алып аман­дасу бiз үшiн ғанибет едi. Студент кезi­­мiзде қол тие қалса, жүгiрiп Жазу­шылар одағына  жетiп келiп, тiрi ақын-жазушыларды көрiп, мәз-мей­рам болу­шы едiк. Сонда мен Тұман­бай ағамды көруге асықтым. Лири­калық өлеңдерiн қыздарға жатқа соғып, өзiмiз жазғандай қайқайып, қас­қа­йып жүрген шағымыз едi. Мен Тұ­ман­бай ағаны алғаш рет «Жазушы» баспасында көрдiм. Дембелше жүзi күлiмдеп, көздерi ұшқын атып тұра­тын қараторы жiгiттi бiрiншi көргенде өзiмше қомсынып қалғаным бар. Неге дейсiз ғой? Сон­шалықты тамаша махаббат жырларының авторы сұлу, аққұба, ұзын бойлы, шашы бұйра әрi өзi тәкаппар болар-ау деп топшылай­тынмын. Сөйтсем, кәдiмгi дембелше, қараторы, қағiлез жiгiт екен. Қоңыр үнiмен кiсiнi баурап алады, көбiне «бауырым» деп сөйлейдi. Қолын қойдырып алайын деп, бiр кiтабын ала барғанмын. Сол ақындар әуле­тiнен тұңғыш қолтаңба едi, кейiн қолды боп кете барды.

Тұмағаңның өзiн көргеннен кейiн, бiрде-бiр өлеңiн жiбермей оқитын болдым. Кештерде, тойларда жатқа айтып жүрдiм. Рас, басқа да жақсы көрген ақындарым бар едi, бiрақ, мен үшiн Тұманбайдың орны бөлек едi. Ол оттай ыстық өлеңдерiмен, бала мiнезiмен жүрегiмдi жаулап алды. Сол кезде студенттер арасында қол-дәптерлер қыдырып жүретiн. Қолыңа тигенде әйтеуiр бiрдеңе жазып қайтаруың қажет. Сол дәптерлерге мен Тұман ағаның сүйiспеншiлiк жайлы жолдарын жазып жiберетiнмiн. Қайран, сол сағынышқа толы дәптерлер қайда жатыр екен? Әрбiреуi бiр-бiр жинаққа тепе-тең болатын, онда шын жүректен шыққан шырайлы сөздер жазылатын едi, астына аты-жөнiмiздi жазып қоюшы едiк.

Бәрi есiмде, менiң бiрiншi өлеңдер жинағым «Жазушы» баспасының поэзия бөлiмiнде талқыланды. Тайыр Жаро­ков, Iзтай Мәмбетов, Сағи  Жиенбаев, Тұманбай Молда­ғалиев қатысты. Әрбiреуi сөйлегенде бетiмнен отым шығып, әзер шыдап отырдым. Менiң «Тұңғыш» деп аталған жинағым сондай атақты ақындардың, алқалы ағалардың алдынан өтедi деп ойлаған жоқ едiм. Олар кейбiр кемшiн тұстарымды, жолдарымды айтып, түзетiп шықсын деген пiкiр бiлдiрдi. Сол жылдары менiкiндей жетi жас ақынның «Тұңғыш» кiтаптары жарық көрдi. Менiң жинағымның редакторы Тұмағаң болды. Құстың қанатындай ғана кiш­кентай жинағыма жол болсын десiп, демеп, қолтығымнан сүйеп жiберген ақындардың аялы алақандарын  әлi күнге дейiн ұмытқаным жоқ. Бiрiншi көрген жақсылығың ұмы­тылмайды екен.

Бiр күнi университетте тарихтан Қарағұсовтың дәрiсiн тыңдап отыр едiк. Шетте отырған бiр бала ақырын сыбыр ете қалды. Панфилов пен Комсомол көшесiнiң бұрышын­дағы кiтап дүкенiнде Тұманбай Молдағалиевтың «Студент дәптерi» деген өлеңдер жинағы жаңа түсiптi дедi. Қоңырау соғылғанша дегбiрiмiз қалмады. Бiздер үшiн бұл өте бiр жақсы хабар едi, қалайда алып үлгеруiмiз керек. Үзiлiс кезiнде әлгi дүкенге қарай тұра жүгiрдiк, бiр-бiрiмiзбен жарысып келемiз. Келсек, ұзын шiрет тұр, бәрi де «Студент дәптерiн» сұрайды. Қаз-қатар тiзiлiп тұра қалыстық. Соңғы даналарына iлiгiп қалдық. Бұрын баспасөз беттерiнде жарияланып жүрген таңдаулы лирикалары енiптi. Сол күнгi жатақханадағы кеш Тұманбайдiкi болды. Кейiн одаққа барып, қолын қойдыртып алдық. Оқушы да мәз, ақын да мәз. «Студент дәптерi» үнемi жастығымыздың астында жатушы едi, композиторлар таласып-тармасып Тұмағаң сөздерiне әндер жазды. «Сезiм шiркiн ақ жаңбырға ұқсай­ды, Алматыда жаңа жауып басылған» деп тойларда Тұмаш сөздерiн тербетiп жүрдiк.

Университетте жас әдебиетшiлердiң бiрлестiгi бар едi, оны Сұлтанғали Садырбаев ағамыз басқаратын. Сол бiрлестiктiң үшiншi жиыны болып, Мұхтар Әуезов сөз сөйледi. Бұл бiр тарихта қалған атақты кездесу едi. Мұхаң­ның жастар поэзиясы, жас ақындар жайлы толғауы жас жүректердi ерекше тебiренткен едi. Мұхаң болашағы бар деген бiр топ ақындарды атады, сонда ең бiрiншi Тұманбай Молдағалиев есiмiн алдымен айтты. Ұлы Мұхаңның сол дуалы сөзiнде тiзiлген жас ақындар тобы кейiн сенiмдi ақтап, атышулы қаламгерлер атанды.

Тұмаштың мiнезi қызық едi, табан астында томсарып, қабағын түйе қалады, жауатын бұлттай төбеңнен төнедi, ал, бiр қарасаң, дәнеңе болмағандай жадырап, күлiм қағып шыға келедi. Ондайда әлдекiмдi боқтап, бұрқырап алады да, сабасына түскен тау өзенiндей сабырлы ағысқа көшедi. Тұмағаңның өлең оқуы да басқа ақындардан бөлектеу едi. Жайлы қоңыр даусымен жүректерге жай тауып жататын. Кейбiреулерiмiздей бақырып-шақырып, қылқынып оқымайтын. Табиғат берген қалпымен, сәнiмен самғап өте шығатын, кiсi көңiлiн қалдырмауға тырысушы едi, жалпылдауы жоқ болатын, Жаратқан берген баяу тiрлiгiн жақсы жалғастырып жүрушi едi.

Жүремiн бiреулерге мен де өшiгiп,

Қайтейiн соның бәрi пендешiлiк, –

деген жолдарында мiнезi тұр. Өзiнен озып кеткендi қызғанбайтын, аяғынан шалмайтын, кеудесiнен итер­мейтiн. Кейде тәкаппар бола қалып, атышулы ақын екен­дiгi есiне түсiп, тұсына келгендi тосырқап қалушы едi, бiрақ,  көп ұзамай кәдуiлгi Тұманбай қалпына түсушi едi.

Ол өзi ұнатқан үлкендердiң құшағына еркелеп кiрiп кететiн. Әсiресе, Әбдiлда Тәжiбаев атасымен игi қарым-қатынас жүргiздi. Әбекең де Тұмашты туған баласындай жақсы көрдi. Әбекеңнiң таяғын көргенде, Грозный патша­ның гүрзiсiн көргендей болатын. Сәтсiз өлең туып қалса Әбекеңнiң таяғы арқамды осады-ау деп қоятын. Сырттай, iштей қарасаң да әкелi-балалы секiлдi едi. Еркелеуi де ерекше едi, әзiл-қалжыңы да бар едi, әйтеуiр жарасып тұрушы едi. Кейiнгi жылдары Қадыр Мырза Әлi екеуiнiң жұбы жазылмады, әзiлдескендерiнiң өзi бiр қазына едi. Қадыр кеткеннен кейiн ол тiптi жетiмсiреп  қалды. М. Әуе­зов драма театрының алдында Қадырмен қоштасу кезiнде сөйлеген сөзiнде ол: «Қадыр-ау, қадiрлiм-ау, ендi кiммен қалжыңым жарасады, менi қайда тастап барасың» деп күңiренген едi.

1970–1973 жылдары мен Мәскеуде аспирантурада оқып жүргенiмде қосымша КСРО Жазушылар одағында Қазақ­стан әдебиетi бойынша кеңесшi боп iстеген едiм. Талай жазушыны қарсы алып, талайын шығарып салдым. Тұма­ғаңды Карловы Варыға аттандырып салғаным есiмде, сосын күтiп алдым. Жатақханада тұрушы ек, зайыбым екеумiз ақынды шақырып шай бердiк. Қатты риза болды. «Келiнге өлең арнаймын» дедi, бiрақ, жазған жоқ. Анда-санда «Тұмаға, келiнiңiз өлеңдерiңiздi күтулi» десем, «тағы да бiр қонаққа шақырасыңдар-ау» деп әзiлдейтiн. Мен бiлетiн Тұманбай Молдағалиевтiң кейбiр қырлары осындай едi.

Өтеген КҮМIСБАЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *