ТҰҢҒЫШ ТРАМВАЙШЫ

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ НАФИЗАНЫҢ ЕҢБЕГІ ЕЛЕНІП, ОНЫҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛСЕ ДЕЙДІ ҰРПАҚТАРЫ

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Алматыда туып-өскен, Алматыға білім алуға келіп, осы бір сұлу қаланың тұрақты тұрғыны болып қалған жұрттың сонау кеңес дәуірінің өзінде аялдамаларды алдымен қазақ тілінде, содан кейін барып орыс тілінде хабарлайтын, өзі жүргізушісі болған №4, №10 трамвайдың ішін қоныр даусымен әнге бөлейтін,  әзілқой, жолаушыларды жақсы көңіл-күймен қарсы алып, шығарып салатын тұңғыш трамвайшы қазақ қызы Нафиза Әбдіқасымова (Кир­баеваны) жұрт біле ме екен? Қазір Тәуелсіздігімізді алғанымызға жиырма жеті жылға жуықтаса да Космонавт, Коммунист, Комсомол, Карл Маркс, Ташкент деген көше атауларынан арыла алмай жүргендерді көргенде сол Нафизаның қоңыр дауысын сағынар ма екен? Сағынар, бәлкім… 

Қаламыздағы өзгенің ұлтандарына бұйырған бір көшеге сол кісінің аты неге бұйырмады екен?  Әлде, ол кісінің еңбегін дәріп­тейтін қозғаушысы бола қоймады ма екен деген секілді ойлардың жетегінде отыр­ғанда, Нафиза апаның сіңіліcімін деп өзін таныстырған Қабатай (балалық шақта Қабибат) үстелдің үстіне ол кісі жайлы мәліметтерге негіз болар біраз құжаттар мен суреттерді үйіп тастады. Сарғайып, жазуы мен бейнелері өшуге айналған құжаттар мен суреттерге қарап отырып, ауылда оқып, ауылда өскен қазақ қызын бұл салаға не жетелеп әкелді екен, ат арбадан басқа көлікке мініп көрмеген қазақ қызының мінезі де, жүріс-тұрысы да бөлектеу, техника тілін меңгеруге деген қызығушылығына не түрткі болды екен деген сауал тағы туындады. Суреттерді қарап отырмыз. Сонау қырқыншы жылдың басынан бастап түсірілген кейбір сурет­терден адамның бет-бейнесін анық көру мүмкін емес, дегенмен, Нафиза апамыздың орыстардың ортасында жарқырап тұрған жүзін, қайсар мінезін айнытпай тануға болады. Өзге тілді ортада жалғыз өзі болса да, өзгелерден өзгешелеу екендігін таны­тып-ақ тұр. Келбеті де ерекше. Нафиза апайдың сексенінші жылдарға дейінгі трамвай жүргізуші қыздармен түскен суреттерінен қазақ қыздарын кездестіре қоймадық. Ол түсінікті де. Ол кезде бұл техниканың тізгіні орыс қыздарына ғана тиесілі көрінетін.

– Тоқсаныншы жылдардан бастап қой, қыздардың трамвай, троллейбус жүргізе бастағандары, ал менің Нафиза тәтем трамвай жүргізген тұңғыш қазақ қызы болған. Ол кісі қарапайым ғана жүргізуші болып жүріп-ақ адамдарға қолұшын беріп, көмектесіп, трамвай-троллейбус депосының жұмысын жақ­сартуға, осы электр көлігін жүргізуге қазақ қыздарын көптеп тартып, өзге ұлт өкіл­дерімен иық тіресе еңбек етуге баулыған, үлкен жүректі тәлімгер болған. Алматы қаласының коммуналдық-шаруа­шылық саласын, жолаушылар тасымалы қызметін жақсартуға қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Бірақ…

Қабатай сіңіліcі көзіне іліккен жас пен өңешіне тығыла кеткен өкінішін жасыра алмады. Сәл үнсіздіктен кейін әңгімесін жалғаған Қабатай әпкей осы уақытқа дейін Нафиза апайының еңбегінің жеткілікті дәрежеде еленбегенін, мемлекеттік жоғары марапатқа ие болмағандығын жеткізді. Бір мекемеде елу жыл бойы табан аудармай еңбек еткен адамның жоғары марапатты иеленбеуінің себебін де жасырмады.

– Кеңес дәуірінде қазақ ұлтының көп игіліктерден шеттетіліп келгендігін айта келе, еліміздің ең алғашқы электрлі көлігін тізгіндеген қарапайым ғана қазақ қызы қандай марапатқа болса да лайықты емес пе, міне қараңызшы, сонау Сталлиннің қолы қойылған мерекелік медальдар мен сала басшылары мен министрліктерден алған Мақтау қағаздарынан басқа жоғары марапаты болмапты. Тәтемнің ең қастерлі құжаты мына 1963 жылы 6-шақырылған Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат бо­лып сайланды деген депутаттық билеті мен Еңбек Ардагері деген кітапшасы еді, – деп, қолымызға қоңыр-көк куәлікті ұстатты. Арада елу бес жыл өтсе де, куәлік сол қалпында сақталыпты. Бұдан басқа Нафиза Кирбаева апамыздың Алматы қалалық, Совет аудандық кеңесінің депутаты болып сайланған куәліктері де сақталыпты. Еңбек Ардагері Дербес зейнеткер. Мәскеуде өткен Кәсіподақтар ұйымы қызметкерлерінің съезіне қатысқан суреттерін көргенде, депутаттардың ішінде осы жалғыз қазақ қызының бейнесі көзге оттай басылады. Венгрияда өткен ком­муналдық-шаруа­шылық саласының қыз­меткерлерінің халықаралық   жиынына    қатысқан,   Вен­г­рияның сол кездегі мемлекет басшысы Янош Кадрмен кездесіп, ой бөліскендердің қатарында біздің Нафиза апамыздың болғандығын мақтан етуге болады. 1993 жылы еңбек демалысына шыққанымен де қоғамдық жұмыстан тыс қалмай, әріп­тестерімен хабарласып, ақыл-кеңестерін айтып отыратын,– дейді биыл дүниеден озғанына он жыл толған Нафиза апайын сағына еске алған Қабатай. Сарғайған суреттерден қарапайым қазақ қызы Нафиза апайдың нағыз халық қалаулысы болған­дығын көруге болады. Қыстың қақаған суығына қарамай сонау алыстағы малшы ауылын аралау, зауыт, фабрика­ларда, құрылыста жұмыс істейтін жұмыс­шылардың тұрмыс тіршілігімен танысу, оларға қолұшын беру халық қалаулысы ретінде ғана емес, әйел-ана ретіндегі ең басты парызы болғандығын аңғару қиын емес. Нафиза апайдың қам­қор­лығымен талай ауыл баласы Алматы­дағы жоғары оқу орындарына түсіп, бүгін­де әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр.

– Депутат болып сайланған жылдары еліне, қазақ балаларына, қарапайым қала, ауыл тұрғындарына көрсеткен көмегі де зор, айта берсем, халқына сіңірген еңбегі ойға орала береді. Ауылды жерге су тартқызып, ауылды көркейтуге қосқан үлесін ол кісінің көзін көргендер күні бүгінге дейін айтып отырады. Қаланың баласы қалада болған­дықтан міндетті түрде жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады, ауыл балалары оқуы керек деп, малшылардың талай қара домалақ балаларын қалаға мектеп-интернатқа оқуға орналастырып, олардың жоғары білім алып, өмірден өз жолдарын табуына септігін тигізді. Сол балалардың ішінен дәрігер де, заңгер де, химия саласының мамандары, физик-инженер де шықты. Өте ұлтжанды еді. Біз қазақпыз, қазақша сөйлеуіміз керек деп отыратын еді. Тәтемнің сол сол талабын енді түсініп келемін»,– дейді халық қалаулысы, халқының құрметті қызы болған Нафиза апасына деген сағыныш сандығын ақтарып тауыса алмаған Қабатай әпке. Адамға кейде қиын тағдырдың өзі қайрат береді. Нафиза апай да тағдырдың талай қилы кезеңін басынан өткеріпті.

Сонау отыз жетінші жылғы зобалаң Алматы облысының қазіргі Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауының бөк­теріндегі «Талап» ауылының тұрғындары Нафиза апайдың ата-анасы Әбдіқасым мен Шәйбүбі Қасқарауовтар әулетін  де айналып өтпепті. Ата-ана өміріндегі осы қиындық­тарды көріп өскен Нафиза қыздың қайсар қайтпас мінезді болып, ержетуі сондықтан болар. Оны Алматы тарихындағы ең алғашқы электр көлігін тізгіндеуге жетелеп әкелген де сол қайсар мінезі екендігі даусыз. Қырық екінші жылы Алматыда ең алғаш рет трамвайдың жүргізушілері мен билет бақылаушыларының курсы ашы­лыпты. Нафиза апай осы курсты бітірсе керек.

– Кейін мен еңбек жөніндегі маман­дарына барып жолыққаныммен, олар тәтемнің құжаттарының толық сақталма­ғандығын айтты. Мұны жауапсыздық дегеннен басқа ешнәрсе айта алмаймын,– дейді, тәтесінің еңбегінің дұрыс дәріптелуін талап еткісі келетін Қабатай. Бір мекемеде елу жыл еңбек етіп, бірде-бір ескерту алмаған, техникалық қауіпсіздік талонына бір ескертпе түсірмеген Нафиза Кирбае­ваның еңбегі қалай дәріптесек те лайықты екендігі даусыз. Қалалық мұрағаттарды ақтарған адам Н.Әбдіқасымқызы Кир­баеваның Алматыда есімі сақталуға лайықты, бүгінгі ұрпақ мақтаныш тұтатын тұлғаларымыздың бірі екендігіне көз жеткізетіндігі де ақиқат деген  Қабатай әпкейдің Алматының бір көшесіне немесе болашақта Алматыда салынатын жеңіл рельсті көлік депосына Нафиза Кирбаева­ның есімі берілсе, сол жерде тұңғыш трамвайшы қазақ қызы жайында мұрағат бұрышы ашылса деген арманы бар трам­вайшы қыздың сіңілісі Қабатай әпкейдің. 1002 жылдық тарихы бар қаламыздың өркендеуі мен дамуына өзіндік үлес қос­қан, қала тұрғындарының сүйікті тұлғасы бола білген, туған жеріне ерен еңбегімен ту тіккен, отансүйгіштік қасиетімен танылған Нафиза Кирбаеваға бір көшенің атын берсек, артық болмас деген ізгі ниет біздің де санамызға қонақ­тай кетті. Ал сіз Нафиза Кирбаеваның трамвай жүргізген тұңғыш қазақ қызы екендігін білесіз бе, ондай болса, ол кісінің еңбегін білсеңіз, бірге жұмыс істеген, шәкірті болған, халық қалаулысы ретінде шарапатын көрген адам болсаңыз, хабарласып, пікір білдіріңіз. Марқұм Нафиза апайдың ұрпақтарының тілегі орындалып жатса, соған қосқан үлесіңіз болсын. Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойынан түңілсін деген емес пе, өзіміздің осындай тұлғала­рымызды қадірлеп, бүгінгі ұрпаққа үлгі ету басты парызымыз екендігін ұмытпайық!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *