ТҰҢҒЫШ ХАЛЫҚ ӘРТIСI

99-4817-4Қазақтың ұлттық сахна өнерiнiң айбарына айналған асқан шебер, республикамыздың тұңғыш халық әртiсi Елубай өмiрзақовтың кәсiби театр өнерiн қалыптастырудағы орны алабөтен. Ол өзiнiң ұлы жерлесi Бейiмбет Майлиннiң кейiпкерлерiн сахнаға шығарумен шығармашылық қызметiн бастаған. Елубай өмiрзақов өмiрiнiң ақырына дейiн Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қарашаңырақтан қол үзбей, драма өнерi жарық жұлдыздарының бiрi болып дүниеден өттi.

Ол Қостанай облысы, Таран ауданының Ақтөбе ауылында қарапайым шаруаның шаңырағында дүниеге келген. Мүлдем балаң кезiнде-ақ, Б.Майлиннiң “Қаламқас” атты пьесасында екi рөлдi қатарынан иемдендi. 1919–1922 жылдары театрлық көркемөнерпаздардың «Қызыл керуен» (Жангелдин ұжымы) үйiрмелерiне мүше болды. 1923-1924 жылдары Орынбор қаласындағы Қазақ мұғалiмдер институтында оқи жүрiп, осындағы Свердлов атындағы клубтың жанынан ұйымдастырылған әуесқойлар труппасында Әуезовтiң “Еңлiк-Кебек” және Ерданаевтың “Малқамбай” атты сахналық қойылымдарында Абыз және Малқамбай рөлдерiн сәтiмен орындады.

1926 жылдан бастап, Елубай өмiрзақов Қызылорда шаһарындағы қазақ драма театрының алғашқы актерi, ұлттық кәсiби театрымыздың белсендi ұйымдастырушысы және оның негiзiн салушы болды. Ол театрдың үздiк көркем қойылымдарында жетекшi рөлдердi кемелiне келтiре орындады: М.Әуезовтiң, Н.В.Гогольдiң, Ғ.Мүсiреповтiң, Б.Майлиннiң “Еңлiк-Кебек”, “Қарагөз”, “Бәйбiше-тоқал”, «Түнгi сарын», «Абай», «Үйлену», «Ревизор», «Ақан серi – Ақтоқты», «Майдан» және т.б. пьесалардың негiзгi қатысушысы болды. 1936 жылы КСРО астанасы Мәскеуде өткен қазақ өнерiнiң онкүндiгiне қатысты.

Е.Өмiрзақов – Қазақ опера және балет театрын да ұйымдастырушылардың бiрi (1934 ж.). Ол “Айман-Шолпан”, “Жалбыр” атты музыкалық қойылымдарда айрықша шеберлiк танытып, жекелеген концерттерге әншi ретiнде қатысты. Әйгiлi актер, әсiресе, комедиялық рөлдердiң озық орындаушысы болды.

Ол ұлттық кино өнерiнiң дамуына да қызу атсалысып, 20-ға жуық көркемфильмдерге түстi. Халық батыры Амангелдi Иманов рөлiнде тамаша ойнап, өзiнiң ерек дарынын драмалық актер ретiнде айқын танытты: “Абай әндерiндегi” – Ерден, “Алдар-көседегi” – Бақсы, “Дала қызындағы” – Ақтанбай, “Ата-мекендегi” – Қария кескiндерi көрермендердiң мәңгi жадында.

Ұлы актер Е.Өмiрзақов М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театры сахнасында өткен өзiнiң жарты ғасырлық шығармашылық өмiрiнде көрермендердiң көңiлiнен шыққан 200-ге жуық сахналық бейнелердi кейiптеген.

Әртiстiң дарын мүмкiндiгi шексiз-тiн. Ол қазақ сахнасында Николай Погодиннiң “Мылтықты адам” пьесасындағы В.И.Лениннiң сахналық тұлғасын тұңғыш жасаған өнер иесi.

Иә, өнерпаз өмiрiн ендi сәл таратыңқырап айтайық. Үлкен-кiшi оны Елағаң дейтiн. Артық сөзге жоқ, көбiнше, өзiмен-өзi, жекелеу жүретiн кiсi едi. Алғаш көрген адамына ақтарыла сыр шаша бермейтiн бiртоға мiнезi болды-ау деймiн.

Ол кездерi – жасырақ кезiмiз. Үлкендерге сәлем бергендi зор мәртебе тұтар едiк. Оның үстiне, болашақ өнер мамандары болатын бiздер үшiн ұлт театрының әйгiлi ұйымдастырушыларының қолын ұстау керемет сыпайылық көрiнетiн. Қазiр ғой, ешкiм ешнәрсеге таңғалмайтыны. Қайсыбiр жастар, тiптi, Абай мен Әуезов қол ұстасып қатар келе жатса да, түк көрмегендей, түк бiлмегендей-ақ, олардың жандарынан жайбарақат өте шығуы бек мүмкiн.

Ал, бiздiң буын Қаллекидi (Қуанышбаев), Серағаңды (Қожамқұлов), Қапекеңдi (Бадыров), Құрекеңдi (Жандарбеков) көре қалсақ, қолымызды ала жүгiрiп, тұрған орнымыздан тапжылмай, қалшиып тұра қалушы едiк.

Серағаң, жарықтық, амандаса бере, бiздердi мүлдем баласынбай, қалжыңдаған қалпы, әлденелердi тауып айтып, iшексiлесi қата күлiп, өз жолымен кете баратын.

Қапекең де өзiне амандасқан жастарға кәдiмгiдей мән берiп, қайда оқитынымызды сұрастырып, кей кездерi тұра қалып, өнерде оқитынымызға аталық қуанышын бiлдiрiп, бiрлi-жарым ақыл-кеңестерiн де айтып жiберетiн.

Ал, Құрекең, марқұм, бiрде сәл тәкаппарлау, бiрде паңдау, бiрде алқын-жұлқын ала-құйын мiнездiң жетегiнде жүре сәлемдесуiмен есте қалғандай.

Бұл айтылғандардың көбi – бiздердiң шәкiрт кездерiмiзге қатысты әсерлер. Кейiн-кейiн ғой, ағалармен қоян-қолтық араласып, кәдiмгiдей қызу әңгiмелесу құрметтерiне ие болғанымыз. Серағаңмен кездескен тұстарда сағаттап сөйлесiп, Қапекеңмен достық қарым-қатынасымыздың үдегенi сонша, дүниеден озар алдындағы өзiнiң қайсыбiр аманаттары мен мұрағаттарын маған сенiп қалдырып кеткенiн әлдеқандай өзiме зор мақтаныш тұтамын. Олар турасындағы бiзге дейiнгi өнер әдебиеттерiнен оқығандарымыз өз алдына, сол киелi кiсiлермен тiкелей кездесу-қауышулардың нәтижесiнде көп нәрселер жазылып, қағазға түстi. Күнделiктi шәкiрттер алдында оқылар дәрiстерiмiзге тақырып тұздығы ретiнде сол естiген-бiлгендерiмiздi жиi пайдаланып та жүрмiз. Оқығаның, сырттай бiлгенiң бiр басқа, ал, көзбен көрiп, әлгi өнер абыздарының өз ауыз дарынан естiген-тыңдағандарың мүлдем өзгеше әлем, бөлек әсер.

Айтайын дегенiм, Елағаңмен ағыл-тегiл сыр шертiсе алмадым. Үлкен актермен әмпей-жәмпей араласып, бар бiлгендерiн көкейiме құйып ала алмадым. өкiнiшiм сол. Талаптанып, тырысып бақтым. Әйтеуiр, ретi келмедi. Бiрде, тұнжырап отырып алды. Бiрде, денсаулығының болмай жүргендiгiн тiлге тиек еттi. Әр жолы көңiл-күйiнiң пәстiгiн байқап жүрдiм. Мұңға толы жанары солғын тартып, әжiмдi жүздерi әлденеден әлсiрегендей, тақырлай қырып тастаған үлкендеу басына (неге екенi белгiсiз) дастархандай қол орамалын жауып тастап, елеусiз ғана отырған бiр кездергi Амангелдiнi, Отеллоны ойнаған алып та арқалы актердi бiр сәт көз алдыма елестете алмағаным да рас.

Несiне күлбiлтелейiн, тұрпаты шағын ғана, ашаң денелi, орта бойлы актердi алпамса бiтiмдi, гүжбендей қара мавр Отелло қалай мойынсынды екен деп, күдiк-күмәнға кеткенiмдi де жасырудың ретi жоқ секiлдi. Осындай-осындай дүдәмал сауал- дарыма жауап алудың, ақыры, сәтi түспедi.

Елағаң турасында кең көсiлiп, қолтығым сөгiле жаза алмаған аз-мұз өкiнiштерiм әлi де тарай қойған жоқ. Елағаң – қызық тағдыр иесi. Менiңше, өзгеше құбылыс. Сиректер санатындағы шығармашылық тұлға. Тұңғыш театрымыздың алғашқы актерлерiнiң бiрi. Тұңғыш халық әртiсi атанған дара өнерпаз. Тұңғыш көркемфильмнiң («Амангелдi») бас орындаушысы. Қайтсек те, шығармашылық құпиядан құр болмаған жұмбақтау жан.

Ең жақын араласқан әрiптес-iнiлерiнiң бiрi – ұлы Шәкен Айманов болған. Қос талант иелерi өзара ғаламат сыйласқан. Әр жолы кино түсiру алаңынан оралған режиссер Аймановтың асыға бас сұғар шаңырағы қашанда өмiрзақовтар отбасы екендiгiнен хабарымыз бар. «Атамекен» көркемфильмiндегi Қария бейнесiн әуел бастан-ақ, Шәкен ағаның Елағаңа телiгенi тегiн емес. Атақты ақын Олжас Сүлейменовке арнайы тапсырыспен жедел жаздыртып алған сценарийдiң бас кейiпкерiн дәл Елағаңдай трагедиялық, философиялық деңгейге көтерер актерге сенiп тапсыруы – ұлы Шәкен Аймановтың бұлтартпас көрегендiгi. өмiрзақов пен Айманов ойларының қапысыз тоғысулары осыны аңғартады. Туған жерге деген сағыныш, төл топыраққа деген алаулы сезiм фильмнiң өн бойында толассыз жалын атады.

Тек, «Атамекен» бе екен? Айманов таспаға түсiрген «Алдар көседегi» Бақсының күлкiлi кейпi эпизодтық шеңбердiң шекарасынан шығандай тартқан. Бұл да болса, өмiрзақов өнерiнiң тылсым құдыретi. Сөзi жоқ, мәтiн атаулыдан мақұрым, тек актерлiк импровизация мен актерлiк қиял тапқырлықтарына құрылған iс-әрекеттер төңiрегiнде ғажайып көрiнiстер жасаған хас шебердiң табиғи тiрлiктерi кiсiнi қыран-топан күлкiге көмiп тастағаны жадыңызда болар. Жаһанды жалғыз кезiп, күлкi мен қасiреттiң ауыр жүгiн қатар арқалаған шарасыз бейбақ Бақсының тауқыметтi тағдырынан келелi ой түйесiз. Бет-аузы кисалаңдап, көздерi атысып-шатысқан, аузынан ақ көбiк атқылап, секiрiп билеп, селкiлдей келе серейiп құлап, ес-түссiз талып жатқан Бақсыны қайта бiр көз алдыңызға елестетiңiзшi! Даусы қандай қорқынышты! Үнi неткен үрейлi! Сол кезгi апай-топай қимыл үстiндегi Елубай-Бақсыдан нағыз Бақсының өзi тұра қашқандай емес пе? Актердiң, кезiнде, ел арасындағы нағыз бақсыларды көзiмен көргенiн, сол көргендерiн камера алдында ғаламат актерлiк машықпен шынайы сипаттап бергенiн кеудесiнде жаны бар кiсi ұғынбай тұра алмас едi.

Ал, ендi оны қоя тұрыңыз. Бiр кездерi Шекспирдiң Отеллосын кескiндеген актер, бертiн келе, жоғарыдағы автордың «Асауға тұсауындағы» қол-аяғы дiрiлдеп, тiзесi қалтыраған сұрықсыз Транионы қалай құлпыртып, комедиялық қалыпта құйқылжыта көрсете бiлдi десеңiзшiө Селтиген теке сақалы шошаңдап, белiне байлаған кiшкене қылышсымағын ербеңдете қоқаңдаған әлжуаз жанның кейпiне күлмеуге амалыңыз қалмайды. Қалай болғанда да, контрасттық бағамдарда тебiрене өнер толғайтын актер әмбебаптығы айқын көзге ұрып жататын. Трагедия, комедия, драма жанрларының өзiндiк психологияларын зерек аңдар аса аңғарымпаз шабыт иесiн айнақатесiз танып бiлдiк. Көргенi, бiлгенi, сезгенi мол, нағыз халықтық ортадан суырылып шыққан, ұлттық дәстүрде шығармашылық өрiс қалыптастырған ақберен әртiсiңiз – осы Елубай өмiрзақов екенi айқын.

Өз iсiнiң шын шеберi, сахна өнерiне ессiз берiлген фанат жан ешуақытта да кеуде қақпаған. Менмендiкпен жаны қас болған. Руханият әлемiнiң қарапайым, жай ғана жанашырындай көрiнер қасиеттерi кiшiпейiлдiлiкпен, кiсiлiкпен астасып жатар едi.

Елағаң жатыпатар қуақы мiнезден де құралақан болмаған. Әзiл-оспақ, қағытпа-қалжыңдарды жаны сүйген. Қысқасы, күлкiге «кет әрi» болмаған.

 Ән салу мәнерi де өзiнше қызық. Халық әнi «Нақ-нақты» Елағаңдай құбылтып орындаған ешкiм жоқ. Ол кiсi орындауындағы бiраз әндердi әлi күнге дейiн қазақ радиосының алтын қорынан тыңдап қоятынымыз бар. Алып бара жатқан зор даусы болмаса да, драма әртiсiне тән алғыр шеберлiгiмен, әр сөздiң мән-мағынасын ойнатуымен жұртшылық назарын еркiн баурап алары ақиқат.

Иә! Ауыл балаларының, кезiнде Амангелдi болып «атқа» қонбағаны кемде-кем. өзiмiз де солардың бiрi болдық. Амангелдi болу арманға айналған сонау бала күнгi қиялдар легi әлi күнге дейiн жүрегiмiздi жылытады. «Чапаев», «Амангелдi» фильмдерi бiздердi қанаттандырды. Жiгерлендiрдi. Жетiлдiрдi. Құйғыта шауып келе жатқан ат үстiнен мұрттай ұшар үрейлi көрiнiстерде өзiн-өзi ұмыта ойнайтын Елубай-Амангелдi әбжiлдiгiне қайран қалар ек. Ылғи да солай. Орыстың ер Чапаевын мүсiндеген арқалы актер Борис Бабочкин шеберлiгiнен қазақтың Имановын айнытпай нұсқалаған Елубай өмiрзақов әлеуетi (үстем түспесе) титтей де төмен көрiнген жоқ. Дублерсiз, каскадерсiз жұлдыздай аққан жүйрiк ат үстiнен сан рет қалпақтай «ұшқан» Елубайдың өжеттiгiне, қайтпас қайсарлығына фильмдi түсiрушi топ талай рет жағаларын ұстай таңғалысқан. Алғашқы қазақ киносының табысы әруақты актер Елубай өмiрзақов шеберлiгiмен тiкелей байланысты екендiгiне ешкiмнiң дауы болмаса керек.

Қазақстанның тұңғыш халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Елубай өмiрзақов еңбегiн ел-жұрты, билiк орындары барынша биiк бағалады. Ол Ленин, Октябрь революциясы, “Еңбек Қызыл Ту”, Отан соғысы, Құрмет белгiсi ордендерiмен және бiрнеше мемлекеттiк медальдармен марапатталған.

1980 жылы Қостанай облыстық филармониясына ұлы актер Елубай Өмiрзақовтың есiмi берiлдi.

Қазақ халқының аса дарынды өнерпазының дүниеден озғанына да қырық жылға жуық уақыт өттi. Бiрақ, бiздiң көңiлiмiзде де, көкейiмiзде де, көз алдымызда да оның сан ғасырларға ұласар кесек бейнесi, ол жасаған көркем кейiпкерлер легi тұр. Ол қазақ театр өнерiнiң жарқын символындай күнi бүгiнге дейiн ұлттық рухымыздың еңсесiн көтерер iрi тұлғалардың бiрi һәм қазақтың тұңғыш халық әртiсi ретiнде театр тарихында мәңгi қала бермек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *