ТӘУКЕ ХАН ТАҚҚА ОТЫРҒАН ЖЫЛ

36Алты Алаштың ардақтыcы, қазақ халқының рухани көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мешін жылы дүниеге келді

«Мешін» сөзінің негізгі мағынасы — адам тәрізді маймыл, бірақ, қазақтар кейбір қоныстанған өңір­лерде мешін деп су кенесін атайды». Бұл – Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет. Ал, белгілі жазушы Кәмел Жүністегі: «…Өз атауын таппай жүрген тек ай мен жұлдыз атаулары емес, жыл атауларында да кездеседі. Мешінді біз қазір маймылға апарып жүрміз. Біздің жас кезімізде, көнекөз қариялар «Мешін» адамның азғыны, кісі киік деп атаушы еді. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл «Қар адамы». Сол сияқты «доңыз» жылын жылды арамға бұйырмай, «Қара киік» деп атаған. Осылай атасақ, жастардың көңіліне адалдықтың сәулесін себе түспес пе едік.

Біз мемлекеттік идеология жоқ дейміз. Мемлекеттің идеологиясы халықтың ұлт­тық танымында жатқан жоқ па? Ұлттық таным – халықтың көкірегін ашады, ұрпақтың өз ұлтына деген мақтаныш сезімін арттырады. Ұлттық намыстан елін қорғайтын ерлер туады. Осы жағы бізде әлі жетпей жатыр…», – деп ашынып, ашығын жазады.

Қазақтардың пайым­дауынша, мешін – жайсыз жыл. Бұл жылы бүліншілік, сәтсіздіктер мен жайсыз оқиғалар көп көрініс берген. Сол себепті қазақтар мешін жылынан қауіптеніп, алдын-ала дайындық жұмыстарын жүргізетін болған. «Тас мешін» деп атанған 1920 жыл халықтың жадында. Осы жылы қазақ даласында есе­біне сан жетпейтін мал қы­рылған. 1931-32 жылдардағы алапат аштық та мешін жылына сәйкес келді. Алтын Орданың шығысындағы протоқазақтық ұлыс, кейіннен тәуелсіз мемлекет атанған Ақ Орда хандығы да 1428 – мешін жылы құлады. Мешін жылы (1680) «Жеті жарғы» заңдар жинағын өмірге әкел­ген Тәуке хан таққа отырып, ел биледі.

1917 жылғы 30 миллионға жуық мал басынан 1921 жы­лы бар болғаны 6,2 миллионы қалды. Мұстафа Шоқай өзінің «Қазақ жеріндегі аш­тық» деген еңбегінде қа­зақтардың Ленинге жазған хатынан үзінді келтірген:  «Қазақтарды індет кезінде және өте жаман санитарлық жағдайда медициналық кө­мектен айыру – қисынсыз нәрсе. Тіпті, киер киіміміз де жоқ, сондықтан әйелдеріміз сыртқа шығудан да қалды. Аштықтың жайлағаны сондай – адамдар иттің етін жеуге, балаларын сатуға дейін бар­ды. Әйтеуір, аштан өлмеудің амалын қарастырып, далба­салауда».

Одан әрі қазақтар былай деп жазған: «Советтің азық-түлік органдары қазақтардан тек алғанды ғана біледі, ал оған ештеңе қайтармайды. Тірі қойдың бір пұтына 80 сом төлейді, қазақтарды осыған зорлап көндіреді. Ал қазақтар болса, бір қорап шырпыны 150 сомға сатып алуда».

Қазақстанда 1921 жылғы аштық жеті губернияның бесеуін жайлап алған. Онда 2.653.300 адам тұратын еді. Бұл кезде Орынбор, Ақтөбе, Орал, Қостанай, Бөкей гу­берналарында, Адай уезінде ашаршылық аранын ашты. Қазақстанда 1921 жылдың қараша айында ашыққан­дардың саны 1.558.927 адам болса, мемлекет оларды 139.000 азық-түлік пайегімен (сыбағамен) қамтамасыз еткен, бұл ашыққандардың тек 9 пайызы («Ақиқат», 1994, №4, 51-бет).

Аштық зұлматы 1921 жылдың аяғы 1922 жылдың басында басқа жаңа ай­мақтарға жайыла бастады. Қазақ Республикасындағы төрт облыста халықтың екі миллионнан астамы, яғни, 59 пайызы аштыққа ұшыраған.

Белгілі Алаш қайраткері Нығмет Нұрмақовтың «Строи­­­тельство Казахстана» деген еңбегінде республи­кадағы ең бай өлке – Семей губерниясында 1917 жылы 5 миллион мал болса, оның 1922 жылы   2 миллионнан сәл-ақ астамы қалған. Сәйкес мерзімде 783 мың гектар егістік көлемі де екі еседен астам қысқарған. Демек, мұнда да адам шығыны аз болмағаны – түсінікті жәйт.

Қазақ жері патша зама­нында дөрекі түрде екіге бөлінді: оның орыстар қоныс­танған солтүстік бөлігінде егіншілік басым дамыды да, қазақтардың көбісі оңтүс­тіктегі әлі түрен тимеген жапан далада мал бақты. Большевиктер Қазақстанның осы ерекшеліктерін ескермеді. Әрине, реті келгесін айтып отырмын, аштықтың себеп-салдары өз алдына бір үлкен әңгіме.

Алайда, қазақ халқы қандай қиындық көрсе де, «жылдың жаманы жоқ, әр жылдың азды-көпті өз несібесі бар» деп, бәрін де құрмет тұтқан. Бабалардың өсиет жырларынан, мақал-мәтел­дерінен мұны аңғаруға болады. Сондықтан:

Тышқан жылы – тыныш­тық,

Сиыр жылы – сыйлық.

Барыс жылы – бірлік,

Қоян жылы – қамбалы.

Ұлу жылы – үлгілі,

Жылан жылы – жайлы.

Жылқы жылы – жұтсыз,

Қой жылы – құтты,

Мешін жылы – мерейлі,

Тауық жылы – табысты,

Ит жылы – игілік,

Доңыз жылы – дүниелі, – деп, қазақы қалыппен баға берген. Әр жылдың қадір-қасиетін ұлықтап, түсіндіріп отырған. Бұл адамдардың жандүниесінде ешбір жылдан қорықпау керектігі туралы сенімді ұялатады. Жылдың ауыртпалығы болатынын біліп тұрса да, табандылық таны­туға, жасымауға, жайбара­қат болмауға және қапы қалмауға шақырады.

Қой жылы біраз табысқа жеттік. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қа­зақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл­дығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ата Заңы­мыздың 20 жылдығын елдік деңгейде мерекелеп, лайықты атап өттік. Әлемнің бәсеке­лестікке қабілетті елу елінің қатарына қосылдық. Бүкіл­әлемдік сауда ұйымына мүше болдық.

Қой жылында қопаңдап,

Ат құйрығын кескен дос –

Мешін жылы мәз болып,

Түйістіріп төс пен төс,

Құда болып табыссын! – деген тілекті жолдар бар халқымыздың мерекелік баталарында. Осы тамаша тілекке қосыла отырып, әң­гімемізді аяқтаймыз. Мешін жылы мерейіміз өсіп, мәз болайық, ағайын!

 

МЕШІН ЖЫЛЫ ТУҒАНДАРДЫҢ СИПАТЫ

 

– Өзіне-өзі ғашық жандар. Сәнқой, ырду-дырдуды, көп көңілді басқосуларды ұна­тады. Өзін өзгелерден артық санайды.

Мешін белгісіндегілерге қиындықтың қай-қайсысы да шыбын шаққан құрлы әсер етпейді. Сізге оптимистік көңіл-күй тән. Білім алуға, жаңа мамандық игеруге биылғы жыл өте қолайлы. Бір мезетте барлық шаруаны қатар алып жүруге деген ұмтылыс бизнесте жолы­ңызға бөгет болуы мүмкін.

Мазалап жүрген қаржы мәселесін жыл басында реттеп алғаныңыз жөн.

Жұмыста жетістіктерге жету үшін көп еңбектенген дұрыс. Соның арқасында қазынаңыз біраз қампайып қалады. Жыл ортасында шаруаларыңыз шешіліп, достарыңызбен бас қосасыз. Уайымдамаңыз, жақын­да­рыңыз жасамаған қолдауды достарыңыздан көресіз.

Жеке басыңызда өміріңізді өзгертетін жаңалық баршы­лық. Өткен жылдағы жағым­ды жаңалық сіздің жұмысқа деген құштарлығыңызды арттырады. Соның арқасында шаруаларыңызды уақытынан бұрын орындап тастайсыз.

Алайда, бір істі бастамас бұрын ақылға салып, ойла­нып алғаныңыз жөн. Шешуші кезеңге аяқ бастыңыз. Шынайы сеніміңіз бен рухани күш-жігеріңіздің арқасында көздеген мақсатқа жетуге мүмкіндік аласыз.

 

МЕШІН ЖЫЛҒЫЛАРДЫҢ МІНЕЗІ

Бүгін бір нәрсе айтса, ертең-ақ ол ойынан айнып шыға келеді. Оларға сену қиын. Бірақ, ақылдылығы жағынан асып түседі.

Жолы болғыш, жоқтан барды құрастырып шығаруға бейім. Өз еркі өзінде болып үйренген. Қызба мінезді. Кез келген мәселеден сытылып кете салады.

Бірақ, Мешін жылғыларды ыңғайға бұрып, айтқанға көндіру оп-оңай. Жолында еш кедергі жоқ болса, биіктерден көрінуге жанын салады.

Әзірлеген – Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close