Тәуелсіздіктің тарихи шежіресі

Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыт – тарихи бір белес. Осы өткен мерзім аралығында Қазақстан кезінде Батыс Еуропа елдері ғасырлап өткен жолды артта қалдырды. Мемлекеттің демократиялы, зайырлы, құқықты ел ретінде дамуы үшін бәрі жан-жақты қарастырылған. Оны біз бүгінгі жүргізіліп жатқан саясаттан байқаймыз. Қазақстан басшылығы елді басқару ісінің әлемдік тәжірибесін кеңінен меңгеріп, өзіміздің ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың ел билеу дәстүрлерімен де ұштастыра алды. Ата Заңға енген жаңа өзгерістерге сай, Қазақстан Президенттік басқарудағы елден Президенттік – парламенттік басқарудағы елге айналған. Саяси жүйе жаңаруда. Заң шығарушы орган – Парламент пен саяси партиялардың белсенділіктері артып, ел үшін аса маңызды көп мәселені халық өкілдері шешетін болды.

Тарих шежіресіне жүгінсек, сонау 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс шақыртылған сессиясында «ҚР Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы Қазақстанды тәуелсіз ел деп жариялады.

1991 жылдың желтоқсанына дейін бұрынғы КСРО-ның қарамағында болған республикалардың бәрі мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған болатын. Қазақстанның саяси қайраткерлері Кеңес Одағының ыдырау, тарқау процестеріне белсенді араласты. Олар асығыстық жасамай, бұл процестердің баянды дамуының аяғын тосты. Оның себептері де жоқ емес еді. Қазақ елі Ресей құрамында ең көп болған республиканың бұрынғы метрополиямен ендесіп, шектесетін шекарасы да мол еді, ал кезінде большевиктер қалыптастырып кеткен демографиялық саясат салдарынан өз жерінде ұлттық азашылық жағдайына түскен қазақ жұртшылығының бұл мәселені шешуге сандық басымдығы да жетпейтін еді. Сондықтан республика тәуелсіздігі төңірегіндегі айтыстар әлі де қызу жүріп жатты. Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде алғаш АҚШ мойындады, екінші болып Қытай, одан кейін Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындаған болатын. Алғаш Қазақстанда өз елшілігін ашқан Түркия елі болатын.

1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік рәміздер қабылдау қажеттігі туындады. Мемлекеттік рәміздер – мәдениет пен тарихтың айнасы, ол азаматтардың ұлттық санасын оятуға қызмет жасайды және еліміздің қайталанбас мазмұнын баянды етеді. Н.Ә.Назарбаев 1992 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының музыкалық редакциясы туралы» Заңға қол қойды. Осы жылдың 11 желтоқсанында Әнұранның жаңа мәтіні бекітілді.

1992 жылы Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды. 1993 жылы 28 қазанда Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы, ал 1995 жылы 30 тамызда ҚР Жаңа Конституциясы қабылданды.

1993 жылы қарашаның 12-сі күні Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Жоғарғы Кеңес берген өкілеттігіне сәйкес, 15 қараша күні сағат 8-ден бастап елімізде ұлттық валюта – теңгені айналысқа енгізу туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. Осы сәттен бастап Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздіктің келесі және маңызды баспалдақтарының біріне көтерілді. Осылайша еліміз ұлттық валютасы бар елге айналды. Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жаңа кезеңге ұласты. «Мұндай оқиға әр елдің тарихында тек бір-ақ рет болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Баршамыз өзіміздің ұлттық валютамызды енгізудің қаншалықты қажеттігін және жағдайдың төтенше сипаты мен себептерін түсіне білуіміз керек. Біз үшін оның экономикалық қана емес, саяси маңызы да аса зор».

Ұлттық валюта – теңгенің айналысқа енгізілуінің әлеуметтік-рухани маңызы болды.Бұқара оны қуанышпен, шын мәніндегі мемлекеттік тәуелсіздіктің белгісіндей қабылдады. Экономикалық тәуелсіздіктің рәмізі іспетті бұл оқиға республика тұрғындары арасында болашаққа деген сенімді нығайтты. Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің де көтерілуіне септігін тигізді.

Н.Ә.Назарбаев ел ішінде ұлтаралық қатынасты сақтау және оны одан әрі нығайту үшін Республикада жаңа қоғамдық институт ашудың пісіп-жетілгенін, Президент жанындағы кеңес беруші орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын құру уақытының келгенін айтты. Осылайша Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 1 наурыздағы Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» құрылды. ҚХА-ның төрағасы – ҚР Президенті. ҚХА-ның мақсаты – республикадағы оқиғаларға баға беру және саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақты қамтамасыз ететін іс-тәжірибелік ұсыныстарды ойластыру, ҚР Президентінің республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілі ретіндегі қызметіне атсалысу болып табылды. Оның негізгі міндеттері арасынан мыналар бөліп көрсетілді: Ассамблея мәдени-ағартушылық – тілдер мен ұлттық мәдениеттерді, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту және насихаттау; тәрбиелік – қазақстандық және ұлттық отан сүйгіштікті қалыптастыру; ұлтаралық қатынастарды қадағалау негізінде ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту; Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері арасында достық қарым-қатынастардың дамуына негіз болатын мемлекеттік саясат жүргізу жөнінде ұсыныстар дайындау.

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мәртебесіне сай жаңа Конституциясы 1993 жылы қаңтардың 28-і күні қабылданды. Төрт бөлімнен тұратын Негізгі заң 21 тараумен 131 бапты біріктірді. Оның кіріспесінде былай делінді: «Біз, Қазақстан халқы, дүниежүзілік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, адам құқығы мен бостандығының басымдығын тани отырып, демократиялық қоғам мен құқықтық мемлекет құруға бекем бел байлап, азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді, өзіміз үшін және ұрпақтарымыз үшін лайықты өмірді қамтамасыз етуді қалай отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз». Бірақ Конституция елеулі жетіспеушіліктер мен кемшіліктерге толы болды. Атап айтсақ, конституцияны жасауда асығыстыққа жол беріліп, ел ішінде орын алған саяси-экономикалық және әлеуметтік процестерді бірден ой елегінен өткізу, мемлекетіміздің мүмкіндіктерін ғылыми тұрғыдан нақты айқындау әлі мүмкін болмады.

Осындай себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 жылы 30 тамызда өткен республикалық референдумда мемлекетіміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Онда мемлекетіміздің қазіргі таңдағы жағдайы, оның өркендеу үрдістері мен жер жүзінің жоғары дамыған елдерінің (соныңішінде Францияның) конституциялық тәжірибесі ескерілді. Сонымен қатар, 1993 жылғы Конституцияда орын алған кейбір қайшылықтар түзетіліп, бұлыңғыр және екіұшты қағидалар нақтыланды. Конституция 98 бапты біріктіретін 9 бөлімнен тұрады. Олар Жалпы ережелер; Адам және азамат; Президент; Парламент; Үкімет; Соттар және сот төрелігі; Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару; Қорытынды және өтпелі ережелер деп аталынады.

1995 жылғы Конституцияның кіріспесінде: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады: оның ең қымбас қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – делінген. 1995 жылғы Конституция Қазақстанды Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп жариялады. Президент елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын белгілейтін мемлекет басшысы, ең жоғарғы лауазымды адам болып есептеледі.

Республиканың жаңа Конституциясында заң шығарушы, атқарушы және сот билігі жүйелерінің міндеттері мен олардың өзара қатынастары барынша нақтылай айқындалған. Жаңа Конституцияның қабылдануымен елімізде президенттік басқаруды қалыптастыру ісі аяқталды.

1997 жылдың соңында Президент Н.Назарбаев 2030 жылға дейінгі Қазақстанның даму стратегиясын анықтап, онымен халықты таныстырды. Президент бұл стратегияны болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сезіміміздің көрінісі деп бағалады. «Қазақстан – 2030» стратегиясында қоғамның ұзақ мерзімді басым мақсаттары – жеті бағыт бөліп көрсетілді. Олар: 1. Ұлттық қауіпсіздік; 2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; 3. Экономикалық өрлеу; 4. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; 5. Энергетика ресурстары; 6. Инфрақұрылым, көлік және байланыс; 7. Кәсіпқой мемлекет.

Тек осы маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы мүмкін екендігіне сенім білдірілді.

Ғасырлар тоғысында Қазақстан қоғамы басынан өткерген ірі оқиғалардың бірі – Республика астанасының Алматыдан – Ақмолаға көшірілуі болды. Республика Президентінің 1995 жылғы қыркүйектегі жарлығы бойынша ел астанасының Ақмолаға көшетіндігі жарияланды. Бұл мәселе жөнінде Елбасы, Премьер-Министр, Парламент сенатының төрағасы және Парламент мәжілісінің төрағасы халыққа үндеу жариялады. Үндеуде 1997 жылдың 10 желтоқсаннан бастап Ақмола еліміздің астанасы болатындығы, енді бұл жерде Отанымыздың жүрегі соғатындығы айтылды. Ал арнайы құжаттарда: «Қазақстан–Еуразиялық ел, Ақмола – географиялық жағынан Еуразия материгінің кіндігіне орналасқан қала» дей отырып, қаланың барлық талаптар бойынша астана болуға лайық екені көрсетілген. Үндеуде: «ХХ ғасыр тарихында біз тұңғыш рет өзіміздің еліміздің астанасы жөнінде еркін шешім қабылдап отырмыз. ХХІ ғасыр табалдырығында өз таңдауымыз бойынша ежелгі Сарыарқа төсінде жаңа астана құрамыз», – делінген. Бірқатар дайындық жұмыстарынан кейін, 1997 жылы астана Ақмолаға көшірілді. Астананы ауыстырудың аса салмақты экономикалық, демографиялық, саяси себептері болды. 1998 жылы маусымда салтанатты жағдайда жаңа астананың тұсаукесер рәсімі өтті. Елдің жаңа ордасы Ақмола 1998 жылы 6 мамырда Президент Жарлығымен Астана қаласы деп өзгертілді.

Еліміз егемендік алғаннан кейін жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарында да бірсыпыра жаңа өзгерістер орын алды. Осы орайда, Қазақстанның тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатын жүргізуге қабілетті маман кадрлар даяларлайтын жаңа факультеттер ашылды. 1993 жылы үкімет жеке меншік университеттер ашуға заң жүзінде рұқсат беріліп, олардың саны арта берді. Алайда, жоғары оқу орындарының саны көп болғанымен, бәрі бірдей сапалы білім бере алған жоқ. 2008 жылы Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім сапасын көтеру мақсатында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, біліктілік талаптарын сақтамағаны үшін 1 оқу орнының, 24 жоғары оқу орнының 112 мамандық бойынша лицензиялары қайтарып алынды. Егер 2007 ж. жоғары оқу орындарының саны 176 болса, 2008 ж. 144-ке азайды. 2009 жылы Қазақстанда 144 жоғары оқу орны болды. Оның 85-і университет, 32-сі институт, 26-сы академия, 1-еуі консерватория.

Бұл жүйе біртіндеп ұлттық жоғары орнынан кейінгі білім жүйесінің нәтижелілігін арттыру мақсатында PhD бағдарламасына ауысуда. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді реформалаудың басты ерекшелігі –PhD бағдарламасында диссертация атақ үшін қорғалмайды. Әрі бұл бағдарламаға академиялық магистр атағы бар, ғылыми даярлықтан өткен ғылыми және ғылыми-педагог кадр қабылданады.

Тәуелсіз Республикамыз білім саласы бойынша шет мемлекеттермен тікелей байланысқа көшті. Соның нәтижесінде жастарымыздың шет елдерде білім алуына мүмкіндік туды. Осыған сай «Шетелде кадрлар даярлау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендияларын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылы 5 қарашада №1394 қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес Президенттің «Болашақ» атты 250 халықаралық стипендиясы белгіленді.

«Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің таңдаулы университеттерінде 3,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Қазіргі уақытта 3 мыңдай қазақстандық білім алуда. ЮНЕСКО-ның деректері бойынша, біздің еліміз білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің алғашқы төрттігінен берік орын алып отыр. Қазақстандықтардың өз елінде де, шет елдерде де озық білім алуға мүмкіндіктері бар.

Ұстаздар қауымының мәртебесін арттыру мен әлеуметтік жағынан қорғалуына Н.Ә.Назарбаев үнемі көңіл бөліп отырады. Үкіметке берген тапсырмасында:»жалақының 2015 жылдың 1 шілдесінен: денсаулық сақтау қызметкерлеріне 28 пайызға, білім беру қызметкерлеріне 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлеріне 40 пайызға дейін артуын қамтамасыз ету», – дегені есімізде.

2010 жылы 1-2 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының елордасы – Астанада өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті саяси мүмкіндіктің ауқымды оқиғасына айналды. Астана Саммиті ұйым тарихындағы жетінші саммит болып табылады. Тәуелсіздігіміздің туын әлем аспанында желбіреткен 19-ақ жыл болғанына қарамастан, Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қазақстанда, Астанада өтті. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі – ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі арқылы Қазақстан мемлекетінің, Қазақ елінің тәуелсіздігі төрткүл дүниеге түгел танылып қана қоймай, оның дүрбелеңге толы дүниежүзілік саясат сахнасының төрінен берік орын алғаны дәлелдеді. Еліміздің халықаралық деңгейдегі дәрежесі бұдан кейін де өсіп, 2011 жылы Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесіне (СІМК) төрағалық ету мәртебесіне ие болды. ИЫҰ бүгінгі күні Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Америка континенттерінен 1,5 миллиардтан астам тұрғыны бар 57 мемлекетті біріктіре отырып, БҰҰ-дан кейінгі ең ірі халықаралық ұйым болып табылады.

Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Ол Еуразия жер бөлігінің орталығында орналасқан Қазақстанның геосаяси жағдайына байланысты өмірдің өзі талап етіп отырған қалыпты жағдай. Этностық құрамның күрделілігі және ашық тұрпатты нарық қатынастарына ұмтылысы Қазақстанға сыртқы саясатта бейбітшілікті жақтау бағытын ұстану қажеттігін алға тартты. Бұл бағыттан Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алған бетте-ақ дүние жүзіне жария етті. Шет елдердің тәуелсіз Қазақстанды тану үрдісі ауқымды және біршама жылдам жүрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы ішінде елімізді 108 мемлекет танып, оның 70-інің дипломаттық өкілдіктері ел астанасында жұмысқа кірісті. Бүгінде Қазақстанды дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті танып, 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Елде 68 елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері тіркелген. Ал Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері әлемнің 100-ден астам елінде ашылған. Сондай-ақ, Қазақстан көптеген халықаралық ұйымдарға мүше. Ортақ мұраттар төңірегінде берік байланыс бар.

Қазақстан – БҰҰ мүшесі ретінде ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ, ЭКОСОС, УВКБ сияқты ұйымдардың қызметіне белсене қатысады. Сонымен бірге, халықаралық беделді ұйымдармен – Халықаралық валюта қоры, Қазақстан Халықаралық қайта құру және өркендеу банкіне, Еуропалық қайта құру және өркендеу банкіне, Еуропа және Азия даму банкіне, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы және т.б. қатынас жасайды. 1997 ж. басында Қазақстан 60-тан астам халықаралық ұйымдарға мүше болып қабылданды. Нәтижесінде Қазақстанның шет елдермен экономикалық байланыстары арта түсті, оған берілетін инвестициялық қаржылардың көлемі артты. Тәуелсіздік алған уақыттан бастап 800-ге жуық мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қойылды.

Тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен әрі тарихи тағдырлас елдермен достық, ынтымақтастық жағдайында өмір сүруге баса көңіл бөліп, олармен тең дәрежеде дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Тәуелсіздік жылдары еліміздің сыртқы саясаттағы күш-жігерінің арқасында орасан зор тарихи маңызы бар міндеттер орындалды. Қазақстан дүниежүзілік қауымдастықта лайықты өз орнын алды. Егер 1991 жылы әлемдік қоғамдастықтың іс жүзінде Қазақстанға қандай да бір ықыласы аумай келсе, бүгінгі күні Қазақстанды әбден танып, құрметтеп отыр. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды.

Тарих бір орында тұрмайды, талай апатты жағдайлардан, қиян кескі ұрыстар мен жаугершілік, отарлық қыспақтар және ашаршылық пен қуғын-сүргін нәтижесінде орын алған демографиялық күйзелістен ұлттық қасиетін жоғалтпай шыға алған қазақ халқы өз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Бұл оңайлықпен келген жоқ, тәуелсіздікке дейін 100 астам ұлт-азаттық көтерілістері қазақ жерінің түрлі аймақтарын шарпып, соңынан аяусыз басып-жаншылғанымен, төгілген қан мен құрбандықтар зая кеткен жоқ, қазіргі тәуелсіздігімізге алып келді.

Аңсап жеткен, Еліміздің Тәуелсіздік алуына биыл 28 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында тарихшы ғалымдарымыздың тынымсыз ізденістері барысында ұлттық рухымызды көтеретін, тарихымыздың тылсым беттерінен сыр шертіп, ақтаңдақтарын ашатын және ұлттық құндылықтарымыздың қатарын молайтқан зерттеулердің жарық көргені баршамызға аян.

 

 

Әуесхан Шашаев,

ҚР білім және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институты директорының орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *