Тәуелсіздік – тәңір сыйы

Өткен  тарих –  сан қилы әрі  сан  қырлы  қоғамдық  құбылыстар мен  әлеуметтік  сілкіністердің  куәсі. Қазақ  ұлтының  бес мыңжылдықта  бастан  кешкендерінің бәрі  бүгінгі  тәуелсіздігіміздің  тұтас  тарихы.

Жалпы, халқымыздың  бірнеше  ғасырларға  созылған азаттық пен  еркіндік  жолындағы  күрес тарихы – елдік мүдде үшін біріккен  өрліктің  өнегелі баяны.  Мұның  бәрі  ұлттық  мемлекеттіліктің  бастамасы. Бүгін  біз Тәуелсіздік  мерекесіне  орай, ҚР  Білім  және ғылым министрлігі Ш.Уәлиханов  атындағы Тарих  және этнология  институты  директорының  орынбасары, саяси  ғылымының  докторы, профессор Сайын Борбасовты әңгімеге тартқан  едік.

 

Тағдырлық мәселелерді  шешу көзделген құжат

 

– Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның қалыптасуы туралы тарихи фактілерді, тарихи деректерді тілге тиек еткенде  ең алдымен ойға «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» оралады…

– Тарихи тағдырлық маңызы бар және қоғамдық саяси қатынастардан көп деректер беретін құжаттар қатарына 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» жатады. Бұл құжатта Қазақстанның тәуелсіздікке жету барысындағы қоғамдық-саяси ахуал өте өткір көрсетілген. Ең бастысы, республикада саяси тұрақтылықты, этникалық татулықты сақтай отыра егеменді мемлекет құруға көшу мәселесі күн тәртібіне қойылады. Кеңес Одағының құрамынан шығу мәселесі көтерілмегенімен:  ұлттық мемлекеттілікті нығайту, қазақ халқының тілін, дәстүрін, тарихын қайта түлету, республика шеңберінде елдің Жоғарғы Кеңесі қабылданған Заңдардың үстемдігін, азаматтық бостандықтар мен құқықтарды сақтау, меншік түрлерінің әр алуандылығын тану, елдің территориясының біртұтастығын нығайту, бейбітшілікті сақтау, халықаралық қатынастарда Қазақстанның рөлін көтеру сияқты тағдырлық мәселелерді шешу көзделді. Бар-жоғы 17 баптан ғана тұратын қысқа ғана құжатта сол кезеңде Қазақстан халқының алдына тұрған негізгі қоғамдық-саяси міндеттер өз көрінісін тапқаны тарихи факт.

Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін тарихи шындыққа айналдырған, елдің жаңа өмірінің дәуірін ашқан маңызды құжат «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы» 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданып,  Қазақстанның Тұңғыш Президенті қол қойған бұл Заң 18 баптан ғана тұратын шағын құжат. Бірақта әрбір баптың мазмұны ауқымды, көтеретін мәселесі тағдырлық сипатта болғанын  мақтанышпен  айтуға  болады.

Тәуелсіздік – Тәңірдің  жалғыз  сыйы! Осы  бір асыл  құндылықты көзіміздің  қарашығындай  сақтап,  ардақтап  ұстауымыз  керек! Бұл – халықтың  мерейі  өсіп, мәртебесі  биіктеген  күн.  Түрлі  тарихи  кезеңдерде елдің  бірлігі мен  жердің  тұтастығы  үшін төгілген  қан мен жосылған тердің үміті  ақталған күн!

– Тәуелсіздік  таңы елімізге  сыйға тартқан жалпыадамзаттық құндылықтарға сипаттама берсеңіз…

– Қазақстан халқы мен тек ұлттық құндылықтарды ғана емес, жалпыадамзаттық құндылықтарды, бейбітшілікті жақтайтындығы заң арқылы мәлімделді. Дамыған өркениетті мемлекеттер ұстанған демократиялық, құқықтық мемлекет құру мәселесі қойылды. Ел шекарасының біртұтастығы, мызғымастығы жария етілді. Демократияның негізгі принципі биліктің қайнар көзі – халық екендігі, біртұтас Қазақстан халқы егеменді мемлекеттің тірегі екендігі, әлемге шашырап кеткен қазақ ұлтының өкілдерінің Қазақстан азаматы болуға құқылығы танылды. Сонымен бірге, социалистік саяси жүйені сүріп тастап, жаңа биліктің бөлінуіне негізделген саяси жүйені жасау күн тәртібіне қойылды. Бұрын Одақтың меншікте болып келген жер, оның байлықтары, алтын қоры толықтай Қазақстан меншігіне айналды.

Егемендік туралы Декларация мен  Тәуелсіздік туралы Заң Қазақстандағы сепаратистік пиғылдағы топтардың іс-әрекеттеріне заң жүзінде тосқауыл қойды. Кеңестік жүйенің сақталуын жақтаған топтардың жаңа «Одақтық шарт» қабылдау мақсаты да іске аспай қалды.

КОКП-ның ұлттық саясаттағы бұрмалаулары мен зорлығына қарсы ХХ ғасырдың 80-ші жылдарында бірнеше ірі көтерілістер болды. Олардың ең қуаттысы 1986 жылғы желтоқсан айындағы Алматыдағы 50 мыңнан астам жұмысшы және студент жастар қатысқан көтеріліс болды. Мұндай антикоммунистік көтерілістер Тбилисиде, Вильнюсте, Бакуде болды. Көтерілістер Кеңес Одағының саясатының қателігін әшкерелеп, оның іргесін шайқалтты. Қазақстан тарихшылары Желтоқсан көтерілісіне Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына жол ашқан алғашқы оқиға, тәуелсіздіктің алғышарты деген  баға берді.

 

Тарихтың даму  қозғалысы елімізге тәуелсіз елдің өз заңдылығын  алып  келді

 

– Қазақстан өзінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихын  неден  бастады  және  ол  қандай  принциптерге  бағынды?

– Тәуелсіз Қазақстанның өмірге келуін және оның дамуының бастапқы кезеңіндегі қоғамдық-саяси үрдістер мәнін түсінуге көмектесетін  маңызды құжат – 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы. Бірінші Конституцияның жобасы ел баспасөзінде халықтың ашық талқылауына 1992 жылдың 11 маусымында ұсынылды. Халық Ата Заңның жобасы 5 айға жуық халық талқылауынан өткізіліп барып қабылданды. Бірінші Конституцияда Қазақстан халқы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі болып жатқан тарихи өзгерістерді заң жүзінде бекітуге тырысты. Ең алдымен тоталитарлық саяси жүйеден құтылудың мақсаты белгіленіп, Республика парламенттік-президенттік жүйеге ден қойды. Жобаның 13 тарауында Жоғарғы Кеңес (Мәжіліске) кең билік өкілеттілігі берілді. Жоғарғы Кеңес заң шығарушылық қызметімен қоса атқарушы билікті, сот билігін, президент билігін бақылау құқығына ие болып, мемлекеттегі шешуші билік институтына айналды. Ал атқарушы биліктің басшысы болатын Президент көптеген өзекті мәселелерді шешуде Жоғарғы Кеңеске тәуелді болатын ахуалды  қалыптастыру көзделді.

Қазақстанда бірінші Конституцияның талқылануы және қабылдануы тарихи шындыққа сәйкес өрбіді.  Адамзаттың синтезделген озық тәжірибесін, дамуындағы ортақ заңдылықтарын Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясын жасаушылар толымды пайдаланды. Бұл құжатта конституциялық құрылыс демократиялық, унитарлық мемлекет жасауды көздейді деп жарияланды. Ел халқы азаматтық құқықтар мен бостандықтарды, демократиялық құндылықтарды басшылыққа алды. Сонымен қатар, алғашқы Конституцияда Қазақстанның тарихи иесі Қазақ ұлты екендігі айшықталды. Мемлекеттік тіл статусы тек қазақ тіліне ғана берілді. Қазақстан азаматы басқа елдің азаматы бола алмайтын бір ғана азаматтық заңдастырылды. Адам өмірі ең басты құндылық ретінде танылды. Сөз, баспасөз, дін бостандығы мойындалып, көзқарастың әралуанды болуы шешілді. Қазақстан әлемдік нарыққа бетбұрыс жасады. Нарықтық қатынастардың еркін дамуына жол ашатын меншіктің саналуандылығына рұқсат берілді. Қазақстанның мемлекеттілігін бекітетін мемлекеттік рәміздерді құрметтеу міндеттелді.

 

Мемлекет адамға қызмет ететін принциптер басшылыққа алынды

 

– Транзиттік даму барысында Қазақстан Оңтүстік  Азияда  күшті, тәуелсіз мемлекет қалыптастыра  алған Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Тайланд сияқты  «Азия жолбарыстары»  атанған  мемлекеттердің тәжірибесін өз қажеттігіне жаратты  ғой… 

– Осыншама мол әлемдік тарихи, саяси және әлеуметтік тәжірибені Елбасы қазақ халқының тарихи тәжірибесімен және ұлттық ұстанымдарымен ұштастыруға ұмтылды. Қазақстан халқының және саяси басшылығының тарихи тәжірибесі мен саяси көзқарастары, тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру туралы танымы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының екінші Конституциясында өз көрінісін тапты. Жаңа Конституция тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі бағыттарын анықтап берді. Қазақстан демократиялық республика болу жолын таңдады.

Екінші Конституцияда мемлекеттің тәуелсіздігі демократиялық қоғаммен байланыстырылды. Біртұтас унитарлы мемлекеттегі биліктің қайнар көзі – халық екендігі жарияланды. Президент, Парламент, Үкімет өздерінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халық атынан қызмет ететін болды. Бұл құжат елдің тарихи тағдырын анықтап берген  Негізгі заңға айналды. 1995 жылғы  Конституция формасында  Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты.

Ата Заң елдегі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық келісімге және әлеуметтік татулыққа заңдық тірек бола алды. Құжатта Қазақстан қоғамы өзінің алдына қойған көкейкесті мақсат-мұраттарын және құндылықтарын нақты көрсетті. Конституцияның 1-ші бабында  «ел өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,  – деп тұжырымдалды. Осы тұжырым Конституцияның бүкіл мазмұнын анықтайтын негізгі жүйеге айналды. Қазақстан әлемдік өркениеттің ең озық жетістіктеріне қарай бетбұрыс жасады. Қазақстанда 70 жылдан астам өмір сүрген Кеңес Одағындағы саяси жүйеден мүлдем өзгеше саяси жүйені де 1995 жылғы Конституция қалыптастырды. Жалпыхалықтық мақсаттар мен құндылықтарға қызмет ететін және адам бостандықтарын қорғайтын мемлекет дүниеге келді. Кеңестік жүйеде адам мемлекетке қызмет етсе, енді керісінше мемлекет адамға қызмет ететін принциптер басшылыққа алынды. Мемлекеттің тоталитарлық сипаты өзгертіліп, оның халық алдында есептілігі және жауапкершілігі қамтамасыз етілді. Конституцияның халықтық сипаты, халық билігінің кепілі болуы принципі іске асты. Ата Заң бойынша Президент, Парламент сияқты негізгі билік тармақтарын халық тікелей сайласа Үкімет пен жергілікті атқарушы билік халық алдында есеп беруге тиісті болды. Осы қағидаттардың бекітілуі арқасында «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық»  болуы демократиялық принципі жүзеге асты.

 

Әңгімелескен – Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *