Тәуелсіздік – киелі, қасиетті ұғым

Бүгінде Тәуелсіздік жайлы сөз бастау оңай емес. Ұлан-бай­тақ атаме­кеніміздің әр тұтам жерінде, оның басынан кешкен әрбір мезе­тінде бұдан 28 жыл бұрын қол жеткізген тұғырлы Тәу­ел­сіздігі­міз­дің телегей-теңіз шежіресі бар.

Биыл еліміз Тәуелсіз­дігіміз­дің ұлық мерекесін 28-ші рет тойламақ. Бодан­дық құрсауынан шыққан жаңа Қазақстанның туған күнін барша­ қазақ елі мемле­кеттік тұрғыда тойлай­ты­ны анық. Біз осыған орай бірнеше қоғам қай­раткерін әңгімеге тар­тып, оларға өз сұрағымызды қойған едік.

 

  1. Тәуелсіздік жылдарындағы жасампаз істердің жарқын мыса­лы ретінде нені айтар едіңіз?
  2. Тәуелсіздік алған 28 жыл ішінде Қазақстан қандай жетістік­терге қол жеткізді?

 

Алексей Цеховой, Халықаралық Ақпараттар академиясы Бас хатшысының бірінші орынбасары, академик:

Тәуелсіздік пен Елбасы егіз ұғымға айналды

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 28 жылын­да азаттықтың алғашқы асулары­нан абыроймен өтті. Бүгінгі азат Қазақстан – әлемдегі іргелі мемлекеттердің санатына қосылды. Тұңғыш Президент – Елбасының пікіріне әлем саясаткерлері құлақ асатын болды. Тәуелсіздік пен Елбасы бүгінде егіз ұғымға айналды.

Өткен жылдарда еліміз жаңа саяси және құқықтық жүйені қалыптастырып, әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін есепке ала отырып, демократиялық институттар құру жөніндегі табанды жұмыстар жүргізді.

Елімізде әлемдегі бәсекеге анағұрлым қабілетті 30 елдің қата­рына енуді міндет етіп отыр. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жол­дауларында көтерілген бастама экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуға басымдық беретін инновациялық жобалар­ды ынталандыруға бағытталған, бұл өмір сапасының көтерілуіне әкелуге тиіс. Осыған байланысты қойылған міндеттердің шешімін табуға әрбір қазақстандық мүдделі деп білемін. Бұл күн бәріміз үшін ұлы мереке болуы тиіс.

 

Өскенбай Тәшенов, «Бейбітшілік әлемі» қазақ творчестволық бірлестігінің жауапты қызметкері, ҚР мәдениет қайраткері:

Ғасырға бергісіз – 28 жыл

Тәуелсіздік деген, жалпы дүниеде тең­десі жоқ, тәтті сөз. Бірақ оның оңайлықпен келмейтіні түсінікті. XX ғасырдың 90-жылдары ғана әлемдегі алып империя­ның бірі – Кеңес Одағы ыдырап тараған тұста, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ежелден егемендікті көксеген ата-бабаларымыздың арман-тілегі, мақсат-мүддесі алғаш жүзеге асып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылды. Міне, содан бері де тура ширек ғасырдан астам жуық уақыт өтіпті. Қазір тәуелсіз Қазақстан әлем танып, мойындаған саяси-экономикалық даму қуаты күшті іргелі мемлекетке айналды. Сондай-ақ, ел игілі­гіне, мемлекеттігімізді нығайтуға қатысты қыруар келелі істер атқарылуда. Ең басты­сы, қазақ сахарасының төрінде тәуелсіз­діктің нышанындай болып елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласы бой түзеді. Сол әлем назарын өзіне аударған ерекше архитек­ту­ралық әсем үлгідегі әрі саяси-экономи­калық, мәдени әлеуеті күшті шаһар халық­аралық дәрежедегі ірі саяси орталыққа айналып отыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы жаңа ғасыр­дағы жаңғырған Қазақстанның, тәуелсіз мемлекетіміздің жасампаздық істерінің жарқын белгісіндей болып тарихта мәңгі­лікке қала бермек.

Елімізде 28 жыл салтанат құрып келе жатқан Тәуелсіздіктің құны да, сапасы да ешқандай бағамен өлшенбейді. Біз толық­қанды мемлекетпіз. Дүниежүзілік кауым­дастықтың белсенді мүшесі болып ендік. Қол жеткізген жетістігіміз – Тәуелсіз­дігіміз­дің нығаюы.

 

Рая АХМЕТОВА,

Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғам­­дық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподағы Орталық комитетінің қайраткері:

Тәуелсіздіктің нұрлы таңы – елімізге

бақ-береке әкелді

Осыдан 28 жыл бұрын «Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік Тәуелсіз­дігі туралы» Конституциялық Заң қабыл­дан­ған болатын. Осы жылдарда ел кәсіподақтары жаңа тәуелсіз мемлекетіміздің құрылы­сына бел­се­не қатысты, еңбекшілердің әлеуметтік және экономикалық құқық­тарын қорғау жолында күресіп, елімізде азаматтық бей­біт­шілік пен қоғамдық келісімнің сақта­луына едәуір үлес қосты. Ең алдымен, эко­номикалық дағдарыстан шығуға, халқы­мыздың ертеңгі күнге деген сенімі мен үмі­тін орнықтыруға барынша күш жұмсады.

Тәуелсіздіктің арқасын­да ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, керегесі кең елге айналдық.

Біздің алдағы кезеңдегі мақсат-мұра­тымыз – Тәуелсіздігімізді бұдан да тұғырлы етуге барынша үлес қосу. Бәрінен бұрын егемен ел мүддесін жоғары ұстап, ақыл-парасатымыз бен қажыр-қайратымызды жаңару мен кемелдену жолына жұмылдыру.

Халықтың әлеуметтік ахуалын жақ­сар­ту бағытындағы сан алуан реформалар жемісін берді. Бір сөзбен айтқанда, ел еңсе тіктеді, әлемдік өркениеттің игіліктеріне қол жеткізді.

 

Сауалнаманы дайындаған – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *