Тәуелсіздік әкелген үшінші «Ұлы көш»

Құттыбек АЙМАХАН

 

Негізі, қазақтар өмір бойы көшіп-қонып келе жатқан халық. Тіпті, осыған орай ғалымдар арасында «америкалық үндістердің түп атасы осы қазақ даласынан шыққан» деген болжамдар айтылып жүр. Олар сонау бағзы замандарда Беринг бұғазы арқылы бүгінгі Америка құрлығына өтіп кеткен дейді. Соның бір белгісі, керек болса әлі күнге америкалық ежелгі халық – үндістер мен қазақтар тілінде жүзге тарта ұқсас сөздер кезде­се­тіні анықталған көрінеді.

 

Оңтүстік тұрғындары солтүстікке көшіп жатыр

 

2015 жылдан бастап еліміз қазақстан­дықтарды халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерден тұрғындар саны үздіксіз азайып бара жатқан солтүстік өңірлерге қарай көшіру жобасын батыл түрде қолға алды.

Атап айтатыны, бұл ретте алдымен мемле­кетіміз ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары­ның өзінде-ақ төрткөл дүниеге шашырап кеткен қазақтарды қайтадан атажұртқа жинау­ды мақсат етті. Осы орайда өткен ғасыр­дың басында тағдыр тәлкегімен шет елдерге көшуге мәжбүр болған қазақ халқы сол ғасыр­дың соңына таман еркіндікке қайта қол жеткізіп, небәрі 25 жыл ішінде миллионнан астам қандасын атажұртқа қайтара алды. Сонымен қатар, тәуелсіздігіміздің басты жеңісі мен жемісі – осыдан 20 жыл бұрын еліміз ордасын Алматыдан Астана қаласына көшіру жұмыстарын да өте сәтті жүзеге асырып, қазір Астанамыз өзінің даму мен дәуірлеу кезеңін бастан кешіріп отыр. Мұны еліміздің жаңа тәуелсіздігіндегі екі бірдей «Ұлы Көш» деп бағалауға әбден болады деп санаймыз.

Соңғы жылдары Қазақстан халқының жартысынан астамы, дәлірек айтсақ 55 пайызы тұратын Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызыл­орда, Маңғыстау және Алматы облыстары тұрғындарын солтүстік өңірге көшірудің үшінші жобасы қолға алынып отыр. Оның басты себебі, бұл аталған жоба еліміздің кейбір облыстарында халықтың тым көпті­гінен жұмыс орындары тапшылығы қатты сезіле бастаған соң қолға алынған еді. Осының салдарынан да оңтүстік өңірлер жастары кейінгі жылдары жұмыс іздеп, кең байтақ қазақ даласында сенделіске түсе бастаған болатын. Бұл ретте олар керісінше, солтүстік өңірдегі – негізінен соңғы он жыл көлемінде тұрғындарының саны үздіксіз төмендеп бара жатқан және жұмыс қолы жетіспеуге айнал­ған Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Пав­ло­дар және Қостанай облыстарына көшірі­летін болып, осыған орай жаңа мүмкіндіктер мен оның тиімді жолдары іздестіріле бастады.

 

Солтүстік халқы енді 170 мың адамға кемиді екен

 

Еліміздің солтүстік өңірінде ешқашан да халық тығыз болмаған. Оны айтасыз, соңғы он жыл көлемінде ондағы тұрғындар қатарының барған сайын азайып бара жатқаны анық байқала бастаған. Өйткені, мұнда тұратын өзге ұлт өкілдері, әсіресе, олардың еңбекке қабілетті жастары шет елдерге көптеп кете бастады. Әсіресе, көрші Ресейде білім алатын және жұмыс істейтін жастар саны жыл өткен сайын қатты кеміп бара жатқаны анық сезіліп жатыр. Сол себепті, көрші ел амалсыз әрекеттерге баруға мәжбүр болуда. Мысалы, тек биылғы жылы ғана екіжақты үкіметаралық келісімдер бойынша Ресейдің 30 жоғары оқу орнында білім алу үшін арнайы 10 мыңдай қазақ­стан­дық жастарға гранттар бөлінген. Ондағы ЖОО-ына баратындардың көбі жоғарыда атал­­ған солтүстік өңір жастарының үлесіне тиетіні аңғарылып отыр. Демек, республика­мыз­дың солтүстік облыстарының жастары азай­ған үстіне азая беретіні анық байқала түсуде.

Ашығын айтқанда, мұны ел билігі де байқап, өз кезегінде мойындап отыр. Мысалы, өткен жылы Үкіметтің бір отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі: «Әсіресе, солтүстік өңірде қалып­тасқан демографиялық қиын жағдайға онда өткір мәселелер туындап отырғаны жасырын емес. Осыған орай біз үлкен талдау жасадық. Содан белгілі болғаны, егер осы жағдай бұдан ары сақтала беретін болса, онда жақын арадағы бес жылда, яғни 2022 жылдары бұл солтүстікте орналасқан төрт облыста экономикалық тұрғы­да белсенді тұрғындар санатындағы тұрғындар саны 160–170 мың адамға азайып кетеді екен» деп атап көрсеткен еді.

 

Қоныс аударушыларға жәрдемақы беріледі

 

Міне, осындай қалыптасқан жағдайды елеп-екшеп, таразылай келе мемлекетіміз аталған теңгерімсіздікті тұрақтандыру жоба­сын қолға алуды бастап кеп жіберді. Оңтүстік пен солтүстік өңірлер тұрғындарының мәсе­лесін бірдей етіп шешу үшін Қазақстан билігі қоныс аударуға қатысушыларға тиісінше қаржылай көмек көрсету керек деп шешкен. Сондықтан да тек өткен жылы ғана 250-ден аса отбасыны оңтүстіктен солтүстікке көшіру мақсатында республикалық бюджеттен 700 млн. теңгеден  астам қаржы бөлінген. Бұл ретте әрбір көшуге ниет еткен адам қолына санап тұрып 240 доллар алатын болып белгіленді. Дегенмен, бұл тікелей көшуге жаратылатын шығын болатын болса, одан басқа Үкімет қаулысында оған қосымша бір жылға арнал­ған үйді жалға алу құны мен қоммуналдық қызмет өтемақысы да қарастырылып отыр. Осыдан кейін үкіметтегілер жұмыс беруші­лерге арнайы жеңілдік ақша (субсидия) беруге уәде беріп отыр.

Мемлекетіміз осындай жолмен елдің оңтүстік өңірінен солтүстік облыстарға жақын болашақтағы 3-4 жылда 59-60 мың отбасыны көшіруді жоспарлау үстінде. Атап өтетіні, алғашқы кезеңдерде солтүстікке көшу жоба­сына халқы өте тығыз орналасқан және ел тұрғындарының төрттен бір бөлігі тұратын негізінен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ілігіп отыр. Десек те, Қазақстан өз тәуелсіздігі жылдарында – әлемге шашырап кеткен қандастарды атажұртқа қайтару, елор­даны Алматыдан Астанаға көшіру секілді ауқымды жұмыстардан соң – үшінші «Ұлы Көшті» бастауға батыл кірісіп жатыр.

Әрине, қай кезде болмасын тың жобаны жүзеге асыру соншалықты  қиын жұмыс. Соған қарамастан жаңа жоба бірден халық қол­дауына ие болды. Сондықтан да 2017 жылы-ақ оңтүстік облыстардан солтүстік өңірлерге өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде өз еріктерімен 381 отбасы немесе 1479 адам көшіп келді. Ал бұл ретте оңтүстік­тен көшіп келгендерге тұрақты жұмыс орнын тауып беріп, олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мақсатында қолдау көрсеткен жұмыс берушілерге 450 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде жәрдем ақша беру жөніндегі ұсыныс та жұрт тарапынан үлкен қызығушылықтар туғызды.

Ал енді осы тұрғыда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауы бойынша, 2018 жылы оңтүстіктен солтүстікке өңірлік көшіп келу квотасын бірден 5 есеге көбейту мақсаты қойылған екен. Бұл деген үстіміздегі жылы оңтүстік өңірден солтүстік облыстарға 1700 отбасы немесе шама­мен 7 мыңдай адам көшірілетінін білді­реді. Сондай-ақ, жаңа орындарына көшіп келгендерге жаңадан бизнес-жобаларын жүзеге асыру үшін 100 АЕК немесе 240 500 теңге көлемінде кепілақы (гарант) ұсынылуы да қарастырылған екен.

 

Қазірге дейін солтүстікке 347 отбасы көшіп үлгерген

 

Атап өтетіні, қазір оңтүстік өңірден солтүс­тік облыстарға көшіп келушілер қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді дейді. Мысалы, 2016 жылы – Қостанай облысына 22 отбасы көшіп келсе, 2017 жылы – олардың саны 30 отбасына дейін көбейген дейді. Ал енді үстіміздегі жылы бұл облысқа көшіп келетіндер саны бірден 272 отбасыға немесе 10 есеге көбейетін көрінеді. Осыған байланысты қазіргі таңда облыстың барлық аудандары орна­ласу картасы («Жол картасы») мен төлқұ­жаттарын жасау қамына кірісіп кеткен. Орналастыру картасы бойынша көшіп кел­ген­­дерді қабылдайтын әрбір елді-мекенде қолда бар бос жұмыс орындар бойынша жұ­мыс берушілер бөлініп, оларды тұрғын-жай­мен қамтамасыз ету де ойластырылған. Осы орайда ресми деректерге сүйенсек, қазір Қостанай облысында қоныс аударушылар үшін 962 бос жұмыс орны құрылып, олар 216 жұмыс берушілер арасында бөлінген екен. Мұның ішінде бос жұмыс орындарын механи­затор, мұғалім, дәрігер, медбике және жүргі­зуші мамандығына табуға болады. Соған сәйкес, тұрғын жәйді жалға беру төлем­ақысынсыз ұсынуға дайын жұмыс берушілер де шығып жатыр.

Жалпы, қазір Оңтүстік Қазақстан облы­сында солтүстік өңірге қоныс аударуға келі­сімін берген адамдар саны жылдам көбейе түсуде. Оған, әсіресе, Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыс­тарынан шақырып келушілердің арнайы жиындар өткізуі оң ықпал етіп жатыр. Сол себепті, бұл облыстан үстіміздегі жылы 65 отбасы солтүстік өңірге көшуге дайын отыр. Бұл ретте олар көшуге келіскендерге мемле­кеттік қызметтерден бастап, ауылшаруа­шылық және әлеуметтік салалардан бос орын­дар ұсынып жатыр. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев: «Қоныс аударуға мүмкіндіктері мол тығыз орналасқан  аудан­дарда өткізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тары нәтижесінде өкілдері арнайы келген солтүстік өңірге биылғы жылы 665 отбасы қоныс аудару қамында отыр. Ал жалпы 2015–2017 жылдары солтүстік өңірлерге облыстан 1392 мүшесі бар 347 отбасы көшіп кетті», – деп атап айтты.

Атап өтетіні, ағымдағы жылы біздің Үкіме­тіміз қоныс аударушыларға қолайлы жағдай­лар жасау үшін қолданыстағы заңдылықтарға бірқатар өзгерістер енгізді. Соның бірі – солтүс­тік облыстарға қоныстану үшін әрбір отбасы мүшесіне 84 175 теңге көлемінде мате­риалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық төлемдерді төлеу үшін тағы да 72 150 теңгеге дейін қаржы беріледі.  Осындай жұмыстармен қатар жаңа жұмыс орнын ашып, үш жыл мерзімге бір өзі оңтүстіктен кемінде бес қоныс аударушыны тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуді жүзеге асырған кәсіпкерге   1 082 250 теңге көлемінде субсидия төленетін болады.

Қорыта айтқанда, өткен жылдың шілде айында бір ғана Оңтүстік Қазақстан облы­сынан мыңға тарта отбасы  солтүстік өңірге тұрақты тұру үшін қоныс аударуға келісім­дерін берген. Сондай-ақ, тек Қостанай облы­сына ғана Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен 2018 жылдан 2023 жылға дейін барлығы 10 мыңдай отбасы көшіп келеді деп күтіліп отыр.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *