Тәуелсіздік идеясының алтын қазығы

%d0%bd%d1%83%d1%80%d0%bb%d0%b0%d0%bd

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы

Көшбасшымыздың «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты халықтан қызу қолдау тапқан кешегі тұғырнамасын ширек ғасырды артқа тастаған Тәуелсіз Қазақстанның жаһан­дану дәуіріндегі рухани кеңіс­тігіміздің жаңа бастауы деп ба­ға­лауымыз керек. Сөз жоқ, «Ұлттың рухани коды» дейтін академиялық ұғым кешелі-бүгін ғана емес, мемлекет басшысы­ның ой-санасында әлденеше рет елекке түскен, таразыға тар­тылған, сан жылдардан бері сарапталып, пісіп-жетіліп, өзінің сын сағатын күтіп келген дүние екені даусыз.

Осы кезеңдерге дейін елі­міздегі жүзеге асырылған ірі-ірі жобалар мен стратегиялық бағдарламалардың дені саяси-әлеуметтік, экономикалық ен­діктерге құрылған болатын. Бәрі де рет-ретімен және өте сәтті жүзеге асырылып келді. «Ең бірінші – экономика, содан кейін – саясат» деген басқару жүйесін Елбасы тегін айтқан жоқ.

2012 жылғы негізгі даму ба­ғытымызды реттеп берген әлеу­меттік-экономикалық жаңғырту жобасы, биылғы жылдың ба­сында ғана жалпы бұқараға жа­рия етілген билік тармақ­тары­ның өкілеттіктерін бөлісу жө­ніндегі Үндеуі мен арнайы Жар­лығы әлеуметтік-саяси кеңісті­гіміздің бағдарша­мы еді. Ал күні кешегі «Бола­шаққа бағдар: Ру­хани жаңғыру» – ұлт­тық идео­ло­гиялық бағы­ты­мыз­дың кепілі. Ұлттық дам­уы­мыздың негізгі тірегі болар осы үш концепция сөзсіз бір-бірімен сабақтасып, тамырла­сып жатқан идеялар.

Өз алдымызға жеке отау құрып, бабалар аманатына қол жеткізіп, шекарамыздың бәрін айқындап, жаңа тұрпатты Тә­уелсіз мемлекет құрдық. Алыс-жақындағы алып ел­дермен сая­си-әлеуметік, эконо­микалық және рухани қарым-қатынасты жолға қойдық. Бұл, әрине, бір ауыз сөзбен түйіп айтуға ғана оңай. Әйтпесе, Тәуелсіздіктің осы ширек ғасырында қаншама қиын­дықтармен, шиеленіс­тер­мен, күрмеуі қиын әлеу­меттік және ұлттық мәселе­лермен бетпе-бет келгенімізді іштеріңіз сезеді. Сол бір қыс­талаң кез­дерде көшімізді сүріндірмей, қайы­ғымызды қайраңдатпай осы кезге дейін жеткізген – Ел Пре­­зидентінің сарабдал саясаты екенін бар­шамыз жан жүрегі­міз­бен сезіндік, сезініп те келе­міз.

Біз – қақпа-тереземізді жауып алып, есігін іштен іліп отырған ел емеспіз. Елбасы алғашқы сәт-сағаттардан бас­тап-ақ жаңа даму жолына түс­кен елдің көшін алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас және бейбіт өмір сүруге бағыт­тады. Төрт тараппен еркін байланыс орнатып жатқан соң жайын ауыздай жаланған жаһандану дәуірімен бірге келген сан түрлі құбылыстардан бас тарта алмайсың. Сондай кездері, рас, түрлі діни ағымдар мен ұлттық жадымызға, жан-дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер дендеп еніп кетті. Ал, мұндай жағдайларға та­бандап қарсы тұратын Пре­зидент айтқан – «Ұлттың руха­ни коды!».

Ал «Ұлттың рухани коды» дегеніміз не?

Ол – сан ғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәс­түр-салтымыз, әдет-ғұрпы­мыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұс­танымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы, ошағымыз, отымыздың басы. Президентіміздің бағдарламаға құрылған мақаласында ендігі жерде біздің дамуымыздың не­гізгі бағыттары болатын алғы­шарттар нақтылы көрсе­тілген.

Елбасы «ХХ ғасырдағы ба­тыстық жаңғыру үлгісінің бү­гінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде?» деген сауалды жалпы бұқараға қоя отырып, «Мен еліміз мық­ты, әрі жауапкершілігі жоғары Бір­тұтас Ұлт болу үшін бола­шаққа қалай қадам басатыны­мыз және бұқаралық сананы қалай өз­гертетініміз туралы көзқарас­тарымды ортаға салу­ды жөн көрдім. Халқымның тағы­лымы мол тарихы мен  ықылым за­ман­нан арқауы үзілмеген ұлт­тық салт-дәс­түрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, бола­шаққа сеніммен бет алуын қалаймын!» деп кесіп айтты. Және екі тарау мен алты тар­маққа, алты тапсырмаға құ­рылған Елбасы бағдарламасы – рухани кеңістігіміздің жаңа жаңғыруының жарқын ныша­ны!

Президент Үкімет пен тиісті құзырлы мекемелерге, қоғам­дық ұйымдарға нақты тап­сырмалар берген.

Үй сыртында кісі бар. Соған қарамастан Ел Президенті: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әде­биетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық ру­хымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуе­зовтің ғұламалығы, Жам­был­дың жырлары мен Құр­ман­ғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәде­ниетіміздің бір парасы ғана.

…Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын: Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды; екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек!» деп шегелеп, керең естіп, соқыр көретіндей етіп айтып отыр. Елдің, қалың зиялы қауымның күткен әңгімесі еді бұл.

«ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» атты бірінші бөлімнің «Бәсекелік қабілет», «Праг­матизм», «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Білімнің салтанат құруы», «Қазақстанның ре­волю­циялық емес, эволю­ция­лық дамуы», «Сананың ашық­тығы» атты алты тармақ және «Таяу жылдардағы мін­деттер» атты екінші бөлімдегі ойлар мен идеялар – ұлттық мемлекет­тілікті нығайту мен сақтаудың айқын да нақты көрінісі.

Елбасы – Қазақ Елінің Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жаңа та­рихи кезеңге аяқ басқанын қадап айтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *