Тәуелсiздiк бастауы – Желтоқсан

Бүгiнгi таңда Қазақстан әлеуетi мықты, ұлттық экономикасы мен өз халқының әл-ауқаты дамуы үшiн мүмкiндiгi бар әлемдiк қоғамдастықтың толық құқылы мүшесi. Сан ғасырдан берi ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ ақ таңы қазақ халқына осыдан 25 жыл бұрынғы дүниенi дүр сiлкiндiрген желтоқсандағы жастар көтерiлiсiнен кейiн ғана атты. Желтоқсан көтерiлiсi көптеген аймақтардан қолдау тауып, шын мәнiндегi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн қалауға түрткi болды, яғни, Желтоқсан көтерiлiсi – Тәуелсiздiктiң тұңғыш қарлығашы деп айтсақ, қателеспеймiз. Тұғырлы Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына және Тәуелсiздiк қарлығашы – Желтоқсан көтерiлiсiнiң 25 жылдығына орай «Ұлы дала» республикалық қоғамдық бiрлестiгi мен «Тарихи әдiлеттiлiк» республикалық қоғамдық комитетi бiрлесе отырып, «Тәуелсiздiк бастауы – Желтоқсан» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткiздi. «Желтоқсан көтерiлiсiнiң маңызы мен тәуелсiз қазақ елiнiң 20 жылда жеткен еңселi жетiстiктерiн жырға қосып, тарихы терең де шежiрелi елдiң бүгiнгi таңдағы игi iстерiн насихаттау болып табылады», – дедi ұйымдастырушылар. Мүшәйраға төрелiк еткен Б.Момышұлы – қазылар алқасының төрағасы, қазақтың белгiлi ақындары – Т.Медетбек, И.Исаев, Қ.Иса, қоғам қайраткерi, жазушы С.Елубай және т.б. Байқауға жүзден астам шығармалар келiп түскен. Айта кетерлiк бiр жәйт, мүшәйра республикалық деңгейде өткiзiлгенмен, шет елдердегi қандастарымыздың да туындылары сынға түскен. Осы орайда, аталмыш жыр байқауын қалайша халықаралық мүшәйра демессiң. Жеңiмпаздар арасында қандастарымыздың да еңбектерi жүлдегер атанды. Мүшәйра шарты бойынша қатысушы ақындардың жасына шектеу қойылмады және әрбiр үмiткердiң шығармалары бұрын жарияланбаған өлеңдер болуы керек. Алдағы уақытта жүлдегер шығармалар республикалық басылымдарда жарияланып, iрiктелген туындылар жеке кiтап болып шыгады.

Қ.Рысқұлбеков атындағы жүлделi арнайы сыйлықты иемденген – Тоқтарәлi Таңжарықтың «Айқай» атты өлеңi. Е.Сыпатаев атындағы арнайы жүлденi «Желтоқсан – жетiм шежiре» өлеңiмен Жарас Кемелжан иеленсе, Л.Асанова атындағы арнайы сыйлықты жас ақын Динара Мәлiк жеңiп алды.

Мүшәйрада жүлделi III орын 250 000 теңгенi «Қазақстан Тәуелсiздiк алғанмен, қазақ тiлiм тәуелсiздiк алған жоқ» деп «Тәуелсiздiкке тiфәлап түкiрген» көкшетаулық жас ақын Алмас Темiрбай мен «Қанды түнек» жырының авторы Ақберен Елгезеков жеңiп алды. 400 000 теңгенi құрайтын II орынды Қытайдағы қандас бауырымыз Асқар Көбекұлы мен Талғат Ешенұлы қанжығасына байлады. 500 000 теңгенi құрайтын жүлделi I орынды «Менiң қайғым қазағымның қанында» деп жырлаған Әлiбек Шегебай мен дәл сол күнi алтыншы баланың әкесi атанған, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқан Аманғазы Кәрiпжанның мерейi үстем болды. Ал бас жүлде – «темiр тұлпарды» ауған соғысының ардагерi Бақытбек Смағұл жеңiп алды. Кешке қонақ ретiнде келiп, өлеңмен шашу шашқан бизнес колледжiнiң 1-курс студентi Ерзат Сүйiнжанның өнерiне тәнтi болған «Ақ жол» партиясының өкiлдерi 100 000 теңгелiк қаржылай сыйлық ұсынып, мәрттiк жасады.

Азия БАҚЫТБЕКҚЫЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *