ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, МЕМЛЕКЕТІМІЗ ҒҰМЫРЛЫ БОЛСЫН!

Қазақ еліТәуелсіз мемлекет, дербес, азат ел. Егемен ел болғанымызға 27 жыл толып отыр. Тарих үшін бұл әрине, қас қағымдай сәт. Бірақ жер бетінде тәуелсіздігін сақтай алмаған, азаттықты аңсап жүрген қаншама елдер бар. Олар дербестік алып, әлемге танылмақ түгіл, әлі күнге дейін бостандығын ала алмай жүр. Ал қазақ елі 27 жыл ішінде іргелі, айбынды мемлекетке айналды. Бүкіл әлем таныды, тамсанып, таңғалып келеді. Бұған тәубе деуіміз керек.

Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Бұл – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ арманы мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін тәуелсіздік – ең қастерлі ұғым болуы керек.

Әйтпесе, былай қарап тұрсаңыз, этнографтардың дерегінше, әлемде 3,5 мыңнан аса ұлт бар екен. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымының қатарында бүгінде 193 мемлекет қана бар. Әрине, БҰҰ құрамына тек Тәуелсіздігі танылған мемлекеттер ғана мүше бола алатыны белгілі. Енді әлемде тәуелсіздігі танылмаған қанша мемлекет барын осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Тіпті 50 миллионнан аса халқы бар күрдтер де, 20 миллионнан аса ұйғырлар да әлі күнге дейін дербес ел бола алған жоқ.

Шотландиялықтар да Ұлыбританиядан бөлінгісі келеді. Венеция халқы да Италиядан тәуелсіздігін алғысы бар. Бавария Германиядан бөлініп, дербес мемлекет атануды аңсап жүр. Бірақ олардың ешқайсысы да тәуелсіз ел атана алған жоқ.

Ал біз, небәрі 18 милион халқымызбен Тәуелсіз ел атанып отырмыз! Тіпті егеменді ел болғанымызға 27 жыл толды. Тарихта талай-талай ауыртпалықты бастан кешірсе де, ешкімге басын имеген қазақ халқы қазір әлемдік дүбірге қосылып, әлем елдерімен иық тіресуде. Ендеше әрқашан да әрқайсымыздың кішкене отбасымыздан басталатын кең байтақ ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі нығая берсін, көк аспанымызбен астасқан көк туымыз әрдайым биіктен желбірей берсін дегім келеді.

Тағы да қайталап айтайын, әлемде 193 мемлекет бар. Оның үстіне, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Австралия секілді елдер ұлттың негізінде емес, жан-жақтан жиналған эмигранттардың есебінен құрылған. Сондықтан тәуелсіз мемлекеттер әлемде 193 емес, одан да аз болуы керек. Сол аз ұлттардың ішінен Қазақстан Республикасы ойып тұрып орын алып отыр. Енді осы  ата-бабаларымыздың қанымен келген Тәуелсіздігімізді сақтау – әрбір азаматтың қасиетті борышы болуы тиіс. Кімде болса да өз елінің, отбасының ар-намысын, амандығын, тыныштығын сақтап қалу жолында барын салады. Тіпті әрбір азамат өз елінің ынтымақ-бірлігіне, тыныштығы мен Тәуелсіздігінің баянды болуына үлес қосуы – оның азаматтық міндеті.

Қалай десек те, Тәуелсіздігіміздің арқасында Қазақстан қарыштап дамыды, барлық жағынан ел абыройы әлемге асқақтады. Шетелден миллионға жуық қандастарымыз көшіп келді. Тәуелсіздік болмаса, олар қалай көшіп келер еді? Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салаларында өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі, тіпті төрағалық та етті. Осының барлығы да – Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Ендеше, алақанда аялаған Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Абай БЕКБОТАЕВ,

Түркістан қалалық сотының судьясы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *