ТӘТТІ ҚЫЗ

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

 

«Өй, шөжек!»

Қайран, қазекем-ай! «Бала тілі – бал» дейтінін қайтерсің. Өмірдің қыр-сырын бір ауыз сөзбен түйіндеп, пәлсапаға айналдыру екі халықтың біріне бұйыра бермейтін бақ.

Гүлфайруз сегіз жылдан кейін көрген қызын әлі күнге өбектеп отырады. Туғаннан екі атқа ие болғандықтан, оның есімін қосарлап та, жекелеп те айта береді. Ерке қызын әкесі де ерекше жақсы көреді.

Берік Қызылордаға қызметке кеткенде Нұр­шашты кішкентай еді. Алғашында жанұясы Ал­матыда қалды. Бұл жағдайды бала қайдан түсінсін, күні бойы «Қайда кетті?» деп, әкесін іздеумен болатын.

– Әкең ешқайда кеткен жоқ, міне аяқ киімі, қазір келеді, – дейді, алдандырып, алдын-ала әзір­леп қойған үйдегі ағасы Бақыткелдінің топылайын көрсетіп. Нұрғазиза содан кейін ғана көңілі орнына түсіп, басқа нәрсеге алданып кетеді. Әкесі телефон соққанда:

– Мен сені сағындым, қашан келесің? – деп, міндетті түрде сұрайды. Сосын ойыншық қоянын құшақтап жатады. Әкесі бұл қоянды қызы дүниеге келмей тұрып, ырым етіп сатып әкелген.

– Мұның жақсы ырым болды. Қыз тусам осымен ойнайды, – деп, Гүлфайруз сақтап қойған. Кейін өмірге Нұршашты келіп, ойыншыққа қызыға бастағанда, қолына алдымен осыны ұстатты. Атын «Тілекшім» деп қойған еді бұл қоянның.

Нұршашты бір жасында анық сөйлеп кетті. Екі жасында сурет сала бастады. Бірде үйіне қонаққа келген белгілі қылқалам шебері Қайырбай Зәкірұлы оның суреттеріне таңырқап, ерекше пікір айтты. Әлгі сөзді естіп отырған Нұршашты енді қай суретті болсын бірдемде салып тастап, «Мынаны Қайырбайға апарып көрсетіңдер!» деп, ата-анасын күлкіге қарқ қылатын болды.

Бала тілі тәтті ғой. Екеуі еміреніп, еркелетіп «Тәтті қыз!» дейтін. Жалғыз қарындастары бол­ғасын ба, үш ағасы да ерекше жақсы көреді. Бәрі­нің қызықтайтыны соның тосын айтқан сөздері. «Бүгін бүйтіп айтты, Нұршашты былай деді» деген сияқты қызықтар күн сайын көбейе түсті.

Қызы бір жасқа толғанда Берік Түркияда өткен үлкен сайысқа Қазақстан атынан қазылық етуге барды. Гүлфайруз бен кішкентай Нұрғазизаны да ертіп ала шықты. Күндіз күйеуі өнер додасына кет­кенде Гүлфайруз қызын алып, дүкендерді ара­лайды, көше бойлап серуендеп қайтады. Сол әде­тімен бір күні «Анкамал» сауда ғимаратына бас сұқты. Іші ғажап, іздегеніңнің бәрі табылатын орта­лықта қызықтайтын дүние көп. Қаз-қатар тұрған дүңгіршектердегі сатушылар да жанға жылы сөз­дерімен адамды өзіне баурап тұрады. Бір кезде Гүл­файруз жүрегі әлденеден секем алғандай артына жалт қарады. Қызы жоқ… зәре-иманы қалмады:

– Нұршашты! А, Нұршашты! – деп, сасқалақ­тап, бір сәтте айналасының бәрін көзбен тінтіп үлгерді. Көрінбейді. Қанша дегенмен өзге елде жүргесін екі көзі шарасынан шыға жаздап, тіпті ойланып үлгерген жоқ, Нұршаштысы: «Мама!» деп дүңгіршектердің бірінен шығып келе жатыр. Әжетхана деп ойлап қалса керек, кіре сала, алды-артына қарамай, «кіш» етіп үлгеріпті. Түріктің қыздары өте инабатты, мейірімді ғой:

– Өй, шөжек, шөжек! – деп, күліп, айналып-толғанып, бетінен сүйіп, әлгі жерді құрғатып алып жатты. Содан кейін Гүлфайруз қызын көзінен таса қылмайтын болды. Құдайдан тілеп алған гүлі емес пе, әлгі әп-сәттік оқиғадан кейін одан сайын жақсы көріп кетті.

 

Ойда жоқта ұялтып тастайды…

Үш ұлы да мектепке барады. Жалғыз қалатын тек осы кішкентай еркесі – Нұршашты ғана. Мектеп жасындағы балаларына ерте тұрып, таңғы асын беріп, киіндіріп, шығарып салып жүретін Гүлфайруз жексенбіде аяқ-қолын созып жатып бір демалғысы келіп:

– Бүгін бір демалып тұрайықшы осы, – деп, ояу болса да, төсектен тұрғысы келмей жатқан. Сағат ондардың шамасы болып қалса керек. Кенет  Нұршаштының жүгіріп келіп:

– Мама, мама, жүрегім қатты соғып бара жатыр! Қатты соғып тұр! – деген сөзінен зәресі қалмай, орнынан ыршып тұрды.

– Не болды, жаным-ау?

– Жәй, ойнап айтамын. Әйтпесе жата беретін түрлерің бар, – деді, қызы түк болмағандай. Гүл­файруз бен күйеуі бір-біріне қарап, ал келіп күлсін. Бұдан кейін қалай жатсын, жуынып-шайынып, дастархан басына жайғасты. Баланың ойына келмейтін нәрсе жоқ-ау…

Нұршаштының әлі алтыға тола қоймаған кезі. Бір күні көптен бері жолыға алмай жүрген, жалғыз тұратын жамағайын апайының үйіне сәлем бере барды. Күйеуі қайтыс болған, сол уақытта баласы да ауырып, емханада жатыр екен. Амандық-саулық сұрасып, апайлары тәтті қыздың бетінен сүйіп жатса, ол төбеден түскендей:

– Жалғыздықпен күресіп отырсыз ба? – деді. Апай әуелде біртүрлі таңырқап, сасқалақтап қалды. Демде бойын жиып алып:

– Неге жалғыз болайын, балам бар ғой, – деді.

– Бәрібір, балаңыз болғанымен, жұбайыңыз жоқ қой! – демесі бар ма, тәтті қыздың. Біреу үйре­тіп қойғандай, Берік пен Гүлфайруз ыңғайсыз­данып қалды. Содан кейін «Аяқастынан тағы бірдеңе айтып қоймаса екен» деп жүретін болды екеуі. Ал Нұршашты не айтса да, сөздің жүйесін тауып айтатын…

Қызылордада тұратын кездері еді, үйіне айтыс ақындарын бастап Бекболат Тілеуханов түстенуге қонаққа келді. Ешкімді жатырқамайтын Нұрғазиза Бекболат ағасының мойнына асылып, еркелей бастады. Бекең де кішкентай қыздың үкен адамдарша сөйлейтініне сүйсініп:

– Ой, айналайын, тәтті қыз! Менің де сен сияқты үйде тәтті қызым бар, – десе, Нұршашты жұлып алғандай:

– Осы тәттілігімнен әке-шешем жеп қояйын деп отыр ғой, – деп, келген қонақтарды ду күлдірді. «Ой, мына құлыншақтың тілін-ай!» деп жатыр Бекең.

 

Ертегі оқып беремін деп, өзі де жаттап алды

Гүлфайрузбен бала тәрбиесі, отбасы бақыты туралы әңгімелесіп отырып, ойыма өзімнің бала кезім түсті. Алтыншы сыныпты бітіргеннен кейін, жазғы демалыста үйге Жаңақорғанда тұратын Бақыт деген менімен қатар жиеніміз қыдырып келіп, бір айдай жатты. Күндіз екеуміз үй шаруа­сына қолғабыс жасаймыз, арасында каналға суға шомылып келеміз. Қызық кешкі асты ішіп болған соң басталады. Бақыт күндегі әдетіне басады.

– Көке, бүгін қандай ертегі айтасыз? – деп, менің әкемді мазалай бастайды. Ол кісі ертегіні жақсы айтады. Сөзге шебер, қиюын келтіріп, небір оқиғаларды өрбітіп, қызықтырып отырады. Айтып біткен кезде, ұйқыға әлі ертелеу болса, Бақыт:

– Көке, тағы бір ертегі айтыңызшы, – дейді қиылып.

– Оу, әр ертегі үшін бір жылқы берем деп едің, бір үйір болып кетті ғой беретін жылқыларың, – деп, әкем қулыққа көшеді. Жаңақорғандағы жездеміз күйлі тұратын. Бақыт жиен:

– Тоғай біткен біздің жылқы екенін білесіз ғой, айта берсеңізші, – деп сөзден тосыла қоймайды. Әкем бала көңілін қалдырғысы келмей, жұмыстан шаршап келсе де, күніне бір-екі ертегі айтып беріп отыратын.

Қалалық жерде ертегі айтатын ата мен әже көп кездесе бермейді. Сондықтан бала тәрбиесі төңірегіндегі бар шаруа өз мойныңда. Әкем сияқты майын тамызып тұрып айтпасам да, мен де үйдегі кішкентайларды «Ақ аю» деген өзім шығарып, жалғастырып айта беретін ертегімен өсірдім. Түсінетін жастағысы, түсіне қоймайтыны бар, жеті балама бір заманда, сонау Алтай тауынан Арктика жаққа сапар шегіп кететін ақ аю туралы ертегімді бастаушы едім. Ол өмірі аяқталған емес, «Бұл еш­кім естімеген ертегі» деп бастап, ойдан құрастырып кете беретінмін. Гүлфайруздың:

– Нұршаштыға ертегі оқып беремін деп, солар­дың бәрін өзім де жаттап алдым. Қазір дап-дайын әжемін, – деп күлетініндей бар. Нұршашты көшеге шықса, кітап сатып алдырғанды жақсы көреді. Кәдімгі кішкентай кітапқұмардың өзі. Содан, қашан көзі ілінгенше «Кітап оқып берші, ертегі айтшы» деуден жалықпайды. Содан да болар, ой-өрісі ерте дамып, жетілді.

Бір күні елден Сәуелхан атасы келген. Қайын­атасымен сөйлесіп отырған Берікке Нұршашты жүгіріп келіп «Менің мамам өте ақылды ғой» деді. «Оны қайдан білдің?» деген әкесінің кері сауалына:

– Көрмейсіз бе, өйткені оның әкесі ақылды ғой! – деп жауап беріп, үй ішін топан күлкіге бөледі.

– Ерекше қабілетін байқаған соң, төрт жастан асқанда Абай өлеңдерін жаттата бастадым. Әдейі күрделілерін үйреттім, – деді Гүлфайруз. Шы­нында, Нұршашты Абайдың:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап», –

деген ішкі қайырымы қиын, баланың танымына ауырлау тиетін өлеңдерін жаттап алып, айтып жүрді. Айтқанда да, кәдімгідей, сайрап тұрады. Бес жастан асқанда Абайдың қиын өлеңдерінің біразын жаттап алды.

Бір күні газет парақтап отырған Гүлфайруз «Абай оқулары» байқауы өтетінін көрді. Мектеп оқушылары арасындағы аудандық сайысқа қызын қатыстырғысы келіп, байқау шарттарын біліп алды да, Нұр­шаштыға ұлттық көйлек кигізіп, жақсылап дайындап, мектепке алып келді. Үміткер­лер ішінде Абай өлеңдерін айтып келе жатып, ұмытып қалатындары мен қолын­дағы қағаздың көмегіне жүгінетіндер де бар екен. Бір кезде:

– Нұрғазиза Берікқызы, – деген дауыс естілді. Сахнаға кіп-кішкентай қыз шығып, саңқылдай жө­нелгенде, залдың іші сілтідей тына қалды. Қазылар алқасының мүшелері таң­қалып: «Қай мектептен?» деп сұрап жатыр. Нұрғазиза-Нұршаш­тының әлі мектепке бармайтын кезі ғой.

– Сені бұл сайысқа кім дайын­дады? – деп сұрады, қазылардың бірі.

– Анам дайындады, – деді кіш­кентай қыз. Отырғандар қызық­тап, тағы да сұрақтың астына алып жатыр. Нұршашты еш мүдірместен, тақылдап жауап беріп шықты. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Нұршаштыға берілді. Бұл туралы сол кезде «Алматы ақшамы» газе­тіне «Алты жастағы «Абай оқуларының» жеңім­пазы» деген мақала да шықты. Авторы журналист Нұрлан Сүйін былай дейді:

«Әуезов аудандық білім бөлімінің ұйымдас­тыруымен №141 жалпы білім беретін мектептің «Абай­тану мұражайында» өткізілген «Абай, Шәкәрім, Махамбет оқулары – 2014» сайысының «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» бөлімі бойынша осы мектептің даярлық тобының оқу­шысы, мектепішілік сайыстың жеңімпазы Нұрға­зиза Берікқызы аудан бойынша І орынды иеленді.

Биылғы сайыстың басты ерекшелігі, алты жастағы Нұрғазизаның бұл жастағы балалардың ырқына көне бермейтін ұлы Абай өлеңдерін жатқа оқуы болды. Аталмыш сайысқа оқушылар 5-сы­ныптан қатысатын. Бұл жолы жас жағынан рекорд жаңғыртқан талантты бүлдіршін топ алдына ұлттық киіммен шығып, ақын өлеңдерін нәшіне келтіріп оқығанда, Абайтану мұражайының дирек­торы, белгілі педагог Лиза Кәрімқызы бас­таған сарап­шылар ризашылығын жасыра алмады. Респуб­ликалық сайысқа жіберуге бүлдіршіннің жасы сәйкес еместігін айтып, талантына тәнті болды.

Әрине, бұл ең бірінші осы мектептің даярлық тобы мұғалімі, Нұрғазизаның ұстазы Роза апайы­ның шәкірт бойындағы қабілет көзін аша білгендігінің жемісі. Бұл да болса, жалпыға міндетті білім беру жүйесіндегі көрсеткіш ретінде бағалауға тұрарлық жетістік. Олай болса, алдағы уақытта сайысты өткізушілер Білім және ғылым министр­лігімен бірлесе отырып, жас мөлшеріне қатысты шектеулерді қайта қарап, Нұрғазиза сияқты талантты бүлдіршіндерді республика деңгейіне шығарып, білім жүйесіндегі осындай жетістіктерді жалпыға үлгі ететіндіктеріне сеніммен қарайық.

Нұрғазиза Берікқызы – Абай өлеңдерімен тіл сындырған бүлдіршін. Абай жырларын анасы Гүлфайруздың көмегімен төрт жасынан бастап жаттаған. Бұл күнде ұлы ақынның «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма?», «Құлақтан кіріп, бойды алар», Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» сияқты жиырма­шақты өлеңін біледі. Бізді елең еткізгені: бүлдір­шіннің сабақ кестесінен тыс кезде де бос уақы­тының жоқтығы. Ермексазбен түрлі кескіндемелер жасап, акварельмен сурет салуды әдет еткен Нұрғазиза шахмат ойнауды, ертегі кітаптар оқуды жақсы көреді екен. Қазақтың әр баласы Абай жырларымен көзін ашып, осылайша көкірегін өрнектер болса, ұлтымыздың келешегі кемел.

Жүлделі қадамың құтты болсын, Нұрғазиза!».

Еңбегінің еш кетпегеніне Гүлфайруз тәуба дейді. Нұршашты бастауыш мектепті Бақыткүл Қарағазқызы апайынан бітіріп, өз күшімен емти­хандардан мүдірмей өтіп, мамандандырылған физика-математика лицейіне оқуға қабылданды. Қазір сабағы өте жақсы, өзі зерек, үш тілде қатар сөйлейді. Әр баланың кішкентай жетістігінің өзі үлкен марапатпен тең. Әсіресе, бұл ана үшін зор мәртебе. Үйде әрі ана, әрі тәрбиеші, әрі мұғалім ретінде бала тәрбиесімен айналысу кез-келгеннің қолынан келе беретін ерлік емес.

Мен ұзақ ойға берілдім. Сосын мұны міндетті түрде жазып, көпшілікке ой салуым керек деп шештім. Бірақ қай қырынан келіп, қалай айтамын, мені мазалаған сауал осы. «Сүтпен келген қасиет сүйекпен кетеді» деген сөз де отбасындағы тәрбие мәселесінің өзіндік орнын көрсетеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *