Тәттi сусындардың ащы дәмi

  • Жазылған жайға орай

(«Алматы ақшамы». №107 (4825), 3 қыркүйек, 2013 жыл)

Асханаларда сатуға тыйым салғаннан не пайда?

4«Алматы ақшамы» газетiнде жария­ланған журналист Нұржамал Бай­сақалдың мақаласын оқыған соң бiрден дәрiгерге барып тексерiлгiм келдi. Өйт­кенi, менiң кешкi тамағым – қытырлақ картоп (чипсы) пен кока-кола ғана. Шешем болса, айта-айта шаршаған. Ал энергетикалық сусындардың құрамын­дағы заттарды және олардың ағзаға әсерi жайында оқыған кез-келген адам ендi ойланатын шығар деген ойдамын. Бiзде заң қатал болмағандықтан, денсау­лық­қа, жасөспiрiмдер мен жастардың ағза­сына зиянды тағамдарға тосқауыл қоя алмай отырмыз. Бiздiң мектеп асхана­сында мұндай сусындар сатылмайды, бiрақ, тура мектептiң iргесiнде азық-түлiк дүкенi бар. Менiңше, мектептiң маңына азық-түлiк, арақ-шарап, темекi сататын сауда орындарын салмау керек және талдап темекi, қалтаға салып на­сыбай сататын саудагерлердi жолат­пау керек. Тiлшi айтқандай, оны оқу орындарының асханаларында сатуға тыйым салғанмен, сауда орындарының сөрелерiнде самсап тұрғандықтан тыйымның пайдасы бола қоймас.

Жандос ӘШIМБЕКОВ.

«Ауру – астан»

Қазақ «Ауру – астан» дегендi текке айтқан жоқ қой. Бұл ретте академик Шармановтың да пiкiрiн қолдаймын. Аурудың көбi қазiр iшiп-жеген асы­мыздан болып тұрғаны белгiлi.

«Алматы ақшамы» газетi көтерiп отырған бұл мәселе – қазiр әрбiр отбасын ойландырып отырған жағдайлардың бiрi. Үйде энергетикалық сусындардың да, «кириешки», чипсылардың зиянды екенiн айтып отырамыз. Бiрақ, одан келiп-кетер пайда шамалы, өйткенi, теледидар сырадан бастап, сусындардың түр-түрiнiң жарнамасын жалаулатып берiп жатқан жоқ па? Кока-коланың жарнамасын көрген кезде, бала түгiлi, ересек өзiмiздiң де iшкiмiз келiп кетедi. Сондықтан Денсаулық сақтау ми­нистрлiгi жасөспiрiмдер мен жастардың денсаулығын ойласа, оны оқу орын­дарының асханаларында ғана емес, дүкендерде, ойын-сауық кешендерiнде, түнгi клубтарда да сатуға тыйым салып, жарнамалауды тоқтатқандары жөн.

Алматының көшелерiне көз жүгiр­тiңiзшi, толған «кока-кола», «фанта», «дизи», «чипсы», «кириешкимен» жарты ғасырдан астам уақыттан берi жұрттың шөлiн басып келе жатқан Алматының «Жигулиi» мен немiс сырасының жар­намасы.

Қымыз бен шұбатты дәл осылай жарнамаласақ қой… Өз төрiмiзде отырып, өз құндылықтарымызды дәрiп­теуге келгенде, неге сонша құнтсыз халықпыз?! Энергетикалық сусын­дардың құрамындағы зиянды заттарды да жазып, көше бойларына iлiп қою керек, сонда жастар, бәлкiм, ойланар. Болмаса, «ит қорыған жерге өш» де­мекшi, зиянды деген сайын жастардың әуестiгi арта түсетiн секiлдi.

Тiлшi айтып өткендей, балала­ры­мызға кириешкидiң орнына құрт, чипсыдың орнына iрiмшiк, кока-кола мен дизидiң орнына қымыз бен шұбат неге iшкiзiп үйретпеймiз?

Жуырда бiздiң биология және биохимия институтының ғалымдары тез дайын болатын тағамдарда адам миы­ның шiруiне әсер ететiн глютомат деген заттың барын анықтаған. Адам ағза­сында глютомат көбейiп кетсе, ол миға әсер ететiн көрiнедi. Бiз болсақ, қытай мен кәрiстiң дайын кеспелерiн кешкi-түскi  тамақ етiп жүрмiз.

Күлпаш ҚАЛИБЕКОВА,

биолог, зейнеткер.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *