ТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫ ТАҒЫ БІР РЕТ ДӘЛЕЛДЕЙТІН КҮН ТУДЫ

Сәбит ОРАЗБАЙ, Қазақстанның халық әртісі,

Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты

 Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұрған коронавирус дерті күн сайын өршіп барады. Дауасыз дертті жұқтырушылар саны біздің елімізде де бой көрсетіп, олардың қатары көбейіп отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде қауіпті вирустан сақтануға ерекшк мән берді. «Бүгінде бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырмыз. Қазір вирус жер шарындағы 155-тен астам мемлекеттің, соның ішінде Қазақстанның да аумағына таралуда. Індеттің географиялық өрісі үздіксіз кеңейіп, құрбандарының саны да өсіп келеді. Бұл жағдайды халықаралық экономикалық дағдарыс –  шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы ушықтыра түсуде…» – деді Елбасы.

Қазақстанның өзінің тәуелсіздік тарихында талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткені белгілі. Әсіресе жоқтан барды құраған алғашқы, атап айтар болсақ, өткен ғасырдың 90 –шы жылдары ауыр кезең болғанын да көзіміз көрді. Ел басына түсіп отырған қазіргі күрделі жағдай сол 1990-шы жылдардағы қарбаласты көзімізге елестеткендей.

«Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік. Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы – маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау» деген Тұңғыш Президент өзі негізін қалаған егемен еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтынын аңғартты.

Өзі үнемі айтып жүретін ұлтты ұйыстырудың, бір­лік пен қоғамдағы келісімнің ма­ңыз­дылығына тоқталды. Тұтастығымызды тағы бір рет дәлелдейтін күн туғанын баса айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын алда келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаудыда ұмытқан жоқ. «Келе жатқан Наурыз мейрамы – біздің бірлігіміздің нышаны. Шуақты мереке қарсаңында әрбір шаңыраққа шаттық пен игілік тілеймін! Барлық ауыртпалық бізді айналып өткей. Қазақстан бұл қиындықты да еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады деп нық сенемін. Біз біргеміз!» деді Елбасы. Қазақ қашанда, елдің іргесін сөкпей, ұлтының ауызбіршілігін сақтаған қайсар халық. Бұл жолы да сол бірлікті, төзімділікті, тұтастықты сақтап қаларына сенемін.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *