Тұтастай ҰЛТ МҰРАСЫ

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың ақтаңгері  Мұхамеджан Тазабековтің «Айтыстар» кітабы көпшілік оқырманға жол тартты.

Әсел ДАҒЖАН

Қазақтың рухани байлығының ірі бөлшегін құрайтын Айтыс өнерінде сонау тоқсаныншы жылдары толағай, сұрапыл толқын болғанын айтыссүйер қауым, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын көрермен жақсы біледі. Міне, сол жылдардың жаңғырығы ретінде, халықтың есінде қалған айтыстарды қайта жаңғырту мақсатымен Мұхамеджан Тазабеков айтыс­тарды бір жинаққа жинап, баспадан кітап етіп шығарған. Бұл кітап бұған дейін бір басылып шыққан. Бірақ таралымы аз болып еді.

Қай салада болсын, рухани жаңғыруды талап етіп тұрған заманда ұлттың дамуы рухани құндылықтардан бастау алмақ. Міне, бұл кітап осындай ауыр жүкті, үлкен миссияны атқарудағы игі қадамның бірі.

Кітаптың тұсаукесерінде жиылған жұртты қағытпа әзілі­мен күлдірген Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-тер­мешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман «Айтыстар» кіта­бын қазақ руханиятына қосылған олжа деп бағалады. Бұл – ақындардың жай ғана сөз қағысы, айтысы ғана емес, тұтастай ұлттың мұрасы деді.

Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев өз кезегінде қала әкімі Бауыржан Байбектің құттықтау хатын оқып, арнайы сыйлығын табыстады.

Рухани кешке жиналған қауым кітап тұ­саукесерімен қоса, әдемі айтыс тыңдап, ғиб­ратты әңгімелердің куәсі болды. Соның бірі – қазақ айтысы қандай қиын дәуірлерде де оның өзімен бірге болғанын айтады. Сондай қиын-қыстау заманның бірінде Сырдың бойында Жорықбай деген жырау өткен. Сол жырау елдің бәрі аштықтан қырылып, бұратылып жатқан кезде солардың бас жағына келіп, өлең айтып жүретін көрінеді.

Жорықбай деген жыршымын,

Жырсыз өтпес бір күнім.

Қадірің қайда қайран тіл,

Нанға зарсың бір тілім.

Сезінем сонау сыздаған

Дәуірдің дәуір бұрқылын.

Бәрін айт та, бірін айт,

Ақыны болу артық қой

Қалың да қазақ жұртының.

Сонда әлі ақылынан адаса қоймаған аш қазақтар: «Ел­дің бәрі аштықтан қырылып жатыр, осы жырыңды қойсаң қайтеді», – дегенде Жорықбай: «Маған ән айтуға екі есе күш беріледі. Мен де жетісіп жүргем жоқ. Адамдар өлсе де, үміттері өшпесін. Әлі сондай бір дәуір келеді, қазақ еңсесін көтеріп, өз алдына ел болады. Өзі өлсе де, үміттері де өшпесін деп көңілдеріне сәуле шашып жүрмін ғой», – дейтін көрінеді.

Жыр жинақтың тұсаукесеріне поэзия сүйгіш оқыр­маннан өзге қазақтың әдебиеті мен мәдениетінде ойып тұрып орын алатын зиялы қауым қатысты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close