«ТӘРТІПКЕ БАҒЫНҒАН ҚҰЛ БОЛМАЙДЫ»

Ала жаздай ойын қуып, ауылда болып, аптаның жеті күні болсын тек қана рахат демалысқа созылған күндердің аяқталып, мектеп маусымы, жаңа оқу жылының басталғанына да көп болған жоқ. Үйдегі тәртіп, сабақтан кейін үй тапсырмасын орындау керек деген де тәртіп сол баяғыдай. Достармен есік алдында ойнайтын не құрбыларыңмен кездесетін уақыттың өзі күз мезгілі басталысымен тәртіпке бағына қалатыны бар. Бірақ одан ұтпасақ, әзірге ешкім ұтылған жоқ. Өйткені, нысана, басты назар – білім алуға ғана бағытталуда.

Бұл жерде айтпағымыз – тәртіп, мектеп оқушыларының үйдегі тәртіпке бағынғаны секілді, мектептің де ішкі тәртібіне бағынуы. Кезінде Бауыржан Момышұлының өзі «тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтпаса керек. Заманына қарай мәселесі ме екен, әйтеуір осыдан біраз жыл бұрын оқушылардың мектеп формасын қоғам болып айтысып-тартысып жүріп, бір жөнге келтіргеніміз есімізде. Даудың басы демей-ақ қояйық, бірақ сол баяғы Дайрабайдың көк сиыры секілді мектеп формасына қатысты біраз мәселе жоқ емес.

Мәселен, бүгін қаладағы мектептерде кейбір оқушы қыздар мектепке формамен емес, орамалмен баратын болып жүр. Мұның өзін біз белгілі бір ресми деректерге сүйеніп айтып отырмыз. Олардың кейбіреуі бастауыш сыныптың қаршадай балалары болса, кейбірі орта сыныптың оқушылары. Мысалы, 2017 жылы қаламыздағы сегіз аудандағы мектептердің арасынан 76 оқушының білім ордасына орамалмен барғандығы тіркелген. Бірақ бұл көрсеткіш мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарымен үздіксіз жүргізілген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде біраз азайған. Яғни биыл мектепке орамалмен баратын оқушылар саны – 57. Қазақы дәстүрімізге салсақ, тұрмысқа шықпай әрі бойжетпей тұрып қыз баласы басына ешқашан орамал байлаған емес. Оның үстіне, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы өткен жылы қазақ қыз балаларының балиғат жасқа жетуін 14-15 жас деп көрсеткен болатын. Сондықтан мектеп оқушысы ретінде әрбір қыз баласы білім алып жүрген мектепке құрбыларымен қатар форма киіп барудың еш сөкеттігі жоқ. Ал мектептен тыс уақытта өзіне ыңғайлы болған киіммен, бас киіммен жүруіне құқылы.

 Неліктен мектепке орамалмен кіруге болмайды? Бұл сұрақты заңдық тұрғыдан талдасақ, мектеп – мемлекеттік мекеме. Ал Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, дін – саясатқа, мемлекет ісіне араласпайды. Бірақ зайырлылықты дінге қарсылық деп түсінбеу керек. Мемлекет азаматтардың дін ұстануына қарсы емес. Бірақ дін саласын мемлекет қадағалап, бақылап, заңдық тұрғыдан реттеп отырады. Өйткені, оның артында елдің тыныштығы мен бейбіт өмір, діннің атын жамылып арам пиғылды көздейтін экстремистік, террористік қауіп-қатерден халықты заңдық тұрғыдан қорғау ғана тұр. Осы мәселенің басын ашып алу үшін Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ақпараттық-түсіндіру және алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру тобының мүшесі, философия ғылымының докторы Бағдат Бейсеновпен сөйлескен болатынбыз. Ол бізге зайырлылық дегеннің не екенін түсіндіріп берді.

Конституцияның 1-бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды деп жазылған. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспесінде дін мен мемлекет, дін мен білім беру, дін мен тәрбие беру бөлек деп көрсетілген. Яғни діни білім мен діни тәрбие тек діни оқу орындарында ғана беріледі. 2016 жылы қаңтар айындағы ҚР Білім және Ғылым министрлігінің №26 бұйрығы бойынша «Қазақстан Республикасының мектептерінде діни негіздегі, діни үлгідегі киімдер киюге және атрибуттарды қолдануға болмайды» деп көрсетілген. Ол біздің мемлекетіміздің түрлі діни немесе ұлттық негіздегі ерекшеліктерді ашып көрсетуге алып келмесін деп жасаған қадамы. Зайырлылық дегеніміз дінге қарсылық емес, ол дін мен діни қызметтің заң аясында жүзеге асуы. Сондықтан мектептен тыс уақытта оқушылар өздеріне ыңғайлы киімін кие алады, – деді Б.Бейсенов.

Әрине, заң бойынша еліміздегі азаматтардың дінді ұстану, ұстанбауы, жалпы сенім мәселесі әркімнің жүрек қалауының еркіне шешілген. Дегенмен, діни ұстаным, сенім – мемлекеттік мекемелерге қатыстырыла айтылғанда, заңдық тұрғыдан Конституцияға, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» және Білім туралы заңдарға, мемлекеттің дін саласына қатысты қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларына, тұжырымдамаларына бағынады. Оған қоса, біздегі мектептердегі ұстаздар ұжымының 85-90 пайызға жуығы әйел адамдар. Сондықтан діндар ата-аналардың қыздары мектепке формамен барса, оның ешбір айыбы жоқ дейді мамандар. Өйткені, мектепке тек білім алу үшін баратын оқушының басы артық мәселеге алаңдамай, ойын бөлмей, бар назарын тек оқуға, білім алуға жұмсағаны абзал. Өйткені, ислам діні әу бастан білім мен ғылымды игеруге баса көңіл бөлгенді құп көреді. Абайша айтсақ, «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады».    

Егер «Заңдық тұрғыдан әркім қандай дін ұстанса да өз еркінде емес пе» дейтін пікірдегі ата-аналар болса, мектепке орамалмен бару мәселесі де заңдық тұрғыдан шешіліп қойылған. Мәселен, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Соның 2-бөлімінің 2 параграфы мемлекеттің зайырлы даму қағидаттарын нығайтуға арналған. Ондағы Білім беру жүйесі жайлы бөлімде «білім беру ұйымдарында белгіленген киім үлгісіне қойылатын талаптарды орындау» қажеттігі анық жазылған. Белгіленген киім үлгісі деп бұл жерде әрине, мектеп формасы айтылған. Сондықтан әрбір азамат осы елдің азаматы ретінде Конституцияға және еліміздің Заңдарына бағынуы керек. Ал дінді ұстанушы азамат ретінде өзінің дәстүрлі діни ұстанымына бағынады. Яғни бұл жерде екі жолды үйлесімде, үндестікте ұстану қажет. Сөзімізді шегелей түсу үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Елбасының 2012 жылғы Қазақстан халқына Жолдауын ашып қарасақ: «біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс. Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті – Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты. Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс» деп жазылған.

Біз осы мақаланы дайындап жатқан кезде Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитетінің ұйымдастыруымен Астанада Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған оқыту тренингі өткен болатын. Тренинг кезінде Қоғамдық даму министрлігі қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев мектеп оқушыларының мектепке орамалмен бару мәселесін қозғап, пікір білдірген еді.

Осы елдің тыныштығы, бірлігі біз үшін өте маңызды. Мемлекет діннің үкімдеріне қарсы болған емес. Қазір мемлекетті орамалға қарсы қылып көрсеткісі келетіндер бар. Біз діндарлардың ішкі мәселесіне еш уақытта араласқан емеспіз. Тек бір ғана жағдайда, яғни мектепте араласамыз. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта мектептерде 1, 2, 3 сыныпта оқитын балалар мектепте орамал тағатын болды. Көшеде, үйде таға беріңдер. Мектепке дейін орамал тағып келіп, мектепке кіргенде орамалды шешіп қойсын, тіпті, мектепте орамал тағатын оқушылар үшін орамалды киіп-шешетін бөлме беріп қойдық. Жоқ, бұған да көнгілері келмейді. Ата-аналар қауіпсіздік мәселесіне алаңдаса, мектептің бәріне камера орнатылған. Мектеп әкімшілігі бұрыш-бұрыштың бәрін камера арқылы көріп отыр. Сондықтан шешімі табылған мәселені күрделендірудің қажеті жоқ, – деді Балғабек Мырзаев.

Бәрін айт та, бірін айт, сіз бен біз Тәуелсіз, зайырлы, құқықтық мемлекет – Қазақстанның азаматтары мен азаматшалары ретінде конституциялық құқығымыз бен міндеттерімізді де біліп, әке-шешеміздің үйдегі талап-тілегін орындағанымыз сияқты, осы елдің заңдарына да құрметпен қарап, оған бағынсақ, қазақы тәрбиеге бағынып өскен Бауыржан Момышұлындай текті қазақтардың санын көбейтеріміз анық.

Сан ғасырдан бері қанымызға сіңген тектіліктен айырылып қалмайық десек, адымдап дамып келе жатқан заман талабынан артта қалмайық десек, ұрпағымызға заманға сай білім беру әр ата-ананың азаматтың борышы деп білуіміз керек. Егер діннің дегенімен өмір сүретін жастардың қатарынан болсаңыз, дінде білім алу да парыз екенін еске саламыз.

Әсел ДАҒЖАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *