ТӘРТІП, ТАЗАЛЫҚ және ТӨЗІМ КЕРЕК

Нұржамал ӘЛІШЕВА
Осыдан біраз бұрын біздің газет дзюдо мен самбодан әлемдік деңгейге көтерілген тұңғыш балуан қазақ қызы, самбодан әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы, Азия чемпионы, КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, КСРО Кубогінің жеңімпазы, самбо мен дзюдодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы Айсара Керімбекова туралы жазған болатын.
Оның үлкен спорттан кеткеннен кейін оқу орындарында білім беріп жүргенін де білдік. Иә, Айсара спорттан алыс жүрген жоқ. Қазір Алматы Құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінде дене шынықтырудан сабақ береді.

Оған қосымша тағы бір жұмысы бар. «Жетісу» шағынауданындағы көппәтерлі №61, №62 және №65 тұрғын үйлердің басын қосатын «Астра» мүлік иелері бірлестігін (КСК) басқарады.
Кезінде нарықтың қыспағында қалған бұл үйлерге де темірдей тәртіп орнатып, сөзін өткізе алатын бір жетекші адам керек болған. Сонда тұрғындар өз арасында жүрген Айсара Керімбековаға қолқа салғанда, ол үзілді-кесілді қарсы болғаны бар. Бірақ ақыры көндірген. Содан бері осы үш үйдің «жыртығын жамап, тесігін бүтіндеумен» келеді.
Тұрғындардан жиналатын азын-аулақ қаржыны ұқсатып жаратып жүр. Төрт-бес жұмысшыға жалақы тауып беріп отыр. Одан артылған тиын-тебенді осы үш үйдің керек жарағына жұмсайды. Ауланы көркейту жұмыстарына кейде ағайын-туыстың балаларын әкеп жауып жіберетін кездері де жоқ емес. «Босқа жүргенше, пайдалы іспен айналысыңдар» дейді ондайда жастарға. Үлкенге де, кішіге де тең қарайтын Айсара апайдың есігінің алдынан да, бір бөлмелі пәтерінен де адам құрғамайды.
Оның осы күнге дейін КСК бастығымын деп бір күн отырған күні жоқ. Спортшының аты – спортшы, күнде таңертең міндетті түрде далаға шығып, денені шынықтыру жаттығуларын жасайды, жүгіреді. Бір шелек мұздай су құйынып алу да айнымас дағдысы. Сосын ауланың қыста қарын күрейді, жазда сыпырады. Кейде ұлының «мама, ұят қой» деп ренжитіні бар. Ондайда спортшы анасы «балам, бұл – мен үшін спорт» деуден танбайды. Айсара үшін бір күн қимыл-қозғалыссыз қалу – өмір тоқтап қалғанмен бірдей. Ал салауатты өмір салтын ұстанатын адамға ешқандай ауру жоламайтыны белгілі.
Айсара Керімбекова бүгінгі таңдағы төтенше жағдайға байланысты колледж студенттерімен онлайн-сабақ өткізіп жүр. Сөйтіп қашықтан оқытудың платфорасын да меңгеріп алды.
– Қазір күнде таңмен таласа оянып, сыртқа жаттығуға шыққанда байқайтыным – ауа бұрынғыдай емес, сондай таза, сіміре бергің келеді. Таңмен бірге жарыса шырылдайтын торғайлардың үні де тап-таза естіледі. Тіпті, көз ұшындағы биік таулардың ұшар басына дейін ап-анық көрініп тұрады. Қазіргі карантин кезінде бәріміз үйде отырып, көшеде көліктер де азайған соң, ауа да тазарып қалған, – дейді Айсара Керімбекова табиғаттың әдемілігіне сүйсініп.
Тазалық демекші, қазір бұл үш тұрғын үйге де әкімдік тарапынан аптасына екі рет, сәрсенбі және сенбі күндері дезинфекция жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Алматыдағы 76 тұрғын үйдің алдына, 158 подъезге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін Шыңғыс Абдырбековтің бригадасын Айсара Керімбекова таңертең өзі күтіп алады. Дезинфекция жұмыстары кезінде жігіттермен міндетті түрде бірге жүреді. Өйткені, жұмыстың сапалы орындалуына өзін де жауапты сезінеді. Бүгінгідей сын сағатта барлық жерде тазалық, тәртіп маңызды.
Біраз уақыттан бері үйлеріне «қамалып» отырған адамдарға тазалықпен бірге сабыр да, төзім де қажет.
Біз біргеміз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *