ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР БЕКІТІЛДІ

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру барысы қаралды.

 

Әлеуметтік көмек көбейеді

Съезде Елбасы аз қамтылған және көп­балалы отбасылар тобына атаулы әлеумет­тік көмек көрсетудің жаңа тәртібі жайында елеулі мемлекеттік бастамалар ұсынғаны белгілі. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар барысын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев кеңінен баяндады. Оның айтуынша, 1 шілдеге дейін ең төменгі күнкөріс деңгейі 14 849 теңге болады. Ал 1 шіл­деден бастап бұл 20 789 теңгеге көтері­леді. Яғни егер аталған көмекті осы уақыт­қа дейін 571 мың адам алып келсе, енді ол 260 мыңға көбейіп, 830 мың қазақстандық үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға мүмкіндік тумақ.

— Мысалы, 4 балалы жалғызбасты отбасы 1 шілдеге дейін табысы жоқ бол­ғандықтан 63 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып келсе, 1 шілдеден бастап ол 40 мың теңгеге көбейіп, 103 945 теңгеге жетеді. Ал қосымша төлемдерді есептегенде ол отбасының жалпы табысы айына 114 448 теңге болады, – деді ол.

Министр атаулы әлеуметтік көмекті дайындау үшін отбасылардың жиынтық табысында да өзгеріс орын алатынын айтты.

— Атаулы әлеуметтік көмек тағайын­даған кезден бастап, яғни 1 шілдеден кейін отбасының жиынтық табысынан көпбала­лы отбасыларға, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдем­ақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақылар, стипендия алынып тасталады, – деді Б.Сапарбаев. Министрдің айтуынша, аз қамтылған отбасының балаларына беріле­тін жәрдемақы қазір 4 834 теңге болса, 1 шіл­деден бастап 20 789 теңгеге жетеді. Ол 18 жасқа дейін төленеді. Егер ол балалар оқитын болса, онда 23 жасқа дейін төлене­ді. Оған қосымша ата-анасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, онда да оларға қосымша жәрдемақы төленбек. Мүгедектігі бар балаларға және 18 жастан асқан, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі үшін 100 мың азаматтың жәрдемақысын 31,1 мың теңгеден 41,6 мың теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Министр әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде халыққа ыңғайлы жағдай жасап, адам­дарды бекерден-бекер сандалтпау үшін талап етілетін құжаттар саны азаяты­нын айтты.

— Енді осының барлығы қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «е-халық» жүйесі­мен жүзеге асырылады. Кейбір мәліметтер жоқ болса, ата-ананың келуінің керегі жоқ. Жергілікті жерлердегі жұмыс­пен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне тиісті мәліметтерді алады, – деді Б.Сапарбаев.

 

Жалақы жоғарылайды

Білім беру мәселелеріне қатысты алға қойылған міндеттерді орындау бойынша Білім және ғылым министрлігінің жоспар­лары мен міндеттерін министр Күләш Шәмшидинова баяндады. Оның айтуын­ша, алдымен білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысын ұлғайту, орта білімде реформаны нақты түрде іске асыру, сондай-ақ озық жоғары оқу орындары мен заманауи колледждерді анықтауға қатысты бірқатар міндетті орындау қажет.

— Білім саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30 пайызға дейін жүзеге асады. Бұл саладағы 500 мың адам­ның жалақысы өседі. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернат­тардың тәрбиешілері және олардың көмек­шілері, әдіскерлер, әлеуметтік педагогтар, балабақшалар мен колледждердің психо­логтары, қосымша білім беру ұйымдары­ның қызметкерлері, кітапханашылар, тәлім­герлер, бухгалтерлер, іс жүргізушілер, аула тазартушылар, күзетшілер, пеш жағушылар, сантехниктер мен электриктер және тағы басқалары бар, — деді К.Шәмшидинова.

Білім және ғылым министрлігі келтірген мәлімет бойынша білім беру сапа-сын арттыру мақсатында 2019—2021 жылдар аралығында жаңартылған мазмұн бойынша 144 мың мұғалім, 82 мыңға жуық сынып жетекшісі мен психолог, 15,5 мың колледж маманы мен 2,4 мың ЖОО оқытушысы қайта даярлау курстарынан өтеді.

Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің айлығын 30 пайызға көтеруге қатысты баяндама жасады. Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы 1 шілдеден бастап еңбекақысы төмен барлық медбикелер мен кіші медициналық персоналдың жалақысы 30 пайызға өседі.

— Елімізде жұмыс істейтін медбике­лердің орташа жалақысы 76 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеріледі. Ал кіші медицина­лық персоналдың айлығы 48 мыңнан 64 мың теңгеге артады. Оған қоса, жоғары сұра­нысқа ие мамандықтар бойын­ша дәрігерлердің жалақысы да ұлғаяды. Жалпы, 225 мыңнан астам медицина қызметкерінің жалақысы өседі. Осыған орай, 2019 жылы республи­калық бюджеттен 37,6 миллиард теңге, ал 2020 жылдан бастап 78,7 миллиард теңге бөлінеді, — деді Е.Біртанов.

Президенттің тапсырмасы бойынша, жергілікті жерде жалақысы төмен әкімдік қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға арттыру қажет. Бұл бағытта қандай меже­лер бекітілгені жөнінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

— Елімізде жергілікті жерде жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметші бар. Негізінен, сарапшылар, жетекші мамандар және бас мамандар. Олардың жалақысы орташа есеппен алғанда 25 пайызға өседі. Мысалы, егер бас маманның орташа жалақысы 84 мың теңгені құраса, енді ол 100 мың теңге болды, — деді Р.Дәленов.

Министрдің айтуынша, әкімдік қызмет­керлерінің табысын көтеруге қосымша 76,5 миллиард теңге қажет. Биыл бұл бағытта жұм­­салатын қаражат көлемі – 15,3 мил­лиард теңге. Ұлттық экономика министрі­нің айтуын­ша, шағын қалаларды дамытуға жылы­на 10 млрд теңге бөлінеді. Бұл сол қала­лардағы инженерлік-коммуникация­лық инфра­құрылымның 100 жобасын салуды немесе реконструкциялауды қамта­масыз етеді.

— Перспективалық ауылдарды дамыту үшін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы қаржы­ландырылады. Оған 3 жылда 90 млрд. теңге бөлінеді. 1,5 мыңға жуық ауыл қамтылады. Болашағы бар ауылдар халық санына, орналасқан орнына, даму әлеуе­тіне және тағы басқасына байланысты анықталады, —  деді Р.Дәленов.

 

Көпбалалы отбасыларға жалдамалы баспана беріледі

Жиында тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысын жандандыру және жол салу қарқынын күшейту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр баяндады. Министрдің айтуын­ша, қазір елімізде 340 мың көпба­лалы отбасы бар, оның 28 мыңы тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 7 жыл ішінде жыл сайын 6 мың жалдамалы пәтер, 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салу жоспарланған.

— Кезекте тұрған аз қамтамасыз етілген көпбалалы отбасылардың мәселесі толық шешілетін болады. Биыл мамыр айында біз көп балалы отбасыларға жалдамалы пәтер беруді бастаймыз, — деді Р.Скляр.

— Аз қамтылған отбасыларға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 20 жылға жеңілдетілген несие беріледі, оның жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2 пайыз болады. Ипотека бекітілген негізгі шарттар бойынша төрт және одан көп баласы бар отбасыларға, мүгедек баласы бар немесе мүгедек баланы бағатын отбасыларға, кәме­летке толмаған балалары бар толық емес отбасыларға беріледі. Екі жылда біз осы аталған санаттарға 22 мың жеңілде­тілген заем беруді жоспарлап отырмыз, — деді Р.Скляр.

Министрдің сөзіне қарағанда, 22 мың ипотекаға үш жылдың ішінде республи­калық бюджеттен 50 млрд теңгеден бөлінбек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес жол құрылы­сына, қалалық және ауылдық инфрақұры­лымды дамытуға, жергілікті магистральды жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттен 150 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінуде. Қосымша қаражаттың бөлінуін ескергенде, қаржыландыру көлемі 200 млрд. теңгені құрайды. Бұл қаржы 5 мың шақы­рымнан астам жолды жөндеуге мүмкіндік береді.

Отырыста Үкімет басшысының орын­ба­сары Гүлшара Әбдіқалықова да сөз алып, Елбасы тапсырмаларын түсіндіру жұмыс­тары жанданатынын айтты. Премьер-Министр Асқар Мамин экономикалық табыс, ең алдымен, әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталуға тиіс екенін айта келіп, «Нұр Отан» партиясы съезінің тарихи шешімдерін жүзеге асыру мәселелері маңызды екенін жеткізді.

— Елбасының жаңа әлеуметтік қамқор­лық шараларын сапалы және уақытылы іске асыру керек. Үкімет мұқтаж азамат­тарды әлеуметтік қолдау бойынша тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Бюрократия мен фор­ма­лизм­ге жол берілмесін. Қарапайым адам­­дардың мәселелерін шешу қажет. Барлық мемлекеттік органдардан осы бағыт­та қарқынды жұмыс атқаруды сұрай­мыз, — деді А.Мамин.

Үкімет басшысы ірі қалалардың қала маңы аумағында, шағын және моноқа­лаларда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жаңа тұрақты жұмыс орында­рын, әсіресе ауылдарда әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын салу, олардың қолжетімділігі мен қызмет сапасын қамтамасыз ету, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды, оның ішінде жергілікті жол желілерімен, энер­гетика және газбен жабдықтау жұмыста­рын жүргізу қажеттігін айтты.

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

1 наурыз, 2019 ж.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *