Түрмеден шыққан азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге арналған дөңгелек үстел өтті

 «Мәңгілік Қазақстан» қоры «Жазасын өтеп шыққан азаматтарды әлеуметтік бейімдеудегі өзекті мәселелер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырып, «КЕШ» құқық қорғау орталығының директоры Кәмшат Шынтекова, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Құдияр, Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тәрбиелік, әлеуметтік-психологиялық жұмыс тобының бас маманы, әділет майоры Шынар Хусайнова, Алматы қаласы прокуратурасының өкілі Абзал Толтаев, Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының Тұрақты жұмыс орындары бөлімінің маманы Досым Әділханұлы, Жетісу, Наурызбай, Түркісіб аудандарының Пробация бөлімдерінің инспекторлары және тағы басқа заңгер, психологтар, БАҚ өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде бас бостандығынан айыру орнынан шыққан адамдарды қоғамға қалай тез бейімдеуге болады деген мәселе талқыланды. Бірінші болып сөз алған заңгер Кәмшат Есмұханбетқызы сотталғандар үшін арнайы орталықтар құру қажет деп санайтынын жеткізді. «Тамыз айынан бері «Мәңгілік Қазақстан» қорымен бірлесіп, қаладағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілермен онлайн кездесулер өткізіп келеміз. Кездесулерден кейін жалпы заңгер ретінде телефоныма толассыз түскен қоңыраулар көп. Жазасын өтеушілерді көбінесе жұмыссыздық, баспана, тұрақты тіркеу, құжат жасау проблемалары қинайды. Сонымен қатар айына 3-4 рет, кейде тұрақты тексерістен өтетін азаматтар бар екен. Тексерістен өту әрине қоғам мен  адамдардың қауіпсіздігі үшін дұрыс, бірақ кейбірі осы тексерісті көп көріп, психологиялық қысым ретінде сезінетіндерін жасырмады. Осы ретте менде ұсыныс бар еді: жазасын өтеп шыққандарға арнап орталық ашылса, орталықта зардап шегіп жүрген жандар психологиялық, заңгерлік көмектермен қатар жұмыспен қамту мамандарынан, ХҚО қызметкерлерінен де мамандардан ақыл-кеңес алса, жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделіп кетуіне жақсы мүмкіндік болар еді деп ойлаймын», дейді ол.

 Ал Шынар Хусайынова осы бағытта ҚАЖД-ың атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімеледі. Оның айтуынша жазасын өтеушілер арасында пандемия басталмас бұрын әртүрлі курстар өткізіліп, олар 3 ай мерзім ішінде дәнекерлеуші, тігінші т.б. сертификат алып шығып, түрмеден кейінгі өмірге маман ретінде бейімделіп баратын болған. Алайда биыл карантинге байланысты мұндай жұмыстар уақытша тоқтапты. «Барлығы жақсы болып жатса, курстарды қайта жалғастырамыз, осы ретте тамыз-қыркүйек айларындағы онлайн кездесулеріңізге рахмет айтқым келеді. Онлайн кездесулер бізге де, сотталушылар да ұнады. Бізде тәрбие жұмысы өте маңызды, сондықтан сіздердің ұйымдарыңызбен, заңгерлермен, психологтармен әлі де жұмыс жасаймыз деп ойлаймын» деді департаменттің тәрбие ісіне жауапты бас маманы.

«Көбіне басқа жақтан келгендер үлкен мәселе туғызады». Келесі сөзді алған Алматы қаласы прокуратура өкілі Абзал Толтаев осылай дейді. «Түрмеде жазасын өтеп шыққандар әртүрлі болып келеді.  Бірінің үй-жайы, отбасы бар, олар өмірге саналы түрде қадам басады. Енді бірі қайта қылмысқа ұрынып, психикалық ауытқушылыққа ұшырап, түзу жолдан адасады. Бізге келген мәлімет бойынша ондай азаматтар саны Алматы қаласы бойынша 9 адам деп көрсетілген. Алайда Алматы, Нұрсұлтан тәрізді ірі қалаларда сырттан келетін адамдар өте көп. Қылмыстың денін, қарап отырсақ осы қалаларда тұрақты тіркеуі жоқ азаматтар жасайды» деп ой бөлісті А.Толтаев.

Түзеу мекемелеріндегі тәрбиелік жұмыстар сотталғандардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға, психологиялық тұрғыдан қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімділігін арттыруға бағыталған тәрбиелік жұмыстар таза құқықтық тұрғыдан шешілетін мәселе еместігі аян. Әр істің өз маманы, өз білгірі бар. Сотталушылар мен жазасын өтеп шыққандарды құқық қорғау органдары қанша жерден қатаң қадағаласа да, бұл олардың түзеліп кетуіне кепіл бола алмайды. Тіпті олар қадағалауды қысым деп қабылдап, жүйкелері сыр беруі де мүмкін. Мұндайда не істеу керек? Жоғарыда айтып өткендей білікті психологтардың көмегіне жүгінеміз. Дөңгелек үстелге қатысқан екі психолгтың да ойы бір жерден шықты, яғни жазаланушылардың түйсігіне жақсы ой қалыптастыруда адам жанын емдейтін логотерапияға жүгіну қажет.

Логотерапиялық кітаптарды қазақ тіліне тәржімалаумен айналысып жүрген азамат Бағдат Құдияров түрмеден шығатын адам бостандыққа шығатын кезде алдына мақсат, арман қою керек екенін айтады. «Батыста В.Франклдің кітабындағы көрсетілген ережеге сәйкес жұмыс жасайды. Неге? Франклдің тұжырымдамасы бойынша қылмыскер бостандыққа шыққанда, оны қылмыскер ретінде емес, адам деп қабылдауымыз керек. Жаза мерзімін өтеп шығарда, олар да қоғамға бейімделу үшін дайындықпен шығуы тиіс. Қалай болғанда да түрмеден шыққан адам сыртқы қоғамға бейімделуі үшін біраз қиыншылықтарды бастан өткереді. «Түрмеден шыққан» деп өзектен тебу, оларға шошынған реакциямен қарау, жұмыссыздық сияқты проблемалар оларға біраз уақыт қосымша психологиялық қысым түсіреді» деді ол.

     Иә, әрине ең бірінші отбасыңның қолдауы ауадай қажет. Отбасың сені қолдауы үшін сен де өз кезегіңде өзіңнің түзелгеніңді дәлелдеп, жұмысқа орналасып, өз шығыныңды көтеруге тиістісің. Дөңгелек үстелге қатысып отырған қалалық жұмыспен қамту орталығының жауапты қызметкері Досым Әділханұлынан модератор Бейбіт Нәлібаев түрмеден шыққан жандар арасындағы жұмыссыздықты жоюға арналған қандай бағдарламалар барын сұраған еді. Маманның жауабы төмендегіше болды: «Олар да осы елдің азаматы ретінде барлық көмекті ала алады. Арнайы мемлекеттік бағдарлама деген де,  Алматы қаласы бойынша жол картасы деген бар. Бұл кісілер сынақ мерзіміндегі адамдар болғандықтан, оларға қоғамдық, әлеуметтік жұмыстар сәйкес келеді. Сонымен қатар мамандығы жоқ жандар үшін, Шынар ханым айтып өткендей 3 айлық тегін курстар оқытылады. Бізге келген өтініштер 10 күн ішінде қаралып, осы уақыт ішінде шешімін табуға тырысамыз. Біз жалпы жұмыс іздеуші мен жұмыс берушілер арасындағы дәнекерміз, курсты оқып шыққан соң жұмыс берушілермен кездестіруге де көмектесемі».

Пробация инспекторлары жазасын өтеп шыққандарға қатысты тренингтер өткізіліп, психологиялық, заңгерлік көмекпен қатар, тұрмысы төмен отбасыларға қолдан келгенше әлеуметтік жәрдем жасап жүргендерін айтып өтті.

Карантиндік тәртіпке байланысты онлайн түрінде өткен жиналыс болашақта үлкен кездесулер түрінде өтіп жатса, жазасын өтеп шыққандардың көптеп қатысатын шарасы екен деген ойға қалдық. Олар да адам болғандықтан қадағалау мен қатар мотивация әрдайым керек ақ…..

Аида Кожмамбетова

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *