ТҮРКСІБТЕ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТҰРҒАН 12 МЫҢ АҒАШ БАР

Мәншүк БЕКБОСЫН

Бұрнағы күні қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен екінші мәрте бейресми кездесу өткізді. Шаһар басшысының бұл аудандағы бұған дейінгі жиыны 3 тамызда №83 гимназияда өткен болатын. Бұл кездесуде барлығы 70 сұрақ қойылған еді. Бүгінде 46 сұрақ оң шешімін тапса, 14 мәселе  бойынша тиісті түсініктемелер берілді. Ал қалған 10-ы қарастырылып жатыр.

Үш сағатқа созылған кездесу еркін форматта өтті. Кездесуде 54 тұрғыннан 130-дан астам сұрақ қойылды. Негізінен, қоғамдық көлік, аялдама, жарықтандыру, жол, медициналық көмек секілді аудан тұрғындарын алаңдатқан біраз мәселелер талқыланды.

Аудан әкімі Павел Кулагиннің айтуынша, тұрғындар үйлерді газ желісіне қосуды сұрайды.

  • «Әлмерек» ықшамауданындағы 1100 үйдің 400-іне газ берілді. Жуық арада тағы 100 абонент газға қосылады. Сонымен қатар, көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне, ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға 50 пайыз жеңілдік жасалып, 2 ардагердің үйіне газ тегін жүргізілді, – деді П.Кулагин.

Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – ескі үйлерді сүру жұмыстары. Бүгінде қалада шамамен мыңға жуық ескі үйлер болса, соның тең жартысы осы ауданда орналасқан.

  • «Ескі үйлер» бағдарламасы аясында жаңа үйлерді тұрғызу үшін жеке инвесторлар тартылуда. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Алайда, тұрғындардың кейбіреулері ұсынылған шарттармен келіспегендіктен, ескі үйлерді сүру мәселесі ұзаққа созылуда», – деді Б.Сағынтаев.

Бұдан өзге, ауданда жарты миллионнан астам ағаш бар болса, соның 12 мыңға жуығы апатты жағдайдағы ағаштар екен. Ескі ағаштарды кесу мәселесі де біртіндеп шешілетін болады.

Тұрғындардың медициналық көмек туралы сұрақтарына жауап бере отырып, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Нұршашқан» ықшамауданында медпункт салу туралы қойылған сұрақ бойынша құжаттарды жедел мерзімде әзірлеуді әрі келер жылы әлеуметтік нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Шаһар басшысы аудандағы көлік жүктемесі көп бағдаршамдар орнатуды міндеттеді.

Шаһар басшысы қаладағы кез-келген ауданның тұрмысқа жайлы, тазалығына көркі сай аудан ретінде даму керектігін тағы бір мәрте айтты. Айтуынша, алдағы уақытта ауданды көріктендіріп, абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, аулаларды адамдардың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы жағдайға келтіру, балалардың ойын алаңын орнату сияқты көптеген келелі істер атқарылады. Мұның барлығы «Алматы – 2050» Даму стратегиясында нақты айтылып, көрсетілген.

Аудан тұрғындары тарапынан негізінен елді-мекендерді жарықпен, ауызсумен қамтамасыз ету және ішкі көшелерге асфальт төсеу мәселесі көтерілді. Газ мәселесін де шешіп беруді өтінді түрксібтіктер. Сонымен қатар, тұрғындар қоғамдық көліктің сапасына шағымданды. Хабарланғанындай, барлық бағыттарды жүз пайыз қамтамасыз ету үшін қалаға шамамен мың автобус қажет. Қазіргі кезде қаланың тасымалдаушылары ай сайын автопарктерді жаңартып, жаңа автобустарды желіге шығаруда.

  • Жалпы, қоғамдық тасымалдауды ұйымдастыруда біз әлем қалаларының озық тәжірибелерін игеретін боламыз. Бағыттарды тұрғындардың сұранысы бойынша жасақтаймыз, қалалықтар қай жаққа жиі баратын болса, автобустар да сол бағыттар бойынша жүретін болады, – деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Мектептердегі орын тапшылығы туралы сөз қозғалғанда қала әкімі мегаполисте шамамен 30 мың орынның жетіспейтінін айтты. МЖӘ аясында 13 мың орынды сегіз мектеп салу бойынша ауқымды бағдарламаның қолға алынатынын хабарлады. Ол келер жылы басталмақ. Балабақшалар салу бойынша да осындай жұмыстар жүргізілетін болады.

Кездесуді қорытындылаған шаһар басшысы айтылған ұсыныстар мен қойылған сұрақтардың барлығы шешімін табатынын атап өтті. Жедел сұрақтар қысқа мерзімде шешілсе, жүйелі сұрақтардың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, оларды шешу әрі бюджетпен қамтамасыз ету үшін уақыт қажет.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *