Түрксіб ауданының әкімі Павел КУЛАГИН: ХАЛЫҚҚА АШЫҚПЫЗ ӘРІ ЖАҚЫНБЫЗ

Алматы әкімдігі: Шетсіз қала

Шаһардағы әр ауданның әлеуетін арттыру бүгінде күн тәртібіндегі басты мәселе. Алып мегаполис болған соң, шешімін күткен мәселелер аз емес.  Өркениет көшіне ілескен Алматының аймақтағы тұрғындары үшін жарық «жыры», көгілдір отын, таза ауызсу, жол, қоғамдық көлік мәселесі әлі таусылмай келеді. Бұл ретте қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барлық ауданның әкімдеріне жылы кабинеттерінен шығып, халықпен ашық диалогқа бару керектігін міндеттеді. Билік халықты тыңдап, олардың талап-тілектеріне зейін қою керек деді. «Әкім бол — халқыңа жақын бол» деген  сөз әр басшының бойтұмары болуы тиіс. Барлық әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырды.

«Ақшамның» бүгінгі «Шетсіз қала» айдарында Түрксіб ауданының әкімі Павел Кулагин тұрғындардың сұрақтарына жауап береді.

«Аудандағы 41 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі»

– «Қайрат» ықшамауданының тұрғыны­мын. Біздің ықшамауданның қалаға қосылға­ны­на 5 жыл болды. Көшелерде не жаяу жүргін­шілер жолы, не сыртқы жарықтандыру жоқ. Бұл мәселе шешімін қашан табар екен? Рахмет!

– Қазіргі уақытта Қалалық мобильділік басқар­масы «Қайрат» ықшамауданында асфальт жамылғысын және жарық желісін жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап жатыр. Ал Энерготиімділік және инфра­құрылымдық басқармасы инженерлік желілерді тарту жұмыстарын жүргізеді.

– Аймауытов көшесіндегі №13 үйде тұрамын. Көше бойында емен ағаштарының көптігі қуантады. Бірақ бұтақтары қурап, ағаштар құлағалы тұр. Қатты жел тұрған кезде ағаштың жанымен жүруге қорқамыз. Ағаштардың қурап тұрған бұтақтарын кесіп тастауларыңызды сұраймын.

– Жыл сайын аудан аумағындағы жасыл желектерді күтіп ұстауға және апатты ағаштарға санитарлық кесу және қырқу жұмыстарын жүргізуге  арнайы жоспар құрылады. Аудан тұрғындарынан келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты жұмыс жүргізіліп отырады. Жоспар бойынша ағымдағы жылдың 25 қарашасына дейін көрсетілген мекен-жайдағы ағаштарға кесу және қырқу жұмыстары жүргізіледі.

– Орджоникидзе көшесі мен Я.Купалы көшесінің қиылысында орналасқан ескі көпір қашан жөнделеді? Халыққа қолайлы, пайдасы бар көпір болғандықтан тездетіп жөндеп берулеріңізді сұраймыз.

– Ағымдағы жылы жұмыс жоспарына сәйкес, аудандағы 41 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыстар басталып та кетті.  Орджиникидзе көшесі  мен Я.Купалы көшесінің қиылысындағы көпірді жөндеу жоспарда бар. Жұмыстар жоспар бойынша қыркүйек айына дейін жалғасады.

– Түрксіб ауданында тұрамын. 2-топтағы мүгедекпін.  Аудандағы жерүсті және жерасты өткелдерінен өте  алмаймыз.  Мұндағы көтергіш құрылғылар  істен шыққан. Қашан жөнделіп, іске қосылады?

– Өте орынды сұрақ. Бүгінде Түрксіб ауда­нында 3 жерасты, 4 жерүсті өткелдері бар. Аталған өткелдерге қызмет көрсету үшін арнайы конкурс өткізілуде. Конкурстық шаралар аяқталып, мердігер ұйыммен келісім-шартқа қол қойылған соң, көтергіш құрылғыларды жөндеу жұмыстары басталады.

– Түрксіб ауданындағы қоғамдық көлік аялдамаларының стильдік үлгілері көңілді қуантады. Рахмет! Білгім келгені, осы аялда­малардың саны ұлғая ма?

– Түрксіб ауданы бойынша 256 автобус аял­дамасы бар. 2016 жылдан бері 187 жаңа аялдама қойылып, ескі аялдамалар ауыстырылды. Атап айтқанда, 2016 – 64 аялдама, 2017 – 58, 2018 – 65 аялдама қойылды.

Қазіргі таңда қосымша 69 автобус аялдама­ларын орнату туралы Алматы қалалық мобиль­ділік басқармасына хат жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің жіті бақылауымызда.

«Аудан аумағында 10 базар жұмыс істейді»

– Түрксіб ауданына жаңадан қосылған ықшамаудан тұрғындарын қоғамдық көлік мәселесі мазалайды. Болашақта аталған аумақтарға қоғамдық көлікті көбейту жоспарда бар ма?

– Түрксіб ауданында  жаңадан қосылған 3 ық­шамаудан бар. Олар – «Әлмерек», «Нұршаш­қан» және «Қайрат» ықшамаудандары.

«Әлмерек» ықшамауданына №79 қоғамдық көлігі қатынайды. Ал 2018 жылы  жаңа бағыттағы №106 қоғамдық көлігін іске қостық. Алдағы уақытта қосымша қоғамдық көліктерді жаңа бағыттармен іске қосу жоспарда бар. «Нұршаш­қанға» келер болсақ, 2017 жылы №120 жаңа бағыттағы қоғамдық көлігін іске қостық және 2019 жылы №41 қоғамдық көлігінің уақыт аралығын азайттық. Яғни осы бағыттағы қоғамдық көлік санын 1-ден 5 көлікке көбейтілді. «Қайрат» ықшамауданына №69 қоғамдық көлігі қатынайды. 2018 жылы №137 қоғамдық көлігін қостық.

Бүгінде мегаполисте қоғамдық көлікті оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай айтылған ықшамаудандарды тағы жаңа бағыттармен қамтамасыз ету мақсаты тұр.

– Менің кіші не болмаса орта бизнес ашуыма үкімет қандай көмек көрсете алады? Рахмет.

– Үкімет тарапынан қазіргі таңда қаржылай және қаржылай емес көмек көрсетіледі.

Қаржылай емес көмек дегеніміз:

* «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 30 жасқа дейінгі жастарды оқыту. Бұл бағдарламамен 21 күн оқып, «Бизнес негізі» сертификатын алып шығуға болады. Бұл сертификатпен грантқа (қайтарымсыз қаржыландыру) және  6 пайызбен мемлекеттік қаржы­ландыруға тапсырыс бере аласыз.

* «Бастау бизнес» жобасы 30 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды оқытатын бағдарлама.

Ал қаржылай көмекке келесі бағдарламалар кіреді:

* «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік» бағдарла­масы бойынша 6 пайыз­бен 20 миллионға дейін қаржыландыру бөлінеді. Бұл бағдарлама шағын және орта бизнесті дамытуға арналған.

* «БЖК–2020» бағдар­ламасы. Бұл бағдарлама бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы 16 пайыз­бен 5 жылға дейін қар­жыландыру бар. Қар­жыландыру мөлшері – 200 миллион. Бірақ «Даму» қоры арқылы 10 пайызы субсидияланады.

– Мен кондитерлік өнімдерді сатумен айна­лысамын. Өз қызметіме байланысты жарнама орнату мәселесін қалай жүзеге асыруға болады?

– Жаранама орнатуға арнайы рұқсат алу үшін қалалық жоспарлау және урбанистика бас­қармасына толық мекен-жайды көрсете отырып хат жолдауыңыз қажет. Сіз жолдаған хат Алматы жарнама және қалалық кірістер басқармасымен келісіле отырып заң талаптарына сәйкес мерзімде нәтижелері туралы жауап хат аласыз.

– Түрксіб ауданында 30 жылдан астам уақыт тұрамын. Ауданымыз көркейіп, дамып келеді. Жаңа талаптарға сәйкес базарлар салынып жатыр. Тағы  қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

– Аудан аумағында 10 базар жұмыс істейді. Олардың ішінде 6 базар толығымен жаңа фор­маттағы сауда нысанына айналып, жұмыстарын жалғастыруда.  Бір базарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс үстіміздегі жылдың қазан айында бітеді. Қалған үш базардың құрылыс жұмыстары 2020-2021 жылдарға жоспарланып отыр.

– С.Сейфуллин даңғылында орналасқан «Шұғыла» кинотеатры қашан іске қосылады? 

– 2008 жылы «S&B Standard»  ЖШС инвес­тициялық тендерді және сатып алу-сату келісім-шарты міндеттерін орындамауына байланысты Алматы қаласының Қаржы басқармасына мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың аталған келісім-шартты бұзу туралы  талап арызы жіберілген болатын. Соттың енгізген шеші­мі бойынша кинотеатрды тағайындау бойынша шартпен пайдаланудағы  талап-арызы қайтарыл­ды. Кинотеатрды жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатумен айналысатын  жеке компания «Дэве­лоп­мент» ЖШС игерген.  Бұл компания дағдарыс уақытында банкротқа ұшыраған еді.  2009 жылдан бері «Шұғыла» кинотеатры  «Дельта» банкте үлкен соммада ақшалай қарыз болған­дықтан  кепілдікте тұр. Қазіргі уақытта кинотеатр шешімін таппай қараусыз қалған нысан болып пайдаланылмай жабық тұр.

Аталған мәселені ескере отырып, мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы аясында нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп әрі қарай жұмыс істеуін қамтамасыз ету жоспар­ланып отыр.

«600 оқушыға арналған мектеп салынып жатыр»

 – «Нұршашқан» ықшамауданының тұрғыны­мын. Оқу жылының басталуына аз қалды. Білейін дегенім, мектептің құрылысы қашан бітеді?

– Шынымен де, «Нұршашқан» ықшамау­данында мектепті салу мәселесі өте маңызды сұрақтардың бірі болып саналады. Тұрғындармен есептік кездесулерде жиі көтерілетін сұрақ. Себебі, күн суыта бастаса балалар жақын орналасқан мектептерге оқуға баруы қиындай түседі. Аталған мәселені ескере отырып, Алматы әкімшілігімен бірге 600 орынға арналған мектепті жобалау мәселесі шешілді. Осы жылдың 3 нау­рызынан бастап шағынауданында мектептің құрылысы басталды. Келесі жылдың екінші тоқсанында балалар жаңа мектепке оқуға барады. Құрылыстың аяқталуымен балалар бос уақытында мектептің спорт залында әр түрлі секцияларға қатысуға мүмкіндік алады.

– Қайырлы күн. Менің көршім зейнет жасындағы қария. 2018 жылы жалғыз баласынан айырылды. Қазіргі уақытта халі мүшкіл. Әкімшілік тарапынан осы қарияға қандай да бір көмек бар ма?

– Аудан әкімдігінде үш бірдей бөлім зейнет жасындағы адамдарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсетумен айналысады. Әлеуметтік жұмыскерлерді дәрі-дәрмек, азық-түлік, емханаға бару, үйді жинастыру сияқты жұмыстарға тағайындап отырмыз. Сіз көршіңіздің мекен-жайын бізге берсеңіз, әкімшілік тарапынан әлеуметтік жұмыскерді аталған зейнеткерге тіркей отырып, ол қарияға күнделікті көмектіп, қолұшын беруге даярмыз.

– «Әлмерек», «Қайрат», «Нұршашқан» ықшам­аудандары орталық сумен жабдықтау, кәріз жүйесіне қашан қосылады? Газ қашан беріледі?

– Аталған ықшамаудандарда бұл мәселе өзекті. Дегенмен, жұмыстар тоқтап тұрған жоқ, жүргізілуде. Екі ықшамауданда («Әлмерек», «Нұршашқан») сумен жабдықтау және су бұру бойынша жобалар әзірленді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2019-2020 жыл.

«Қайратта» да сумен жабдықтау және кәріз жүйесі бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 60 шақырым болса, бүгінгі күнге дейін 34 шақырымы салынды (56%). Жұмыстың аяқталу мерзімі 2018–2020 жылдарға жоспарланған. Газбен жабдықтау бойынша айтар болсақ, «Әлмерек» ықшамауданындағы 1100 үйге арналған магистральды желі құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде газбен жабдықтауға 140 үй қосылды.  Қазіргі уақытта үйішілік монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

«Қайрат» ықшамауданының аумағында 1262 үй орналасқан. Қазіргі уақытта аудандағы тұрғын үйлерді газдандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жұмыстың аяқталу мерзімі 2019 жылдың 1 қазаны.

– Біз Молдағалиев көшесіндегі №24 үйдің тұрғындарымыз. Біздің үй 1960 жылдары салынған ескі үй. Біздің үй бұзыла ма? Үйге жөндеу жұмыстарын жүргізер-жүргізбесімізді білмейміз.

– Түрксіб ауданының көппәтерлі тұрғын үй қоры 1168 үйді құрайды. Соның 508-і «Ескі тұрғын үй» бағдарламасы аясында бұзылуға кіретін ескі әрі апатты жағдайдағы үйлер деп танылды. 2019–2021 жылдары Алматы қаласының күрделі құры­лыс кәсіпорны Сауранбаев–Спартак–Чернышев­ский–Ақынов көшелерінің шаршысында орналас­қан екіқабатты 16 ескі тұрғын үйді, 201 пәтерді бұзу­ды жоспарлап отыр. Молдағалиев көшесі, 24 мекен-жайында орналасқан  көппәтерлі тұрғын үй аталған шаршыда орналасқан. Яғни бұзылады. Бұл учаскеде  бес қабатты 40 тұрғын үй, 856 пәтер салынады. Сауранбаев көшесі, 18 мекен-жайын­дағы бір үйдің тұрғындары көшірілді.  Үйдің бұзу жұмыстары үстіміздегі жылдың қыркүйегінде басталады.

– «Қайрат» ықшамауданынанбыз. Қазір мұнда су мен кәріз жүйесі жүргізілуде. Жол мәселесі қашан шешіледі? Жазда шаң-тозаң, көктемде жер батпақ болады.

– «Қайрат» ықшамауданы қала аумағына 2014 жылы қосылды. Бүгінгі күні аталған ықшам­аудандағы мәселелерді шешу үшін үлкен жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақыт­та Қалалық мобильділік бас­қармасы ықшамауданға жол құрылысын жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжатта­маны дайындап жатыр. Бұл жоба көшені жарық­тан­дыру, тротуарлар мен арық желілерінің құры­лысын қамтиды.

– «Пятилетка» жақта 50-жылдардан бастап тұрамыз.  Біздің үйлерде орталық кәріз жоқ. Септик пайдаланамыз. Орталық кәріз жүйесіне қашан қосыламыз?

– Төменгі Пятилеткада орталық сумен жаб­дықтау және кәріз жүйесіне қосылмаған 4500 жеке үй орналасқан. Қазіргі уақытта қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мемлекеттік сараптамадан өту сатысында тұрған жалпы ұзындығы 80 шақырым болатын инженерлік желілердің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі. Сараптамадан өткеннен кейін құрылысқа қаржы бөлу туралы мәселе қаралатын болады.

– 2007 жылдан бастап Достоевский көше­сіндегі №8  үйде тұрамыз. Ауламыз жөнделмеген, маңайымыз абаттандырылмаған. Біздің ауламыз қашан жөнделеді?

– Қазіргі уақытта аулаларды жөндеу бойынша конкурстың қорытындысы шығарылып, мердігер анықталды. Аула аумағын абаттандыру жұмыс­тары 25 тамыздан басталады.

 

Қаржылай емес көмек дегеніміз:

* «Жас кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 30 жасқа дейінгі жас­тарды оқыту. Бұл бағдар­ламамен 21 күн оқып, «Бизнес негізі» сертификатын алып шығуға болады. Бұл сертифи­катпен грантқа (қайтарымсыз қаржыландыру) және  6 пайызбен мемлекеттік қаржы­ландыруға тапсырыс бере аласыз.

* «Бастау бизнес» жобасы 30 жас­тан асқан жұмыссыз аза­маттарды оқытатын бағдар­лама.

Дайындаған – Мәншүк БЕКБОСЫН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *