Түркияның  «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясы қандай мақсат-мүддені көздейді?

 

????????????????????????????????????

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Женеваны айтпағанда, өткен 2017 жылдың ішінде Астанада  Сирия  жан­жалын реттеуге байланысты  сегіз рет  келіссөздер өткізіліп,  Ресей, Түркия және Иранның кепіл болуымен төрт экскала­циялық (қауіпсіздік) аймағының құрылуы соғысты тоқтатып,  өңірде тыныштық орнататындай жылт еткен үмітті оятқан еді.

Әрі десеңіз, алдағы 29-30 қаңтар күндері  Сочиде  Сирияның саяси мәсе­лелерін талқылап, ортақ шешімге келетін Ұлттық диалог конгресінің жиыны белгіленген.

Бірақ бүгінгідей  құбылмалы, алма­ғайып заманда  жағдайдың күрт өзгерме­сіне кім кепілдік берген? Сол айтпақшы, кешегі 20 қаңтарда Түркия үкіметінің Сирияның солтүстігіндегі күрд террорис­теріне қарсы «Зәйтүн бұтағы»  әскери операциясын бастауы  ахуалды бұрын­ғыдан  күрделендіре түсті. Бұған жетпістен астам бомбалаушы ұшақ пен жүздеген ауыр артиллерия, бронды техника – танктердің қатыстырылуы операцияның жеңіл-желпі емес екенін  аңғартады. Демек, мұнда әуеден бомбалау мен артиллерияның соққылауына ден қойылады. Ал жаяу әскерлер жүргізетін ұрыс қимылдарының алдыңғы шебінде әуелден Анкараның  қол­дауына ие болып келе жатқан  оппози­циялық «Сирияның еркін армиясы»  отрядының солдаттары  қатынасады.

Түркия тарапының түсіндіруінше, олар күрдтердің террористік PYD/YPG/PKK ұйымдарының  Сириямен жапсарлас ау­дан­дарды жиі-жиі атқылап, түрлі арандату­шылық әрекеттер жасауы әбден мезі еткен. Сондықтан да түріктің саяси-әскери бас­шылығы амалсыз күш пен қару қолданумен күрд террористерін талқандап, ұзындығы 882 шақырым, ішке бойлай отыз шақы­рымдай шекаралық аймақтың тыныш­тығы мен қауіпсіздігін және сол маңда тұратын, күрд, араб және түрік тұрғын­дарының бейбіт өмірін  қамтамасыз етпек.

Анкараның «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясын жүргізуде  тек қана осындай қауіпсіздік мақсатты көздейтіні Тайып Ердоғанның  Ресей басшысы  Владимир Путинмен және АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесу барысында бүкпесіз айтылды.

Ұрыс қимылдарының алғашқы күні-ақ Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған: «Афринадағы терроризмге қарсы операция­ның  басталғаны хақ. Мұнан  соң ол күрдтер­дің  бақылауындағы басқа аудандарда жалғасады. Біз бұл операцияны ұзатпай аяқтаймыз. Террористер бас сауғалап қашып жатыр. Оларды біз бірігіп түре қуамыз. Біздің ұшақтарымыз террористердің төбелеріне бомба жаудыруда. Әрі қарай  құрлықтағы шабуылдарды жүргіземіз. Мақсатымыз шекарамызды қорғау. Біздің жауынгер­лерімізді  Жаратқан ие жебейді» деген мәлімдеме жасады.

Осының артынша  Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу күрд террористеріне қарсы  әскери операция жайында алдын-ала Сирия билігі, басқа да тараптар, оның ішінде БҰҰ-ның  да хабардар етілгенін  айтты.

Осы сияқты  Түркия  армиясы Бас штабы­ның баяндауынша,  соғыс қимыл­да­ры барысында  КЖП  («Күрдістан жұмыс­шы партиясы»), ХҚО («Халықтық қорға­ныс отряды»),  ДО («Демокартиялық одақ» пар­тиясы)  және  «Ислам мемлекет» терро­ристік ұйымының содырларына жойқын соққы беріліп,  тілектес ниеттегі бейбіт халық  азат етіледі.

Операцияның басталу сәтінен-ақ күрд жасақтары да қарап қалмай  түрік жерін  зымырандармен атқылаған. Қытайдың Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, осының кесірінен бірнеше үйлер мен ғимараттар қирап, екі адам көз жұмып, он екі адам жараланған. Әскери мамандардың есебінше, күрдтердің  YPG халықтық  қорғаныс отрядының сапында он мыңдай солдат болса, соның екі-үш мыңдайы Африна аймағында Түркия шабуылына қарсылық көрсететін болады.

Өз кезегінде Сирия Араб Республика­сының Сыртқы істер министрлігі  Түр­кияның елдің солтүстік территориясына басып кіріп, әскери операция жүргізуін егемендігіне қол сұғу деп бағалады. Мұны Сирия президенті Башар Асад: «Түркия­ның Африна қаласына шабуылы оның о бастан Сирияға қатысты ұстанған саясатын білдіреді» деген пікірімен  жеткізді

Сирия мәселесі жөнінде қазірше Түр­киямен  ортақ ұстанымдағы Ресейдің әскери ведомствосы  жағдайдың бұлай шиеленісіп, ушығуына  АҚШ-ты кінәлі деп есептейді. Олардың айтуларынша,  Ва­шинг­­тон осыдан сәл бұрын өзінің қол­дауымен Сирияның солтүстік шекаралық ауданда­рында күрдтердің отыз мыңдық әскери құрамасы жасақталатынын жария еткен. Оның үстіне  Пентагон   күрдтердің  YPG (Ха­­лықтық қор­ғаныс  отряды) мен PYD (Демократиялық одақ) ұйымын осы заманғы жылжымалы зениттік-зымыран­дық кешен сияқты қарулармен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Түпкі шындығында Құрама Штаттар Сирия тағдырының Түркия, Ресей және Иранның қалауына сай шешілуін қош көрмейді.

Құпиялайтыны жоқ, көптеген сарап­шылардың пікірі «Түркия күрдтерге қарсы әскери шабуылын алдын-ала Ресеймен келісіп алған» дегенге саяды. «Керек десеңіз, «Зәй­түн бұтағы» операциясының  әрбір қимылы Ресейдің Қорғаныс министрі Сергей Шойгу, Қарулы күштер Бас шта­бының  басшысы Валерий Герасимовтің Түркия Қарулы күштері  Бас штабының бастығы Хулиси Акар және Ұлттық барлау қызме­тінің директоры Хакан Фиданмен 18 қаң­тарда Мәскеуде болған кездесулерінде бүге-шігесіне дейін талқыланып, мақұл­данған» деседі.

Сарапшылардың мұндай тұжырым-болжамы көңілге қонады. Өйткені, әдетте кез-келген әскери операцияны айыптап шыға келетін  Мәскеу бұл жолы орын ал­ған оқиғаға «алаңдаушылық» білдіріп, қар­сыласушы  тараптарды  «ұстамдылық­қа»  шақырумен шектелді.  Ресей Сыртқы істер министрлі­гінің  мәлімдемесінде қысқа ғана:  «Мәскеу  Сирия шиеленісін шешуде  оның террито­риялық  тұтастығы мен егеменді­гінің сақтал­уын жақтайды және қайшы­лықтың  саяси  келісім жолмен шешілуін қолдайды» делінді.

Алдын-ала біліп отырғандай, Түркия­ның әскери операциясы басталмастан бұрын  Сирияның Африна  маңында жүр­ген  әскери полициясы мен жауын­герлерін қауіпсіз  Телль-Аджар аймағына  көшіріп  үлгерген.

«Зәйтүн бұтағы» операциясының  күні бұрын Кремльмен келісілгенін телеарна­лардың біріне берген сұхбатында  Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым да: «Біздің әрекетімізге Ресей қарсылық білдірген жоқ» деп растады.

Бір жағынан АҚШ-қа, екінші жағынан Ресейге үміт артқан күрдтердің  YPG  халықтық қорғаныс отрядының басшы­лығы Анкараның шабуылына жол беріп отырған Мәскеудің саясаты мен  ұстаны­мына қатты наразы.  Мәселен, Коммер­санть басылымына берген сұхбатында Афринадағы күрд жасағының өкілі Бирсук Хасак:  «Біз бір жылға жуық Ресейдің әскерилерінің қорғауында болып едік. Бізді олар тағдырдың тәлкегіне тастап кетті. Ендігі жерде өзімізді-өзіміз қорғамасақ, басқадан қайран жоқ» деп ызаланған.

Бұл орайда Ресей  күрдтердің  «Сирия­ның демократиялық күштері» ұйымына  Башар Асад әскерлеріне қосылып, оппози­циялық күштерге қарсы соғысу жөнінде ұсыныс жасалғанын, бірақ та Американың қолдауына көбірек үміт артқан олардың мұндай ұсынысты қабылдамағанын  жасыр­майды.

Кейбір  сарапшылар Мәскеудің  «Зәй­түн бұтағы» операциясына қарсылық  білдір­меуінде «өзіндік  есебі бар»  екенін  айтып,  соңғы уақытта  Ресейден Түркияға тартылып жатқан «Түрік арнасы»  мұнай құбыры бойынша  ынтымақтаса жұмыс істеп жатқан­дарын еске салды. Оған қоса  «Түркияның өздеріндегі  террористік  «Күрдістан жұмыс­шы партиясы» ұйы­мы­мен байланысып жатқан  күрд қатерін жойып,  тәуелсіздігі мен тер­риториялық тұтастығын сақтауға бағыт­талған  амал-әрекетіне түсіністік­пен қарайды» дейді. Расында да түрік жағының қауіптене­тініндейі бар. Егер де осындай аласапыран кезеңді ұтымды пайдаланып, Сирия күрдтері автоно­мияға қол жеткізсе, оның Түркиядағы күрдтерге қозғау салары сөзсіз. Мәселенің бұлай өрбуі  11 мил­лиондай  күрд тұратын Иранға да тиімсіз.

Анкараның  әскери әрекетіне Ресей сияқты басқа елдер де бейтарап ұстаным танытуда деп айту қиын. Мәселен,  Каир бірден қарсылық білдіріп, елдің Сыртқы істер министрлігі: «Египет Араб Респуб­ликасы түрік әскерлерінің Сирияның солтүстік-батысындағы Африна қаласына шабуылдауын теріс қабылдайды. Мұнымен олар Сирияның егемендігіне қол сұғып, ондағы терроризмге қарсы күрес ісіне  нұқсан келтіріп отыр» деген мәлімдеме таратты.

Еуропа елдерінің ішінен алғаш болып Париж үн қатып, Францияның Сыртқы істер министрі  Жан-Ив Ле Дриан  Түр­кияның әскери операциясын қарау үшін шұғыл түрде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақыру талабын қойды. Оған Түркия Сыртқы істер министрлігі дереу наразылық білдіріп: «Франция БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл бас қосуын шақырмақ екен. Мұны біз олардың террористерді қолдауы деп қабылдаймыз. Және мұндай ұстаным Франция мен Түркияның қарым-қатынасына көлеңке түсіреді» деп   ескертті.

Германия үкіметі де түрік әскерлерінің «Зәйтүн бұтағы» операциясына қарсылық ретінде бұл елге қару-жарақ сатуын уақыт­ша тоқтатты. Мұны ГФР Сыртқы істер ведомствосының басшысы  Зигмар Габ­риэль хабарлады.  Оның  айтуынша,  жағ­дай бұлай ушығып тұрғанда  Түркияға қару-жарақ жеткізу «отқа май құйғанмен» тең.

Бір қызығы, соңғы кездері  Ресей және Түркиямен бірлесіп  Сирия жанжалын шешуге белсене атсалысып отырған  Иран Ислам Республикасы  Анкараның әскери операциясын  сынға алып, «бұл Сирияның егемендігі мен территориялық тұтастығын бұзу» деп бағалады. «Мұндай әрекет терроризмді онан сайын өршітеді, жаңа қақтығыстарды тудырады» деді.

Дейтұрғанмен,  қақтығыстың нысаны болып отырған Африна қаласына қатысты түсініксіз жәйттар көп. Мұнда қауіпсіздік аймағы құрылмағанымен, деконфлик­тациялық аймақ белгіленген, ресейлік әскери полиция және ымыраласу орталығы жұмыс істеп, өкен жылдың тамызында ұлттық ымыраласу комитеті құрылып, оның құрамына жергілікті басқару орын­дарының өкілдері енген. Көптеген бейбіт тұрғындар өз мекендеріне қайта бастаған. Арада төрт ай өткенде жағдай мүлде басқа арнаға бет бұрды. Мұнда  күрдтердің  YPG – халықтық қорғаныс  отрядына  амери­кандық  зениттік зымы­рандық басқа да атыс қаруларының  қалай жеткізіліп отырғаны да жұмбақ. Себебі, Афринаға баратын  құрылық пен әуе жолы Дамаскі мен Анкараның бақылауында.

Түріктің  танымал Anadolu ақпараттық агенттігінің хабарлауынша,  әскери опера­цияның алғашқы күні әуеге көтерілген түрік ұшақтары  Африна  аумағындағы бірнеше нысандарды, оның ішінде  АҚШ авиациясы  қару жеткізуі ықтимал  дейтін Минниг аэродромын да бомбалаған.

Соңғы түскен мәліметтерге қарағанда, түрік әскерлері Афринадан кейін Алеппо провинциясына қарасты Манбидж бен Телль-Абъядқа шабуылдауға көшіп, сол маңдағы күрд нысандарын бомбалай бастаған. Аталған өңірде күрд жасақтарына соғыс қимылдарын үйретіп  жүрген амери­кандық әскери мамандардың бар екенін ескерсек, мұның АҚШ пен Түркия қаты­насына кері әсер ететіні даусыз.

Қарулы ұрыс қимылдары барысында жағдайдың күрделеніп бара жатқанын сезінген  күрд отрядтары  Сирия режимінен көмек сұрап, өздерінің дербес мемлекет құруға ұмтылмайтынын, тек қана елдің келешек тағдырына қатысты саяси шешім­дерге  қатысқылары келетіндіктерін  мәлім­деуге мәжбүр болған.

Айтқандай-ақ, Түркия билігінің үзілді-кесілді талабымен Ресей және Иран тарапымен  Сочида өтетін Сирия халықтық конгресінде күрдтердің саяси ұйым емес, жәй қауым ретінде қатысуы келісілген.

Осы айтылғандардың бәрін  ой елегінен өткізіп қарағанда, «Сириядағы  соғыс  же­текші державалардың  саяси-әскери  ойы­ны емес пе екен?» деген пікір қылаң береді.

Жалпы, ақиқатында, Сирия  мәселе­сінде АҚШ пен Батыс елдері және Ресей, Түркия және Иранның әрқайсысының өзіндік мақсат-мүдделері бар екені талассыз.

Осыдан кейін  Сириядағы соғыс пен жанжалдың жуық арада бітетініне  сенім азаяды. Әйтсе де  кім білсін?  «Үміт  соңы­нан өледі»  деген…

erdogan2

Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған:

«Афринадағы терроризмге қарсы операцияның басталғаны хақ. Мұнан соң ол күрдтердің  бақылауындағы бас­қа аудандарда жалғасады. Біз бұл операцияны ұзатпай аяқ­таймыз. Террористер бас сау­ғалап қашып жатыр. Оларды біз бірігіп түре қуамыз. Біздің ұшақтарымыз террористердің төбелеріне бомба жаудыруда. Әрі қарай  құрлықтағы шабуыл­дарды жүргіземіз. Мақсатымыз   шекарамызды қорғау. Біздің жауынгерлерімізді  Жаратқан ие жебейді».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *