ТҮРКИЯНЫҢ ТАШКЕНТІ

Түркияның Кония қаласында 5 университет орналасқан, соның ішіндегі ең үлкені, 96 мың студенті бар Селжук университеті. Конияға жолым түсіп барғанымда, осы университеттің профессоры, «Туркият» институтының директоры Хасан Бахар мырза ертең «Ташкентке» барамыз дегенде, көрші өзбек ағайындардың астанасы бірден ойға келді.  Бірақ Түркияда тұрып, ол жерге қалай, не үшін барамыз деп сұрағанша, сол жердің тумасы Хасан мырза Ташкент қаласы туралы қызықты тарихи оқиғаларды айтып берді. Мен Түркияда да Ташкент деген жердің бар екенін сонда білдім… 

Түркияның Ташкенті Кония қала­сынан 135 км. жердегі Орталық Таурус тауларының Гөксу аңғарында орналасқан. Бұл қалаға 1227-1228 жылдары түркі­мендер, кейін таулы жерлеріне армяндар келіп қоныс­танған. Аланиядан келген керуендер де осы қала арқылы өткен, соның нәтижесінде мұнда сауда мен қолөнер күшті дамыған. Бүгінде Ташкент берік болат пышақ жасаудан әлемнің бірнеше елдеріне әйгілі, сондықтан мұнда жыл сайын 10 мыңнан аса пышақ шығарылады.

Шағын бұл қаланың әуелгі аты Пир деген адамның атымен Пири­конду (Пірі қонды болуы да мүмкін), кейін Пирлерконду (Пірлерқонды) болған, 1932 жылы Кония губер­наторы Исмаил Иззет бей «Ташкент» деп ауыстырған.

Қалаға кірген кезде оның «Ташкент» деп бекер аталмағанын бірден түсінесің, өйткені тас қаланың биік-биік жартастарына, қырларына, белдері мен белестеріне дейін салынған үйлері де, жерге төселген жолдары да таспен қаланған. Жері тасты, қыратты болғандықтан біз де бір мініп, бір түсіп келе жатып, Хасан мырзадан Ташкент қаласының жазы жұмсақ, құрғақ, ал  қысы суық, қарлы болып келетінін естігенде, жартастағы тас үйлер еріксіз көз алдыңа елестейді…

Соңғы статистикалық деректер бойынша, 468 шақырым жерді алып жатқан Ташкент қаласында 6,420 адам тұрады екен. Қаланың таза­лығына, тыныштығына қарап осыншама адам қаланың қай жерінде жүр екен деп ойлайсың?!

Жастарды мамандықпен қамту мақсатында Селжүк университетінің Ташкент кәсіптік-техникалық училищесі де бар. Мұнда негізінен осы қаланың жастары оқиды.

Биік таулар, тік жартастар, ұясына батып бара жатқан күн, дала төсін қақ жарып, асыр сала аққан өзен, көк аспанды торлаған қазбауыр бұлт Ташкент қаласының көркін одан сайын құлпырта түседі. Таулы аймақтың әсем табиғаты мен таза ауасы кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Өйткені, тау да, қатпар-қатпар жартастар да  дала сәні, табиғаттың кербез көркі, адам ой-сезімін толықтыратын, қиял қанатын шыңдайтын табиғаттың тамаша көрінісі. Осы жерде Сәкеннің «Көкшетау» поэмасындағы Оқжетпес көз алдыңа келеді:

Сүп-сүйір бейне найза шың, құз биік,

Төбесі кейде тұрар бұлтқа тиіп.

Қарасаң етегінен шың басына,

Тақияң жерге түсер тұрған киіп.

Тіп-тік шың көкке қарай кеткен

бойлап,

Тұрғандай таусылмайтын бір

ой ойлап.

 

Гүлбахрам ҚҰЛНАЗАРОВА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *