ТҮРКИЯНЫҢ «БЕЙБІТШІЛІК БАСТАУЫ» ӘСКЕРИ ОПЕРАЦИЯСЫ

• Қандай мақсат-мүддені көздейді? • АҚШ және Ресеймен жасасқан келісім орындала ма?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Осы жылдың 9 қазанынан бастап әлем назары Сирияның солтүстік-шығысындағы ахуалға ауды. Мұны жазып, баяндамай жатқан ақпараттық басылымдар мен әлеуметтік желілер кемде кем. Өйткені, мұнда Түркия шұғыл түрде «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясын бастады. Бұған президент Ережеп Ердоған: «Алға қойған мақсатымыз – оңтүстік шекарамыздағы террористік дәлізді жойып, осы аймақта тыныштық пен бейбітшілік орнату», – деген түсінік берді. Көздеген мақсат­тары орындалып жатса түрік үкіметі Сирияның солтүстігінде қауіпсіздік аймағын құрып, лагерь ашып, 3,6 миллион сириялық босқынды осында әкеліп жайғастырмақ.

Әскери операцияны бастамас бұрын Анкара алын-ала сепаратистік Күрдістан жұмысшы партиясы мен терроршыл «Ислам мемлекеті» ұйымына қарсы шабуыл жүргі­зетінін айтып, АҚШ-ты, Ресейді, Сирияны, т.б. хабардар етті. Ұрыс қимылдарының ұзындығы 400, ені 30 шақырым аумақта жүретінін ескертті.

Түркияның бұл әскери қадамын әлемдік қауымдастық әрқалай қабылдады. Біреулері жақтап, екіншілері даттап жатты. Мәселен, Әзербайжан, Катар, Тунис және Пәкістан қолдау білдірген болса, Ұлыбритания, Германия, Франция елдері қатты сынға алып, қаралады. Бірқатар мемлекеттердің бастама­сымен мәселе Еуропалық кеңесте қаралмақ болғанда, Венгрия өзінің құқығын пайдаланып, вето қойып тоқтатып тастады. Базбір сарапшылардың бағалауынша, Будапешттің мұнысы тегінде түркілік қаны бар жұрттың бауырлас елге іш тартуы болып табылады.

Осындай қарсылыққа қарамастан Англия, Бельгия, Германия, Польша және Франция бірлескен мәлімдеме қабылдап, түрік үкіметіне тез арада әскери операцияны тоқтату талабын қойды. Осының артынша Германия мен Фран­ция Түркиямен әскери ынтымақтастықты кідір­тіп, оған қару-жарақ сатуын үзе тұраты­нын хабарлады. Артынша бұларға Канада да қосылды.

Дегенмен, Еуроодақ елдері Анкараға батыл айтып, қатаң шаралар қолдануға бара алмай отыр. Өйткені, олар олай жасайтын болса Түркияның өз жерінен уақытша пана тауып отырған 3,6 млн. сириялық босқындарды Еуропаға қарай бұрып, ағылтып жіберетінін жақсы біледі. Бір жағынан олардың Түркияның әскери операциясын «басқыншылық соғыс» деп айтуға ауыздары бармай, тілдерін тістеп отырғаны да осыдан.

Ақиқатын айту айту керек. Айтуға оңай болғанымен осыншама сириялық босқынды паналатып, асырау Түркияға қаржы-қара­жаттық және әлеуметтік жағынан аз ауырт­палық әкеліп отырған жоқ. Кейбір деректерге қарағанда, 7-8 жылдың ішінде жұмсаған шығыны 30 млрд. доллардан асқан.

Жоғарыда айтылғандай, түрік үкіметінің Сириямен шекарада буферлік белдеу құрып, сириялық босқындарды сонда орналастырамыз деуі сондай тығырықтан шығудың бір амал-әрекеті екені айдан анық.

Сонда да «Басына түспеген білмейді» демекші, Түркияның өз мақсат-мүддесі үшін амалсыз жүргізіп отырған әскери операциясын айыптап жатқандар жетерлік.

Оқиға жария болысымен Сауд Араб Корольдігі Түркияның әрекетін «егемен елдің жеріне басып кіру, яғни агрессия» деп бағалады. Египеттің ұсынысымен ЛАГ (Араб мемлекеттері лигасының) кезектен тыс кеңесі шақырылып, онда әскери операцияны айып­таған, оны шұғыл тоқтату туралы мәлімдеме қабылданды.

Осы сияқты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жедел басқосуы шақырылып, күн тәртібіне қойылғанда АҚШ аса қолдамай, Ресей қарсылық білдірді. Бұдан Құрама Штаттардың солқылдақтық танытқаны байқалады. Оның үстіне, олар Түркия әскерінің шабуыл жасайтынын алдын-ала біліп, келіскендей өз әскерлерін ол аймақтан шығарып әкетті.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұл орайда өзінің Twіtter парақшасында: «Біздің алдымызда үш таңдау тұр: мыңдаған әскер жіберіп, қайшылықты қарулы күшпен басу немесе Түркияға қаржылық, санкциялық қысым жасау және үшіншісі араағайындық жасап, Түркия мен күрдтер арасын бейбіт жолмен бітістіру», – деп жазды. Осыдан сәл кейінірек Ақ үйде журналистермен болған кездесуде: «Бәлкім, біз екіжақты байланыс­тырушы, татуластырушы боламыз», – деген айқындау көзқарасын жеткізді.

Алайда, Анкара Вашингтонның күрдтер­мен арада араағайын болуын қаламайды. Мұны Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу ашық айтты. Оның сөзінше: «Түрік үкіметі террористермен ешқандай келісімге бармайды. Оларға қойылатын бір ғана талап: қаруларын тастап, берілулері тиіс». Себебі олармен бірнеше рет келіссөздер жүргізілгенімен, ешқандай нәтиже шықпаған. Чавашоглу сондай-ақ, Трамптың «Түркияға қарсы қаржылық және санкциялық қысым көрсетуіміз мүмкін» дегеніне: «Мұндағы басты мәселе – Түркия мемлекетінің ұлттық қауіп­сіздігіне қатысты. Сондықтан біз ондай қысым­ның қай-қайсысынан да қаймықпаймыз», – деп жауап берді.

Түркия басшылығының «сириялық күрдтер­мен ымыраға бармаймыз» деуі тектен-тек емес. Олар мұндағы халықтық қорғаныс отрядын, демократиялық күштер тобын «Күрдістан жұмысшы партиясы» террористік ұйымының бөлімшелері деп санайды. Түптеп келгенде, Сирияда күрдтер автономияға қол жеткізсе, ол Түркиядағы 20 млн. күрдтерге де қозғау салады деп қауіптенеді. Өйткені, 1978 жылдан бері Түркияның оңтүстік шығысында «Күрдістан жұмысшы партия» ұйымымен айқас жүріп келеді. «Халықаралық дағдарыс тобының» мәліметінше, 2015 жылдан бері осы қақтығыстың кесірінен 20758 күрд жасағы, 1215 түрік қауіпсіздік қызметінің қызметкері және 713 бейбіт тұрғын қаза тапқан.

Анкараның берік ұстанымда екенін ел басшысы Е.Ердоғанның: «Батыс елдерінің экономикалық санкция мен қару-жарақ эмбаргосына қарамастан Түркия алған бетінен қайтпайды. Біз Сирияға еріккеннен келген жоқпыз. Асад режимі лайықты соққы беріп, елді террористерден тазарта алмағандықтан амалсыз келдік», – дегені де растай түсті.

Бәрінен де Ердоған әрекетсіз отырған НАТО басшылығына наразы. Оның жарғы­сының 5-бабында: «альянсқа мүше мемлекетке террористік қауіп төнгенде көмек көрсетіледі» деп айтылғанын еске салады.

Өз кезегінде Сирияның сыртқы істер министрлігі Түркияның әскери әрекетін «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирия мемлекетінің егемендігі және территориялық тұтастығы, оған қол сұқпау жөніндегі қарарын дөрекі­лік­пен бұзу», – деп айыптап, бұған барынша заң­ды түрде қарсылық көрсететіндерін мәлімдеді.

Бұл орайда түрік үкіметі 1998 жылы Түр­кияның Адана қаласында Сириямен жасалған келісім бойынша Дамаск террористік ұйым­дарды тойтара алмаған жағдайда Анкараның әрекет етуіне қарсы болмайтын­дығы айтылғанын алға тартып, жүргізіп отырған әсери операциясының заңды екенін айтады.

Бір айта кететіні, Түркияның Сириямен шекаралас болғандықтан сегіз жылдан асып бара жатқан соғыстан, қарулы қақтығыстардан, автономияға қол жеткізгісі келетін Күрдістан жұмысшы партиясының басқаруындағы тер­ро­ристік топтардың арандату әрекеттерінен ше­гіп отырған зиян-залалы, қауіп-қатері аз емес.

Осыған байланысты Түркия 2016 жылғы тамыздан 2017 жылғы наурызға дейін Сирияның Алеппо провинциясында «Ефрат қалқаны» операциясын және 2018 ж. қаңтар–наурыз аралығында Африн ауданында «Зәйтүн бұтағы» операциясын жүргізіп,YPG (Халық­тық қорғаныс отряды), YPJ (Әйелдердің қорға­ныс отряды) деп аталатын қарулы күрд құры­лымдарына ауыр соққылар берілді. Соған қарамастан қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан да түрік әскерилері үшінші рет «Бейбітшілік бастауы» операциясын жүргізуге мәжбүр болып отыр деуге болады.

Президент Ережеп Ердоғанның айтуынша, тоғыз күндік әскери операция барысында 765 терроршы жер жастанып, 111 елді-мекен, 1,5 мың шаршы шақырым аумақ күрд бүлікші­лерінен тазартылған.

Ал күрдтердің «Сирия демократиялық күштері» отрядының мәліметінше олардың 31 солдаты қаза тауып, 46-сы жараланған, есесіне түріктердің 87 жауынгері оққа ұшқан.

Халықаралық ұйымдардың алаңдайтыны ұрыс қимылдары жүріп жатқан аймақтан 150 мың тұрғын бас сауғалап, мекен-жайларын тастап шыққан. Мұның ең жаманы сириялық босқындар санын бұрынғыдан да арттырады.

Түрік шабуылына қарсылық көрсетуші «Сирия демократиялық күштері» (СДК) күрдтерінің айтуларынша, оларды «Ислам мемлекеті» ұйымымен шатастыруға болмайды. Анкара айыптайтындай олар терроршылар емес, өздерінің заңды құқығын қорғаушылар. Айтуларынша түрік әскери ұшақтарының бомбалауы кесірінен олардың бақылауында Айн-Иса қаласында абақтыда отырған «Ислам мемлекеті» ұйымының 800 мүшесі сытылып қашып кеткен. Әрі қарай олар өздерінің терроршыл топтарына қосылып, қауіп-қатер төндіруі ықтимал. СДК өкілі Марван Камыш­лоның түсіндіруінше, бұған дейін 700 бақы­лаушы күзеткен 12 мың тұтқын қамалған түрмені небәрі 60-70 күзетші қорғаған. Мұндай аз санды күзетшілердің нөпірмен лап қойған сегіз жүз қаралы жиһадшыл тұтқынды ұстап тұруға шамалары келмеген.

Әйтсе де, Ақ үй қожайыны Д.Трамп мұны АҚШ-ты соғыс қимылдарына тарту үшін әдейі таратылып отырған жалған ақпарат деп түсінеді.

Бір таңданарлығы, осыған дейін ымырасыз болып келген күрдтердің «Сирия демокра­тия­лық күштері» Мәскеудің араласуымен Хмеймимдегі Ресейдің әскери авиабазасында Сирия үкіметімен келісім жасасқан. Келісімнің мазмұны айтылмағанымен екі тараптың бірігіп Түркия шабуылына қарсы тұратыны белгіл болды. Бұдан Кремльдің күрдтермен де байланыс жасайтыны байқалады. Осының айғағындай 2016 жылдың ақпанында Мәскеуде сириялық Күрд автономиясы өкілдігінің ашылып, ол әлі күнге жұмыс істеп келеді.

Хмеймимдегі келіссөзден кейін іле үкімет әскерлері күрдтер көбірек тұратын Манбидж, Кобани, Рас-эль-Айн, Тель-Абьяд және де Ракка мен Эль-Хасака провинцияларындағы басқа да қалаларды қорғау жөнінде бұйрық алып, елдің солтүстік өңіріне бет түзеген. Асад әскерлері мен күрд жасақтарын әуе шабуы­лынан қорғауды Ресей Әскери-ғарыштық күштері өз міндетіне алды.

Осы арада көңілге күдік түсіретін бір жәйт, Ережеп Ердоған әскери операцияның күні бұрын Мәскеумен келісілгенін, сондықтан бұған қатысты Түркия–Ресей қатынасында түсініспеушіліктің болмайтынын айтқан-тын. Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескенде Владимир Путин оны абайлауға, шабуылдың салдары қалай болатынын жан-жақты таразылап, қарауға шақырып, ақыл қосқан.

Ал Sky News, AL Arabіa және RT Arabіk телеарналарына берген сұхбатында ол: «Кез-келген қарулы күштердің ресми биліктің келісімінсіз бөтен елдің (мәселен, Сирия Араб Республикасының) территориясында жүруі заңсыз. Шұғыл кетуі тиіс. Бұл барлық мемле­кеттерге қатысты. Егер де Сирияның заңды үкіметі Ресейдің әскери көмегін қажетсін­бейтін болса, біз де кетуіміз керек», – дегенді айтты. Осы ретте сұхбат алған телеарналар тіл­шілерінің Путинге Украинаның «Донбас­стағы қарулы жасақтарға Ресей дем беріп отыр» деп айыптауына қатысты сұрақ қойға­ны, не қоймағаны белгісіз.

Айтпақшы, жуырда Ресейдің Мемлекеттік Думасында Федерацияның алдағы 2020 жылға арналған бюджеті қаралып, әскери шығын 2019 жылғы: 3210,9 млрд. рубльден – 3056,2 млрд. рубльге қысқартылды. Бұл сома ЖІӨ 2,4 пайызын құрайды. Осыған қарағанда Мәскеу көп ұзатпай Сириядан әскерін әкететін тәрізді. Салыстыру үшін айта кетер болсақ, АҚШ әскери мақсатқа ЖІӨ 3,2 пайызын жұмсайды. Бірақ та соның өзі Ресейдің қаражат шығы­нынан он есе артық. НАТО-ға мүше басқа елдердің әскери бюджеті ЖІӨ-нің 2 пайызынан аспайды. Қалыптасқан жағдайға байланысты шығар. Түркия келесі жылға қорғаныс саласына жұмсалатын қаражатын 5 млрд. долларға көбейтпекші.

«Саясатта тұрақтылық болмайды» деген тап рас. Конгрестің, басқа да ұйымдардың қысымынан ба екен, Д.Трамп НАТО бойынша одақтасы саналатын Түркияның бірқатар лауазымды басшыларына: Қорғаныс, Ішкі істер және Энергетика министрлеріне санкция жариялап, түрік кәсіпорындарынан тасымал­данатын болат құймаларына салынатын салықты елу пайызға көтерді.

Түріктің кейбір саясаткерлері тарапынан бұған жауап ретінде Түркия мен Сирия шекарасынан 130 шақырымдағы Инжирлікте орналасқан АҚШ-тың әскери базасына шектеу енгізіп, қару мен әскерлерінің санын қысқарту қажет деген ұсыныстар айтылуда.

Американ билеушілерінің көңіл түкпірінде тек Сирия жайы ғана емес, Анкараның бұлармен санаспай Мәскеуден С-400 зениттік-зымырандық қаруын сатып алғанына қатысты ашу-ызасы да жатыр.

Кейде жоғары лауазымды шенеуніктер де «асылық айтып» асығыстыққа жол беріп жатады. Олай дейтініміз, осыдан тура бір ай бұрын Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың ресейлік «Труд» газетіне берген сұхбатта: «Сириядағы соғыс әйтеуір әупірім­мен аяқталды. Тек Идлиб пен Ефрат өзенінің шығысындағы кейбір елді-мекендерде аздаған қарсыласушы ошақтар ғана қалды. Ендігі жерде қазіргі ресми үкімет, оппозиция және азаматтық блок өкілдерінен құралған консти­туциялық комитет іске кірісіп, елде саяси реформалар жүргізеді, жалпыға бірдей ашық сайлау өткізеді», – деген болатын. Мұнысы талайлардың көңіліне жылылық ұялатып, үміт отын жаққандай болған.

Жақтайық, жақтамайық бәрібір Түркия­ның Сирияның солтүстігіндегі «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясы бұлтты күнгі найзағайдай әсер етіп, жағдайды бұрынғыдан күрделендіріп жіберді.

Ең соңғы бір жаңалық, Fox News телеар­насының хабарлауынша, Д.Трамп Анкараға арнайы жіберген АҚШ вице-президенті Майк Пенс пен Мемлекеттік хатшы Майкл Пампео Түркия президенті Е.Ердоғанмен төрт сағаттан астам келіссөздер жүргізіп, «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясын 120 сағатқа тоқтатуға пәтуаласқан. Пенс уәде бергендей, бұл уақытта күрд жасақтары түрік шекара­сынан ішке қарай 32 шақырым шегінеді. Американ тарабы Анкараға Түркия–Сирия шекарасында қауіпсіздік белдеу-аймағын құруға көмектеседі.

Кешегі 22 қазанда Сочиде Түркия мен Ресей президенттері кездесіп, мәселені жан-жақты талқылады. Ердоған «Бейбітшілік бастауы» әскери операциясының қандай мақсат-мүддемен жүргізілгенін бүкпесіз айтып берді. Қос тарап та Сирия мемлекетінің егемендігі, территория­сының тұтастығы, елінің бірлігі сақталуы тиіс екенін мақұлдады. Жасал­ған келісімге сәйкес күрдтердің «Халық­тық қорғаныс отряды» жасағына Түркия–Сирия шекарасынан 32 шақырым шегінуге 29 қазанға дейін уақыт берілді. Алты сағатқа созылған келіссөздің нәтижесін «Путин бейбітшілікке бағытталған маңызды қадам» деп жоғары бағалады.

АҚШ вице-президенті Майк Пенстің хабарлауынша, «Сирия демократиялық күш­тері» коалициясына кіретіне күрд жасақтары өткен сейсенбіде Түркия белгілеген қауіпсіздік аймағынан кері шегініп, шығып кеткен.

Дейтұрғанмен, Түркияның әскери опера­циясына қатысты айтылғандардың бәрінен бүгінгі әлемдік геосаясаттың құбыл­малылығы, Түркияның АҚШ-пен, Ресеймен қарым-қаты­насының салыстырмалылығы және Еуроодақ ұйымы саясатының да өзгермелі екені аңғарылады.

Осындайда әйгілі Унистон Черчилльдің: «Британияның тұрақты досы не жауы жоқ. Оның тек мүдделері бар» деп айтқан көрегендік пікіріне тәнті боласың. Демек, әлем алпауыт­тарының арасында да тұрақты достық пен жаулық болмақ емес.

Қалай десек те, мықтылардың саяси ойыны мен текетіресінен Сирия жапа шегіп, сегіз жылдық қантөгістен әбден титықтап, ығыры шыққан бейкүнә халық үшін тыныштық пен бейбітшілік қол жетпес арман-тілек болып қалмаса екен…

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *