Түркия саяси таңдау жасады

Тағы да Тайып Ердоғанның бағы жанды

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

Біреулер қуанып, біреу күйінгеніне қара­мастан 24-нен 25 маусымға ауған түні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы  Сади Гювеннің хабарлауымен  Түркияда президенттік және парламенттік сайлаудың нәтижесі  айқындалды. Оның айтуынша  52,5 пайыз дауыс жинаған Тайып Ердоғанның бағы тағы жанды. Басқа кандидаттар:  оппозициялық Халықтық респуб­ликалық партияның өкілі Мухаррем Индже – 30,5 пайыз,  күрдтік Халықтар демо­кратиясы партиясының өкілі Селахаттин Демир­таш – 8,4 пайыз,  оппози­циялық «Жақсы партия» өкілі –  Мерал Акшенер – 7,3 пайыз,  Мейірімділік пар­тиясы атынан түскен Темел Қарамоллаоғлы – 0,9 пайыз, «Отан» партия­сының үміткері Догу Перинчик –  0,2 пайыз дауысқа ие болған.

Сөйтіп,  талайлардың,  әсіресе  Тайып Ердоғанға тілектестердің  күпті көңілі орындарына түсіп, олар бәйгеге үкілеп қосқан үміткерінің жеңісін тойлауға көшті.

Бұл саяси науқанды, яғни  президенттік және парламенттік сайлаудың нәтижесін түрік жұртының өзі ғана емес, әлемнің әр түкпірінен  мемлекет басшылары, саясаттанушылар мен сарапшылар  және саясатқа бей-жай қарамайтын жұртшылық  құлақ түре күтіп отырды.  Мұның себебі де түсінікті. Өйткені, әлемдік саясатта, халықаралық  қатынаста  айтарлықтай орны бар  Түркияда билік басына кімнің және қай партияның келетіні, олардың ішкі және сыртқы саясатта  қандай бағыт-бағдар  ұстанатыны зор маңызға ие.

Қай партия демекші, парламенттік  сайлау барысында да  бюллетеньдердің 99,9 пайызы  саналғаннан кейін  53,6 пайыз дауыс жинаған  «Ұлттық альянсқа»  біріккен Әділеттілік пен даму және  Ұлттық қозғалыс партия­ларының мерейі үстем болды. Онан кейінгі орындар 22,7 пайызбен оппозициялық Халықтық-демократиялық партиясының, 11,6 пайызбен  Халықтар демократиясы партиясының, 10 пайызбен  «Жақсы партияның» үлесіне тиді. Өзге екі партия Мейірімділік пен «Отан»  он пайыздық  белестен аса алмады.

Сайлау нәтижесі белгілі болысымен  оппозицияның атынан президенттікке түскен Мухаррем Индже  саясаткерге тән әдептілік пен парасаттылықты сақтап: «Мен мойындаймын, сайлауда Ердоған жеңіске жетті» деп Түркияның жаңа президентін жеңісімен құттықтады.

Күні бұрын кейбір компаниялар жүргізген  сұрау салуда  Ердоған 48,3 пайыз, Индже 31,4 пайыз дауыс жинайды деп болжанған-тын. Олардың сәл қателескені  екінші тур болады дегендері ғана. Саяси партияларға да сондай болжамдар жасалынған еді. «Халықтық альянсқа»  біріккен  Әділеттілік  пен даму және Халықтық қозғалыс партияларына – 49,3 пайыз, оппозициялық блокқа – 39,5 пайыздың үлес берілген болатын.

Сонымен Түркия республикасы сонау Мұстафа Кемал Ататүрік заманынан келе жатқан  парламенттік басқару жүйесінен президенттік басқаруға бағыт алды. Әдеттегідей біреулер бұған наразы, біреулер құптауда.

Басы ашық нәрсе, Түркияны президенттік  басқару жүйесіне көшірген   Реджеп Тайып Ердоған екені талассыз.

Өткен 2017 жылдың сәуірінде  Ердоғанның баста­масымен  елде референдум өткізіліп, Конституцияға бірнеше өзгерістер енгізілді. Ол өзгерістер бойынша  президенттік және парламенттік сайлаудан кейін  президентке  мемлекет пен үкіметті басқаруға қоса, вице-президентті, министрлерді тағайындау және босату, қажет болған жағдайда төтенше жағдай жариялау, референдум өткізу сияқты кең құзыреттер берілетін болды.

Осы сияқты  Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес ендігі жерде  Түркия парламентінің төрінде  бес жыл бойына бұрынғы 550-дің орнына, 600 депутат отырады. Парламент депутаттығына бұған дейінгідей 25 жастағы ғана емес, 18 жастағы азамат та сайлана алады.

Осыдан кейін биылғы жылдың сәуірінде  Тайып Ердоған  Ұлттық қозғалыс партиясының жетекшісі Дәулет Бахчелимен ақылдаса отырып,  2019 жылғы қарашада өтуі тиіс президенттік және парламенттік сайлауды  2018 жылдың 24 маусымында өткізуді ұйғарып, оны дереу жария етті.

Бәлкім, бүгінгідей аласапыранды әрі алмағайып кезеңде Түркияға  айтыс-тартысы көп парламеттіктен гөрі  президенттік басқаруға көшкен жөн шығар.

Әрине, көпшілік үміт ететіндей билік басындағылар және зиялы қауым мемлекет басшысы Тайып Ердоғанның төңірегіне топтасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдің көшін алға сүйресе, ішкі және сыртқы саясатта ілгерілеуге қол жеткізсе игі. Онда нұр үстіне нұр болмақ.

Алпыстың асқарынан асқан тәжірибелі саясаткер Тайып Ердоғанды  саясаттан да, дипломатиядан да кенде дей алмаймыз. Оның жақтастары мен қолдаушылары Ердоғанның басқаруындағы Түркияның он алты жыл ішінде  әлемнің дамыған жиырма  мемлекетінің қатарына енгенін, орта таптың өскенін,  көптеген мектептер мен ауруханалардың, жолдардың  салынғанын, қалалардың инфрақұрылымы жақсарып, заманауи әуежайлар қатарының  көбейгенін, жаңа мешіттердің  бой көтергенін алға тартады.

Бұған қоса Ердоған осы жолғы сайлау алды бағдарламасында:

* Түркияны  әлемдік ұлы мемлекет етуге;

* жемқорлық пен сыбайластыққа қарсы және кедейшілікпен күресуге;

* тәуелсіз сыртқы саясат жүргізуге;

* үкіметтің жұмысын жақсарту және судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға уәде берген-тін.

Дейтұрғанмен, сайлаушылардың  47,5 пайызының  Ердоғанды қолдамай, басқаларға дауыс бергеніне қарағанда, оның саясатын мақұл көрмейтіндердің қарасы едәуір. Ондайлар соңғы бес жылда түрік ақшасы лираның 60 пайызға құнсызданғанына, сыртқы қарыздың 453 млрд. долларға жеткеніне алаңдаушылық білдіреді.

Мәселен, Түркия Орталық Банкінің бұрынғы бас­қарушысы  Дурмуш Йылмаз  2013 жылдан бастап  билік сая­сатқа көбірек ден қойып, экономикада бірталай  қате қадамдар жасалғанын айтады. Басқалар да:  «президенттік биліктің ықпалымен өзімшілдік пен бюрократия  белең ала ма, оның аяғы автократизмге, жеке басқа табынуға  апарып соқтыра ма», – деп қауіптенеді.

Жуырда сайлаушыларымен болған бір кездесуде  елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті барлау ұйымдарының  оппозициялық партиялардың  қадам-қаракеттерін бақылауға көшіп, солар жөнінде есеп беруге ден қойғанын мойындаған.

Соңғы түскен мәліметтерге сүйенсек, Ақорданың баспасөз қызметінің  хабарлауынша,  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан халқы және жеке өзінің атынан Режеп Ердоғанды Түркия Республикасы Президенті  сайлауындағы айқын жеңісімен жеделхат арқылы құттықтап: «Сайлау нәтижелері түрік халқының Сіздің ел басшысы лауазымындағы қызметіңізді жоғары бағалап, жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларыңызға, сондай-ақ, дамудың стратегиялық бағыттарына шынайы қолдайтындығын аңғартты. Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара құрмет пен бауырластыққа негізделген дәстүрлі достық қарым-қатынас екі халықтың мүдделеріне қызмет етіп, болашақта біздің стратегиялық әріптестігіміз сапалы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін», – деген ықылас білдірген. Жеделхат соңында Режеп Ердоғанға зор денсаулық, жауапты қызметіне табыс, ал бауырлас түрік халқына бақ-береке тілейтіндігі айтылған.

Түркиялық  Hurrіyet Daіly News басылымының хабарлауынша, сайлау науқаны біткен күннің ертеңіне Ердоған  бірер БАҚ құралдарына сұхбат беріп үлгеріп, тез арада Министрлер кабинеті мен аппаратты  жасақтап,  бұған дейінгі жасаған қателіктері мен жол берген кемшіліктерін  түзейтіндігін, Сирияның Түркиямен шекаралас аудандарын терроршыл топтардан  тазартып, сириялықтардың  өз Отандарына  қайтуларына  жағдай жасайтындығын жеткізген.

Алдағы бес жылдың ішінде  билеуші  Әділеттілік және даму партиясы және президент Режеп Тайып Ердоған  Түркияны әлемдегі ең дамыған он елдің қатарына қосу,  ЖІӨ (Жалпы ішкі өнімді)  жан басына шаққанда 25 мың долларға жеткізу,  Еуропалық одақ қатарына ену міндетін қойып отыр.

 

«Ақшамның» анықтамасы: 

Режеп Тайып Ердоған 1954 жылдың 26 ақпанында Түркияның Стамбұл қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Риза қаласында өткен. Әкесі Ахмет теңіз жағалауында күзетші қызметін атқарып, анасы Тензила үй шаруасымен айналысқан. Осыдан-ақ, олардың отбасының аса  ауқатты тұрмағаны аңғарылады.  Сондықтан да  Тайып үй ішіне қолғабыс ету үшін бала кезінен бұзақылары  көп көше бойында лимонад пен бөлішке сатты. Соның арқасында оның бойында ешкімге есе жібермейтіндей намыс пен  мінез-құлық қалыптасты.

1965 жылы Pіyale Pasa бастауыш мектебін бітіріп, Іmam Hatіp Lіsesі лицейіне оқуға түсті. Бір кездері ол доп қуып, фут­болмен айналысқысы келді. Бірақ онысын әкесі  Ахмет құптай қоймады. Аталған лицейді аяқтағаннан кейін емтихандарды жақсы тапсыруының арқасында Мармарадағы университетке оқуға қабылданып, оны 1981 жылы табысты аяқтады.

Тайып саясатпен студент кезінен бастап айналысып, 1975 жылы Ұлтты құтқару партиясының жастар қанатын басқарды. Арада көп өтпей  партияның Стамбұлдағы бөлімшесіне жетекшілік етті. Қосымша жеке меншікте  менеджер ретінде кәсіпкерлікпен де айналысты. 1982 жылы әскерге қызмет етуге кетіп, одан оралған соң қайтадан саясатпен шұғылданды.

1983–1994 ж.ж. Өркендеу партиясы қатарында болып, ислам коалициясында белсенді қызмет жасады. 1994 жылы Стамбұлдың мэрі болып сайланып, қаланы көріктендіру, сумен қамтамасыз ету, тазалығын сақтау секілді т.б. басқа да әлеуметтік мәселелерді шешуде жемісті жұмыс істеп, тұрғындардың құрметіне бөленді.

1997 жылы елде Өркендеу партиясының жұмыс істеуіне тыйым салынып,  исламдық насихатты жүргізгені үшін Ердоған 10 ай абақтыға жабылды. Онда төрт ай отырып, мерзімінен бұрын босатылды. Сонда да саяси көзқарас пен ұстанымын өзгертпей 2001 жылы Әділеттілік партиясын құрып, оның көшбасшысына айналды. 2002 жылғы парламенттік сайлауда Ердоған басқарған Әділеттілік партиясы басым дауысқа ие болып, 2003 жылдың наурызында  үкіметті құруға мүмкіндік алды. Және де  үкіметті басқарған жылдары нәтижелі жұмыс істей білді:  ақша реформасын жасап, сыбайлас жемқорлықпен нәтижелі күресіп, бірнеше жаңа электрстансалар мен әлеуметтік нысандар салды, елдегі демократияны нығайтуға қол жеткізді.

Ердоған премьерлік қызметті 2014 жылдың тамызына дейін атқарып, әрі қарай президенттік сайлауға түсіп, бағын сынап көруге  ниет білдірді. Сөйтіп, сол жылдың 10 тамызында  өткен (бұрынғыдай параламетте емес) тікелей халықтық сайлауда Түркияның президенті болып сайланды.

Түркияда 2016 жылдың 15-16 шілдесінде әскерилер төңкеріс әрекетін жасап, бірақ олары сәтсіздікпен аяқталды. Мұны Ердоған АҚШ-та тұратын дін уағызшысы Гюлен ұйымдастырды деп айыптады. Төңкеріс барысында 238 адам опат болып, 3 мың адам жарақат алды. Тайып Ердоғанның өзі  өлім құша жаздады. Осыған байланысты 26 мың адам айыпталып, 2839 әскери қызметші қамалды, 29 полковник  пен 5 генерал қызметтерінен қуылды. Осыдан кейін Тайып Ердоған елде тәртіп орнату және экономикалық дамуды қамтамасыз ету үшін президенттік билікті күшейту керек деген ұйығарымға келді.

Осындай мақсатта 2017 жылдың 16 сәуірінде парла­менттік басқарудан – президенттік басқаруға көшу үшін бүкілхалықтық референдум өткізді.

2018 жылдың 24 маусымында мерзімінен бұрын президенттік  және парламенттік сайлау өткізіп, жеңіске жетті. Ол басқарған Әділеттілік және даму партиясы да басым дауысқа ие болды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *