Түркия АҚШ және батыспен неге дүрдараз?

Бұл әлемдік  саясатқа, халықаралық  ахуалға әсерін тигізеді

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

 

 

Саясатта тұрақты достық не дұшпандық болмайды

 

Кейінгі кездері Түркияның АҚШ-пен, Еуропа елдерімен арақатынасының күрделеніп бара жатқаны байқалады. Әрине, бұған мән бермей қоюға болар еді. Бірақ та мұндай дүрдараз, кикілжіңді  қатынас әлемдік саясатқа және халықаралық жағдайға кәдімгідей теріс әсер ететіні хақ. Демек, мұны елеп-ескеріп, одан қандай да бір сабақ алып, ой түйіп отырған артық болмайды.

Бірден айтарымыз: біреу жақтырып, біреу жақтыр­маса  да Түркия  геосаясатта, халықаралық қатынаста өзіндік орны бар мемлекет. Сол себепті, онымен алпауыт Америка да, өркөкірек  Еуропа да  санасуға мәжбүр.

Бір сәт өткен тарихты еске алсақ, түріктердің арғы тегі саналатын  Осман империясының  Балкан түбегін бес ғасырдай «ашса – алақанында, жұмса – жұдыры­ғында»  ұстап,  билеп-төстегенін  кәрі құрлық еуропа­лықтар әлі ұмыта қоймағаны анық.

Әрі десеңіз Түркия  (Ватикандай  аумағы 0,45 шаршы шақырым, тұрғыны 850 адам, шекарасы 3200 метр, әскері 100 солдаттан тұратындай) шағым мемлекет болса бір сәрі.  Жері 783562 шаршы шақырым, әлемде 36 орында, халқы 80 млн.-дай дүниеде 18 орында.

ЖІӨ 806 млрд. доллар, жан басына шаққанда 10482 доллардан айналады. Амеркандық ЦРУ (Орталық барлау басқармасының)  мәліметі бойынша  Еуропалық кеңесте экономикалық қуаты жөнінен жетінші, дүние жүзінде он бесінші орынды  иеленеді.

Сыртқы саясатта да іс-әрекеті  ілкімді. 1961 жылы  ОЭСР, 1971 жылы ОБСЕ ұйымдарын құруға белсене қатысқан, 1992 жылдан Батыс Еуропа одағының  ассо­циацияланған  мүшесі,  1999 жылы  G-20 (Үлкен индус­т­риалдық жиырмалықты)  құруға зор үлес қосқан.

Әуелден  саяси-экономикалық, әскери әлеуетін ескергендіктен 1949 жылы құрылған  НАТО (Солтүстік Атлантикалық ) әскери-саяси ұйымы 1952 жылы Түркия Республикасын өз қатарына мүше етіп қа­былдаған. Ашығын айтқанда, ондағы мақсаттары  қажет болған жағдайды  оны  іргелес  жатқан Кеңес Одағына қарсы пайдалану  болғаны белгілі.

Әділін айтқан жөн, күні кешеге дейін Түркия  НАТО-ның  мүшесі ретінде  оның түрлі әскери және саяси іс-шаралары мен операцияларына белсене қатынасып, үміті мен сенімін ойдағыдай ақтап келді.  АҚШ пен КСРО-ның жанталас қаруланған  «қырғиқабақ» соғысы тұсында Кеңес Одағының  оңтүстік-батыс бүйірінде жатқан қалқаны және Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс мәселесінде  стратегиялық тірегі  рөлін  атқарды.

Бірақ  «дүниеде мәңгілік  ештеңе жоқ, бәрі өтеді, бәрі өзгереді» деген рас.  Соңғы уақытта  Түркияның  АҚШ-пен, НАТО-мен және Батыспен жұлдызы жараспай, келіспеу­шілігі күшейіп барады. Неге? Араларынан қандай да бір  ала мысық өтті ме? Әлде өзара бөлісе алмай жатқан дүние-мүлік, байлықтары бар ма? Осы  қайшылықтарға  үңіліп, талдау жасап көрейік.

Басқасын айтпағанда, Анкара мен Вашингтонның Сирияға қатысты  ұстанымы әрқалай болып тұр. Мысалы,  АҚШ  Сирия соғысында күрд­тердің  Халықтық қорғаныс отрядын қолдау арқылы өзінің ықпалын сақтап қалғысы келеді. Мұнысы түріктің мүддесіне қайшы. Өйткені, Түркия  сириялық күрдтер  Американың қол­дауымен  автономияға ие болатын болса, онда ол Түр­киядағы сепаратистік күрдтерге, әсіресе  КЖП (Күр­дістан жұмысшы партиясы) секілді террористік ұйымға қозғау салып, елдің тыныштығы мен тұрақтылығын бұзады, тұтастығына нұқсан келтіреді деп қауіптенеді (кейбір деректерге қарағанда,  Түркияда 20 млн. күрдтер тұрады).

Сондықтан да Түркия  өзінің Сириямен шекаралас аумағында күрдтердің  автономиялық құрылымының пай­да болуына жан-тәнімен қарсы. Осындай қауіп-қатерді ескергендіктен, түрік әскерлері 2016 жылғы тамыз – 2017 жылғы наурыз аралығында  «Ислам мемлекеті» ұйымы мен күрд жасақтарына қарсы  «Евфрат қалқаны» операциясын жүргізіп, Эль-Баба қаласын, сонан соң  2018 жылғы қаңтар-наурызда күрд терро­ристеріне қарсы «Зәйтүн бұтағы» әскери операциясын жүргізіп,  Африн қаласын босатты. Ендігі кезекте  Манбидж қаласы тұр. Мұны ұрыс қимылдарының алғашқы күні-ақ Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған: «Афринадағы терроризмге қарсы операция  басталды. Әрі қарай ол күрдтердің  бақылауындағы басқа аудандарда жалғасады», – деп ескерткен. Алайда, мұның қиындау болып тұрғаны онда  американдық және каолицияның басқа да әскери бөлімшелері  орналасқан. Қазіргі кезде Манбиджде Құрама Штаттардың екі әскери база салуға кіріскеніне қарағанда,  олардың бұл арадан  кетуі екіталай. Оны осында жақында АҚШ-тың  Сыртқы істер департаментінің жоғары шенді өкілдерінің  және коалициялық күштердің «Ислам мемлекеті» террористік ұйымына қарсы арнаулы операциясын басқарған генерал Джеймс Джаррардың келіп кетуі де айғақтай түскендей. Ал Тайып Ердоған Қауіпсіздік кеңе­сінің кезекті отырысында Құрама Штаттар мен күрд­тердің Халықтық қорғаныс отряды бұлар қойған талапқа қарсы болса да  түрік  әскер­лерінің Манбиджде операцияны жалғастыра беретінін мәлімдеді. Саясат­танушылар мен сарапшылар болжап отырғанындай, Манбидж қаласына байланысты Анкара-Вашингтон қатынасы одан әрі шиеленісуі ықтимал.

Сөз ете берсең,  Түркия мен АҚШ  арасында қарама-қайшылық баршылық. Түрік жағы  2016 жылғы шілдедегі болмай қалған төңкерісті ұйымдастырушы деп есептейтін  исламшыл діндар Фетхулла Гүленді  бермей отырғанына да қатты наразы.  Ережеп Ердоғанның  өткен 2017 жылы  Вашингтонға сапары кезінде жөн-жосықсыз прези­денттік қауіпсіздік қызметінің  13 қызметкерінің тұтқын­далуы оның  ашу-ызасын  тудырып, ол: «АҚШ-ты өркениеттен жұрдай ел» деп атады.

Бір айта кететіні, АҚШ пен Батыс қана емес, Таяу Шығыста  Түр­кияның  саясатын қолдамайтын елдер де бар. Мәселен,  Египет Анка­раны «Мұсылман бауырлар» мен Синай түбегіндегі басқа да террористік ұйымдарға дем беріп, қолдау көрсетеді деп айыптап, сол үшін түрік тауарларына бойкот жариялап, тұтынушыларды сатып алмауға үндейді.

Сондай-ақ, Сауд Арабиясының тақ мұрагері, ханзада  Мұхаммед ибн Салман египеттік бірнеше газет редакторларымен болған кездесуде  Түркияны  Иран және  исламдық топтармен бірге  жамандық әкелуші үш тағандық жауыздың бірі  деп атаған және оның түпкі мақсаты «баяғы Осман империясын қалпына келтіру» екенін  меңзеген.

Осы сияқты  Жерората теңізінің шығысындағы газ кеніші туралы  Анкара мен Вашингтонның  көзқарастары да бір-біріне кереғар  Түркия оны өзіне тиесілі санаса, АҚШ Кипр Республикасының мүддесін жақтайды.  Еуроодақ  та осындай ұстанымда.

Сірә, осындай қарама-қайшылықтар ойламаған жерден Катар-Түркия-Иран каолициясының пайда болуына түрткі болған сыңайлы.  Осының салдарынан Пентагон  амалсыз шұғыл түрде Катардағы 11 мың әскерилер қызмет ететін ірі әскери базасын – Сауд Арабиясына, Түркиядағы Инжирлік авиабазасын  – Шығыс Еуропаға көшірмек.

Түрік саясаттанушыларының айтуынша, Түркияның Сириядағы соғыстан тартып отырған зардап-залалы айтарлықтай. Біріншіден, күрд сепартистеріне қатысты НАТО бойынша одақтасы АҚШ-пен арақатынасы суыды.  Екіншіден, сегіз жылға созылған соғыстың кесірінен 4 мил­лиондай сириялық босқын елінен-жерінен безіп, Түркияны паналауда. Үшіншіден, сириялық бос­қындарды орналас­тыру мен жағдай жасауға  Еуроодақ 3 млрд. еуро беруге уәде еткен болса, соның небәрі 1,8 млрд.-ы  ғана аударылды.

Міне, осылардан кейін Түркияға  АҚШ пен Батыстың:   «Ықпалымыздан шығып, Ресей мен Иранға бет бұрдың, Қытаймен жақындаса түстің» деп өкпе артуы қисынсыз секілді. Бәлкім, НАТО-ның: «біздің әскери-қорғаныстық жүйе­мізге сәйкес келмейді» деген қарсылығына қарамай Анкараның ресейлік С-400 сатып алуға келісім жасасуы қорғанысы мен қауіпсіздігінің қамы шығар.

Бұған қоса Түркия мен Ресейдің сауда-экономикалық тұрғыдан:  «Түрік арнасы» газ құбыры, «Аккую»  атом электр стансасы жобасы сияқты  бірқатар мүдделер байланыстырып жатыр.

Осыған қарамастан қазіргі Түркия-Ресей-Иран  одақ­тастығын  кейбір саясаттанушылар  уақытша  деп есептейді.  (Бұлардың ішінде ресейлік мамандар да бар. Мәселен, Мәскеудегі Жоғары экономика мектебінің оқытушысы, шығыстанушы  Леонид Исаев «Азаттық» радиосының тіл­шісіне берген сұхбатында осындай пікір білдірген). Олар өз мүддесі үшін  кез-келген сәтте Анкараның Вашингтон жағына ауытқып кетуін жоққа шығармайды. Өйткені, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның таяуда: «АҚШ-Түркия  қатынасын мейлінше тезірек сауықтыру керек» дегені  жәйдан-жәй емес», – дейді.

 

Еуроодақ Түркияны неге қатарына қоспайды?

 

Көпшілікке мәлім, Түркияның Еуопалық одаққа мүше болуы талайдан айтылып келе жатқан түйінді де түйткілді мәселе.  «Берместің асы піспес, қазаны оттан түспес» дегендей Брюссель уәде беруден, Анкара оның қатарына қосылуға үміттенуден танбай келеді. Әдетте «уәдені үш жыл күтеді» десе, Түркияның  ЕО-тың уәдесін күтіп жүргеніне отыз жылдан асты.

Ақиқатын айту керек, Түркия сонау  1949 жылы ЕК (Еуропалық кеңесті) құрушылардың бірі болған. Сонан соң 1963 жылы ЕС (Еуроодақтың) – ЕЭС ( Еуропалық эконо­микалық қауымдастық ) кезінде  түрік тарапының онымен келісім жасасқан.  1987 жылы ЕО  қатарына өтуге өтініш берген. Арада он екі жыл өткен соң ғана, яғни  1999 жылы ресми түрде  Түрік Республикасының кандидат болып қабыл­данды. 2004 жылғы 17 жел­тоқсанда  Брюссельде өткен саммит­тен кейін Еуро­палық кеңес  2005 жылғы 3 қазаннан Түркия­мен оның одаққа қабылдануы бойын­ша келіссөздер басталады деп жариялап, бірақ келіс­сөз 20 қазаннан басталып,  2006 жылдың 18 қазанында  аяқталды.

Түркия үміткер  ретінде тіркелгенен  1999 жылдан бергі жиырма жылдай уақыт ішінде ЕО-тың мүшелігіне:  Венгрия, Болгария, Ру­мыния, Польша, Словакия, Чехия, Эстония, Мальта, Кипр, Латвия, Литва және Хорватия қабылданып, қатары 28-ге жетті.

Парасат-пайым мен қи­сынға салып қарағанда  ЕО  құрамына Жерорта теңі­зіндегі  жері 319 шаршы шақырым, халқы 430 мыңдай  кішігірім арал мемлекет Мальта, толық мойын­далмаған Кипр Республи­касы еніп,   Еуропаны  былай қойғанда әлемде саяси-экономикалық салмағы бар Түркияның қабылданбауы  еш  ақылға сыймайды.

Әйтсе де «Түркия Еуро­палық одаққа неге қабыл­дан­байды?»  дегенде Брюс­сель  Түркиядағы демокра­тияның, адам құқығы мен сөз бостандығының сақ­талмауын және «Кипр мәселесін» көлденең тартады. (Түсінік бере кетсек, «Кипр мәселесі» өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері Жерорта теңізіндегі Кипр аралында тұратын гректер мен түріктердің дау-дамайы. Аралдың  69,5 пайызы гректердің, 28,5 пайызы түріктердің еншісінде. Бұлардың бас қосып, бір мемлекетке айналдыру  әрекет әлденеше рет жасалғанымен нәти­жесіз).

Бұдан он бес жылдай бұрын БҰҰ тарапынан оңтүстік пен солтүстікті  автономия ретінде Біріккен Кипр Республи­касына біріктіру жөнінде сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Кофе Ананның атымен  аталған  «Аннан жос­пары» ұсыныл­ды. Бірақ 2004  жыл­ғы 24 сәуірде өткізілген референ­думда оны кипрлік түрік­тердің 65 пайызы мақұлдап, 75 пайыз кипрлік гректер қарсы болғандықтан,  Аннан жоспары  аяқсыз қалды. Солтүстік Кипрді – Түркия, ал оңтүстіктегі Кипр Рес­публикасын – Грекиядан бастап, Еуропаның бірқатар елдері  қолдап-қуаттайды.

Осылардың бәрін талғам таразысына салып қарағанда Еуроодақтың Түркияға қоя­тын талаптары  жәй сыныққа сылтау секілді. Олай дей­тініміз, ЕО ма­мандары жоғарыда айтыл­ғандай  2005 жылдың қаза­нынан – 2006 жылдың қазанына дейін бір жыл бойына келіссөз бен заңнамалық сараптамалар жүргізді. Сарапшылардың айтуларынша,  Түркия  Еуроодақ қойған талаптардың  жетпіс пайыз­дайын орындаған.

Бір қызығы, Еуропа  мемлекеттерінің өзі  Түркияны ЕО-қа қабылдау жөнінде екіұдайы көзқараста.

Қолдайтындар: «Түркия  аймақтағы  саясаты, эконо­микасы және әскери күш-қуаты  айтарлықтай  мемлекет, оның  ЕО қатарына қосылуы  альянстың  беделін нығайтады, әрі Шығыс Жерорта теңізіндегі, Қара теңіз жағалауындағы, Орта шығыстағы, Каспий теңізі мен Орталық Азиядағы ықпалын арттырады»  дегенді айтады.

Мәселен, Швецияның Сыртқы істер министрі Карл Бильдт  Түркия  одаққа қабылдануы  кәрі құрлықтың стратегиялық мүддесіне жататын Шығыс Жерорта  теңізі мен Қара теңіз бойындағы  тұрақтылықты сақтаудағы рөлін күшейтеді деген пікірде.

Референдум нәтижесінде ЕО құрамына шығуға бет алған Ұлыбритания да кезінде  Түркияның  одаққа қабылдануын қолдаған. Бұған 2008  жылғы  мамырда түрік еліне жасаған сапарында ІІ Елизавета ханшайым­ның: «Түркия ЕО  пен бүкіл әлем үшін қиын сәтте  Батыс пен Шығыстың  арасын жалғайтын дәнекер бола алады» деп айтқаны  дәлел.

Ал қарсылардың  ұстанымын Францияның бұрынғы президенті Никола Саркози мен Германия канцлері Ангела Меркель қолдайды. Қарсылар:  «Түркияның  Қыл­мыстық кодексіндегі  түрік ерекшелігін  мазақ етуге тыйым салатын репрессивтік сипаттағы 301-бапты алып тастау және  әскердің  саясаттағы  Ұлттық қауіпсіздік кеңе­сі арқылы жүзеге асатын  рөлін жою,  либералдық демократияға сай  сөз бостандығы сақталуы керек» деген талаптар қояды.  Бұл айтылғандардың  алғашқысы – Қылмыстық кодекске қатыстысы – 2008 жылғы 30 сәуірде, екінші  армияға қатыстысы – 2003 жылғы 23 шілдеде  ретке келтірілген.

Ең бастысы,  қарсылар   жетпіс миллиондай тұрғыны бар Түркия  ЕО-қа кірсе  Еуропадағы тепе-теңдікті бұзады, халқының санына қарай  Еуропалық парламентте көп мандатқа ие болып,  саясатқа, билікке ықпал етеді деген қауіпте.

Керек десеңіз, сонау сексенінші жылдардың өзінде  1974–1981 ж.ж. Францияның президенті болған Валери Жиска д Эстен:  «Түркияны Еуропалық ұйымға қабылдауға болмайды. Қабылдасақ оның артынан Таяу Шығыстың және Солтүстік Африканың біраз елдері шұбырып, тіпті Мароккоға дейін  мүше болуға ұмтылуы ықтимал» деген қарсылық білдірген.

Тіпті, 2004 жылы  Еуропалық кеңестің сол тұстағы төрағасы Херман Ван Ромпей: «Түркия – Еуропаның құрам­­дас  бөлігі емес және бола алмайды. Бұрынғы  кеңейтулер сияқты  Еуропаны Түркияның есебінен ұлғайтудың қажеті жоқ. Христиан діні негізін құрайтын Еуропаның  бойына сіңген ортақ құндылықтар үлкен ислам мемлекетін қосу арқылы төмендемеуі тиіс» деп ашығын айтқан.

Расында да базбір  бейтарап  саясаттанушылар мен сарапшылар: «Түркияның  ұзақ жылдардан бері Еуро­одаққа қабылданбауының бірден-бір себебі – оның мұсылман мемлекеті екендігінде», – дейді. Басқаларынан  гөрі осы пікір қисынды,  әрі  көңілге қонады.

Бейнелеп айтқанда, болып-толған, өзін басқалардан биік санайтын  астамшыл Еуропа үшін  Түркия  мұсылмандық ою-өрнекпен безендірілген алтын сандық сияқты.  Тастап кетейін десе ішіндегі қазынасын қимай­ды, тарта берейін десе  салмағы ауыр және өлшемдері  келмейді.

Өйткені,  күллі Еуропаның сауда-саттығының елу пайызы  Түркиямен жасалады. Ақиқатында  Түркия – Еуро­одақ қатынасын  жіңішкерген бірақ әлі үзіле қоймаған жіпке теңеуге болады.

Биылғы жылдың  26 наурызында  Болгарияның  Варна қаласында  Еуроодақ пен Түркияның кезекті  келіс­сөздері жүргізілді. Бұл жолы да күн тәртібіне  босқындар жайы, Сириядағы жағдай,  адам құқығы, Кипр мәселесі  қойылып, талқыланды. Әр тарап  өзінің көзқарас пен ұстанымын жеткізді. Нәтижесінде тағы да мәмілеге келе алмады. Сондай-ақ, саммит барысында  ЕО басшылығы  Түркия–Ресей  ынтымақтастығының  қарқынды жандануын, Сирия мәселесінде  Анкараның  өзіндік ұстанымын қош көрмейтіні аңғартты.

Еуроодаққа бола еңсесін түсіргісі келмейтін Тайып Ердоған  арагідік: «ЕО өз қатарына кіру үшін бізді жалынып-жалпаяды десе мықтап қателеседі» дегенді айтып қояды. Бұған қоса оның көңілінде  ЕО демо­картиялық  ұйымнан гөрі, бөтендерге  жабық  «христиандық клуб-ау» деген  күдік  те қылаң береді.

Кейбір саясаттанушылар: «Рас, Еуроодақ қабылда­майды екен. Онда Түркия  ЕАЭС (Еуразиялық экономи­калық одаққа)  қосылсын.  Бұл екі жаққа да зор мүмкін­діктер тудырады.   170 млн. тұрғыны бар рынокқа  80 млн. халық қосылып,  көлемі анағұрлым ұлғаяды.  Сауда-саттықта Таяу Шығыс пен Жерорта теңізіне  аймағына емін-еркін жол ашылады» дегенді айтады. Мұндай ұсынысты кезінде  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтып: «Біз онда  Ресей  КСРО-ны қайта қалпына келтірмекші дейтіндей  қауесеттен де құтылар едік», – деген болатын.

Бірақ та бұл орайда  сарапшылар: «Түркияның  НАТО-ға  мүшелігі, Еуроодақпен кедендік келісімі, Ресеймен кейбір аймақтық  мәселелер жөніндегі көзқарас айырмашылығы,  т.б. кедергі келтіреді», – дейді.

Дейтұрғанмен, қазіргі таңда  сан құбылып тұрғанын әлемдік  саясатты  түсіну қиын-ақ. Былай қарағанда,  АҚШ пен Батыстан түңіліп  Ресейге бет бұрған сияқты көрінген түрік билігінің  химиялық қару қолданды деген желеумен Дамаскіге  зымырандық шабуыл жасаған АҚШ, Англия және Францияны қолдауы талайларды таң қалдырды. «Бұл Анкараның сыртқы  саясатының дер­бестігі мен әлде әр қырлылығы ма? Я болмаса әлдекімдер айтып жүргендей НАТО-дан кіндігін үзе алмайтын­дығының дәлелі ме?» деген сықылды сұрақтар туады.

Ендеше,  Түркияның  АҚШ – Еуроодақ  және Ресеймен қарым-қатынасы туралы қандай да бір  кесімді тұжырым  жасауға әлі ертелеу.

Десек те, дүние Сириядағы  оқиғаға байланысты  даурығып жатқанда Түркия президенті  Ережеп Тайып Ердоған  кенеттен алдағы 24 маусымда  елде пезиденттік және парламенттік сайлау өткізілетінін  жариялады. Сірә, ол мұндай қадамға сыртқы және ішкі жағдайды жан-жақты  бағамдай  отырып,  барған болуы керек.

БАҚ құралдарының  жазуларынша, Ердоған осындай шешімге  ықпалды саналатын ультра оңшыл Ұлттық қоз­ғалыс партиясының жетекшісі Даулет Бахчелимен  пікір­лесіп барып келген көрінеді. Оның мұндағы мақсаты –  тезірек президенттік билікке көшіп, елдің басқарудың шешуші тетіктерін өз қолына алу деседі. Негізінде заң бойынша биліктің қос тармағына  сайлау  2019 жылдың 3 қарашасында өтуі тиіс еді.

Саясат құбылмалы ұстаным. Ендігі жерде Түркияның Манбидж жөнінен АҚШ-пен келісетін сыңайы, керек десеңіз, олардан Patrіot зениттік-зымырандық  кешенін сатып алу туралы хабар тарауда.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *