ТҮРКИЯ АҚШ-ТЫҢ АЙТҚАНЫН ТЫҢДАМАДЫ

Ресейден С-400 ЗЗК қаруын сатып ала бастады

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Адамзат қоғамы  өркениеттің  біршама биік деңгейіне көтерілді десек те,  әлі соғыстан, қақтығыстан, дау-жан­жалдан арыла алмай отыр. Басқаша айтқанда, ақылдыдан емес, қарулыдан қаймыққан заман болып тұр. Сондықтан да  әлемдік рынокта   қару-жарақ сату  ең бір пайдалы  сала саналады.

Мәселен, Стокгольмдегі SІPRІ – Бейбітшілік мәселелерін  зерттейтін  халықаралық институттың  мәліметіне қара­ғанда, кейінгі 2014–2018 ж.ж аралығында  дүние жүзі бойынша  қару-жарақ   саудасы 7,8 пайызға өскен. Бұрынғысынша алдыңғы шепте АҚШ, Ресей, Қытай, Франция және Германия елдері. Бүкіл әлемдегі  қару-жарақ экспор­тының  75 пайызы  осы бесеуінің,  57 пайызы  алдыңғы екеуі­нің  үлесіне тиеді.  2015 жылы қару саудасынан АҚШ 40 млрд. доллар, Франция 15 млрд. доллар, ал Ресей 11,2 млрд. доллар пайда тапқан. Ең көп  сатып алушылар  қатарына  Сауд Арабиясы, Египет,  Израиль және Катар  жатады.

Айтылған төрт жылда  Ресей Федерациясы  48 мемле­кетке  қару сатқан болса,  басты импортерлар Үндістан,  Қытай және Алжир болған.

Жасыратыны жоқ, экспортерлар арасында  бәскелестік, көреалмаушылық, рынок үшін  талас-тартыс, бірін-бірі аяқтан шалу,  алушыларды айныту  сияқты келеңсіз амал-әрекеттері  болып тұрады.

Оқырман көпшілік хабардар, осыдан екі жыл бұрын – 2017 жылдың желтоқсанында Анкара мен Мәскеу арасында ресейлік  ЗЗК (зениттік-зымырандық  кешен)  С-400 қаруын сатып алу жөнінде құны 2,5 млрд. долларлық келісім-шартқа қол қойылған.  Бұл келісім  ұзақ жылдар Түркияның сенімді стратегиялық серіктесі және НАТО бойынша одақтасы болып келген АҚШ-тың шамына тиіп, қызғанышын тудырды. Келісімді бұздыру,  болдырмау жолында әр түрлі  амал-айлалар  іске қосты. Басында  «С-400  «Триумф» кешені   НАТО жүйесіне сәйкес келмейді», – десті.  Мұндай пікірді «Ресейдің зымырандық кешені бір­қатар қиындықтар туғызады, техникалық жағынан алғанда  альястағы Әуе шабуылынан қорғаныс пен зымыранға қарсы қорғаныс құрылғыларымен үйлеспейді», – деп НАТО-дағы Әскери комитеттің басшысы, чехиялық генерал Петр Павелдің аузымен айтқызды. Білікті әскери маман ретінде АҚШ Қарулы күштері  Бас штабының бас­тығы, генерал Джозеф Данфордтың  көзқарасын келтірді.

Түрік жағы бұған қарсы: «Ресейден  сатып алынған  С-300  зениттік-зымырандық  кешенінің НАТО-ға мүше Грецияда  еш қиындықсыз  жұмыс істеп  тұр емес пе?» деген  дәлелді  көлденең тартты.

Ал ақиқатында,  АҚШ-ты  С-400 қаруы ғана емес, Анкараның  уақыт өткен сайын әскери жағынан тәуелсіз болып бара жатқаны алаңдататын еді.  Өйткені, кейбір деректерге қарағанда,   қорғаныс өнеркәсібінде  түріктің өз өндірісінің үлесі алпыс пайызға өсіп, жылына сегіз мил­лиард  долларға  қару шығара бастаған және екі миллиард долларға  экспортқа  сатуға қол жеткізген.

Зениттік-зымырандық С-400 қаруы бірнеше құрылғы-қондырғыдан тұратын кешен.

Қалайда  Түркияны айныту мақсатында Құрама Штат­тар тарапынан ресейлік С-400  қаруынан кем түспейтін  өздерінің «Пэтриот»  зымырандық шабуылдан қорғаныс құрылғысын сатуда жеңілдік жасап, оны технологиясымен қоса беретіні  жөнінде ұсыныс жасалды. Онысы  нәтиже бермеген соң тоғыз елмен бірігіп  жасап шығару  жобасына қатысқан және ақшасын алдын-ала төлеп қойған  «бомбалаушы истребитель  «F-35 JSF» әскери ұшақтарын  сатпаймыз!» деп  қорқытуға көшті.

Президент Дональд Трамп қарап қалмай  Түркиядан  экспортталатын алюминий мен болаттың кедендік салы­ғын екі есеге арттырды. Өз кезегінде Анкара   Америкадан әкелінетін  жеңіл автокөлік, алкоголь мен темекі өнімдерінің тасымалдау алым-салығын өсірді.

Ақ үй  Түркияға қарсы  санкциялық шаралардың  бұдан әрі  ұлғайып, күшейе түсетінін  де ескертті. Бәрібір Анкара алған беттен  қайтпады. Себебі,  оның Вашингтонға өкпе-реніші жетерлік-тін. Бұған мысалға: Құрама Штат­тардың  түрік мүддесіне қайшы келетін  Сирияның солтүс­тігінде автономия құруды  көксейтін  күрд жасақ­тарына саяси және әскери қолдау көрсетуін,  2016 жылдың шілде­сінде Түркияда сәтсіз аяқталған  төңкерістің ұйымдас­тырушысы  және дем берушісі саналатын – дін уағызшысы  Фетхуллах Гүленді  бермей отырғанын айтуға болады.

Базбір сарапшылардың  түсіндіруінше, Вашингтонның  Гүленді бермей отыруының бірнеше себебі бар.  Біріншіден, Ф.Гүлен ұйымы  АҚШ-та айтарлықтай беделге ие. Екін­шіден,  олардың есеп-шотында 50 млрд. доллар шама­сында  қаржы сақтаулы. Үшіншіден,  Гүлен  Американың  ешқан­дай заңын бұзған емес. Төртіншіден, оның  Түркиядағы төңкеріске қатысты екені  нақты дәлел тапқан жоқ. Бұдан шығатын қорытынды: Гүленді Түркияға экстрадиция­лаудың  қоғамда үлкен қарсылық  тудыратыны  хақ.

Бірқатар америкалық сарапшылар кейінгі онжылдықта американ-түрік қатынасының  нашарлауын  Түркияда билік басына отаншыл да ұлтшыл Ердоғанның келіп, нық отыруымен байланыстырады және оған Ресей президенті Владимир Путиннің  ықпалы күшейе түсуінен  көреді.

Сонымен не керек, АҚШ билігі Түркия президенті Ережеп Ердоғанның өздерінің айтқанына көніп, айдағанына жүрмейтіндеріне  көздері  жеткен сыңайлы.

Сондықтан да Ақ үй тарапынан бір ғана  ресейлік  С-400 зениттік-зымырандық кешенін сатып алдырмауға қатысты қысым, айныту, қорқыту сияқты   әр түрлі амал-әрекеттерді қолдану 2017 жылдан бері  жалғасып келеді.

Әуелгі кезде көптеген саяси және әскери сарапшылар  «Анкараныкі жәй Вашингтонға қыр көрсету, сабасына түсіру жеме-жемге келгенде ондай қадамға бара қоймайды» деп болжаған.  Әрі  Түркия НАТО-ның белсенді мүшесі екенін және екі елді  бірқатар әскери,  саяси-эконо­микалық  мүдделер байланыстырып жатқанын еске салған.

Тіпті,  түркиялық әскери сарапшы Наим Бабыроғлы Haberturk телеарнасына берген сұхбатында: «Түркияның Солтүстік Атлантикалық әскери одақ НАТО-ның мүшесі ретінде ұйымның ұстанымы мен тұжырымдамасын сақтауға және қабылданған жарғы бойын­ша альястың қару-жарағын, оқ-дәрілерін, т.б. пайдалануға міндетті. Ал ресейлік С-400 қаруы  НАТО елдерінде қолданылатын  жүйемен үйлеспейді, әзірше Анкараның  өз қауіпсіздігі үшін НАТО құрамынан  шық­пай тұра тұруы қажет», – деген болатын.

Қызық болғанда, Түркияға С-400 қаруын сатуға қарсылық білдірушілер Ресейдің өз ішінен де табылған. Белгілі ФОМ (Қоғамдық пікір қоры) жұртшылық арасында сұрау салып көргенде  48 пайыз адам қолдамайтынын, ал 25 пайыз адам қарсы емес екенін жеткізген. Қарсылар: «С-400 секілді қазіргі заманғы жетілген қуатты қаруды НАТО-ның мүшесі болып табыла­тын Түркияға сатуға болмайды. Ол Түркия арқылы батыс инженерлерінің қолына түсіп, оның бар құпиясы ашылып, олар да сондай қару жасаулары ықтимал». «Бұл Ресейдің  қорғаныстық қауіпсіздігіне  нұқ­сан келтіреді» деген қауіптерін  білдірген.

Түркия үкіметі мен оның әскери қорға­ныс  саласының мамандары «Анкара таң­дауы  неліктен  американдық «Пэтриот» құрылғысынан гөрі, ресейлік  «Триумф» – С-400  зениттік-зымырандық кешеніне түсті?»  деген сауалға: «Бізге керегі сенімді де тиімді және арзан   қару», –  деп жауап берген.

Расында да, бірнеше құрылғы-қондыр­ғылардан тұратын  С-400  жүйесі  осы заманғы  әуе-ғарыштық шабуылдарға  тойта­­рыс беріп,  өзі де орта және алыс қашық шабуылдай алатын қуатты зениттік зымырандық қару кешен.  Дәлірек айт­қанда, секундына 4,8 шақырым жылдам­дықпен ұшатын 400 шақырым қашық­тықтағы  аэродинамикалық нысандарды және  60 шақырым қашықтықтағы  такти­калық баллистикалық  зымырандарды жойып, 600 шақырымдағы  шабуылдауға келе жатқан  ұшақтарды байқап бақылай алады. Американдық  «Пэтриот»  100 метр биіктіктегі, ал  «Триумф» 5 метр биіктіктегі  шабуылдаушы  нысанды атып түсіреді.  Осындай бірқатар артықшылықтарына байланысты  тек Түркия ғана емес,  Қытай мен Үндістан және Сауд Арабиясы   сатып алуға  ықылас-ниет  танытуда.

Осындай себептерге, басқадай саяси-әскери мүдделерге  байланысты С-400 қаруы жөніндегі  Ресей-Түркия  сауда-сатты­ғының жүзеге асуын қалт жібермей  қарап отыр­ғандар  баршылық. Бұл сондай-ақ,  әлемдік  БАҚ құралдарының және әскери сарапшы мамандардың  да жіті бақылауында.

Түркияның танымал  Haberturk басы­лымының  хабарлауынша,  өткен  8 шілдеде  Мәскеу уақытымен  кешкі 21.00  С-400 кешені Тверьде авиабазада   екі жүк ұшағына тиеліп,  9 шілдеде Анкараны бетке алған.  Айтуларынша, алғашқы кезде осылай бір кешен жеткізіледі. Сонан соң жеткізу  әрі қарай жалғасады. Осының алдында  қаруды  құрастырып, орналас­тыру үшін   Ресейден  тоғыз  техникалық маман Түркияға  ұшып барғаны айтылған.

Осындай хабар жария болысымен  АҚШ Сыртқы істер департаментінің ресми өкілі  Морган Ортагус: «Түркияның  С-400 қаруын сатып алуы  ескерусіз қалмайды,  мұның  арты біршама қиындықтарға апа­рып соқтырады»  деген мәлімдеме таратты.  Оған  Түркияның Сыртқы істер министр­лігі:  «Мұндай мәлімдеме  екі елдің қаты­насын күрделендіре түседі. Жапонияның   Осака қаласында болған  G20 саммитінде  АҚШ президенті  Дональд Трамптың  Түркия басшысы  Тайып Ердоғанға  «С-400  саудасына байланысты ешбір санкция қолданылмайды» деп айтқан уәдесін теріске шығарды», – деген жауап қатты.

Осы орайда   түріктің  Hurrіyet  газетінің жазуынша,  Түркия президенті  Тайып Ер­доған  Босния мен Герцеговинадан ұшып келе жатып: «кейбіреулер  Ресейдің С-400 қаруын сатып алып, неге оларға инвес­тиция жасап жатырсыңдар?», – деген сауал қоюда. Біз оны тек ықтимал шабуылдан  қорғану мақсатында  пайдаланамыз. Болашақта технологиясын бөлісіп, бірлесіп шығару жөнінде  екі жақты тиімді  келісім жасалған. С-400 кешенінен бас тартуымыз үшін әр түрлі арандату мен қауесеттер  айтылды. Қазірше бұл мәселеде  Ресеймен арамызда ешқандай түсініспеушілік пен кедергілер жоқ», – деген түсінік берген.

Соңғы түскен мәліметтерге қарағанда  Анкара провинциясындағы Мюртед авиба­за­сына 12–14 шілде аралығында сегіз «Ан-124» жүк ұшағымен С-400  зениттік-зымы­рандық кешенінің алғашқы партиясы жеткі­зілген. Ол қарулар жақын арада қазір­гі таң­дағы ең мазасыз  өңір  – 911 шақырымдық  Түр­кия-Сирия шекарасына орналастырылады.

Рейтер агенттігінің жеткізуінше  15 шілдеде  Түркия президенті Тайып Ердоған  Стамбулдағы Ататүрік әуежайында  болмай қалған төңкерістің үш жылдығына орай жиналған қауымға С-400 кешенінің 2020 жылдың сәуірінде толықтай  іске қосылатынын және оның басқаларға шабуылдау үшін емес,  елдің  қорғанысы мен қауіпсіздігін  қамтамасыз ету мақ­сатында сатып алынып жатқанын  айтқан.

Жаңа қару-кешенді пайдалануды оқып-үйрену үшін Түркияның Қорғаныс министрлігі  100  әскери маманды  Ресейге  жібермекші. Олар алдымен  жолшыбай  Әзербайжанға соғып,   С-300 құрылғы­сының  қолданылуымен танысады.

Әскери саладағы Анкараның бұл әрекеті Құрама Штаттардың қыжыл мен  ашу-ызасын  тудырып жатқаны хақ. Осыған байла­нысты АҚШ Сыртқы істер ведомство­сы­ның бас­пасөз хатшысы Морган Ортэстің  мәлімдеуін­ше,  президент Д.Трамп пен мем­лекеттік хатшы М.Пампео «Америка жаула­рына санкциялар арқылы  қарсы әрекет жасау туралы» (CAATSA) заң аясында  Түр­кияға қарсы қандай да бір санкциялық ша­ра­лар қолдануды ойлас­тырып  жатқан көрінеді.

Осылайша  АҚШ  бастаған НАТО елдердің  қарсылығына қарамастан   Ресей мен Түркия арасындағы  қару-жарақ жөнін­дегі әскери келісім-шарт  жүзеге аса бастады. Мұнымен  Түркияның президенті Ережеп  Тайып Ердоған   Ақ үйге жалтақ­тамай  дербес те тәуелсіз саясат  жүргізе ала­ты­нын  көрсетті.  Түрік билігінің мұн­дай батыл қадамы  Вашингтонмен  арадағы  қаты­насқа көлеңке түсіріп,  әлемдік геосая­сатқа да  салқынын тигізуі  ықтимал. Есесіне  АҚШ пен Еуропа елдерінің  санк­циялық қысымына ұшырап отырған Ресейге  айтарлықтай  демеу мен қолдау болғандай.

Дүние-әлем кейбір сарапшылар бол­жағандай,  АҚШ-тың уысынан шығып, екі өрісті емес, көп өрісті  геосаяси бағытқа   бет алып барады.

 

Әскери саладағы Анкараның бұл әрекеті Құрама Штаттардың қыжыл мен  ашу-ызасын  тудырып жатқаны хақ. Осыған байланысты АҚШ Сыртқы істер ведомствосының баспасөз хатшысы Морган Ортэстің  мәлімдеуінше,  президент Д.Трамп пен мемлекеттік хатшы М.Пампео «Америка жауларына санкциялар арқылы  қарсы әрекет жасау туралы» (CAATSA)  заң аясында  Түркияға қарсы қандай да бір санкциялық шаралар қолдануды ойлас­тырып  жатқан көрінеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *