ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ МИНИСТРЛЕРІ БАС ҚОСТЫ

Алматы қаласында Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) министрлерінің үшінші отырысы өтті. Бұл басқосуды Ақпарат және коммуникациялар министрлігі ұйымдастырды.
Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Багдад Амреев, Түркияның Қатынас және инфрақұрылым министрі Мехмет Турхан, Қырғызстан Республикасы Ақпараттық технологиялар және байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Әзербайжан Республикасының Көлік, байланыс пен жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, сонымен қатар Венгрияның Инфокоммуникация, инновация мен технологиялар министрлігінің мемлекеттік хатшысының орынбасары Кароли Солимар қатысты.
Дәурен Абаевтың айтуынша, Түркі әлемінің интеграциясы, біздің елдер арасындағы өзара әріптестіктің нығаюы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі болып отыр. Сондықтан да қазіргі таңда біз заман талабынан қалыс қалмай, ақпараттық-коммуникациялық технология бағытындағы әріптестікті күшейтуге баса назар аударғанымыз жөн.
Сондай-ақ, отырыс барысында министр Әзербайжан мемлекетінің «Трансеуразиялық суперақпараттық магистраль» құру жөніндегі бастамасына ерекше тоқталды.
– Оның мақсаты – Франкфурт пен Гонконгтың арасындағы еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл – болашағы зор жоба, – деді ол.
Дәурен Абаев өз сөзінде өткен жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына шолу жасады. Бағдарлама жоғары технологияларды енгізе отырып, әлеуметтік-экономикалық салаларды жан-жақты қолдауға, дамытуға бағытталған.