ТҮРКІСТАННЫҢ БАС ПОЛИЦЕЙІ ЖҰМЫСТАН БОСАДЫ

Оның орнына тәуір басшы келген секілді...

Киелі қаладағы жасөспірімдер әлімжеттігінен кейін бұған қала билігі ғана емес, облыс басшыларының өзі ерекше назар аудара бастады. Күні кеше облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков сала министрінің бұйрығымен Түркістанның бас полицейі Ерлан Қыдырбаевты жұмыстан босатып,  оның орнына осы уақытқа дейін тиянақты тірлігімен көзге түсіп жүрген Бауыржан Дәулетханұлы Жанаевты тағайындады.

Бауыржан Жанаев

Шынында да қазір Түркістандағы жасөспірімдер мәселесі қала билігімен қоса, облыстың өзін ерекше алаңдатып тастады. Енді түнгі 23.00-ден бастап шаһардағы барлық кафе-мейрамханалар жабылатын болды. Демек, бұл Түркістанда жасөспірімдер қылмысы ғана емес, қоғамдық орындарда да орын алатын қылмыс саны өте көп екендігін білдіреді.

Негізі, қалай десек те, қылмыстық істердің дер кезінде ашылып, қылмыскерлердің құрықталуына ең бірінші әрекет ететін орган – полиция болғандықтан, бұл салаға өте білікті, іскер, нағыз өз жұмысына берілген мықты маманның келгені дұрыс-ақ.

Бауыржан Жанаев туралы интернетті ақтарғанымызда, ол жігітке қатысты ғаламтордан ешқандай жаман сөз ермегендігін байқадық. Осы уақытқа дейін ол жедел уәкіл, кейін Мақтарал, Жетісай аудандарында полиция басқармасының басшысы қызметін атқарған екен. Жергілікті тұрғындар, ақсақалдар ол жігіттің іскерлігіне, азаматтығына, өз жұмысын тиянақты атқаратындығына риза болып, біраз жақсы пікірлер қалдырыпты. Тіпті жақын туыстары да оның иманды екендігін жеткізіп отыр. Ол бірінші өзіне, бала-шағасына емес, ең бірінші Құдайдан көшеде тайраңдап жүрген қылмыскерлердің құрықталуын тілейді екен. Өзі кезінде Түркістанның бас полицейі қызметін атқарып, талай қылмыскерлердің ұсталуына себепші болған полковник Серік Шалқаровтың шәкірті көрінеді.

Енді осындай өз ісіне берілген жас әрі бас полицей Түркістанға келген екен. Оның қаншалықты іскер, мықты екендігін жергілікті тұрғындар, ақсақалдар анықтап, бағалайтын болады. Ал біз өз кезегімізде оның жамандығын жасырмай, жақсылығын асыратын боламыз…

Серік ЖҰМАБАЕВ,

Республикалық «Алматы ақшамы» газеті

сайтының редакторы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *