ТҮРКІМЕНСТАНДЫ БАСҚАРҒАН ҚАЗАҚ

ұлт кадрларын талқандауға жол бермеді

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Ол үлкен ерлік пен шыдамдылықтың иесі болды. Басқару  кезінде ешқашан асықпады және қызуқандылыққа салын­­бады. Өзін билеу арқылы өзге­лерді биледі. Бірақ осы кезеңге уақыт­тың ұзақ жолымен келуіне тура келді. Сөйтіп, ұлы репрес­сияның алғашқы легінде  Геркулестің кісендеулі күрзі­сіне таңылды.

«Әр адам – өз тағдырының қожасы» деген қағида бар. Біздің дүние санамызды осы қағида тұмшалап ұялап алған. Адам туады, өмірге бейімделеді, мінез-құлқы қалыптасады, білім-парасатының деңгейі өседі. Сол арқылы өмірде талай-талай өткелдерден өтеді. Қай заманда да, қай қоғамда да ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалу оңай болмаған. Біздің кейіп­керіміздің өмірі күрделі қайшылықтарға толы болды. Біз Түркіменстанды бас­қарған осы бір қайраткер  туралы  мәлі­меттер  іздеп, қолы­мызда  бар барлық  құжаттарды  шолып шық­тық. Түркі­менстан  архивтеріне  қолы­мыз жетпеді. Іздегеніміз  Мәскеуден  табылды.

Недірбай Айтақов 1894 жылы Маң­ғыстаудың Ақ шұқыр ауылында балық­шы­ның отбасында дүниеге келген. Ол кезде балықшылар ағаштан қиюлас­тырып жасалған шағын қайықпен ашық теңізден балық аулайтын. Кейде балық­шылар қызды-қыздымен жағалаудан ондаған шақырым ұзақ қашықтыққа кетіп, аула­рын майлап қайтатын. Мұндайда теңізде дауыл көтеріліп, қайығың аударылып, су түбінен бір-ақ шығатын кездер де болып тұратын. Бірде Айтақ ақсақал жанына ілестіріп шыққан Қошабай есімді бала­сымен теңіз дауылына ұшырап, қайғылы жағ­дайға тап болады. Соңында  Недірбай, Ташмұрат және Бекжан есімді  бала­лары жетім қалады. Ол кезде  балалар­дың  үлкені Недірбай бар болғаны алты жаста болатын. Аналары Тұрдыгүл балаларды қатарынан кем қылмай асырау қамымен байларға жалданып, жұмыс іздейді.

Отбасының үлкені болып қалған Недірбай өзінен кейінгі қос бауыры Ташмұрат пен Бекжанға қамқор болып, байларға жалданып жұмысқа жегіледі. Мектеп жасына толғасын туыстарына  қосылып, Форт-Александрға жетіп, бас­тауыш мектепке оқуға ілігеді. Недір­бай жастайынан өмірге бейім болып өседі. Оның бойындағы ерекше талпы­нысты көрген туыстары Недірбайды 1912 жылы орыс-түзем мектебіне оқы­тады. Алайда, анасының сырқаттанып қалуына байла­нысты 3 жылдан кейін оқудан қол үзуіне тура келеді. Туыс­тарының ортасына қайтып оралып, балықшы, арбакеш болып түрлі  ауыр жұмыс істейді. Ол осылайша Каспий өңірінде Кеңес билігі орнағанша күй кешеді.

1919 жылы Айтақовтар отбасы өзге де маңғыстаулықтармен бірге көрші Крас­новодск ауданының Жебел стан­сасына көшіп барады. Еті тірі азаматтар ретін тауып, ата-аналарын, бала-шағаларын арбаға тиеп, Түркіменстан асып кетеді. Көбі жете алмай жолда қырылады. Сол уақыттың шығындарын дәлме-дәл есептеп шығару, қазір мүмкін емес. Түркімен­станның  бірде-бір архивінде, соның ішінде бұрын жабық болып келген құпия қорлар­дың өзінде көшіп кетушілер мен ашар­шылық жөнінде шынайы, жүйеленген деректер бүгінгі күнге дейін жоқтың  қасы. Олар­дың артында ашаршылық жылдары қаза тапқан немесе атамекендерін еріксіз тастап, босып кетуге мәжбүр болған, мың­даған, жүз мыңдаған адамдардың жанкешті тағдыры бар.

1920 жылы Недірбай Жебел ауылдық кеңесінің АХАЖ бөлімінің меңгеру­шісі қызметіне тағайындалады. 1921-1922 жыл­дары Красновод уезі атқару комитетінің әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің мең­герушісі, уездік атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. 1922–1924 жылы Недір­бай Айтақов Түркіменстан ССР-нің Орта­лық Атқару комитеті Президиумы төраға­сының орынбасары, кейін төрағасы болып сайланады. 1925 жылы Түркіменстан ССР-нің Революциялық комитет төрағасы болып сайланған ол 1937 жылы Түркіменстан және КСРО Атқару коми­тетінің мүшесі, Түркіменстан ССР-нің Президиум төрағасы болып қайта сайланады.

 

Түркіменстандағы қазақ  тақырыбы әлі зерттелген жоқ

Жалпы, түркімен халқының тари­хын­дағы көптеген оқиғалар әлі сырын ашпаған күйі тың жатыр. Әсіресе, 1937-1938 жылдардағы репрессияның зобалаңы ашық айтылмай келеді.

Қазақ даласын шарпыған аштық пен саяси зобалаңнан көз ашпаған қыты­мыр заманда дүниеге келіп, үнемі қорқыныш пен үрейден бас алмаған қандай қайсар ұрпақ дерсің?! Ел тарихындағы қасіретті кезеңдердің бірі зұлматтың  оты жайлаған жылдары кім-кімді  аяған. Бұл тақырыпқа жазылған еңбектер елімізде бар болғанымен, осы жыл­дары Түркіменстанда болған аш­тық, репрессия туралы біле бермейті­німіз  аян.

Ашаршылықтың, саяси репрессия­ның ашылмаған астары әлі де толық­қанды емес. Саяси репрессияның Түркі­менстан өңірінде қалай жүргізілгендігін айқындау үшін терең демографиялық зерттеулер қажет-ақ. Жалпы, Түркімен­стандағы қазақ­тардың демографиялық жағдайы туралы деректер күні  бүгінге дейін аз. Оған жергілікті қазақ диаспо­расы өкілдерін тарту керек  сияқты. Мұндай тәжірибелер өмірде бар. Мысалы, Америкадағы Украи­на  және  армян  диаспоралары сол елдегі қоғам­дық институттарға украиналықтар мен  армяндар тақырыбын зерттеу үшін өз күштерімен жиналған қомақты қаржы бөледі. Сондықтан  мұндай жұмыстарға Түркіменстандағы Қазақстан елшілігін де тартуға болады деп ойлаймын. Жалпы, оған қол жеткізудің жалғыз жолы – Түркімен­стандағы қазақтар бас сауғалаған жерлерде демографиялық ізденістер жасау. Себебі, ол өңірде қанша адам қайтыс болғанын білу үшін алдымен елімізден қанша адамның көшіп кеткеніне көз жеткізу керек. Мұндай зерттеу жұмыстарын жүргіз­бейінше, қандастарымыздың қашан, қай жерде қайтыс болғанын біле алмаймыз. Бізді қоршаған көршілеріміз – Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркі­менстанда біздің еліміздегідей қолдан ұйымдасты­рылған аштық, жаппай жазалау шаралары жүргізілген жоқ.

Бұл саясатты жүргізуге Қазақстан әдейі таңдап алынды. Ол үшін алдымен Қазақ­станды күйретіп, сол арқылы Орта Азия халықтарын қирату басты мақсат болды. Орталық билік оның астыртын жоспарын жасап, оны өз агентінің қолына ұстатты. Орталықтың бұл саясаты тыныш қалыпта жүзеге асқасын шаруашылық жүргізудің барлық бағыттарында өмірі орындалмас жоспарлар қолға алынды. Өзге аймақ­тарда мұндай астыртын әрекеттер жүргізілмеді. Бұл жергілікті орган­дардың шаруаларға төтенше шараларды қайтадан қолдануына «еркіндік берді». Қазақстанда 20-жылдары басталған жерді бірлесіп өңдеу, шөп бастыру, май шайқау, сыр қайнату, жүн жинау жұмыстары Түркіменстанда жүргі­зілмеді. Мұның өзі Қазақстанның алда орасан зор апаттың – жаппай ашаршы­лықтың қарсаңында тұрғанының белгісі еді. Шынын айту керек, біздер әлі көп жағдайларды терең зерттей алмай келеміз. Оның есесіне елімізде күштеп көшірілген тау халықтарының тарихын жақсы білеміз. Қолда бары Ташкент архи­вінен алынған материалдар. Негі­зінде демо­графия ғылымы алыс бола­шаққа бағыт­талған. Демек, еліміздің Түркіменстан­дағы елшілігін осы іске тарта отырып, зерттеу жұмыстарын жүргізгеніміз абзал болар еді.

1926 жылы Қазақстанның билік басына келген Голощекин қазақ халқын қан шығармай қырғынға ұшыратудың бес бағытын ойлап тапты. Ол үшін, алдымен бір-бірінен шалғай орналасқан ауыл – елді басқаруды жолға қойып, ел қамын ойлай­тын ақылды, өршіл қайраткерлерді билік басынан аластап, олардың босаған орнына сауаты аздау, өзінің айтқанынан шықпай­тын жергі­лікті ұлт өкілінен шыққан кадр­лар таңдап алынды. Голощекин бұл жоспарын оңай жүзеге асырды. Қазақ кадрларын біріне-бірін айдап салып, араларына бітіспес іріткі салды.

ОГПУ мен НКВД қызметінің бел­сен­ді­лігін күшейтіп, бай-кулакқа деген жергі­лікті халықтың ашу-ызасын қоздыру мақсатында кедей табының арасынан уәкілдер тағайындап, қолдан нара­зылықтар тудырудың жолын қалады. Кеңестік жүйеге ыңғайласты­рылған типтендірілген «бай шаруашы­лықтарды» жоюдың жолы белгі­ленді. Ауылдарды жедел түрде отырық­шылық пен колхоздастыруға итермеледі. Тіршілігінің кетеуі кеткен шаруалар 1929–1931 жылдары егін еге алмады. Бұл аштыққа апарып соқтырды. Осы жыл­дары Қазақстанның бірнеше өлкесінде билікке қарсы көтеріліс белең алды. Халық осыдан соң, бас сауғалап, аяғы жеткен жерге дейін көше бастады. Сол жылдары 2,5 миллион қазақ аштан қырылып, 1 миллионға жуық қазақ бас­қа жаққа көшіп кетуге мәжбүр болды.

 

Ол Өзін жазықсыз жаладан құтқара алмады

Айтақовтар отбасы солардың біреуі еді. Бірақ сол жылдары Түркімен асқандардың басым бөлігі аштыққа ұрынбай аман қалған болатын. Аштық тауқыметінен аман шыққан түркімен­стандық қазақтар кейін 1937-1938 жылғы саяси репрессиядан да басы бүтін аман қалды.

Тарихтағы мемлекеттік маңызы бар, ұзақ уақыттар бойы өзінің шынайы баға­сын ала алмай, кеңестік кезең тұсындағы коммунистік көзқараспен шектеліп қалған келесі бір ащы шын­дықтың бірі – ХХ ғасырдың 1937-1938 жылдардағы зиялы қауымды «ұлтшыл­дық» таңбасымен айыптау болды.

Жеке адамға табыну дәуіріндегі алғаш­қы қуғын-сүргін зұлматына алдымен интеллигенцияның маңдайалды аяулы азаматтары ұшырады. Аумалы-төкпелі заманда мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де, азаматтық тұлға­сына дақ түсір­меген Недірбай  Айтақов  Түркіменстанда  қазақ  зиялыларын ату-асуға жол бермеді. Қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы қайраткер туралы түркімен жазушысы Аннамұхаммед Клычевтің «Сын рыбака» деген кітабында жан-жақты жазылған.

Осы жылдары Недірбай Айтақов Түркіменстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі болатын. Алайда, Республиканың Жоғарғы  Кеңесі прези­диу­мының  төрағасы ретін­де ол өзін жазық­сыз жаладан құтқара алмады. 1937 жылы 22 шілде де оған Түркіменстанды КСРО-дан бөліп алуды көздеді деген жазықсыз жала жабылып, Ашхабад қала­сында қамауға алынды. Араға бір  жыл салып,  КСРО Жоғарғы сотының әскери алқасының шешімімен ату жазасына кесілді. 1938 жылы 28 қазанда Мәскеуде асыл ер  жазалау  органының  пәрменімен опат болды.

Түркіменстан билігінің басында болған қандасымыз туралы ұзақ уақыттар бойы ештеңе жазылмай келді. Қазақ баспасөз­дерінде де ол туралы ешбір құжаттама таба алмадық. Біз өз дерегімізге өткен ғасырдың 80-жылдары Ресейде жарық көрген «1925-1926 жылдардағы КСРО-ның Револю­циялық қозғалыс комитетінің  қайраткер­лері» деген кітабын пайдаландық.

ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сын­дағы қазақ интеллигенциясының тағдыр-талайы зерттеліп, саяси портреті толыққанды әлі жазылған жоқ. Оған жеке басқа табыну кезінде қалыптасқан сор маңдай психоло­гияның әсері бар. Тарихта ұмытуға болмай­тын тұлғалар, ақтаңдақтар болмауы тиіс дегенде  біздің  айтарымыз осы болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *