ТҮРКІ ТІЛДЕС ТҮГЕЛ БОЛ!

Түркі елдерінің VІ саммитінен кейінгі ой

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бірқатар БАҚ құралдарында 2018 жылдың 3 қыркүйегінде қырғыз жұртының атақты Ыстық көлі жағасындағы Шолпан-Ата қаласында ТТМЫК (Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне) мүше елдер басшы­ларының кезекті VІ саммиті жайында едәуір жазып баяндалды. Былайша айтқанда, жұртшылық болып өткен өңірлік жиыннан біршама хабардар.

Кездесуге әдеттегідей Әзер­байжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия президенттері: Ильхам Әлиев, Нұрсұлтан Назар­баев, Сооранбай Жээнбеков, Ережеп Ердоған келді.

Ерекше айта кететін бір жаңалық, бұл жолғы бас қосуға қадірменді қонақ болып Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбан қатынасты.

Айтқандай, ТТМЫК кеңесінің шеші­міне сәйкес бұл VІ жиын 2016 жылдың қарашасында Ыстықкөлде, ал келесі VІІ 2017 жылдың күзінде Әзербайжанда өтуге тиіс болатын. Алайда, орын алған кейбір ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты осылай кейінге шегерілді.

Тағы да еске сала кетсек, саммитте төрағалық міндетті атқарған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйым шеңберінде өткен кезеңде атқарылған істер туралы есеп беріп, жұмыс барысында негізінен ғылыми-ағартушылық мәселелерге ден қойылғанын атап көрсетілді.

Нақты алғанда: «Ортақ түркі тарихы» оқулығы әзірленіп, Әзербайжанның, Түркияның, Қырғызстанның және Қазақстанның мектеп бағдарламаларына енгізілгені, Түркі Академиясы тарапынан тарихымызды танытып, сананы жаңғыр­туға бағытталған 90-нан астам кітап шығарыл­ғаны, төрт мың жылдық мәдени мұрамыз­ды жинақтап, оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталының іске қосыл­ғаны, туысқан елдердің тіршілік тынысы­нан хабар беріп отыратын «Түркбарометр» әлеуметтік зерттеу жобасының жұмыс істей баста­ғаны, туризм саласындағы әріптестігімізді жандандыру мақсатымен «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты жобасының қолға алынғаны, мұның Ұлы Жібек жолында орналасқан елдеріміздің көне тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарын 14 күнде аралап шығуға мүмкіндік беретіні» айтылды.

Бір айта кетерлігі, жұртшылық елең етіп, мән бергеніндей расында да саммитке өзбек жұртының жаңа басшысы Шавкат Мирзиёевтің арнайы сапар жасап қатынасуы көңілге жылылық пен үміт ұялатты. Саясаттанушылар білетіндей, шынын айтқанда бұрынғы Өзбекстан президенті Ислам Каримов түркілік бірлестікке қосылуға аса құлық танытпай, шеттеп жүрді. Оның себебін сарапшылар әр түрлі жағдаяттармен байланыстырады. Біреулері Түркия мен Өзбекстанның қарым-қатынасынан іздесе, екіншілері Ислам Каримовтың өзімшіл ұстаны­мынан, жеке амбициясынан көреді.

Естеріңізде болса, прагматикалық көзқарастағы Шавкат Мирзиёев билік басына келген бойда өзінің сыртқы саясаттағы бас ұстанымы Орталық Азиядағы жақын жатқан көршілес елдермен қатынасты жақсарту болатынын, соған барынша күш салатынын айтқан. Осы жолғы қадамы да соның бір көрінісі болуы ықтимал.

Ш.Мирзиёев жиын барысында сөз алып: «Соңғы он жылда Өзбекстан туыстас меймандос Қырғызстан жерінде тұңғыш рет түркітілдес елдердің саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысып отыр. Біз бұл ұйымның бір мүшесі болуға қуанышты түрде ықыластымыз»,– деді. Және де өз­деріндегі көне Хиуа қаласын Түркі кеңесі­нің астанасы ету туралы ұсыныс жасады.

Сонан соң: «Кейінгі уақытта біздің елдеріміз арасында инвестициялық ынтымақтастық, сауда-саттық, мәдениет пен білім саласындағы байланыстар қарқынды дамып келеді. Десе де, қазіргі замандағы болжап болмайтын қиын­дықтар, әсіресе терроризм мен экстре­мизм қаупі біздерді мейлінше тығыз ынтымақтасуға жетелейді»,– дегенді айтты.

Ал туыстас елдер үшін маңызды саналатын жиында Мажар үкіметі басшы­сының төбе көрсетуі, сірә, олардың да арғы тарихынын түркілерден тамыр тартатыны­нан болса керек. Мұның растығы Виктор Орбанның: «Біздің сіздермен байланыс жасауға мүмкіндік алуымыз мен үшін үлкен мәртебе. Біз венгерлер түркі тілімен туыстас венгер тілінде сөйлейміз. Бірақ та христиан дінін қабылдағанбыз. Христиан­дармыз, әйтсе де түп-тамырымыздың түркі-қыпшақтардан бастау алатынын білеміз»,– деген сөздерінен де аңғарылды. Оның айтуын­ша, Еуропада оларды шығыс халқы деп атайды екен. «Біз бұған басында ренжу­ші едік. Ендігі жерде осындай ұйымының бар екеніне және түркі халықтарының дамуына қарап, мақтанатын боламыз»,– деді.

Орталық Азия елдерінен ендігі қалғаны Түркіменстан. Бұл елге 1995 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шеші­мімен тұрақты бейтараптық мәртебесі беріліп, соған сәйкес ешбір ұйым, не блокқа қосылмай­тындай саясат ұстанып келгені белгілі.

Бірақ та жуырда БАҚ құралдарында Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтың Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен интеграциялық байланысты нығайту үшін ақылдастар алқасын құру жөнінде ұсыныс жасағаны жазылды. Бейтараптық мәртебесін бетке ұстаған ол осыған дейін өңірлік ұжымдасу мен ынтымақтасу жөніндегі ұсыныс­тардың бәрін қабылдамай келген.

Базбір сарапшылардың топшылауын­ша, экономикалық дағдарысқа ұшыраған түркімен басшысының қазіргідей жаһан­дану заманында ешбір елдің басқалардан іргесін аулақ салып, оқшау өмір сүру қиындау екенін көз жеткен секілді.

Бас ашық ақиқат Түркия – ТТМЫК альянсындағы негізгі қозғаушы күш және жетекші ел болып табылады. Алайда, Анкараның қазір Құрама Штаттардың экономикалық қысымы мен санкциялық шектеу әрекеттерінен қаржы-қаражаттық дағдарысты бастан кешіп отырғаны жайы бар. Осыған байланысты Түркия прези­денті Ережеп Тайып Ердоған алты мемлекет бас қосып отырған жиынды пай­даланып, әріптестерін АҚШ долларынан бас тартып, өзара есеп айырысуда ұлттық ақшаларға көшуге шақырды. Ердоғанның пайымдауынша, бүгінде әлемдік сауданың өрістеуіне тұсау болып отырған басты кедергі американдық доллардың үстемдігі. Одан құтылмай халықаралық сауда-саттықтың көсегесі көгермейді.

Жиынның соңында күн тәртібіне сәйкес ТТМЫК ұйымына мүше мемлекет­тердің басшылары VІ саммиттің деклара­циясын қабылдады. Түркі тілдес мемле­кеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы мен орынбасары тағайындалды. Бас хатшылыққа Қазақстан тарапынан ұсынған бірнеше шығыс елдерінде елші болған, тәжірибелі дипломат Бағдат Әміреев бекітілді. Венгрия Республи­касына Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтас­тық кеңесіндегі бақылаушы мәртебесі берілді.

Сондай-ақ, Түркі тілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасы қабыл­данды. Кеңеске мүше елдер басшыларының ұлттық спорт түрлері саласындағы ынтымақтастықты дамыту және жастар саясаты туралы бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Әлем мойындаған даңқты қаламгер Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығын атап өту жайы қарастырылды.

Түркі Академиясын жемісті басқарған  қазақстандық ғалым Дархан Қыдырәліге тағы бір жылға сенім көрсетілді.

ТТМЫК ұйымындағы төрағалықтың ендігі кезегі Қырғызстан Республи­касының еншісіне тиді. Келесі VІІ саммит 2019 жылы Әзербайжанда өтетін болып белгіленді.

Жасыратын жоқ, кейбір басталас елдер түркітілдес елдердің ынтымақтасып, тізе қоса тірлік жасағанын аса қаламайды. Реті келсе іріткі салуға, аяқтан шалуға тыры­сады. Біз «түркі» сөзі о баста күшті, мықты деген ұғымнан туғанын, бұл әлі күнге түркі халықтарының арасында ол «бірлік», «бірлесу», «қоян-қолтық» әрекет ету мағынасында қолданылатынын естен шығар­мауымыз ләзім.

Бірлігіміз берекелі, ынты­мағымыз ұзағы­нан болғай!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *