ТҮРКI ХАЛЫҚТАРЫ МӘДЕНИЕТIНIҢ АЛТЫН КӨПIРI

  • ТҮБI БIР – ТҮРКIМIЗ

11TURKSOY — Түркi мәдениетiн және өнерiн дамыту Халықаралық ұйымының Бас хатшысы,  қазақстан­дық белгiлi мәдениет қайраткерi, профессор, академик Дүйсен Қорабайұлы ҚАСЕЙIНОВПЕН тамыз айының соңғы күндерi Қарағанды қаласы мен Жаңаарқа ауданында өткен қазақ терминологиясын дамытуға зор үлес қосқан ағартушы-лингвист, қоғам қайраткерi, танымал сөз зергерi Iсләм Жарылғаповтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Түрiк терминологиясын бiрiздендiру және үйлестiру мәселелерi» атты Халықаралық түркiтану форумында жолығып, тiлдесудiң сәтi түскен едi. ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымының бастамасымен Қарағанды облысы мен Жаңаарқа ауданының әкiмдiгi, Халықаралық «Қазақ тiлi» қоғамы және Халықаралық түркiтану орталығының ұйымдас­тыруымен Халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк түркiтану терминологиялық форумын өткiзудiң алғашқы қадамын көрнектi қоғам қайраткерi Iсләм Жарылғаповты еске алуға арналған үлкен iс-шарамен бастады. Осы ұлтымыздың шеңберiнен шығып, түркi әлемiне ортақ келелi мәселенiң басы-қасында жүрген Дүйсен Қасейiновке көкейдегi сауалымызды қойып, әңгiмелескен едiк.

 

Ортақ тарих, ортақ тiл — бауыр елдiң тамыры

 

— Дүйсен Қорабайұлы, осындай түркi әлемiне ортақ Халықаралық ұйымның басы-қасында қазақ елiнiң атынан жүргенiңiздi мақ­тан  етемiз. Әңгiме түсiнiктi болу үшiн ТҮР­КIСОЙ ұйымының атқарып жатқан жұмыстары, алдағы мақсаттары туралы айтып берсеңiз?   

— Биылғы жылы жұмысын бастағанына он жыл толып отырған ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымы 1993 жылы 12 шiлдеде Алматыда  құры­лып,   Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан және Түркия секiлдi тәуелсiз алты елмен қатар, Ресей Федерациясынан Татарстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва, Хакасия, Саха-Якутия, сондай-ақ, Молдавияның құрамында жатқан Гагауыз Йерi және Солтүстiк Кипр Түрiк республи­касы мүше болып кiрген болатын. Осы 14 ел министрлерiнен тұратын Тұрақты кеңес жылына екi рет бас қосып, ТҮРКIСОЙ жұмысының негiзгi бағыттарын белгiлеп отырады. Айта кетерлiгi, гуманитарлық салада түркi тiлдес республикалар арасында осы күнге дейiн ТҮРКIСОЙ-дан басқа халық­аралық ұйым құрылған жоқ. Түркия Республикасы ұйымның арқаушы елi болып тағайындалды. TURKSOY ұйымының ресми қызмет тiлi — түрiк тiлi. Бас кеңсесi Анкара (Түркия) қаласында орналасқан.

Халықаралық ұйымның басты мақсаты — халықаралық қатынастарда жаңа тепе-теңдiктiң құрылуы негiзiнде аумақтық және бүкiл дүниежүзiлiк деңгейде жаңа мәдени ұйымдарды қолдау, түркi тiлiнде сөйлейтiн халықтар мен елдердiң арасында достық қарым-қатынас орнатып, ортақ түркi мәдениетiн, тiлiн, тари­хын, өнерiн, әдет-ғұрып, дәстүрiн зерттеп, жалпы жұртшылыққа  жариялап отыру, бола­шақ ұрпаққа мұра етiп сақтау болып табы­лады. Түркi дүниесiнде ортақ бiр тiл мен әлiп­би қолданылуы үшiн тиiстi орта және жағдай қалыптастыру. Түркi дүниесi халық­тарының ортақ тарихының, тiлi мен әдебие­тiнiң, мәде­ниетi мен өнерiнiң бiртұтас күйiнде ғылыми-зерттеулерiн күшейту болып табыла­ды.

Ұлтымыздың ұлыларын әлемге танытып жатырмыз

 

— Халықаралық ұйымның алдына мақсатты шаралар белгiлеп, ауқымды жұмыстар атқара бастаған өткен он жыл анау айтқан көп уақыт емес. Бiрақ, әлемдегi түркiтiлдес халықтардың мәдени байланысын дамыту, оның iшiнде қазақтың ұлттық мәдениетiн түбi бiр туысқан елдер халықтарына таныстыруда кең көлемдi шараларды жүзеге асырғанын байқау қиын емес сияқты?  

— Соңғы жылдар беделiнде Қазақстан Республикасы төрағалық еткен ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымы бауырлас түркi халық­тары  мәдениетiнiң дамуы, ықпалдасуы, таныл­уы және әлемдiк аренада насихатталуы бағытында көптеген ауқымды шараларды жүзеге асырды. ТҮРКIСОЙ-дың шақыруымен Түркияда  Абай атындағы Қазақ мемлекеттiк академиялық опера және балет театры, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консервато­риясының студенттiк халық-аспаптар оркестрi, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драмалық театры, С.Сей­фуллин  атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, өзге де бiрнеше өнер ұжымдары болып қайтты.

Түркiтiлдес елдер Мәдениет министрлерi тұрақты кеңесiнiң 21 мәжiлiсi өткiзiлiп, түркi әлемiнiң мәдени құндылықтарын насихаттау мақсатында түркiтiлдес елдер авторларының ғылыми, әдеби еңбектерi жарық көрдi. Түркi халықтарының дәстүрлi өнер фестивальдерi жиi өткiзiлiп келедi.

Үлкен өнер шараларын ұйымдастыру барысында түркi әлемiн елiктiрген ортақ өнер белгiлерiнiң сақталып қалғанын байқауға болады. Халықаралық ұйым сан-салалы жұмысының негiзгi бiр бөлiгi түркi әлемiне ортақ тұлғаларды дәрiптеуге негiзделген. Түркiменнiң өнер саңлағы Ашык Айдынды еске алуға арналған халықаралық фольк­лорлық музыка фестивалi, Башқұрт түрко­логы Абдулқадыр Инанды, әйгiлi бишi Рудольф Нұриевтi еске алу кештерi тек танымдық-тағылымдық өнегесiмен де ерек­шеленедi.   ТҮРКIСОЙ Махамбеттiң туғанына 200 жыл, Абайдың, Жамбылдың туғанына 150 жыл, Мұхтар Әуезовтiң туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық жиындарды өткiзуде белсендiлiк танытты. Биыл ТҮРКIСОЙ халықаралық деңгейде қазақтың ұлы композиторы Мұқан Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы жылы композитордың шығармалары түркi елдерiнде жиi насихатталып, композитордың туын­дылары әлемдiк опералардың сахналарында қойылуда. ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымы 2013 жылды Мұқан Төлебаев жылы деп жариялады. Бұл туралы шешiм былтыр Уфада өткен ТҮРКIСОЙ-ға мүше мемлекеттерi Мәдениет министрлерiнiң басқосуында қабылданған болатын. Тума таланттың құрме­тiне Түркияның бiрнеше қаласында мәдени шаралар жоспарланған. Солардың ең iрiсi — композитордың «Бiржан-Сара» операсы. Қойылымды сахналауға түрiктiң танымал дирижерi жетекшiлiк еттi. Операны ТҮРКI­СОЙ ұйымы Түркияның театр репертуар­ларының қатарына енгiзiп қойды.

Халықаралық ұйымның бастамасымен түркi тарихы мен мәдениетiнiң есте сақталатын күндерiнiң күнтiзбесi жасалды. Олардың iшiнде бүкiл түркi жұртының «Наурыз» мерекесiн ұлттық нақышта өткiзу — ТҮРКIСОЙ-дың   мәртебелi мiндетiнiң бiрi. Ұйымның мәжiлiс өткiзетiн елде әдебиет пен өнер көрмесiн ұйымдастыру арқылы тiлегi бiр, тiлi ұқсас ағайынның бiр-бiрiнiң түп негiзiне үңiлуiне, ортақ жетiстiктерi туралы құнды мәлiмет алуына,   өнердiң әр халықта сақталып калған ортақ сырларына қанығады.

— Келесi сауал өзiңiздiң әңгiмеңiзден туындайды. Туыстық жақындығы әрiден бас­талатын, тамыры бiр, өнерiнде ұқсастық бел­гiлерi баршылық түркi халықтарын жақын­дастыратын ортақ жетiстiк, басты ұлттық құндылығымыз тiл болса керек. Әлем елдерiнiң бiр-бiрiмен жақындасуында соңғы кездегi жаһандану үрдiсiнiң керi әсерiн байқау қиын емес. Түркi халықтарына ортақ мәдениет пен тiл тазалығын сақтау мақсатында ТҮРКIСОЙ ұйымы қандай шаралар атқарып жатыр?

— Бұл өте орынды сауал. Соңғы уақытта қанатын кеңге жайған жаһандану үрдiсi түркi- тiлдес елдердiң рухани сипатына қауiп төндiрiп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Адамзат баласының ұзақ ғасыр бойы тiрнектеп жиған ұлттық құндылықтары мен мәдениетiн түркiтiлдес халықтар арасындағы ынтымақ­тастықты дамыту арқылы сақтап қалатыны­мызды ұмытпауымыз керек. Халықаралық ұйым ТҮРКIСОЙ түркi халықтарының салт-дәстүрiн, әдет-ғұрпын барынша сақтап қалуға және дамытуға, ортақ тарих сабақтарын кейiнгi ұрпаққа ұқтыруға күш салады. Түркi халықтарының ұлы мәдениетi болғанын, оны ұзақ ғасыр бойы сыртқы күштердiң басып-жаншып тастай алмаға­нын, әр халықта сақталып қалған дәстүр­лердiң басын кұрап, рухани дүниемiздiң алтын сынықтарын жинап, қайта кұрас­тырсақ, әлемдегi орнымыздың айрықша болатынын жұртшылықтың санасына сiңiредi. ТҮРКIСОЙ ұйымы ортақ рухты көтеретiн дәстүрлi өнердi дамытуға  бар күшi мен мүмкiндiгiн жұмсайды. Ортақ мәдениет саласында жүргiзiлген зерттеулер әлеуметтiк идеалдардың тоқырауынан кейiн этностық деңгейдегi мәдениеттердi топ­тастыру үрдiсi күшейе түскенiн аңғартады. Түркi халық­тарының рухани бастау-негiз­дерi, ортақ мәдениетi, тағдырының  ұқсас болып келуi келешектегi достық қарым-қаты­насының дамуына негiз болады. Ұйым түркiтiлдес халықтар арасында достық қарым-қатынас пен өзара түсiнiстiк орна­туға, бәрiне тиiмдi әлiпби қалып­тастыруға, түркiтiлдес халықтардың рухани құндылық­тарын, тарихи-мәдени мұра­сын сақтауға күш салады. Түркi халықтары тiлi ұқсас болса да осы кезге дейiн әр түрлi әлiпби қолданып жүргенi белгiлi. Одан бөлек латын әлiпбиiн пайдаланатын түркiтiлдес халық­тардың жазуы да бiр iзге түсiрiлген жоқ. ТҮРКIСОЙ ұйымы осы мәселенi де ретке келтiрудiң жолдарын карастыратын болады.

«Алтайдан Дунайға дейiнгi түркi әлемiнiң ортақ сарындары», «Түркiтiлдес елдердiң сәулет ескерткiштерi», «Көк түрiк мемлеке­тiнiң тарихы», «Диуани лұғат ат-түрiк», «Ұлы Бұлғар-татар өркениетiнiң ескерткiштерi», «Түркi әлемi поэзиясының антологиясы», «Күлтегiн», «Қорқыт ата кiтабы», «Менiң елiм Гагауз» атты бағалы кiтаптар, «Едiге» эпосының татар нұсқасы, кырғыздың «Манас» эпосы, башқұрттың «Орал батыр» эпосы, М.Әуезовтiң таңдамалы шығармалары түркi халықтарының тiлдерiнде жарыққа шықты.

Соңғы жылдары ТҮРКIСОЙ қолға алған игiлiктi шаралардың бiрi – түркi әдебиетiнiң аудармалары. Олардың арасында, қазақ әдебиетi де бар. Қазақтың озық шығармаларын түркi тiлдерiне аудару мәселесi де алдыңғы кезекте тұр. Бүгiнде аудармалардың арқасында, ТҮРКIСОЙ кiтапханасының пайда болғанын айтуға болады.  Қазақтың классикалық шығар­ма­лары түрiк сахнасында ғана емес, Әзiрбай­жанның, Башқұрттың, Татардың, Хакастың, тувалықтардың немесе якуттердiң сахнасында жиi қойылып жүрсе, нұр үстiне нұр болар едi.  ТҮРКIСОЙ-дың ұсынысымен Әзiрбайжанда Еркеғали Рахмадиевтiң «Алпамыс» операсы қойылды. Операны Әзiрбайжан мемлекеттiк опера және балет театры қойған. Спектакльдiң музыкалық жетекшiсi және дирижерi – Эйюб Гулиев. «Алпамыс» операсы әзiрбайжан­дықтарға қазақ тiлiнде қойылса да операға көрермендер көп келiп, аншлагпен өттi.

Күллi әлемге iз қалдырған түркi дүниесiнiң бүгiнгi күнi де дүниежүзiлiк өркениетте ерек­ше орны бар. Намысын ешкiмге таптатпаған ежелгi түркi халықтарының ұрпақтары бiр-бiрiмен рухани туыстық қарым-қатынасты дамытып келедi. Түбi бiр, тiлегi ортақ түркi жұртының ұғысатын тiл ғана жақындастырып қоймайды, олардың етене араласуына бастау-негiзi тамырлас өнердiң де ықпалы зор болады.

ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымының атқарған шараларымен қатар алға қойған мiндетi де ауқымды. Бiздiң елiмiзде Прези­дентiмiз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастама­сымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемле­кеттiк бағдарламасы бойынша атқарылатын жұмыстардың негiзгi бағыттарының бiрi — ежелгi дәуiрдiң мұрасын зерттеп, жарыққа шығару. Осы бағдарлама аясында бiз бүкiл түркi дүниесiне ортақ рухани құндылықтарды түгендей алады екенбiз. ТҮРКIСОЙ-дың мақсат-мүддесiмен үндес осы мемлекеттiк бағдарлама бойынша көптеген тарихи жәдiгер­лерiмiздi қайта оралтатын болады. ТҮРКIСОЙ Халықаралық ұйымы кұрыл­ғаннан бергi уақыттың iшiнде түркi тiлдес елдерi мемлекет басшыларының қолдауына ие болып келедi. Бұл елдердiң президенттерi өздерiнiң жоғары деңгейдегi басқосуларында ұйымның жетiс­тiктерiн жақсы бағалады. Ыстамбұл, Бiшкек, Ташкент және Баку қалаларында өткен саммиттердiң қорытынды құжаттарында түркi дүниесiне қызмет ететiн осы кұрылымның маңызы туралы айтылды.

ТҮРКIСОЙ-дың Қазақстанда өтетiн мәжi­лiсiнде түркi әлемiндегi алдыңғы қатарлы мемлекеттердiң бiрi ретiнде ұйымның алдағы жоспарларын талқылау үшiн iргелi басқосу ұйымдастырылатын болады.

Iсләм Жарылғаповтың сөзжасам өнерiн туыстас елдерге де үлгi етiп ұсынуға болады

 

— Өзiңiз басқарып отырған ТҮРКIСОЙ ұйымының бастамасымен қолға алынып отырған көрнектi қоғам қайраткерi Iсләм Жарылғапов­тың туғанына 95 жыл толуына арналған Ха­лықаралық түркiтану форумы да түркi халық­тары мәдениетiн жақындатудың бiр шарасы болса керек?

— Белгiлi сөз зергерi, ғалым, аудармашы Iсләм Жарылғаповтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Түрiк терминологиясын бiрiздендiру және үйлестiру мәселелерi» атты Халықаралық түркiтану форумын өткiзу — ұлттық ғылымға деген құрметтi, отандық ғылымды дамытуға қосқан сүбелi үлесiн насихаттау және мемлекеттiк тiлдiң берiк әдiстемелiк базасын жасауға бағытталған маңызды қадамның бiрi деп түсiнген абзал. Қазiргi таңда ұлттық түркi терминология­сының бастауларын бiр-бiрiмен үйлестiру, сол сияқты бiрыңғай түркi мәдени-лексико­графиялық, лексикалық-терминологиялық әлеуеттi сақтау, пайдалану және бiрiздендiру мақсатында жұмыстар жүргiзiп, бiрлескен шешiмдер мен жалпы қағидаларды әзiрлеу қажеттiлiгi пiсiп-жетiлiп отыр. Қазақтың ұлттық тiлiнiң құнарлығын арттыруда өлшеусiз үлес қосқан Iсләм Жарылғаповтың туып-өскен Қарағанды мен Жаңаарқа өңiрiнде өткен екi күндiк Халық­аралық түркiтану форумында Түркиядан, Германиядан, Баш­құртстан мен Қырғыз­станнан, Астана мен Алматыдан келген көрнектi ғалымдар түркi тiлдi халықтардың ана тiлiнде ортақ атаулар мен терминдердiң жиi кезiгетiнiн, оларды жан-жақты зерттеп, ортақ игiлiкке жарату мәселесi орынды көтерiлдi. Тiлi ортақтың — мақсат-мүддесi де ортақ екенiн еске алсақ, Халық­аралық түркiтану фору­мында көтерiлген мәселенiң маңыздылығы өзiнен-өзi белгiлi болады.

— Осы Халықаралық түркiтану форумының мiнберiнен ұлттық ана тiлiмiзге  көптеген жаңа сөздер мен терминдер қосқан iсләмтану iлiмiнiң маңыздылығын түбi бiр түркi халықтарына насихаттау мақсатындағы халықаралық ғылы­ми-тәжiрибелiк конференцияны келесi жолы Анкарада өткiзу туралы ұсыныс айтып қалдыңыз…         

— «Түркi терминологиясын бiрiздендiру және үйлестiру мәселелерiн» талқылаған Халықаралық түркiтану форумында баяндама жасаған Қырғыз-Түрiк университетiнiң профессоры, академик Қыдыралы Қонқобай қазақ оқымыстысы Iсләм Жарылғаповтың «балмұздақ», «аялдама» деген сөздерiнiң қыр­ғыз елiнде де айтылып, халқының құлағына сiңiстi болып кеткенiн атап айтқанын көпшiлiк естiдi. Бұл орайымен табылған сөздер мен терминдердiң түркi тiлдi халықтардың ешбiрiне жат емес екенiн байқатса керек. Сол қырғыз­стандық академик Iсләм Жарылғаповтың iлiмiне арналған бұдан былай тұрақты түрде екi-үш жылда өткiзiлiп тұратын келесi бiр Халық­аралық ғылыми-тәжiрибелiк кон­ференцияны 2015 жылы Ыстықкөлде өткiзу туралы ұсыныс айтты. Бұл — бауырлас көршi елден келген ғалымның Iсләм Жарылғаповтың ана тiлiмiзге қосқан сөз маржандары мен терминдерiнiң өзге түрiк тiлдi ағайындарға да жат емес екенiн бiлдiрсе керек. Iсләм Жарыл­ғаповтың тапқан, қолданысқа енгiзген сөздерiнiң өмiршеңдiгiн көрсетедi. Осындай келелi ғылыми жиынды бiз де Анкарада өткiзуге дайын екенiмiздi айттық. Түркi халықтарының ана тiлiндегi жаңалық өзге тiлдерге де ортақ екенiн ескере келiп, ұлттық тiлiмiзге мол сөздiк қор қосқан белгiлi сөз зер­герi, қоғам қайраткерi Iсләм Жарыл­ғаповтың сөзжасам үлгiсiн өзге түрiк халықтарының назарына неге ұсынбасқа деген ойдан туған мәселе едi. Iсләм Жарылғаповтың жаңа сөздерi мен терминдерi туралы алғашқы iргелi зерттеулер мен публицистикалық мақалалар жариялаған, «Iсләм Жарылғапов­тың мың бiр сөзi» айдарымен жыл бойы жаңа сөздерi мен терминдерiн жариялап келген «Алматы ақшамы» газетiне деген ыстық ықыласты сөздердiң Халықаралық түркiтану форумының мiнберiнен естiлуi де газеттiң абыройын көтередi ғой деп ойлаймын. Iсләмтану iлiмiнiң негiзiн қалаған «Алматы ақша­мының» шығарма­шылық ұжы­мының алдағы жұмы­сына да табыс тiлеймiз!

Әңгiмелескен — Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *