«ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ МӘДЕНИ БАС ҚАЛАСЫ – МАРЫ» ЖЫЛЫ АШЫЛДЫ

44Былтыр Қазанда өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 32-отырысында қабылданған шешім бойынша, Түркі­менстанның Мары қаласы – 2015 жылдың түркі дүниесінің мәдени бас қаласы болып бекітілді. Осыған орай Қазаннан келесі эстафетаны алған Мары қаласында «Мары – түркі дүниесінің мәдени бас қаласы-2015» жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Марыдағы «Рухыет» мемлекеттік сарайында өткен шараға Түркімен­станның Мәжіліс депутаттары, түр­кітілдес елдердің мәдениет ведомство­лары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен мәдениет майталмандары, журналистер мен жастар қатысты. Сондай-ақ, Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері мен Қазақстан, Әзірбайжан, Қыр­ғызстан, Түркия, Македония, Босния, Герцеговина, Венгрия, Болгария, Гагаузия (Молдова Республикасы), Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқортстан, Хакасия, Тува, Саха-Якутия, Калмыкия, Алтай сынды түркі әлемінің түкпір-түкпірінен шығармашылық топтар орын алды.

Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы сәлем хат жолдаған Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи шараға қатысып отырған барлық қонақтарды айтулы мерекелік күнмен құттықтап, адамзат өркениетінің тарихында елеулі орны бар ежелгі Мары қаласының түркі дүниесіндегі мәнін ашып, түркімен халқының ежелден келе жатқан салт-дәстүрі, өнері мен мәде­ниеті әлем халықтарының жақындас­уына қызмет ететіндігін тілге тиек етті.

Мерекелік шараның тарихи маңыздылығын баян еткен ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Түркіменстан Президентіне халық­аралық шараның өтуіне қолдау көрсетіп, түркі дүниесінің өнер мен мәдениет саласына қосқан сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді. «Бүгінгі күні, – деген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, – «Түркі дүниесінің мәдени бас қаласы» жобасының аясында эстафетаны қабылдап алған ежелгі Мары қаласы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік тізіміне енгені баршаға мәлім. Осы қасиетті жерде әлем өркениетінің ежелгі орталықтары мен жалпы мәдени мұраның құндылықтарын сезінуге болады. Сондықтан Мары қаласының теңдессіз мәдени мұрасы түркі дүниесінің мәдени орталығы болуға әбден лайықты», – деп, шараның мәнін ашып берді.

Шара шеңберінде өткен концертке еліміздің талантты өнерпаздары қатысты. «Ақ жайық» ансамблінің Т.Ақбөкен, А.Ноғайбаева, Ә.Нәбиева, А.Ержанова, Т.Жұмағалиев, Г.Жұма­таева, А.Жал­ғапов, Б.Ақтаев, Е.Бай­мұратов, С.Байменова сынды өнер­паздары қазақтың дәстүрлі музыка­сымен түркітілдес елдерден келген қонақтарды тәнті етті. Әсіресе, белгілі домбырашы Темір Ақбөкен түркіменнің ұлттық аспабы дутармен қазақтың күйлерінен попурри орындағанда түркімен жұртшылығы дән риза болғанын ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан­ның өкілі Мәлік Отарбаев хабарлады.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *